Q-Andas
No Result
View All Result
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қажет дерек
    • Қажет кітап
    • Қасиетті жерлер
    • Қажет ақпарат
    • Халық жады
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Андас Омарақын ізімен
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тұлғатану
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат
kz Қазақ qz Qazaq tj توتە جازۋ ru Русский en English
Q-Andas
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қажет дерек
    • Қажет кітап
    • Қасиетті жерлер
    • Қажет ақпарат
    • Халық жады
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Андас Омарақын ізімен
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тұлғатану
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат
No Result
View All Result
Q-Andas
No Result
View All Result
Басты бет Қажет дерек

Аталар аманатын орындау ұрпақ парызы

1930 жылы қызылдар тарапынан қудаланған Тұрсын төренің немересі Гүлжиһан Тұрсынованың естелігі   

admin
2026/08/30
Қажет дерек
0
Аталар аманатын орындау ұрпақ парызы

Сұрақ: Ауылдағы революциялық өзгерістерді: жаппай тәркілеуді, күштеп ұжымдастыруды, отырықшыландыру, ет, астық дайындауды көздейтін “Қазақстандағы Кіші Қазан” саяси бағдарламасы туралы не білесіз? Ол қазақ халқының тағдырына қалай әсер етті? Оның зорлық-зомбылықпен жүзеге асырылуы, құрғақшылықпен қатар, жаппай ашаршылықтың, мәжбүрлі босқынға ұшыратудың, халықтық көтерілістер мен қарсылықтардың және т. б. себебі болды ма?

Жауап: ХІХ ғасырдың ортасынан бері Қапалға орыс-казак, татарлардың көшіріліп әкеліп жатқаны жергілікті халыққа ой сала бастады. Олар Қапалға ғана емес, қазақтың сулы, нулы Лепсі, Үшарал, Үржар, Сарқан, Тасбекет, Арасан, Талдықорған, Қоғалы, Іле, Алматы, Қаскелең, Ұзынағаш сияқты қала, ауылдарына  көптеп қоныстандырылды.

Кейінірек орнаған Кеңес өкіметі  «Ұжымдастырамыз, мал-мүлікке бәрің ие боласыңдар» деп кедей-кепшікті жарылқайтын ниет танытты. Бұрын қазақтар мал мен жерін жатжұрттық басқыншылардан қорғап қырылса, енді голощекиншілердің саясатынан қырылу қаупі туды. Ұлттың бас көтеретін ұлдары мен зиялыларының көзін жоюдың небір қитұрқы айла-тәсілдері ойластырылды. Кеңес өкіметі орнасымен «жаптым жала, жақтым күйе» деп Алаштың ардақтыларын шетінен қырды. Олардың орнына өз тұрмыстарын оңдай алмаған, барды ұқсатып үйренбеген, білімі, зердесі төмен адамдарды басшылыққа қойды. Ондайларды «шолақ белсенді» етудің өзі санаға сыймайтын жағдай еді. Маңдайында қызыл жұлдызы бар бас киім кигізіп, қолына қылыш ұстатқан соң әлгілер бай-манаптарға қырғидай тиді. Кедей-кепшікті «жарылқаушы» Кеңес  өкіметіне керегі де қазақты қазаққа жау ету еді.

Билеп-төстеушілердің тағы бір мақсаты – қазақты елдік санадан айыру. Бай-кулактарды тап ретінде жою науқаны қарқын алды. Ұлтының мүддесін ойлағандарға  «ұлтшылдар»,  «тап жаулары», «жікшілдер», «оңшылдар» деген жала жабылды. Сталиннің қолшоқпары Голощекин байды да, кедейді де ет, астық өткізуге міндеттеді. Салықты төлей алмағандар істі болды.  Бай-манаптардың ұрпақтары жер аударылды.

Сұрақ: 1920-1930 жж. сіздің отбасыңыз, ата-анаңыздың, аталарыңыздың отбасы тәркілеуге ұшырады ма? Сіздің туыстарыңыздың бірі қудалау көрді ме? Олардың аты-жөнін, туған жылын немесе шамамен жасын, кәсібін, тұрғылықты жерін (облыс, аудан, жергілікті жері, ауыл/селоның нөмірі немесе атауы) көрсетіңіз?

Жауап: Біздің әулет тәркілеуге ұшырады. Құдалаудың көкесін көрді. 1930 жылы Тұрсын төренің (1845-1930 жылдар) өзі және балалары Жүніс, Жақып, Жолдыхан, Мендеш, Мәдін, Пүсіп, Садуақас бір күнде қызылдардың қырғынына ұшырады. Тұрсын төренің ұлы Қырықбай жау кетіп, жағдай тынышталған да әкесі мен бауырларын Демікпенің асуынан 50 шақырым шалғайдағы Баласаз ауылының іргесіндегі аталары Омар төренің кесенесінің жанындағы зиратқа жасырып жүріп әкеліп, бір қорымға жерлейді.

