Отыз жетінші жылдың зобалаңы тарих қойнауына сіңіп, запыранды да канды жылдар тізбегі бізден қаншалықты алыстаған сайын, оның қоғамға, елге, әрбір отбасына әкелген қайғы-қасіреті әлі күнге дейін жүректерді сыздатады. Кеңестік солақай саясаттың құрбанына айналып, атақты «үштіктің» әмірімен айдалып, сотты болып, жазықсыздан-жазықсыз «жазықты» атанып, қоғамға сіңірген еңбегі ескерілмей, туған халкына «жау» атанған арыстарымыз кейіннен акталып, том-том ісі мұрағаттардан табылып жатыр. Бүгінде тарих ақтаңдақтарының бетпердесін ашуға қаламгерлер қауымы да айтарлықтай үлес қосуда. Тегінде, ақиқат әділеттілік жағында екенін уакыттың өзі дәлелдеп отыр.
Біздің қолымызға қалам алып, еш кінәсіз қуғын-сүргін құрбанына айналған аға ұрпақ өкілі жайлы ой тербеуімізге ел газеті – «Егемен Қазақстанда» жарияланған (24 желтоқсан, 2008 жыл.) белгілі жазушы Қоғабай Сәрсекеевтін «Әлихан Бөкейханов пен Нығмет Нұрмақов» атты мақаласы себеп.
Мәскеуде атылған…
Осы зерттеу мақаласында автор алты Алаштың арыстары, қазақтың арда ұлдары – Әлихан Бөкейханов пен Нығмет Нұрмақовтың 1937 жылғы 27 қыркүйекте бір баппен айыпталып, бір күнде атылғандығы, олардың Мәскеу түбіндегі моностырь ауданы аталатын байырғы «Дон зиратында» жерленгені туралы тың дерек келтіреді. Жазушы бұл деректерді шыққан «Мемориал» қоғамының («Звенья» баспасы) «1935–1953 жылдар аралығында атылғандар тізімі» кітабының алынғанын тілге тиек етеді. Одан әрі зерттеуші «Осыған орай «1935–1963 жылдар аралығындағы атылғандар» кітабындағы «Казахская ССР» деген тараудың да көп құпияны ашуға себеп болатынын айтпақпыз. Мұнда сол зұлмат жылдарында жазықсыз жапа шегіп, құрбан болған қандастарымыз бен жерлестеріміздің тізімі келтірілген. Мақалада осы деректерді толық жариялауды жөн көрдік. Бұл тізім хабарсыз кеткен атасын, әкесін, туысын іздеген бүгінгі ұрпаққа керек екені анық» дей отырып, атылғандардың тізімін келтіреді. Қаламгердің түйсігі алдамапты. Біз осы тізімнен әкесі Көшкіннің туған ағасы Сейдахмет Босқынбаевтың есімін көріп, үй ұйықтаса түсіне кірмейтіндей оқиғаның жай-жапсарын бірге толғана отырып жеткізген еңбек ардагері, кезінде «Мал шаруашылығының Жуковы» атанған, бүгінде дербес зейнеткер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері, Райымбек, Панфилов аудандарының Құрметті азаматы Сүлеймен Көшкінов ақсақал ұсынған мұрағаттық құжаттарға ден қойдық.
Тозығы жетіп, сарғая бастаған, бірақ ұқыпты сақталған мұрағаттық деректерде, Сейдахмет Босқынбаевтың өмірбаяны мен қызметі туралы мәліметтер бар. Сонымен қатар, қуғынға ұшырап, жазықсыз ұсталып, түрмеде отырғанда жазған өлеңдері де жақсы сақталған.
