Орналасқан жері: Алакөл ауданы, Ырғайты ауылдық округіне қарасты Көктұма ауылының аумағындағы Жалаңаш көлдің бойында орналасқан.
Зерттелуі: ҚХР-да шыққан «Шағырай» шежіресі, Еркебай Қабылжанұлының «Қызай елі тарихына қатысты деректер» кітаптарында және Андас Омарақынның Қазақстанда шыққан «Тарих толқынында» кітаптарында өмірі жайлы деректер жинақталған. Бүгінде өлкетанушы-журналист Қажет Андас пен Шпғырай әулиенің ұрпағы Жармұқаш Тойымбек зерттеп жүр.
Сипаттамасы: Шағырай Кененбайұлы 1736 жылы туып, 1832 жылы қайтыс болған. Шағырай әулие қорымының маңында Оның маңында Шағырайдың Қызыл қайыңы, Шағырайдың Шетбұлағы, Шағырайдың Шегірбұлағы, Шағырайдың Талдықбұлағы, Шағырайдың тумасы деген жер аттары сақталған.
Аңыз-әңгіме: Шағырай Кененбайұлының Қазақ хандығы мен Цин империясы арасындағы бітімгерлік ісіне араласқаны туралы деректер Цин империясына қатысты архив материалдарына сақталған. Қаһарман Мұқанұлы мен Кәкеш Қайыржанұлы аударған «Цин әулеті сарай жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер» атты кітапта Циянлұңның 29 жылы 12 айдың 27 күні (1765 жылы 18 қаңтар) сарай естелігінде: «Қазақ Әбілпейіз жіберген Шағырай бастаған төрт адам 16 желтоқсанда Ойрат Тарбағашын руының тәйжісі Сайбекті ертіп келіп жолықты» деп жазылған. «Цин әулеті Гаузұң патшаның сарай жазбалары» атты кітаптың 543 бума, 8-11 беттерінде де Шағырайға қатысты мәліметтер келтірілген.
Қызай Есенгелді би қайтыс боларында Ежан хан (Циянлұң) берген көктасты (мансап белгісі) үлкен ұлы Кененбайға мұраға қалдырған. Кененбайдан Шағырайға қалған. Шағырай көзі мен тілінде сұғы бар, шарапатты адам болыпты. Қасы қалың әрі ұзын болып, көзін жауып тұрады екен. Адамға, малға тіке қарамайды екен. Қараса көз сұғы тиіп, аман қалмайды екен. Бірде Тілеуке батыр Шағырайды сынап: «Көзіңнің сұғы бар» дейді анау тұрған бұғылардың бірін атып берші?» деп әзілдейді. Сонда Шәкең: «Қайсысын» деп қайыра сұрайды. «Анау, соңында келе жатқан жуанын» депті Тілеуке. Сонда Шағырай қолын нұсқап тұріп, оң жақ санып салып қалып: «Барып, адалында бауыздап ал» деген екен. Тілеуке барса бағанағы бұғы жығылып, қылқынып жатқан екен. Шағырайдың қасиеттілігіне қатысты мұндай аңыздар ел арасында өте көп. Шағырай қайтыс болғаннан кейін оның ұрпақтары бұл мекеннен ауа көшіп, Бұратала асып қоныстанады. Бірақ жергілікті жұрт бүгінгі күнге дейін Шағырай жатқан зиратқа тәу етіп, оның қасиеттілігне тәнті болумен келеді.
Бұрындары Шағырай зиратының қасынан өткен ер адамдар құран оқып, әйелдер аттан түсіп, жаяулап өтпесе, бір пәлеге жолығып отырған. Бір жолы бір байдың жаңа түскен келіні Шағырай зиратының жанына келгенде, бай келініне: «Зираттан аттан түсіп өт», деп ескертеді. Бірақ жас келін: «Өліп қалған аруақта не құдырет болсын», деп шауып өте бергенде ат сүрініп, келін үзеңгіге ілініп қалып, үріккен ат сүйретіп өлтіріпті. Кеңес билігі дәуірінде Шағырай зиратына тәу ететндерге тиым салынғанымен, ел жасырынп сол бұрынғы құрметін білдіріп келген. Бұл үрдіс бүгінге дейін жеткен. Қазірде Шағырай зиратынан ел құран оқып, тілек тілеп аттану дәстүрге айналған.
Бұл нысанды да Қазақстанның қасиетті жерлерінің тізіміне енгізу керек.
Сілтеме:
1. «Есенгелді шежіресі», Іле халық баспасы, 2015 жыл, Құлжа.
2. «Цин әулеті сарай жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер», Қаһарман Мұқан, Кәкеш Қайыржанұлы, Ұлттар баспасы, 2013.
3. «Цин әулеті Гаузұң патшаның сарай жазбалары», 2013, Ұлттар баспасы.
4. «Қызай еліне қатысты деректер», Еркебай Қабылжанұлы, 2010 жыл, Іле халық баспасы.
5. «Тарих толқынында», Андас Омарақын, 2022, Алматы, «Офсет» баспаханасы.