Сұрақ: Кеңестік органдар оларды тәркілеу мен жер аударудың қандай кіші санатына жатқызған: ірі байға, кулакқа, жартылай байға (орташа), шаруаға немесе хан, сұлтан тегіне, патша әкімшілігі қызметшісіне, алашордашылар қатарына, дін қызметшісіне, контрреволюционерге?

Жауап: Хан-сұлтан тегіне жатқызды. Себебі, Тұрсын төренің арғы бабасы Шыңғысхан, бергі атасы ақсүйек  әулетінен тарайтын Аталықтың сұлтаны Омар төре Серғазыұлы (1811-1896). Омар төре Серғазыұлының туған жылын, билік лауазымын, ата-тегін, шежіресін, Ресей архивінен тапқан тарихшы Ербол Бекболатов бауырымыз.  Болатбек Насеновтің ” Мәскеу мұрағаты сөйлейді” кітабындағы деректе:  «Серғазы Омарұлы 1811 жылы туған.  Аягөз өңіріндегі  сұлтан, би, старшын, құрметті қырғыздар және шені бар тұлғалардың 1850 жылғы ауызша айту бойынша, 1851 жылғы  15 наурыздағы тізімде № 872 болып тіркелген. Серғазыұлы Омар  Көшектен тараған.  Омар Серғазыұлы Аталық-матайдың сұлтаны болған. Жасы 39-да. Бай адам. Қыстауы – Баласаз.  Маңдайшоқы. Жайлауы – Желдіқарай. Аягөзден  330 шақырым қашықтықта. Архив дерегінде Омар төренің шежіресі де таратылған.  Онда Қамбардан – Сәнияз, Сәнияздан – Көшек, Көшектен –  Серғазы, Серғазыдан – Омар, Алқан тарайды» деп жазылған. Ал Тұрсын төре Омар төренің баласы.

Сұрақ: Сіз қуғын-сүргінге (репрессияға) ұшыраған адам туралы қандай мәліметтер бере аласыз (атылды; қайда жер аударылды, түрме немесе еңбекпен түзету лагерінде болды ма? және т.б.)

Жауап: Тұрсын төре Кеңес өкіметінен жақсылық келмейтінін білген соң елін бастап Қытай асуға қамданады. Бұл 1930 жылдар шамасы болуы керек. Сол жылдары қызылдардың қысымын көрген Қапал, Сарқан, Бөрлітөбе жұрты ешкімнен пана таба алмасын білді. Ендігі мақсат – Қытай еліне көшіп, бала-шағаны аман алып қалу. Ауыл-аймақтың баскөтерерлері жиылып Омар байдың  баласы Тұрсын төреге келеді.

– «Қызылдар тұқым-тұяғымызды түгел құртатын түрі бар. Не де болса көшті бастаңыз, Қытай асайық.  Ұрпағымызды босқа қырып алмайық. Ол жаққа тау арқылы баратын жолды білесіз», – деп өтінеді. Сонда бірнеше жыл бұрын Қытай жерінде төрелермен бірге Қоңыробасазы жайлауын жайлап, біраз уақыт тұрып келген жетпістен асқан Тұрсын төре ұзақ ойланып:  «Ресей патшалығын үш жүз жыл басқарған Романовтар әулетін де Кеңес өкіметі жоқ қылды. Олар ешкімді аяйын деп тұрған жоқ. Оның үстіне күш алып кетті. Арамыздан шыққан тыңшылар шетімізден «сатып», қайда жүргенімізді айтып, ұстап беріп жатыр. Алла салды, біз көндік  «Өтсек өтейік Қытайға», –деп көшетін уақытты белгілейді.

Суыт жиналған көш түнделетіп жолға шықты. Көштің құрамында  ұзын саны 300-дей адам.  Сартаудан өтіп,  Демікпенің асуына барғанда  жолды қар басып қалған екен. Көштің арасында көтеріліске бірге шыққан орыс-казактар да бар еді. Күрек, кетпен ұстауға бейім орыстар  жолды  қардан аршуға кірісті. Қызылдардан енді құтылған шығармыз, аттарды да суытып алайық деген көшбасылар арқаны кеңге салып, демалмақшы болады. Сол кезде көпірдің қарсы бетінен мұздай қаруланған қызылдардың әскері шыға келеді. Тұрсын төре қасындағыларға қашыңдар деп бұйрық берді. Қазақтың жаужүрек батырына жақындауға батылы жетпеген қызыл әскер командирі Курносов төрені алыстан көздеп, винтовканың шүріппесін басып қалады. Командирден кейін де бірнешеуі ажал оғын жаудырады. Тұрсын төре сол кезде барып құлайды. Ойлағанындай осы сәтте біраз адам арғы бетке  қашып үлгереді.

