Имай-шимай жазу жазылған, тіпті, енді бір сөз жазуға да орын қалмаған бір парақ қағазды қызым көтеріп келді.
- Әке, бұлай ретсіз жазуға болмайды ғой, – деп ақылын айтады.
- Енді, қалай жазу керек? – деп мен де әуестеніп сұрай қалдым.
- Қағаз деген көп. Жазуды біреуіне жазып, суретті басқасына, есепті тағы бір параққа шығаруға болады ғой. Не көп, қағаз көп емес пе? – деп өзінің мәдениеттілігін көрсеткісі келді.
Расында, солай істеуге де болар еді. Қазір не көп, қағаз көп. Бірін алып, енді бірін жұмарлап қоқысқа лақтыра салсаң, ешкім сені сөгіп жатпайды. Бірақ менің бала кезім қағазға тым тапшы дәуірде өтті ғой.
Шынын айтсам, екінші сыныпқа барғанда ең алдымен сезінген қиыншылығым қағаздың тапшылығы болды. «Неге екінші сынып деп отыр, шатасып кеткен жоқ па?» – деп ойлап қалатын шығарсыз. Олай емес, аталарым «Тым шатақтау» болғандығынан мен бірінші сыныпты, үлкені апкем бірінші, екінші сыныпты шешеміздің үйдегі мектебінен оқыған едік. Өйткені, атам қызыл өкіметті мойындамай қойғаннан кейін «Ұлтшыл» деген абыройлы атақ таңып, ауыр еңбекпен өзгертуге жіберіліпті. Мұрағаттағы жеке архивіне: «Үрім-бұтағына дейін сақтықпен қаралсын!» деген анықтама жазып қойыпты. Сол анықтама атамның ұлты үшін адалдығы мойындалып, «Қате айыптаулар» алынып тасталған 1983 жылы ғана бізге мектепке барып оқуға рұқсат етіліп еді. Сол жылы тамыз айының соңғы бір күнінде мектеп директорының шақыртуымен әпкем екеуміз арнайы бекітілген алты мұғалімнің алдында сынақ тапсырдық. Нәтижеміз жаман болған жоқ. Барлық сабақтан «Бес» деген баға алып, мен бірінші, әпкем үшінші сыныптан бастап оқитын болып, үйге аса бір қуанышты көңіл күймен қайтқаным әлі күнге есімнен бір кетпейді.
Бұл жерде аталарымды кіналағым келмейді. Расында, бала кезде жағдайға қарап жал тауып, күн үшін құбылып, жапалақ құсап жалбаңдап өмір сүргендердің балаларынан қиянат көргенде «Менің аталарым да жел қалай соқса, солай жығылып, жағынып жан бағуға болар еді ғой. Онда осылай қиналмас па едік» деген сияқты өкпе наздың болғаны рас. Қазір «Ұлым құл, қызым күң болмасын» деп атқа қонып, ел бастап, қару ұстап қалжырап, ту көтеріп түнеріп, түн жастанып жортуылдап, кеудесін жебе тесіп, өкпесін отаршылдар атқан оқ бүлдірсе де, ел мен жердің қадірі үшін қанын да, жанын да аямаған атамның асыл қасиетін мақтаныш етемін. Олар өз дәуірінде билікшіл топтық тарапынан бүлікшіл, бұзақы атанса да, билік тізгіні қазақтың қолына тиген бүгінгі кезеңде ел мақтанышы деуге лайық жандар. Қызыл өкімет жағынан «Ұлтшыл» атанса да, қазақ халқының алдында беті жарық болғаны үшін Аллаға сан мәрте ризашылық жаудырамын. «Жақсы әке жаман ұлға қырық жыл азық болады» дегендей, қандай орта, қай жерде болса да, кеудемді асқақ ұстап, елдіктің әңгімесін, еркіндіктің қадірін емірене, елеуреп айта аламын. Ондай кезде маған өткенін екіжүзділіктен аулақ ұстаған атамның адами қасиеті күш береді.
Атам тым діншіл болмаса да, алдында аңду, артында бақылау тұрса да бес уақыт намазын бірде-бір рет өтеусіз қалдырған жоқ. Бала кезімде атам апкем екуімізді қарауылға қойып, ұрланып намаз оқитын. Артынан мен білмейтін, тіпті кітаптардан аты-жөнін кездестірмеген адамдардың атын атап, күбірлеп дуға жасап, бетін сипайтын. Бір реті келгенде әкемнен сол адамдар жайлы сұрап едік:
– Оны кейін айтып беремін, бірақ басқаларға бұл жайлы тіс жарушы болмаңдар? – деп ескертті.
«Көре көре көсем, сойлей сөйлей шешен болады» дегенді әкем аузынан тастамай отырушы еді. Аса діншіл болмасам да әр жұма сайын мүмкіндігінше мешітке барып, аруақтардың атын бірін қоймай атап, дуға жасап, садақа беріп қайту әдетке айналып қалыпты. Оны өзімнің перзенттік борышым деп те сезінемін.
