Әдепхан Төреханұлының Салпық би бабасы Әулиеағаш өңірін мекен
еткен. Салпық би сөзге шешен, көреген болған екен. Ол ел билеп қана
қоймай, ел-жұртты диқаншылыққа баулыған. Бүгінде сол маңайдағы
«Салпық тоған», «Салпық арығы» деген жер атаулары әлі де бар. Салпық би
кесенесі де Әулиеағаш жеріндегі қорымда жатыр. Жаркент қаласында,
Әулиеағаш ауылында Салпық би атында көше бар. Бұл да өз ұрпақтарының
бабаларына деген құрметі деуге болады. Себебі Жаркент өңірінде қаншама
би-болыстар, батырлар өтсе де, ел ішінде көп айтыла бермейді. Себебі біздің
туған жеріміздің тарихын зерттеп, елге жеткізетін тарихшылар көп емес.
Сондықтан болар Суаннан шыққан қаншама би, батырларымыз тек ел
аузында ғана жүр. Ал Салпық би туралы ұрпақтары Әдепхан, Базархан
Жақыбаевтар көне көздерден білгендерін, естігендерін жазғаннан соң бізге
жетіп отыр. Әсіресе, Салпық бидің дүниеге келген кездегі аңызға бергісіз
әңгімелері қандай ғажап! Салпық бидің әкесі Ілеш сәби дүниеге келген кезде
ат шаптырып той жасайды. Тойға Найман, Жалайыр, Албан сияқты жанжақтан белді рулардың өкілдері келеді. Осыған қарағанда Ілеш баба ел
тізгінің ұстаған көпшілікке сыйлы азамат екенін көреміз. Жас нәрестеге
шақырылған құрметті қонақтар ат қою рәсімін жасайды. Олар Жалайырдың
Балпық әулиеге ұйқас «Салпық» деп ат қояды. Қазақ бұрыннан ат қоюға
ерекше мән берген ғой. Салпық би жастайынан қағылез, өжет болып өсіп,
есейе келе ел ішіндегі дауларды шешуге араласады. Сөйтіп Салпық би 1865
жылдары 37 жасында Суан руына би болған екен. Ол ірі саудагерлермен
араласып, жұмыс істеп, өзінің ғана емес елдің де байлығын тасытады. Содан
«саудагер Салпық» атанып үлкен байлыққа ие болады.
Сөйтіп, Жаркент қаласындағы бай Уәли Юлдашевпен тығыз
байланыста болып, мұсылмандар мешітін салуға атсалысқан. Бүгінде бұл
мешіт «Жаркент мешіті» сәулет-көркемөнер музейі деп аталады. Міне,
осыдан-ақ Жаркент мешітіне өңіріндегі барлық бай-бағыландар
көмектескенін көруге болады. Салпық бидің екінші баласы Жақыбайдан бес
ұл, екі қыз дүниеге келді. Деректерге жүгінсек, Жақыбай Салпықұлы 1866
жылдары өмірге келіп, 1931 жылдары қайтыс болған делінген. Жақыбайдың
бес ұлы Тұтқабек, Нұрғали, Ерғали, Төрехан, Мырзағали, Зәуре мен
Гүлжамила атты екі қыздары болған. Жақыбай кішкентай кезінен әкесі
Салпық бидің тәрбиесін көріп, салиқалы да салмақты әңгімелерін естіп өседі.
Жақсы-жайсаңдармен араласа жүріп, шешендік өнерді де бойына сіңіреді.
Содан болар, Жақыбай да Суан руы ішінде би атанып, ел ішіндегі түрлі
шешімін таппай жатқан жұмыстарға араласады. Жақыбай бидің екінші ұлы
Нұрғали арғы бетте ел басқару жұмысына араласып, «Нұрғали ақалақшы»
аталады. Ал төртінші ұлы Төрехан ән-жырға әуес болып өседі. Айтыс ақыны
ретінде танылып қана қоймай, күмбірлетіп күй шертіп, әсем әнді серік еткен.
Әдепхан ағамыз Төрехан әкесінің айтыстарын өз кітаптарына енгізіп,
ұрпақтарына өнеге етіп таратып келеді. Осындай текті әулеттен шыққан
ұрпақ бүгінде саялы бәйтерекке айналды. Әдепхан Төреханұлы осы
бәйтеректің бір бұтағы іспетті.