– Репрессияға ұшыраған азаматтардың тағдыры туралы материалдарды назарымнан тыс қалдырған емеспін. Сондықтан «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған жазушы Қоғабай Сәрсекеевтің мақаласын мұқият оқып шықтым. Бір мезетте, өз көзіме өзім сенбедім. Жазушы келтірген тізімнің арасында әкемнің туған бауыры, жолы жағынан маған үлкен әке болып келетін Сейдахмет Босқынбаев есімі көзіме оттай басылды. Не қуанарымды, не жыларымды білмей, әрі-сәрі күйде отырып қалыппын,- деп Сүлеймен Көшкінұлы ақсақал әңгімесін сабақтады – Осы уақытқа дейін әкеміз туралы қаншама мұрағатты ақтардық, қаншама жерге хат жаздық. Толыққанды ақпарат ала алмай, салымыз суға кеткендей күй кешкен күндер болды. Кейін білгеніміз, 1937 жылдың 13 қарашасында жазықсыз ұсталып, бір жыл бойы тергеу жүргізіліп, сотталған екен. Тіпту, ауызекі, анықталынбаған кейбір деректерде ол кісі 1943 жылы түрмеде қайтыс болған деген сөздер де айтылған еді. Біз қайсының шын, қайсының жалған екенін осы кезге дейін анық білмей келдік емес пе? Арысымыздың сүйегінің қайда қалғанын да біле алмай, міне, қаншама жылдан бері ішқұса болып келеміз. Дәл осындай жағдайда, Қоғабай Сәрсекеевтің мына жаңа дерегі бізідің үмітімізді қайта оятты.
Жазушы мысалға келген, «Казахская ССР.2-я категория» деген тізімде Сейдахмет Босқынбаев 16- шы болып тіркелген. Яғни, Сейдахмет Босқынбаев Алматыда немесе Қазақстанның басқа өңірінде емес, одан әлдеқайда алыс, әлдеқайда жұмбақ жағдайда атылғанын біліп, Мәскеу түбіндегі моностырь ауданы аталатын байырғы «Дон зиратында» жерленген болар деп топшылап отырмыз. Бірақ, қай жылы қайтыс болды? Бұл бізге әлі де жұмбақ. Өйткені, жазушы деректерді, «1935-1963 жылдар аралығындағы атылғандар» кітабынан келтірілген. Осыған сүйенер болсақ, бұл жылдар аралығында атылған азаматтардың қатарында С.Босқынбаев та бар болып шықта. Біз көз жеткізген нақты дерек- әкеміздің Мәскеуде атылғаны. Арада қаншама жыл өтті десеңізші!..Тізімнен үлкен әкемнің аты-жөнін оқып, жоғымыз табылғандай, өлігіміз тіріліп келгендей болды. Бұл деректер – біз үшін баға жетпес құндылық. Сондықтан да осы хабарды жеткізуші, белгілі жазушы Қоғабай Сәрсекеевке және «Егпемен Қазақстан» газетіне мың да бір алғыс,- деп Сүлеймен ақсақал ағынан жарылды.
«ХАЛЫҚТЫҢ СӨЙЛЕУШІ ЕДІМ СӨЗІН КІЛЕҢ…»
Халықтың сөйлеуші едім сөзің кілең,
Әлі сол елімді ойлап көзімді ілем.
Кеңестің қасы емес, досымын ғой,
Аман болсам танытам өзімді мен.
… Ата-анамды келеді саялағым,
Аруымды келеді аялағым.
Қалың елім түсіме енген кезде
Шырт ұйқымнан шыңғырып оянамын.
Бұл жыр шумақтары елі-жері үшін еселі еңбек етіп, халқым дегенде жарғақ құлағы жастыққа тимеген, бар жастық шағын мемлекетті нығайту жолындағы қызметке арнаған, алайда, кейіннен заманның алай-дүлей дауылына ұшырап, «халық жауы» деген жаламен ұсталған Сейдахмет Босқынбаевтың болмыс-бітімін, азаматтық-қайраткерлік тұлғасын білдірсе керек. Түрмеге қамалып, жан дүниесін мұң-нала басса да өзінің кінәсіз екендігін өлең жолдары арқылы келер ұрпаққа аманаттап кеткен қайсар азамат – Сейдахмет Босқынбаев кім еді?
Сүлеймен Көшкінұлы ақсақал 2004 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағатынан алған анықтамада үлкен әкесі Сейдахмет Босқынбаевтың өмірбаяны мен қызметі туралы мәліметтер толығырақ баяндалған.