 Сұрақ:  Тәркілеу, жер аудару немесе қамауға алу қандай органдар мен ұйымдар тарапынан жүзеге асырылғанын білесіз бе?

Жауап: Ол жағын жақсы білмеймін. Білетін үлкендердің бәрі өмірден өтіп кетті.

Сұрақ:   Тәркілеу кезінде қанша мал және төрт түліктің қандай түрлері  тәркіленгенін білесіз бе?

– Омар, Алқан заманында  әділ билік айтуымен ел құрметіне бөленген  бай, дәулетті адамдар.  Омар төренің жылқылары  су ішуге келгенде  Бүйеннің суы тартылып қалады екен. Оның үш сандықтағы алтын-жақұты ортайып көрмепті. Омар төреден туған Тұрсын  да  әкесіне тарта туып, өткір, сұсты, есесін ешкімге бермейтін  намысқой болып өседі. Ауыл-аймақтың  азаматтары бас қосқанда Тұрсын төре ірілігімен  ерекшеленеді. Тау тұлғалы  Тұрсын төре ұзын-ұзын саусақтарымен домбыра шерткенде күйді құйқылжытып жібереді.  Аңшы, сал-серілер төре жігіттің қабағы ашыла қалса қасына жиналып, ел-жер жайын айтысып,  ойының ұтқырлығымен көзге түсіп қалуға тырысады.

Тұрсын төренің иелігінен қанша мал-мүлік тәркіленгенін толық білмейиін. Бірақ ұжымдастырамыз деген желеумен Кеңес өкіметінің Қапал-Баласаз әскери операциясы кезінде жергілікті халықтан  641 тай-құнан, 364 түйе, 108 бұқа, 108 сиыр, 603 айғыр барлығы 5621 малды тартып алғаны белгілі.  Бұл есепке алынғаны. Есепке алынбай айдап әкетіліп жатқаны қаншама?

Сұрақ: Қандай мүлік, заттар тәркіленді? Тәркіленген мал мен заттар, мүлік қайда немесе кімге берілді?

Жауап: Тұрсын төре өз кезінде Ақсу ауданы, Баласаз ауылының бас жағынан алтын кенін ашып, алтын шайқаған адам. Ол кен «Тұрсын төренің Алтын кені» деп аталған. Ол кен орны әлі де бар. Әлде кімдер оның игілігін көріп жатыр. Демек, алтын кені бар адамның байлығы да аз болмауы керек. Соның жоғары жағы «Тұрсын төре жайлауы» деп аталады.  Ал Тұрсын төре жайлауы деп аталған малға қоныс болған шұрайлы жер бірнеше мың тұяқ малды емін-еркін сыйдыра алатын жер. Демек Тұрсын төренің бұл тұрғыдан да өз байлығы асып-төгіліп жатты. Ал қуғын-сүргін жылдары сол байлықтың бәрі тоналды. Қырылғаны жолда қырылып қалды да, аман қалғандары соқа басын сүйреп, Қытайға барып паналады.

 Сұрақ: Қуғын-сүргінге ұшыраған адамның отбасы туралы айтып беріңізші, жасы үлкен туыстарыңыз Сізге қандай деректер, мәліметтер айтты? Егер сіздің туысыңыз “тәркіленген” немесе жер аударылған болса, онда туысқаныңыздың жер аударылған уақытын (білсеңіз нақты күнін, нақты күнін білмеген жағдайда шамамен уақытын) айтып кетсеңіз. Отбасылық архивте сақталған фотосуреттер, хаттар, анықтамалар, шағымдар немесе басқа да құжаттар бар ма?

Жауап: Фотосуреттер, құжаттар, анықтамалар сақталған жоқ. Үркін-қорқын жылдары жоғалып кетті.

Сұрақ: Қуғын-сүргінге ұшыраған отбасының құрамын, әйелдерінің, балаларының, басқа жақын туыстарының есімдерін, жер аударылған уақыттағы жасын көрсетіңіз?

Жауап: Қапалдан шыққан атақты Ғалиақпар қажының Солтан, Сыттық (Сыдық), Лоқман (Лұқпан), есімді ұлдары болады. Солтан Ғалиақпарұлы Қытаймен сауда жасау керуенін басқарып жүргенінде, қарақшылар қолынан мерт болған деген дерек қалған. Лоқманның әйелі – Қапал атрабына әйгілі Тұрсын төренің Хадиша есімді қызы. Лоқман оны бір көргеннен ғашық болады. Қыз да Лоқманды ұнатады. Жастай біреуге атастырылып қойылғанымен, Ғалиақпар қажының даңқы мен Лоқманның байлығы ол келісімді бұз¬дырады. Хадишаның қалың малы алтынмен төленеді. Лоқман 1916 жылы сырқаттан Қапалда өмірден өтіп, Қапалдағы қорымға жерленеді. Артында Фарфаз, Гүлжихан, Садық деген ұрпақтары қалады.