«Қарғадан қарға туар қарқылдаған
Жақсыдан жақсы туар жарқылдаған,
Мен жақсымын дегендер толып жатыр
Пайдасы бір басынан артылмаған», – деп Базар жырау жырлағандай,
тегіне тартып туған Әдепхан ағамыз қырық үш жыл ұстаз бола жүріп, ана
сүтімен келген ақындық өнерді бірге алып жүреді.
1982 жылы «Жалын» баспасынан «Балдәурен» атты өлеңдер жинағы
шықты. Араға он жыл салып өзіміздің Жаркент қаласындағы баспаханадан
«Белжайлау» атты кітабы жарық көрді. Әдепхан ағамыз оқушыларға физика
пәнінен дәріс бере жүріп, өлең өлкесінен бір сәт алыстаған емес. Ол тек өлең
ғана жазып қоймай, өткен ғасырда өмір сүрген би-болыстар, батырлар
туралы зерттеу мақалалары облыстық, республикалық басылымдарда жиі
жарияланып тұрды. Тынбай ізденістің арқасында «Елім дархан, жерім бай»
атты үш томдық кітабы жарық көрді. Әдепхан ағамыз «Алтынсарин»
атындағы төс белгісінің иегері, Қазақстан Республикасы «Халыққа білім беру
ісінің үздігі», Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. «Бәйтерек»,
«Белжайлау», «Орбұлақ», «Жапырағың жайған бәйтерек», «Ұлттық таным
тағылымы», «Еңкеймеген еменнің бұтақтары» атты жыр жинақтарының
авторы.
Әдепхан Төреханұлы биыл 85 жасқа толып, мерейтойы аудан
көлемінде аталып өтті. Ең бірінші болып өзі қырық жыл еңбек еткен Абай
атындағы мектептің ұжымы тағылымы мол, ұрпаққа үлгі боларлықтай
кездесу өткізді. Кездесу барысында жас жеткіншектер Әдепхан ағамыздың
өлеңдерін жатқа айтып қана қоймай, ақын аталарының өлеңдерін оқыды.
Әдепхан ағамызды төрге шығарып, құрмет көрсеткендері өте бір тебіреніске
толы сәт болды. Сондай-ақ, бір ай бойы жазба ақындардың тізімі жасалып,
олардың басын қосу қиынға соқса да, Көктал ауылының мәдениет үйінде
өткен жыр мүшайрасы талай жас таланттардың бағын ашты. «Өлеңге
әркімнің-ақ бар таласы» демекші, жаңадан өлеңге бет бұрған, бұрыннан
жазып жүрген он сегіз ақын бәйгеге қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.
Әділқазылар алқасына айтыстың ақтангері, жерлесіміз Айтақын Бұлғақов пен
Қазақстан Жазушылар одағы Жетісу облыстық өкілдігінің жетекшісі
Жангелді Немеребайдың қазылық етулері өнер сайысының салмағын асыра
түсті. Жыр мүшайрасында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын
Шаяхмет Алжанбаев бас жүлдені жеңіп алды. Сондай-ақ өлең өлкесінде
өзіндік қолтаңбасы бар Асыл Сұлтанғазының өлеңі мәрмәр тастай
көркемдігімен ғана ерекшеленген жоқ, Абайдың әкесі Құнанбай мен
Жақыбайдың әкелері Салпық биді салыстыра жырлауы өте бір ұтымды
болды. Ал ақын Құсайын Бейсебайдың өлеңі шынымен, төрт аяғынан тең
тұрған жырлардың бірі екен. Ақын Гүлбақыт Қасеннің арнау өлеңінен оның
төселген ақын екенін байқау қиын емес, өлеңнің бас-аяғы жұп-жұмыр,
сонымен бірге Керімағаш ауылының тумасы Ақмадиев Айбын мен байырғы
ұстаз Дастан Толымбековтың өлеңдерінен олардың алысқа шабатыны көрініп
тұрды. Қалай десек те бұл мүшайра ақындардың біразын серпілтті, біразын
желпінтті. Жақыбаевтар отбасының жыр бәйгесіне тіккен ақшалары да
қомақты, ел риза болғандай еді. Әдепхан ағамыз да, балалары да осы
мүшайраны өткізіп-ақ өлеңді құрметтейтін, өлең-жыр десе ішкен астарын
жерге қоятын нағыз өнер сүйетін әулеттен екенін танытты.
Әдепхан Төреханұлы сонау елуінші жылдары Жаркент қаласындағы Ы.
Алтынсарин атындағы мектепте білім алып, осы бір қара шаңырақта ізгі
ниетті ұстаздардың дәрісін тыңдап өсті. Бұл білім ордасында Зағира
Нүсіпбекова, Жақсыбай Исаев, Нұрғалым Тұрғанов, Құсан Бектенов сияқты
бүгінде өмірден өткен ұлағатты ұстаздарын мәңгілік жадында сақтап келеді.