Қойшы, өткеннің қайсы бір мақтанышы мен жеккөруін түгендеп бітесің. Қысқасы, менің бірінші сыныпқа бара алмай қалғаныма атам айтатын адамдардың себебі бар болса керек. Оны кейін есейе келе түсіндім. Тірі болсам, бір күні рухтарыңды тірілтемін деген сенімім бар. Сөйтіп, 1983 жылы 2 сыныптың табалдырығын аттағанша жоғарыда айтқандай шешейдің мектебінде оқыдым. Ешқандай жерде тіркеуге алынбаған, материалдық жағдайы тым мүшкіл, тіпті оқу программасы да жоқ отбасылық мектепте кітап, айтпақшы қағаз дегенде болмайтын. Әкем жасап берген ағаш доскеміз жапырайған там үйдің бір қабырығасын ілініп тұратыны есімнен кетпейді. Үйдің анау-мынау шаруасын реттеп болғаннан кейін апкем екеуміз әлгі тақтаға жабысатынбыз. Бор немесе пламестермен емес, толық жанып бітпеген ағаш жаңқасымен айқыш-ұйқыш жазу жазуға кірісеміз, есеп шығарамыз, сурет саламыз. Оқу аяқталғаннан кейін ағаш доскемізді далаға көтеріп шығарып, құммен ысып, жуып тазалап, қайта орынна іліп қоятынбыз. Оқуға өлермендене, өмешегіміз үзіліп кіріскеннен кейін бе екі айдың ішінде ежіктеп кітап оқитын болдық.
Шешемнің сандығында жазылып, жазылып таусылуға таяған сүйемдей ғана қарындаш болатын. Оны аптасына бір рет қана ұстап, жазу жазып көруге рұқсат ететін. Оны қолданғанда қасымыздан кетпей қадағалап тұратын да қайтадан сандығына тығып қоятын. Ол қарындаш шешейдің сандығында әлі күнге сақтаулы. Мән-жайын кейін ғана айтып берді ғой.
… Қазақ – жоңғар соғысы аяқталып, Ілені ендей жайлаған елдің тіршілігі енді мамыражай күнге ауыса бастағанда Ресей жерінен қайта көшіп, Жұлдыз жайлауына орныққан торғауыттармен қазақтардың қақтығысы қайта қоздап, барымта, сырымта, адам өлімі жиілей түскеннен кейін қазақтың атқа мінерлері мен торғауыттар арасында талай рет келісім жүреді. Сол кезде торғауыттың ханзадасы Мансүкжаптың әйелі Ужуңбиңді иландыру оңайға түспепті. Бірақ торғауыттың жаужүрек батыры, атамның төс соғыстырып серттескен досы Бадыманың көмегімен қазақ-торғауыт жер шекарасы бекітіліп, 3 метр ақ матаға қазақша, қытайша, моңғолша тоқтам жазылып, екі ел арасындағы дауға нүкте қойылады (Бұл құжат қайда жүр екен деші?!). Кейін қазақ иелігіне өткен жердің бір бөлігі «Үш аймақ уақыттық өкіметі жоралар мәжілісінің» №267 қаулысы бойынша торғауыттарға қайтаралып берілді. Жер дауына орай қазақ-торғауыт арасында талай рет кездесу өтіп, олардан елшілер тобы келіп, қазақ жақтан оларға барып, елдестірудің жолы қарастырылады. Осы тұста ел ішінде: «Қазақ-торғауыт елшілері Мұратбек ақалақшының үйінде кеңесіп, Омарақын зәңгінің үйінде қонақ болады» деген қанатты сөз тараған. Бұл атамның зәңгі атанып, ел басқарып, өз дәуірінің егейлерімен етене жақын өткен кезі екен. Бірде зәңгінің үйіне ақын Таңжарық Жолдыұлы бастаған бір топ қонақ түстенеді. Абыр-сабыр үстінде Тәкең дастарқандағы алтын жалатылған қасықтың біреуін қалтасына салып алады. Мұны көріп қалған күтуші жігіттердің бірі Омекеңе айтып, алып қалмақшы болыпты. Сонда Омарақын зәңні
– Ала берсін, оның шарапаты менің ұрпақтарыма тиетін болады, – деп тоқтатыпты.
Қонақтар аттанып, біраз жерге барғаннан кейін Таңжарық ақын қайта қайырылып келіп, атамның қолын қысып, құшақтап:
– Мен дүние құған адам емеспін. Алтын қасығыңа аңсарым ауып кетті. Ол мен де қалсын. Есесіне, мына затты саған берейін, – деп қалтасынан жазылып бітуге таяған қарындаштың тұқылын ұсынады:
– Бұл менің абақтыда алты жыл отырғанда ұстаған қарындашым еді. Сондағы көп дүниені осы қарындашпен жазып едім. Енді саған берейін. Менің ақындығым сенің ұрпағына қалады, – деп қайырылып жүре беріпті.