Қызылдар Қапалды басып алар алдында Хадиша балаларымен Қытайға асады. Тұрсын төре 1929 жылы қызының балаларымен бірге қайта оралуын қалайды. Хадиша «қызылдарға сенгім жоқ» деп қайтпайды.

Қытайда Хадишаның баласы Садық (1912-1969 ж.ж.) Құлжадағы татар мектебінен оқып, одан есепші мамандығын игеріп, Қытайдағы кеңес елшілігінде қызмет атқарып, кеңес азаматтығы төлқұжатын (паспорт) алады. 1880 жылы туған Хадиша Тұрсынқызы 1954 жылы Қытай жерінде өмірден өтеді. Өмірден өтер алдында : «Арманым, туған Қапал өңіріне жете алмай, өмірден өтіп барамын. Туған ел мен жерге оралғандарың жөн», – деп балаларына өсиет айтады. Лоқманның ұрпақтары Хадиша анасының өсиетін іске асырып, 1955 жылы қазақ жеріне оралады.

Жазалаушы отряд Демікпе асуына жетпей көшті қуып жетеді. Сексен жастағы Тұрсын төре мен жиырма жастағы немересі Жолдыханұлы Мәжінді жазалаушы отряд қылышпен кескілеп өлтіреді. Тұрсын төренің ұлы Қырықбай Мәжін мен Тұрсын төрені Баласазға әкеп, атасы Омар төренің зираты жанына жерлейді. Тұрсын төренің тағы бір ұлының есімі – Жүніс. Яғни, Тұрсын төре кіндігінен үш ұл, бір қыз туып тараған.

Сұрақ: Сіз жер аудару кезінде немесе басқа себептермен аштық пен аурудан қайтыс болған ересектер немесе балалар туралы ақпарат білесіз бе? Жер аударылды, кім тұрғылықты жерінде қалды. Мүмкін Сіз отбасының бір бөлігін тұрақты жерде қалдырудың себебін білетін шығарсыз (ажырасу, отбасын паналаған жетім балалар және т. б.)?

Жауап:  Жоқ. Қырықбай Тұрсынұлы және Қали деген атамыздың келіні Әди осы жерде қалды.

Босқан ел Демікпенің жотасына жетіп, сәл дамылдайды. Осы кезде Әдидің мінген атын інілері отқа қойып, аяғын тұсаулайды. Жер-ошақтағы тамақтың иісі бұрқырап, асқа енді отырамыз-ау дегенде ат тұяғының тасыр-тұсыры естіледі.  Жандары жадырай бастаған ер-әйел тасыр-тұсыр дыбыс шыққан жаққа  қараса мұздай қаруланған  солдаттар қақ төбелерінде тұр.  Бұлар ес жинағанша, қарсы жақтан оқ борап кетеді.  Бірі – тастың тасасына тығылады. Енді бірі – атқа мініп, қамшыны сауырға басады.

Әди   асудан ары өте алмады.  Сасқалақтаған келіншек  кісендеулі атқа мініп алады.  Бәрі тым-тырақай қашқанда тұсаулы жылқының үстіндегі  Әди қосағынан көз жазып қалады.   Қызылдар оны  Текелі қаласына апарып, сұраққа алады. Жас баласы бар әйелді аяды ма, жоқ  келіншегін  іздеп күйеуі осы жаққа келсін деді ме, біраз тергеген соң бостандыққа шығарады. Бірақ алысқа ұзамауды ескертеді.

Сол реткі қызыл қырғындыкөз алдынан өткізген Тұрсынның баласы Қырықбай тас түбіне тығылып, аман қалады.    Атыс-шабыс аяқталған соң қызыл әскер оқиға орнынан жылдам аттанып кетеді. Тас түбінде қозғалмай жатқан Қырықбай көз байлана әкесі мен Мәжін және  сонда мерт болған бірнеше адамның денесін атақонысы Баласазға жеткізіп,  Омар төре кесенесінің қасына жерлейді. Түнделетіп денелерді тасып, қабір қазып, басын көтергенше бірнеше ай өткен екен. Сол аталарының сүйегін күзету үшін Қырықбай атамыз қанша қиындық көрсе де атамекенінен ұзамауға бекиді. Солай істеді.

Сұрақ: Отбасы мүшелерінің қайсысы отбасы басшысымен бірге қуылды және кім тұрғылықты жерінде қалды. Мүмкін Сіз отбасының бір бөлігін тұрақты жерде қалдырудың себебін білетін шығарсыз (ажырасу, отбасына паналаған жетім балалар және т. б.)?

Жауап: Тұрсын төренің Жүніс, Жолдыхан атты ұлы мен қызынан тараған ұрпақтар сол 1930 жылы қырғыннан тірі қалғандары Қытай асып кетті де кейін 1955-1962 жылдар аралығында Атамекеніне қайта оралды.