Сейдахмет Босқынбаев 1904 жылы Алматы облысы, Кеген ауданындағы, Меркі ауылында шаруа отбасында дүниеге келген. 1916 жылы төрт айлық қазақ ауылдық мектебін бітіреді. Содан кейін сегіз жыл бойы Торайғыр ауылында мал бағады. Одан кейінгі екі жылда егін егумен айналысып, шаруашылықтың сан-саласымен белсене шұғылданады, Кеңес үкіметін Сейдахмет қуана қарсы алып, жалшы-еңбеккерлерінің мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын бастамасына молынан сенім артады. Жаңа орнаған үкіметтің жұмысына білек сыбана кірісіп кетеді. Іскерлік және ұйымдастырушылық қабілет-қарымымен танылған С.Босқынбаев «Қосшы» одағының ауылдық ұйымының төрағасы қызметін атқарды. Бұл жас жігіттің жігерін жанып, мемлекет ісін мейлінше беріліп атқарып, арман-мүддесін және келешегін Кеңестік үкіметтің идеологиясымен тығыз байланыстыруына жол ашады. Коммунистік партияға деген сенімі нығая түсіп, 1930 жылы партия қатарына өтеді. Әрине, ақыл мен парасатын қатар алып жүрген іскер ұйымдастырушы, батыл да бастамашыл басшы ретінде өсіп, мол тәжірибе жинақтаған Сейдахмет қоғам мүддесіне көбірек ден қояды. Оның бұл адалдығы ескерусіз қалмайды. Жауапты қызметтер оған сеніп тапсырылады. Атап айтқанда, 1927-1929 жылдары Кеген ауданындағы Торайғыр ауылдық кеңесінің төрағасы, 1929-1931 аудандық жер комитетінің төрағасы, 1931-1933 жылдар аралығында жер бөлімінің меңгерушісі, директоры қызметтерін абыроймен атқарады. Мемлекеттік қызметте іс-тәжірибе жинақтап, ел алдында беделі арта түседі. Ал 1933-1934 жылдары Кеген аудандық атқару комитетінің жауапты хатшысы, одан кейін аудандық партия комитетінің нұсқаушысы болып еңбек етеді. Жауапты жұмыста өзін-өзі танытқан азаматқа партия басқа аудандағы ұйым жұмысын жетілдіру міндеті жүктеледі. Қай өңірде жүрсін, қандай жұмыс учаскесінде болсын, жаңа ортаны жатсынбаған Сейдахмет Босқынбаев ұжымды біліктілікпен басқара отырып, адамдарды нәтижелі іске жұмылдыра білді. Соның арқасында ол 1935-1936 жылдары Ұйғыр аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, 1936 жылы Алматы облысы, Бөрлітөбе аудандық партия комитеті хатшысының орынбасары қызметтерін атқарады.
Деректерді саралай келе, Сейдахмет Босқынбаевтың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Ораз Жандосовпен үзеңгілес серіктес, ел мүддесі жолында мұраттас болғанын аңғарамыз. Бірақ, бұл жағдайды 37-ші жылғы зобалаңда тасада тұрып тас ататын арызқойлар өздерінің қаскөй мақсаттарына шебер пайдалана білген. Бұл жайында әлде-кімдердің жаласымен ұсталып, түрмеде отырып жазған өлең жолдарында С.Босқынбаев былай деген:
Ораз аға, мыналарды қара басты,
Сыбайлас деп мені сізбен бұлар састы.
Шаш ал десе, ба алатын сұм пенделер,
Айыра алмай отыр ғой дос пен қасты.
Кеңес үкіметінің барлық ұлттардың, әр тап өкілдерінің таңдігін жариялаған саясатына мейлінше сеніп, тең құқылы қоғамды орнатуға барынша өз үлесін қоссам деген мақсатты көздеген С.Босқынбаев бүкіл қажыр-қайратын жұмсауда аянып қалмайды. Бұл жөнінде өзі кейінірек жазықсыз ұсталып, түрмеде торығып отырғанында былайша толғанады:
Тірі болсам ақталам бұл жаладан,
Жаным менің айығар кіл жарадан.
Елім үшін күндіз-түні еңбек еттім,
Басқа ойды сызып тастап санадан.
Ауыл мектебінен төрт айлық білім алып шыққан азамат, өмір көре келе, істе шынығады, шыңдала түседі. «Отызында орда бұзбаған, қырқында қамал алмас» дегендей, отыз үш жасында Андреев аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып бекітілді. Сөйтіп, аудан көлемінде үлкен лауазымға жоғарылатылады.