Өзі білім алған Ы. Алтынсарин атындағы мектепте өткен кездесуде Әдепхан
ағамыз ерекше бір әсерде болды. Жастық шағы, білім берген ұстаздарынын
бейнесі көз алдынан кетпеді. Сөз сөйлеген кезде ағамыз білім нәрімен
сусындатқан ұстаздарын тебірене еске алды. Осы мектептің директоры
Раушан Баекееваның ұйымдастыруымен өткен кеште оқушылар Әдепхан
Төреханұлының өлеңдерін жатқа оқып, қойылым көрсетті. Әдепхан аға
жылы естеліктер айтып, ұмытылмас күндері туралы ой толғады.
Дәл осындай салиқалы кездесу аудандық кітапханада меңгеруші Дария
Бекжігітованың ұйымдастыруымен жоғары деңгейде өтті. Кітапхана
қызметкерлері ұлттық құндылықтарымызбен бірге ақынжазушыларымыздың кітаптарын насихаттап, оқырмандарға жеткізетін
рухани байлыққа толы орта – ол кітапхана екенін тағы бір рет дәлелдеді.
Жақыбаев Әдепхан Төреханұлы үшін биылғы жыл ерекше
қуаныштарға толы жыл болды. Қазақстан Жазушылар одағының жиынында
Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Құлкенов Мереке Әбдешұлы
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын Жақыбаев Әдепхан Төреханұлына
арнайы тапсырды. Ағамыз «Алаштың Әдепханы» атанып, бүкіл аудан
қуанышқа бөленді. Әдепхан Төреханұлы ауылда жүріп-ақ өлең жазып, қазақ
әдебиетіне үлес қосып келеді. Жаркент өңірінде «Алаш» әдеби сыйлығын
бұрын-соңды ешкім алған емес, тіпті Қазақстан Жазушылар одағының
мүшелері саусақпен санарлықтай.
2025 жылдың сәуір айында аудандық мәдениет үйінде Жақыбаев
Әдепхан ағамыздың сексен бес жасқа толу мерейтойы аудан көлемінде
аталып өтті. Бұл мерейтойға арналған шығармашылық кеш ерекше леппен
басталып, тамаша тілек, тарту-таралғылармен жалғасты. Аудан әкімі Марат
Сағымбек кешті кіріспе сөзбен ашып, Д.Рақышев атындағы театр әртістері
Әдепхан Төреханұлының өлеңдерін сахналады. Әртістер оқыған өлеңдер
жүректі тебірентіп, қуаныш құшағына бөледі. Кеште белгілі қаламгер,
жерлесіміз, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жүсіпбек Қорғасбек
баяндама жасады. Ол театр әртісі Әлия Шаймерденова Әдепхан ағаның
«Қазақ айтқан» деген өлеңін оқығанда «Не деген ғажап өлең, Жұбан
Молдағалиевтың «Мен қазақпын» атты өлеңінен бірде бір кем емес. Мен осы
өлең туралы үлкен мінбелерде айтатын боламын» деп жоғары баға берді.
Міне көрегендік! Әйтпесе біз сол өлеңді оқымай жүр дейсіз бе? Күнде
оқымасақ та естіген де болармыз. Біз бірақ неге байқамадық? Өнер
адамының, жазушының көрегендігі осы болса керек! Жүсіпбек Қорғасбек
баяндамасында ақынның өлеңдеріндегі жер, су аттары, метафора, реализм
мен модернизмге тоқталды. Қытай жазушысы Мо Янның «Қызыл Гауляң»
кітабынан мысал келтіре отырып, өлеңдеріне баға берді. Ж.Қорғасбек
Жазушылар одағының жиынында қазақ қаламгерлерінің алдында «Қазақ
айтқан» деген өлеңін оқыған кезде бүкіл зал дүрілдеп ала жөнелді. Міне, сөз
құдіреті деген осы! Жазушы қазақ қаламгерлері алдында Әдепхан ағамыздың
абыройын тағы бір асқақтатты.
Ия, сөз соңында Алаштың ардақты азаматы, ауданымыздың абыз
ақсақалы Жақыбаев Әдепхан Төреханұлына арамызда алшаң басып жүре
беріңіз демекпіз.
Роза ЫСТАЙ,
өлкетанушы-журналист.
Панфилов ауданы.