Сұрақ: Сіз қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғалардың мемлекет, ресми органдар тарапынан қудалау көрген балалары мен туысқандары туралы ақпарат білесіз бе? Олардың кейінгі тағдыры қалай болды? Олар қандай қиыншылықтар мен  қасіретті бастарынан өткерді?

Жауап: Тұрсын төренің Қытай асқан ұрпақтары сол жақтың мәдениетіне, білім мен денсаулық сақтау салаларында қызмет етіп, үлес қосты. Мысалы, Тұрсынның баласы Жүністен тарайтын Мәлік арғы бетте мектеп директоры болыпты. Ол кісі 1958 жылы елге оралды. Бірақ бұл жақта қанша білімді, білікті болса да қызмет бермей, өмірінің соңына дейін қойшы болды.

Тұрсын төренің Қытай асқан ұрпақтары 1955 жылдан кейін үздік-создық Қазақстанға көшіп келді. Олардың арасынан Мемлекет немесе ресми органдар тұрғысынан құдалау көргендері болған жоқ. Алай, Тұрсын төренің немересі өзім (Сұхбат беруші Гүлжиһан Турсынова) 1986 жылығы Желтоқсан көтерілісіне қатысушы ретінде сұраққа алынып, біраз жыл қақпай көрдім. Тәуелсіздікпен бірге тағдыр жолымыз қайта түзелді.

Сұрақ: Егер Сіз жер аудару/жазалау (қамауға алу) /ату орнын білсеңіз, бұл туралы айтып кетсеңіз. Жерлеу орнын көрсете аласыз ба?

Жауап: Тұрсын төре қалыптасқан өмір сүру қалпы бұзылып, күнкөріс көзі жойылып бара жатқанын сезіп, ел-жұртын жинап, ұзын саны 300-дей адамды бастап Қытайға жол алады.  Сартаудан өтіп,  Демікпенің асуына барғанда  жолды қар басып қалған екен. Көштің арасында көтеріліске бірге шыққан орыс-казактар да бар еді. Күрек, кетпен ұстауға бейім орыстар  жолды  қардан аршуға кірісті. Қызылдардан енді құтылған шығармыз, аттарды да суытып алайық деген көшбасылар арқаны кеңге салып, демалмақшы болады. Сол кезде көпірдің қарсы бетінен мұздай қаруланған қызылдардың әскері шыға келеді. Тұрсын төре қасындағыларға қашыңдар деп бұйрық берді. Немересі Мәжін өзінің қашпайтындығын, керісінше, ағайын-туысы құтылғанша қызылдардың жолына кедергі болатынын айтады.

Көшке ілескендердің арасында Тұрсынның Батырқан деген бауырынан туған  Садық есімді ұлы бар еді. Батырқан қайтыс болған соң жесірі  Жаңылысты Тұрсын  әмеңгерлікке алған. Мәжін Садық інісіне: «Мені енді бұлар құтқармайды. Тұрсынның туған немересі екенімді біледі. Сен қаш. Ұстап алса кедейдің баласы едім, малдарын айдатуға ертіп алған де. Өзіңнен кішілерге, әпке-қарындастарға бас-көз бол. Малды қалдырма,  бірге айдап кет», – деп бауырына амандық тілейді де,  өзі қызылдарға қасқая қарап тұрып алады. Соның арасынша, Курносов әскерінің қандықол жендеті шауып келіп, әлі жиырмаға да толымаған Мәжінді ортан белден қылышпен шауып түсіреді. Сол кезде Тұрсын төре көзінен жас шығармай тістеніп тұрып алады. Болар іс болды.  Әйел, бала-шаға қашып құтылғанша жолдарын бөгей тұрайын деп ойлайды.

Қазақтың жаужүрек батырына жақындауға батылы жетпеген қызыл әскер командирі Курносов төрені алыстан көздеп, винтовканың шүріппесін басып қалады. Командирден кейін де бірнешеуі ажал оғын жаудырады. Тұрсын төре сол кезде барып құлайды. Ойлағанындай осы сәтте біраз адам қашып үлгереді.

Сұрақ: Сотсыз, тергеусіз атылған адамдар туралы білесіз бе? Хабарсыз жоғалған адамдардың есімдерін білсеңіз, олар туралы ақпарат айтып кетсеңіз.

Жауап: Тұрсын төре Омарұлы, Мәжін Жолдыхан ұлы тергеусіз атылды.  Жолдыхан Тұрсынұлы тұтқындалып, Алматыдағы түрмеге түскні белгілі, одан арғы тарихы белгісіз.

Сұрақ: Егер сіз жер аударылған туысыңыздың босатылған, есептен шығарылған күні, ақтау күні және ақтаған мемлекеттік орган туралы ақпарат білсеңіз, айтып кетсеңіз. Қуғын-сүргінге ұшырап, тірі оралған адамның кейінгі тағдыры қалай болды?

