СЫБАНБАЙДЫҢ СЫНАҒЫ
Қызайларда: «Текебай елге дау бермейді, Бұлғынаяқ жұтқа мал бермейді, Мүсірбай ауыруға адам бермейді…» деген тәмсіл ұрпақтан-ұрпаққа ұласып келеді.
Жоңғармен соғыс аяқтап, қазақтар өзінің ежелгі атажұртына оралып жатқан кез екен. Ол кезде Бұлғынаяқ 20 жастағы жігіт көрінеді. Қызай елі Жетісудан Қытайға өтіп, қазіргі Алтай аймағының Жеменей ауданында қоныстанған кезі екен. Қызай елінің мықтылары жер шалып, төрт мезгілі малға жайлы қоныс іздеп жүреді. Алтайдың қысы қатты болғандықтан елге жайлы қоныс болмайтынын аңғарған Бұлғынаяқ әулие жұртқа айтқан ақылы:
Қашқын ел тартқан тұрмыс тақсіретін,
Суын ішіп, күнелткен асып етін.
Бұлғынаяқ бабамның әулиелік,
Көрсете кетпекшімін қасиетін.
Алтайдың кең болса да өріс жағы,
Тауы биік, тақырлау еңіс жағы.
Берекесі астында, үсті жайсыз.
Шуақсыз күн нұрының теріс жағы.
Көзбен көріп бабалар ескерткенде,
Кейінгі ұрпақ дер ме екен түс көрген бе?
Темірден ат, терістен хат жазылып,
Байлығы сонда ашылар күш көргенде.
Жөн сілтеп Бұлғынаяқ сөз қорытты,
Талайдан тартып келдік біз қорлықты.
Көшелік осы өлкенің күнгейіне,
Болмайды терістік жақ бізге орнықты, – деген өлең арқылы жетті.
Бұлғынаяқ әулиенің сөзі бойынша қызайлар Алтайдан көшіп, Барлықтың күнгейіне келіп қоныстанды. Бұл жердің ауарайы жылы, жері бетегелі, көңселі, шөбі шүйгін, қой мен түйеге жайлы жер екен. Сонымен ел есін жиып, мал өсіріп көтеріле бастайды. Сол кезде қызайларды Сыбанбай би басқарып тұрған екен. Сыбанбай би бір күні Текебай, Бұлғынаяқ, Мүсірбайды шақырып алып:
– Келешек заманда қалай болады, әрқайсымыздың артымыз қалай болады, соны болжап көріңдер?, – деп сұрапты.
Сонда жасы үлкен Текебай тұрып:
– Сыбеке, сіздің артыңыздың қандай боларын білмеймін, байқауымша, артыңыз таяз болады. Екі атадан кейін артыңыздан ұрпақ бола ма, болмай ма белгісіз, – депті.
Сосын сөз алған Бұлғынаяқ:
– Текебайдың болжамы дұрыс. Сіздің тірліктегі абыройыңыздан өлген күнгі абыройыңыз асып кетер ме екен? – деп ойлап тұрмын депті.
Жасы кіші Мүсірбай алдыңғы екеуінің айтқанына қосылатынын білдіреді.
Тағы да сөз алған Текебай:
– Маған қонған шешендік өзіммен бірге кетеді, ұрпаққа қалмайды. Бірақ сөзім ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отырады, – депті.
Одан соң Бұлғынаяқ:
– Менің артым 5, 6 атаға созылып жетеді. Болашақтағы айтпай білетін, ашпай көретін дәуірге жетеді. Бірақ істеген ісім кейінгі ұрпақтың арасында кең жайылмаса да, аздап айтыла жүреді, – деген екен
Ел олардың болжамы дәл келді десіп жүр.
Сыбанбай би Жалаңаш көлдің бойына жерленген.
Дереккөз: Тарих талғарында [Мәтін] : (Тарихи зерттеулер, эссе, мақалалар) / А. Омарақын- Талдықорған : [б. ж.] , 2022.– 500 дана . – ISBN 978-601-7865-39-9 (1-т.), ISBN 978-601-7865-36-8 1-том .– 287 б., суретті .
https://kazneb.kz/kk/catalogue/view/1657755
“Q-Andas” ақпараттық агенттігі
Жалғасы бар…











