Халқымыз осыдан 3 мың жылдың алдында бал арасының құпиясын меңгергенімен, осыған дейін оның тіршілігі мен өсіп-жетілуі туралы жазылған еңбек тапшы болды. Алдарыңыздағы «Бал ара бағымшылығы» атты еңбек автордың отыз жылдық омарташылық жұмысының нәтижесі арқылы сол ақтаңдақты толтырып отыр. Онда ғылыми ұстанымнан гөрі, нақтылы өмірден алынған тәжірибелер мол жинақталған.
Миллиардтар елінде қазақ баласы жазған қарапайым еңбек жоғары бағаланып келеді. Мұныүлкен қуаныштың нәтижесі деп білуге тұрарлық. Сондықтан да, біз кітапты аудара отырып автор жайлы және оның өткені мен бүгіні туралы толықырақ білуге тырыстық.

Әділбек КҮНЕСҰЛЫ 1952 жылы ҚХР-дың Күнес ауданы, Аралтөбе ауылына қарасты Қарасу өзенінің бойында дирменші отбасында дүниеге келген.
Бастауыш, орта мектепті бітірген соң жалғасты оқу орайына ие бола алмай, 1965 жылы 3 айлық қысқа мерзімді курсқа қатысып, Аралтөбе ауылының 3-бөлімшесінде техник болып еңбек жолын бастайды.
1966 жылдан бастап мал дәрігері болып қызмет етеді.
Содан бері асыл тұқымды мал жетілдіру жұмысымен айналысады. Кейін сапалы қой жүнін жетілдіру бойынша еңбегі мен бұзаулары алынған сиырларды операция жасау арқылы төл алу тәжірибесі Қытайда жоғары бағаланды. Талай мараптаттардың да иесі атанды.
Қашанда жұртқа жақсылық әкелетін тамаша еңбек өмірге келгенде жүрегіміз жарылa қуанa алмасақ, онда адамдығымыздың, ағайындылығымыздың құны көк тиын. Бұл еңбек Қытайда жазылғанымен Іле мен Ертістің бірі басы, бірі аяғын жайлаған омарта шаруашылығымен айналысатын қаракөздеріміздің жұмысының нәтижесін көріп, ара шаруашылығынан мол өнім алып, осы бір ұлттық өндірістің өркенін өсіріп, «Қазақстанда жасалған» бал өнімдерінің сапасын арттырып, әлем елдерімен бәсекелесуге қосымша құрал болатыны бесенеден белгілі.
Сондай-ақ бұл еңбек ара шаруашылығымен айналысатындарға, ара шаруашылығы саласында білім алып жатқан студенттер мен білімгерлерге, осы сала бойынша ғылыми еңбек жазып жүрген ізденушілерге практикалық тұрғыдан көмекші құрал анық.
Аталарынан мұраға қалған ара шаруашылығымен ұзақ жылдар айналысып, мол тәжірибе жинақтаған Әділбек Күнесұлы кейінгі жылдары өзінің көрген-білген тәжірибесін қорытындылап, ұрпақтарына аманаттау жолында еңбектеніп жүр. Аталмыш еңбек атадан балаға жалғасқан бір ғасырлық тәжірибенің нәтижесі. Әрине, кітап жайлы бұл жерде ұзақ әңгіменің реті жоқ шығар. Оны аталмыш еңбекті бастан-аяқ байыптап, оқып шықсаңыз түсінетiн боласыз.