Келешегіне сенімді, өз ісін бес саусағындай меңгерген азамат білімін ұдайы толықтыра түсуге ынталы болған. Мысалы, 1935 жылы Алматыдағы облыстық партия камитеті жанындағы нұсқаушылар және аудандық партия камитеті хатшыларын даярлаудың екі айлық курстарында оқып, білімін тереңдете түскен. Осындай білім мен іскерліктің арқасында пленум мүшесі, аудандық партия комитеті бюросында кондидат болғаны анық.
Мына бір деректерден оның бұқаралық үгіт-насихат жұмыстарына да белсене араласқанын білуге болады. Атап айтқанда, 1934 жылы Кеген аудандық кеңестер сьезінде ұйымдастыру және партиялық-бұқаралық жұмысты үлгілі жүргізгені, бекітілген жерде шаруашылық саяси шараларды белсенді орындағаны үшін оған арнайы сыйлық беріледі.
Кім мені «халық жауы» атандырған?»
Өз ісіне шынайы берілген С.Босқынбаев 1926-1932 жылдары аралығында кеңес және партия жұмысын мүлтіксіз атқара жүріп, еңбек демалысын алмағанын, сондай-ақ заң аясында тиесілі курорттық емдеу-сауықтыруды пайдаланбағанын өз өмірбаянында ашық жазады. Ұзақ уақыт демалыссыз жұмыс істеу, әрине, оның денсаулығына кері әсерін тигізгені де сөзсіз. Осындай себептермен Сейдахмет 1937 жылы қараша айының басында заңды демалысын алып, отбасымен бірге Алматыға келеді. Алайда, «Жау жоқ деме – жар астында, бөрі жоқ деме» дегендей, нақ осы кезде жаптым жала, жақтым күйемен істі болып шыға келді. Демалысы жайына қалып, 1937 жылы, 13 қарашада Андреев аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Сейдахмет Босқынбаев ойламаған жерден қамауға алынады. Бұл туралы өзінің түрмеде жатып жазған өлеңінде былайша сырын шертеді:
Тілеген жоқ еді ғой Отан құрбан,
Заман-ай, ақ қарасын қатар қырған…
Жұртымның жоғын жоқтап жүрген кезде,
Кім мені «халық жауы» атандырған?
Бір еді менің жолым халықпенен.
Біреулер «халық жауы» десе дағы,
Ешкімге жаулық қылып дәнікпеген.
Арыстай азаматқа Кеген ауданында шаруашылықтың сан саласын басқарып жүргенінде Ораз Жандосовпен қызметтес әрі үзеңгілес серігі болғаны кінә болып тағылады. Өйткені, Ораз Жандосов бұл кезде «халық жауы» болып «қара тізімге» іліккен еді.
Міне, оның артынан О.Жандосовтың кадры деген желеумен, біреулердің арамзалық пиғылды көрсетуімен С. Босқынбаев та ұсталып, сотты болады. Бірақ, одан кейінгі тағдыры оның отбасына, туған-туыстарына ұзақ жыл бойы белгісіз болып келеді.