Жауабы: Мемлекеттік орган тарапынан ақталған қағаз келген жоқ.

Сұрақ: Қуғын-сүргінге ұшыраған туыстарыңыз туралы жеке отбасылық немесе ресми архивтен қандай да бір құжаттар (жеке жазбалар, хаттар, күнделіктер, очерктер, тергеу істері, зерттеушілердің мақалалары, жарияланған құжаттар жинағынан алынған мәліметтер және т. б.) бар ма?

Жауап: Тұрсын төре Омарұлы туралы архив деректер тарихшы талс Омарбеквтің «20-30 жылдардағы Қазақстан қасіреті» кітабынан деректер кездеседі. Сонымен қатар, журналист Талғат Батырхановтың «қызыл қырғын» атты мақаласында айтылады. Біздің қолымызда: «Кунгаев Камейолда является близким родсвенником руководителя банды Турсун торе Омарова. Лист дела 362. 364. 372.

Кудайбергенов Айткали 27 марта к банде занявший Арасан под руководством его родственика Турсын торе Омарова. Лист дела 166.167.168.370. Присоединился Уголовное дело номер 36/37. Архивный номер 8760» деген дерек бар.

Бірақ архив құжаттарын ақтарып, көргеніміз жоқ. Ендігі үмітіміз «Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссияның» жұмыс тобындағыларда тұр.

Сұрақ: Егер сіздің туыстарыңыз КАКСР/КСРО-дан шетелдерге қашып кетсе, онда олардың ұрпақтары қайда тұрады? Олардың шетелдегі тағдыры туралы білесіз бе? Айтып кетсеңіз. Олар Қазақстанға қайта оралды ма? Қай уақытта қайтып келді?

Жауап: Жоғарыда айтқандай, Тұрсын төренің Қытайға асқан ұрпақтары 1955-1962 жылдар аралығында қазақстанға көшіп келді. Негізінен Ақсу ауданының Көшкентал, Қапал, Арасан, Суықсай, Баласаз ауылдарына қоныстанды. Қазір Қазақстанның әр жерінде бар. Ал Садық Жүнісұлының тарайтын ұрпақтар әлі де Қытайда Нылқы ауданының, Қарасу деген жерінде тұрады. Солардың бірі – манап деген ағамыз кейінгі жылдарға дейін келіп-кетіп тұрды. Соңғы 2-3 жылда хабарсыз кеттік.

Сұрақ: Қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғалардың балаларын, немерелерін, шөберелерін білесіз бе? Білсеңіз,  олармен жеке кездесуге немесе телефон арқылы байланыс жасауға көмек бере аласыз ба?

Жауап: Білемін, егер кездесуге тиісті болса көмектесе аламын.

Сұрақ: Сіздің ата-бабаларыңыз ресми билік тарапынан (кеңестік кезеңде немесе ҚР Тәуелсіздік жылдарында) ақталды ма?

Жауап: «Ақталды» деген қағаз алғанымыз жоқ.

Сұрақ: Репрессияға ұшыраған туыстарыңызға қатысты ақтау және  және мәңгілік есте қалдыру бойынша ойларыңыз бен ұсыныстарыңызды айтып кетсеңіз.

Жауап: Біздің аталарымыз қазақ елінің егемендігі үшін күресті және сол жолда жанын қиды. Ұрпақтары қолындағы байлығынан, алдындағы малынан айырылып, шетел асып тентіреп кетті. Сондықтан олардың жанқиярлық, елжандылық рухын ұрпақ есінде қалдыруға қатысты жұмыстар жүргізілуі керек. Сондай-ақ, Ақсу ауданы, Баласаз ауылындағы Тұрсын төре мен оның ұрпақтары жерленген қорымды үкімет тарапынан қорғалатын жерлер тізіміне енгізіп, ескерткіш тұрғызып, «Қуғын-сүргін құрбандарын еске алатын» тарихи орынға айналдыру, абаттандыру жұмысын қолға алу керек деген ойдамын.

Сұрақ: Көптеген көзі ашық, білімді байлардың ұлт-азаттық қозғалысқа, «Алаш» партиясына қаржылай қолдау көрсеткені белгілі. Бұл үшін олардың үстінен қылмыстық істер қозғалып, қылмыстық жауапкершілікке тартылды, олардың малдары мен басқа да мүліктері тәркіленді және таратылды. Жер аударылды. Сіз осындай фактілерді білесіз бе? Білсеңіз, осы бір қуғын-сүргін құрбандары ақталды ма?

Жауап: Олар жайлы көп білмеймін.