ҒЫЛЫМҒА ҚҰЙЫЛҒАН БҰЛАҚ
Қашанда жұртқа жақсылығы тиетін тамаша еңбек өмірге келгенде жүрегіміз жарыла қуана алмасақ, онда адамдығымыздың, ағайындылығымыздың құны көк тиын. Әсіресе, бүгінгі қазақ болып, қауым болып, ел болып берекемізді асырып, бейбіт күнде бабалар жаратқан парасат ұшқынын қайтадан шаңнан арылтып, кәдеге жаратып жатқанда санамызға жаңалық болып енген дүниелердің орны ерекше. Расында, осыдан 6 мың жыл бұрын шу асауды ауыздықтап, үстіне ер-тоқым ерттеп, қолға үйреткен, ат үстінде садақ тартып, жауының құтын қашырған бабаларымыз сол кезден бері адам денсаулығы мен өндіргіш күштің өркендеуі жолында талай нәрлі туындыны келешекке еншілеп қалдырғаны анық. Соның бірі – денсаулыққа пайдалы, жегеннің тәбетін ашып, бойына қуат сыйлайтын жеңсік ас бал болатын. Иә, халқымыздың бал арасын қолда бағып, оны өсіріп, өрбіткені туралы ертеден қалған нақты дерек жоқ. Бірақ ел арасында таралған аңыз, әңгіме, қисса-дастан, тағы да басқа фольклорлық мұрамыз бен денсаулыққа қатысты айтылатын тағылымды әңгімелерде бал арасынан алынатын балдың денсаулыққа өте пайдалы екендігі туралы ақпарат мол. Тіпті, бұл жәндік Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өлтіруге тыйым салған бес жәндігінің бірі. Олардың тіршілік әрекетінің нәтижесінде алынған өнімнің шипасы туралы діни кітаптарда және ежелгі Грекия мен Рим жазбаларында кеңінен айтылған. Тіпті кей деректерде олардың ызыңдағаны Аллаға зікір, Пайғамбарға салауат айтқаны деген мәлімет бар. Құранның «Нахл», яғни осы жәндіктің атымен аталатын сүресінде осы кішкентай жәндіктің пайдасы сипатталады. Мейлі тарихымыз тұрғысынан келейік, мейлі имандылsқ бойынша қарастырсақ та, бал арасы туралы тартымды естеліктер мол.
Иә, ол жайлы айта берсек әңгіме жетерлік. Ең бастысы, араның тіршілігіміз бен өндірісіміздегі рөлі өте зор. Нақты ақпаратқа сүйенсек, бүгінгі таңда әлемде 48 миллион ара өсіретін отбасы бар, жылына 370 000 тонна бал өндіріледі. Мысалы, жылына АҚШ 108 000 тонна, Канада 19000 тонна, ал Аргентинада төрт айда ғана 10 000 тонна бал өндіріліпті. Бұл тіршілік иесінің адам баласына келтіретін пайдасының бір бөлігі. Көптеген өсімдіктер жәндіксіз тіршілік ете алмайды. Себебі олар өсімдіктерді тозаңдандырады. Дәлірек айтқанда, бақша дақылдарын жәндіктердің 147 түрі, жоңышқаны 105, алманы 32 түрі тозаңдандырады екен. Тек бір араның өзі 5–6 минутта алманың 40 шоқ гүлін тозаңдандырады. Араның бір жұмыс күнінің ұзақтығы 17-ден 20 сағатқа дейін созылады, сонда бір алма ағашын 2 843 890 рет тозаңдандыру жұмысын жасай алады.
Ара топтасып тіршілік етеді. Ара үйірі бір ғана ара патшасы мен бірнеше жүздеген еркек арадан және он мыңдаған жұмысшы аралардан құралады. Ара патшасының бірден-бір міндеті – жұмысшы араға гүл тозаңын және бал жинау, балауыз шығарту, ұя салдыру, балапан құрттарды, ара патшасын, еркек араны бағу, ұяны тазалау, сондай-ақ, қорғау міндетін атқарады. Еркек араның бірден-бір міндеті – ара патшасымен шағылысу.
Араның бөліп шығаратын балауызы, улы сұйықтығы, балы дәрілікке жасалады. Жинау мен өңдеу – жаз және күз айларында омарта ішіне жиналған балды алу әдістері бойынша сауып алады. Дәрілікке жасалатын балды отқа жылытылып, сұйылған сүзгіден өткізіп әзірлейді. Бал ақ және сарғылт түсті болады. Жаз, күз мезгілдері тұнық өсімдік майы тектес сұйықтау болып, қыс мезгілінде қоюланып, шекер өңдес іріктi кристалға айналады.
Араның ауылшаруашылығына және қоршаған ортаның экологиялық ахуалын жақсартуға тигізер ықпалы көп. Өйткені олар өсімдіктерді тозаңдандыра отырып, топырақтың құнарлылығын арттырады. Аралар жайлаған… Алқаптың шөбі бітік шықса, бау-бақша өнімдері мен дәнді дақылдардың тоқсан пайызы бал араларының арқасында мол өнім береді. Алайда, қазір ғалымдар әлемде аралардың жойылып кету қаупі туып отырғанын айтып дабыл қағуда. Себебі егіс алқаптарына улы химикаттардың жиі себілуінің салдарынан бал арасы азықтанатын өсімдіктердің қатары сиреп барады. Сондықтан қазір дамыған елдер ара шаруашылығына баса назар аударып отыр. Мәселен, Канада мен Ұлыбританиядағы бал арасы шаруашылығы қауымдастығы осы саланы дамыту үшін арнайы бағдарлама жасауды қолға алыпты. Ал біздің елімізде аталған шаруашылыққа әлі де көңіл бөлінбей келеді.