Журналист Шаяхмет Алжанбайдың «Заман-ай, ақ қарасын бірдей қырған…» деген зерттеу материалы репрессия құрбандарының бірі Сейдахмет Босқынбаевтың тағдыры туралы біраз мәлімет берген еді. («Заң газеті», 11.06.1997 ж.) Мақала авторы осы зерттеуінде С.Босқынбаевтың түрмеде жатып елін аңсап, «Тілеген жоқ еді ғой Отан құрбан, Заман-ай, ақ-қарасын қатар қырған» деп туған туыстарына өлеңмен жазған жүрек толғанысын жеткізді. Автор «Бір өкініштісі, Сейдахмет ұзақ жылға айдалуға кетті ме, әлде ату жазасына кесілді ме, ол жағы белгісіз еді»,- деп кейіпкеріміздің кейінгі жұмбақ тағдырына алаңдайды. Ал С.Босқынбаевтың туған інісі Көшкіннің ұлы Сүлеймен ақсақал өзінің «Орындалған арман» атты кітабында: «Елде жүргенде Ораз Жандосовпен бірге жұмыс істегенін, әрі ол кісінің әкеме (С.Босқынбаевқа – Н.Қ.) нағашылық жағы барлығын жіпке тізген, тырнақ астынан кір іздеген «жансыздардың жанашырлығымен» қара тізімге ілінген. Сол кездегі сұрқия саясаттың сұрқы бұл. Сонымен 1937 жылдың 13 қарашасында қамауға алынып, бір жыл тергеу жүргізіп 1938 жылдың қарашасында сотталып кете барған. Кейінгі алынған деректер бойынша, 1943 жылы тұрмеде жүріп, 39 жасында қайтыс болған. Марқұм әкеміздің сүйегінің қай жерде жатқанын әлі күнге білмейміз. Білетініміз, – адалдығы, нақақтан нақақ күйгені», – деп жазған («Қазығұрт» баспасы, 2006 жыл.)
Сейдахмет Босқынбаевтың өз басы ғана емес, отбасы, туған-туыстары мен ауылдастары да оның жалған жаламен, негізсіз істі болып кеткеніне имандай сеніп еді. Мемлекет ісіне шын берілген, жас ғұмырын қоғам мүддесі жолына арнаған азаматтың бір күнде «»халық жауы» болып шыға келгеніне оны білетін ешбір адам сене алмаған-ды. Ал партия және кеңес қызметкері С.Босқынбаев өзінің алдығына мына жыр жолдарында туған туысына ғана емес, келер ұрпақтарға аманаттап кеткендей:
Амандықты айт Аяшым туысма,
Еш кемшілік жоқ еді жұмысымда.
Сейдахмет жаламенен қамалды де,
Сеніп өткен ісімнің дұрысына.
Дегенмен, арыстай азамат бір шетінен, өзінің жазықсыз ұсталғанына өкіне отырып өлең жолдарына айналдырса, екіншіден, түптің түбінде, әділеттілік салтанат құрып, ақталып шығарына имандай сеніп кеткеніне мына жолдарды оқығанда көщз жеткізе түсесіз:
Ақылшым Ораз аға, не десек те,
Қылығыңды саралап, ел есептер.
Ақ адамды қаралап қамағаны,
Дұрыс болмай шығады келешекте.
Арада қаншама уақыт өтсе де, еліне адал қызмет еткен Сейдахмен Босқынбаев солақай саясаттың құрбаны болғанын уақыт ақтап шықты. Мәселен, КСРО Жоғарғы Соты әскер коллегиясының 1958 жылғы анықтамасында марқұм Сейдахмен Босқынбаевтың ақталғаны туралы мәлімет тайға таңба басқандай көрсетілген. Осы деректен кейін-ақ ел қамын жеген абзал азаматтың 37-нің жазықсыз құрбаны болғанын айқын аңғардық. Ол ол ма, «Әкесі үшін баласы жауап бермейді»,- деп ұрандаған кеңестік өкіметтің сұрқия саясатынан, жан-жақтан ұйымдастырылған қуғын-сүргін зардабынан Сейдахмет ұсталғаннан кейін араға үш жыл салып бауыры Көшкін 30 жасында дүниеден озды. Екі арыстың артында аңырап қарт ата-анасы Босқынбай мен Шыныбала, асыл жарлары Аяш пен Әлия, шиеттей алты бала қалды.
«Орнында бар оңалар» дешендей, бүгінде тәуелсіз еліміздің өсіп-өркендеуі жолында аянбай еңбек етіп жүргендердің қатарында Мереке Босқынюаев, Айтбай, Сүлеймен Көшкіновтер, Нұрбапа Сейдахметовтің де ұрпақтары бар. Олар бүгінде аталар жолын берік ұстанып, тәуелсіз еліміздің дамуына шама-шарқынша өзіндік үлестерін қосып келеді.