Сұрақ: Байлар, орташалар ерекше қатыгездікпен қудаланды. Өйткені олар бай, кулактарды тап ретінде жою туралы одақтық заңнамаға сәйкес қосымша қудаланды. Егер ірі байлар үстінен қылмыстық істер қозғалып, кем дегенде кейбір процессуальдық істер жүргізілсе, ал жартылай байлар, орташалар тіпті заңсыз қамауға алынды. Олар шартты шешімдер және партия комитеттерімен бірлесіп ОГПУ мен милиция органдары құрастырған ауылдық округтердің, аудандық атқару комитеттерінің тізімдері бойынша қамауға алынды. Олар ешқандай санкциясыз, ешқандай сотсыз бірнеше ай бойы тергеу изоляторларында, облыс орталықтары мен қалалардың түрмелерінде ұсталды, онда кейбіреулер аурудан, аштықтан қайтыс болды. Ауылдық  округтердің шешімдерімен жер аударылған байлар, молдалар мен басқа да ауылдағы беделді, елге ықпалды адамдарды қарт кісілердің айтуынша  ОГПУ, милиция қызметкерлері жақын маңдағы жасырын жерлерге апарып атқаны туралы жағдайлар  да анықталды.

Жауап: Ондай ақпарат білмеймін.

Сұрақ: Байлар ОГПУ мен милиция органдарының бақылауымен  өзге өңірлерге немесе Қазақстанның тыс жерлерге жер аударылды. Кейбір облыстарда ашық аспан астында тікенді сыммен қоршалған “бай қала” деген құрылып, онда тәркіленгеннен соң жер аударылатын орны анықталғанға дейін байлардың отбасы мүшелері ұсталды. Сіз өзіңіз тұратын өңірде осындай фактілерді білесіз бе? Бұл мәселе өңірлік комиссиялар басшылығының ерекше бақылауына алынды ма? Аймақтық комиссиялар мен олардың жұмыс топтарының мүшелері осы құжаттарды іздеу және зерттеу үшін аудандарға барды ма? Осы бір өте маңызды жұмысқа аудандық, қалалық және облыстық архивтердің жауапты және құзыретті қызметкерлері жұмылдырылған ба? Әрбір өңір бойынша тәркіленген, тұрғылықты жерінен жер аударылған байлардың, орташалардың  саны анықталды ма?

Жауап: Ол туралы жақсы білмеймін. Бірақ Тұрсын төре әулетіне қатысты іс осыған дейін өңірлік комиссияның назарына түскен жоқ. Міне, енді сол туралы ашып айтып отырмыз. Алдағы уақытта зерттеліп, зерделенеді деген ойдамын.

Сұрақ: Ғалымдардың айтуынша, орташа дәулетті адамдарды тәркілеу туралы материалдар, ауылдық (ауылдық) округтердің оларды жер аудару және қамауға алу туралы шешімдері және басқа да құжаттар аудандық архивтерде, егер берілсе (облысқа) – облыстық архивтерде сақталады. Өңірлік комиссиялардың жұмыс топтары мүшелері осы құжаттарды іздеп,  және анықтап, зерделеді ме?

Жауап: Тұрсын төре және оның ұрпақтарына қатысты архив құжаттары енді іздестіріле бастады. Бірақ ол кісілерге қатысты істер ашық дерек көздерінен табу қиын. Сондықтан құпия құжаттардан қарастыру керек.

 Сұрақ: Сіздің өңірде тәркілеуге ұшыраған байлар, орташалар, шаруалардың қаншасы ақталмаған?

Жауап: Біздің өңірде орын алған «Ақсу-Сарқан» (Кейде Бөрібай көтерілісі» делінеді. Көтерілісі туралы әлі де терең ізденуді қажет ететін дүниелер көп. Көтеріліске қатысушалар толық ақталған жоқ деп сеніммен айта аламын.  Тіпті көптеген адамдар өздерінің аталары және олардың қиын тағдыры туралы білмейді. Сондықтан оларды ақтау жұмысын тереңдете қолға алған жөн.

Сұрақ: Президенттің Жарлығын толыққанды іске асыру үшін, Сіздің пікіріңізше, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық заңды және саяси ақтау үшін мемлекеттік органдар мен жұртшылық қандай қосымша шаралар қабылдауы тиіс? Саяси қуғын-сүргін құрбандарын, оның ішінде Қазақстанның бостандығы, тәуелсіздігі және аумақтық тұтастығы үшін күресте ерлік көрсеткендерді халық жадында қалдыру мақсатында әзірленіп жатқан мемлекеттік бағдарлама үшін өз ұсыныстарыңызды беріңіз (Жарлықтың 5-п. 2-т.).