Ресми деректерге сүйенсек, бал араларының саны жыл сайын азайып барады. 1990 жылдары Қазақстанда 10 миллионнан астам ара болса, бүгінде соның 400 мыңы ғана қалған. Бұл ойланатын жағдай.
Еліміздегі ара санының осылай азайып кетуінің де түрлі себебі бар. Оның ең негізгісі – ара шаруашылығына деген ғылыми ізденіс пен қолда бағу-өсiрудiң кемшілігі. Расында, қазір далалық жерде бал арасын өсіріп, бал алып жатқан жерлестеріміз жетерлік. Алайда, олардың ара шаруашылығын ғылыми түрде басқару туралы танымы әлі де ояна қойған жоқ. Себебі, қазіргі омарташылар тек бал тарту мен оны саудалау арқылы қаржы көзін молайтуды ойлағанымен, араның сапасын арттырып, оның тіршілігін ғылыми тұрғыда реттеу жайын ескерусіз қалдыруда.
Бұл тұрғыда, ара бағымшылығы туралы өзге ұлт тілінде жазылған еңбек көп. Бірақ, олардың пайымы, тәжірибесінің нәтижесі, көргені мен көкейге түйгені көп жағдайда ара шаруашылығымен шұғылданатын қазақтардың нақты тірлігімен сәйкес келе бермейді. Тіпті, омарта шаруашылығында кездесетін кейбір күрделі сұрақтарға жауап бере алмайды. Сондықтан қазақ омарташылары халқымыздың осыдан 3 мың жыл бұрын айналысқан ара шаруашылығындағы тәжірибесін өндіріске қолданса құба-құп болады. Бірақ, ол жайлы айтып беретін еңбек өте тапшы. Қазіргі…
Еліміздегі кітапханалардан ара шаруашылығы жайлы қазақ тілінде жазылған еңбекті іздеп таба алмайсың. Ғаламтордан қарастырғандардың бәрі өзге өңір омарташылары мен өзге ұлт ғалымдарының еңбегі. Оның нәтижесін басында айттық. Қайтпек керек?
Осындай ізденіс үстінде қолымызға төте жазумен Қытай елінде жазылған және бірнеше баспа орны жарыса басқан Әділбек Күнес деген ағамыздың «Бал ара бағымшылығы» атты еңбегі түсті. Байыптап, түсініп оқып шықтық. Бізді бұл кітаптың нақтылығы, өміршеңдігі, қазақ баласының омарта шаруашылығы жайлы қиын сұрақтарға түйінді жауап бере алатындығы, ең бастысы, бағалы туындының автордың ұзақ жылдық омарта шаруашылығы туралы жалықпай жинаған тәжірибесі негізінде жазылғаны қызықтырды.
Жасыратыны жоқ, кітаптың тілі аса жаттық емес, бірақ оның ғылымилығы мен нақтылығы, өмірдің өзегінен алынған шынайылығы ақиқатқа бір табан жақындата түседі.
Сондай-ақ, бұл еңбек Қытайда жазылғанымен Іле мен Ертістің бірі басы, бірі аяғын жайлаған қазақ баласының ара шаруашылығындағы ұқсастығына ұтымды жауап береді. Демек, бұл еңбек Қытайдағы қандастарымызбен қатар, қазақстандық омарта шаруашылығымен айналысатын қаракөздеріміздің жұмысының нәтижесін көріп, ара шаруашылығынан мол өнім алып, осы бір ұлттық өндірістің өркенін өсіріп, «Қазақстанда жасалған» бал өнімдерінің сапасын арттырып, әлем елдерімен бәсекелесуге қосымша құрал болатыны бесенеден белгілі.
Әрине, миллиардтар елінде қазақ баласы жазған қарапайым еңбектің жоғары бағалануы үлкен құлшыныстың нәтижесі деп білуге тұрарлық.
Қажет Андас,
«Q-andas» ақпараттық агенттігі