БҰЛ ТІЗІМ-СӨЙЛЕЙТІН ТІЗІМ»
«Байқайсыз ба, өткен күндер еншісінде қаншалықты тағдыр тоғысы жатыр, бастан неткен ауыр күндер өткен. Осы реттен де алдағы уақыттарда да бұл тақырып жалғасса игі. Оқушы қауым танысып отырған тізімдер астарында небір сыр бар, тегінде, бұл тізім жай тізім емес, сөйлейтін тізім, ұрпақтары табылып жатса құба-құп, әңгіме сонда жаңғырады», – деп Қ. Сәрсекеев жазғандай, тізім сөйлеп бергенде, жазықсыз зардап шеккен азаматтың Алматыда, тіпті Қазақстанда емес, кезінде «Отанымыздың жүрегі» атанған Мәскеуде атылып, сүйегі сонда жерленгені анықталып отыр. Жоғарыда мысалға келтіріп өткен жаңа дерекке қаныққан еңбек ардагері Сүлеймен ақсақал үлкен әкесі Сейдахмет Босқынбаев жерленген Мәскеуге барып-кайтуға, көп жыл бойы беймәлім болып келген мәселенің анық-қанығына жетіп, тапқан жағдайда марқұм жерленген жерден бір уыс топырақ алып, туған жеріне, ата-бабалар мәңгілік тыным тапқан зиратка жеткізуді жөн көріп отырған жайы бар.Биыл Алматы облысының Кеген (казіргі Райымбек),
Ұйғыр, Андреев (қазіргі Үйгентас) аудандарында жауапты басшылық қызметтер атқарған кеңес және партия кызметкері Сейдахмет Босқынбаевтың туғанына 105 жыл толады. Осы орайда, «Өлі риза болмай, тірі байымайды» дегендей, Ота- нымызда емес, Мәскеуде атылған Алаш арысын ардақтап, ер есімін есте қалдыру мақсатында оның туып-өскен ауылы Жалаңашта бір көшеге есімін беріп, 60-шы жылдары ұрпақтары іргетасын қалаған Жайдақбұлақ ауылындағы мектепті Сейдахмет Босқынбаев атымен атау және басқа да іс-шараларды қолға алу бүгінгі ұрпақтың азаматтық борышы. Мұндай іс- шаралар жазықсыз атылып, небары отыздың ішінде өмірден өткен С. Босқынбаевтай азаматтың аты-жөнін жас ұрпақ біліп, халкына адал қызмет етудің жарқын бір үлгісі ретінде өнеге алып өсуі үшін керек екені шүбәсіз.
ТҮЙІН
Өткен ғасырдың 30-шы жылдарында республика көлемін айтпағанның өзінде, бір ғана Кеген өңірінен (Бүгінде Райымбек ауданы) көптеген саналы да көзі ашық, ойы ұшқыр, білімге жүйрік азаматтар шықты. Олардың қатарында, белгілі зерттеуші-ғалым Сағатбек Медеубековтің дерегінше, кейіннен халық «Майлының Қара тамы» атап кеткен Ұзынбұлақ мектебінде мұғалім болған Майлы Орманов, Тоғызбұлақ, Ақтоғай, Подгорный ауылдарында мектеп ашып, оқыту-методикалық әдістемелер жазған, әдіскер-педагог, әнші-композитор Капез Байғабылов, Қарқарада ұстаздық еткен Сыдык Байбұлынов, сондай-ақ, Жарқынбек Сағымбеков, Мүсілім Шәкіров, Б. Ботыбаев, республика Халық ағарту комиссариатында қызмет атқарған, кейіннен аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі болған Нұрбек Балабеков сынды арыстарымыз 37-нің зобалаңында жазыксыздан жазыксыз «халық жауы» атанып қудаланды. «Аққа құдай жақ» демекші, халық қамын жеген есіл ерлеріміздің барлығы да кейінен ақталды.
Біз репрессия құрбандарына әрдайым тағзым етіп, олардың өнегелі істері мен өршіл рухтары алдында әрқашан бас иеміз. Өркендеген еліміздін іргетасын қалауға жастық жалынын, бар күш-жігерін жұмсаған аға ұрпактын еселі еңбегі, ерлік істері мен есімдері ешуақытта да ұмытылмақ емес.
Нұрлан ҚАЛҚА,
Райымбек ауданы.
Жарияланды. -Талдықорған: “Жетісу” газеті. №61.2009. -5 б.