Жауап: Тарихшы  Халел Досмұхамедов:  «Тарихты ұлылар жасайды, пенделер бүлдіреді. Ит өз-өзін  танымаған соң айнаға қарап үреді» деген еді.   Тарих – ұлттың айнасы. Ендеше, ұжымдастыруға қарсы көтерілістің  болғанын, көтерілісшілерді сталиншілдердің аяусыз қырғанын халық  білуі керек. Өткеніңді саралау арқылы бүгініңді бағалайсың. Кеңес өкіметі кезінде «Мақтанса бүгін мақтансын қазақ, төбесі көкке тимей тұр аз-ақ» деп әндеттік. Кеңестік билік  қып-қызыл қантөгіспен келген. Бай-манаптар ұжымдастырудың соңы жақсылыққа апармайтынын білді.  Аша тұяқ қалмасынның соңы ашаршылыққа апаратынын бағамдады. Шынында да малынан айрылған халық өзінен-өзі мылтық кеземей-ақ қырылды. «Қайырымсыздар қаптаған заманда қайыршылар көбейедінің» кері келді. Банды аталған аталарымыздың шынайы ерлігі жайлы ауыз толтырып айта алмадық. Санамызға әбден сіңіп, қантамырымызға дейін өтіп кеткен қорқыныш еңсемізді көтертпеді. Мақтануға тұрарлық  аталарымыздың атын айтуға сескендік. Мектеп, жоғары оқу орнына арналған оқулықтарда көтерілісшілер ұры-қары ретінде көрсетілді. Шындығында олар мал-мүлікті талан-таражға салуға қарсылық білдірген, ақыры соңында көтерілістен  түк шықпайтынын біліп, ел-жұртты аман алып қалу үшін шет ел асырып, басын бәйгеге тіккен батырлар еді. Тарихтың кейбір маңызды беттері әлі толық парақталмай жатыр. Тұрсын төредей алыптарымыз бастаған көтерілістің шынайы бет-бейнесі әлі де ашыла түспек.

Сұрақ:  Сұхбат алу үшін тағы да қандай адамдарды ұсынып, байланыс телефондарымен бөлісе аласыз?

Жауап: Біліп жатсам қосымша айтатын боламын.

Сұхбат бергеніңіз үшін рахмет! Зор ризашылық білдіреміз!

Сұхбаттасқан Қажет Андас

“Q-Andas” ақпараттық агенттігі

 

5 2 votes
Рейтинг статьи
Қаралым 62
Талдықорғандағы көне кинотеатрлар
Қажет дерек

Талдықорғандағы көне кинотеатрлар

October 5, 2026
Қала кинотеатрлары қалай өзгерді?
Қажет дерек

Қала кинотеатрлары қалай өзгерді?

September 24, 2026
45 тағдыр
Қажет дерек

45 тағдыр

September 8, 2026
We Still Study the National Liberation Uprisings
Қажет дерек

We Still Study the National Liberation Uprisings

September 5, 2026
Қажет дерек:  БІР КӨШЕ, БІР ТАРИХ
Қажет дерек

Қажет дерек: БІР КӨШЕ, БІР ТАРИХ

September 6, 2026
Бүйен-Ақсу көтерілісінің жетекшілері кім?
Қажет дерек

Бүйен-Ақсу көтерілісінің жетекшілері кім?

August 31, 2026
Subscribe
Login
Notify of
guest
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
ӨЛКЕ ШЕЖІРЕСІН СӨЙЛЕТКЕН ҚАЛАМГЕР

ӨЛКЕ ШЕЖІРЕСІН СӨЙЛЕТКЕН ҚАЛАМГЕР

November 9, 2026

«Бекзат өмір»: өнерге арналған еңбек

«Бекзат өмір»: өнерге арналған еңбек

November 7, 2026

Өлке тарихы ұрпаққа аманат

Өлке тарихы ұрпаққа аманат

October 23, 2026

ЖАҢА ҚАҒИДА?  «Әлеуметтік кәсіпкерлерге жаңа талаптар түсіндірілді»

ЖАҢА ҚАҒИДА? «Әлеуметтік кәсіпкерлерге жаңа талаптар түсіндірілді»

October 13, 2026

Жұмыспен қамту тәртібінде не өзгерді?

Жұмыспен қамту тәртібінде не өзгерді?

October 12, 2026

Ақпараттық агенттігі

Меншік иесі: “Жетісу” өлкетанушылар орталығы” қоғамдық бірлестігі
Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы “Болашақ” шағын ауданы, 12-27

Q-Andas желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2025 жылғы 19 наурызда тіркеліп, № KZ21VPY00115275 куәлігі берілген.

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

Тел: 8 747 706 1382
email: andas_kazhet@mail.ru

qandas.kz © 2026. Барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.

  • kzҚазақ
    • kz Қазақ
    • qz Qazaq
    • tj توتە جازۋ
    • ru Русский
    • en English
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қажет дерек
    • Қажет кітап
    • Қасиетті жерлер
    • Қажет ақпарат
    • Халық жады
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Андас Омарақын ізімен
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тұлғатану
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат

© 2025 qandas.kz

wpDiscuz