Шешей сол қарындашты әлі сақтап жүр. Мүмкін, әкемнің де, менің де қаламға жақын болғанымыз Тәкеңнің шарапаты шығар. Шешей ол мұраны қайсымызға қалдыратынын әлі шешкен жоқ. Ең бастысы, шешейдің мектебінде жүргенде сол қарындашпен алғашқы әріпті танып, жазуға жаттыққаныма мақтанамын. Менен басқалары қарындаштың түр-түрін ұстап өскендіктен бе, оған жуық болмады.
Менің екінші сыныптан бастап оқуға барғанымның баяны осылай болды. Сөйтіп қоңыр күздің мамыражай күнінде шешем тігіп берген құрақ-құрақ боқшамызды арқалап, апкем екеуміз қол ұстасып, мектеп табалдырығын аттадық. Алғашқы күннен-ақ мектеп программасы бойынша оқыған балаларға қарағанда шешейдің мектебін бітірген біздің біліміміздің тереңдігі байқалып қалды. Ондағылар әлі де екі сөйлемнің басын қосып оқи алмайды екен. Біз сол жылы алғаш басылып шыққан Қажығұмар Шабданның «Қылмыс» романының бірінші томын (Әкем оны да көз іздеп, әрең тауып әкеліп еді) сыныптастарыма судыратып оқып беріп жүрдік. Бірақ тағы да қағазға деген тапшылықтан құтыла алмадық. Қағаз тапшы болғандықтан апайымыз бізге күн сайын ауылдық өкіметтің қызметкерлері ескі есеп-қисап жазған немесе керексіз деп есептелетін бір парақ үлестіретін. Әр парақтың бір жағында ауыл еңбеккерлерінің атқарған жұмысы жазылатын да екінші жағындағы ақ жерге біз болашағымызды жазатынбыз. Тапсырма бойынша бір күнде бір парақты жеткізуіміз керек. Сол ұқыптылық әлі күнге бойымызға сіңіп қалыпты.
Бір күні қызық жағдай болды. Апайдың алдыма қоя салған қағазына басында сәп салмаппын. Ақ жағын аударып алдым да жеделдетіп есеп шығаруға кірістім. Берілген тапсырманы басқалардан бұрын орныдап тастап, жан-жағыма қарағыштап біраз отырдым. Басқа ермек болмаған соң парақтың екінші жағын төңкеріп, ондағы жазбаларға әуестеніп қарай қалдым да асығыс оқып шықты. Қайта, қайта оқимын. Ішіме өксік толып, мұрным пырыс-пырыс етеді. Балалар маған аңтарыла қарайды. Менен мұндай қылықты күтпеген апайым аяңдап жаныма келді де:
– Қажет, не болды саған? – деп байыппен сұрады.
– Әкемнің жазғаны екен, – дедім де ары қарай тілім сөзге келмей, қолымдағы парақты апайға ұсына бердім. Алды да оқи бастады:
«Аудандық халық комитетіне арыз талап!
Өрені үшін өлшеусіз санатты өмір,
Міндет жүктер біздерге қалап не бір.
Борыштымыз ақтауға сол үмітті,
Болашаққа құштарлы қарап кеңір.
Әрі сенім, сондықтан сіздерге енді,
Біразырақ айтайын талап көңіл
Үміт бізде биіктеп ұшсақ деген,
Тер төге алсам ел үшін ұшпақ көрем.
Арманым бар, теңдессіз партияның,
Қамқорлығын қуана құшсақ деген.
Жасырмастан сіздерге жария етем,
Бір жағдайды шымшылап қыстап келген.
Ел қатарлы қолыма бір ілікпей,
Қинап-ақ жүр жанымды штат деген.
Осы іске сіздерден көмек күтем,
Мен аса алмас болып тұр мықты-ақ белең.
Аз пікірім осы бір базыналық,
Ұғыңыздар күйімнің барын анық.
Жоғарғы орын, әл етер басшы ағайлар,
Естелікке көңілге жазып алып.
Құрметті басшы орындар мен басшы ағайлар сіздерге көңіл-күйіммен азын-аулақ базынамды баяндап, жағдайымнан хабардар етпекпін. Артық, ауыс жері болса кешіріңіздер.
Мен Андас Омарақын 1944 жылы 10 айда Аралтөбенің Кеңсуында туыппын. Бес жасыма дейін ата-ана тәрбиесінде болып, 52 жылдан 62 жылдың 7-айына шейін оқып, Күнес №1 орта мектебін бітіріп, жағдайдың қалауы бойынша ауылға келіп өндірістік еңбекке араластым. КУейбір жылдары есепші, бөлімше бастығының көмекші болып қоғамдық жұмыстарға араластым. Аралықта «Цин Жияң халық баспасы, «Шұғыла» журналы қатарлы баспа орындарының арнайы шақыртуымен, редакциялық бөлімдеріне 3 айдан бір жылға жуық уақыт редакторлық жұмыстарға көмектестім. Ал қазір аудандық оқу-ағарту мекемесінің орналастыруымен Күнес №3 орта мектебінде дәйкі (штаттан тыс Қ.А) мұғалім болып жүрмін.
Отбасылық жағдайымнан алғанда шиеттей жеті баламен 48 юаньның (бізше 22 мың теңге) көзіне қараймыз. Тұрмыста қысылып, жетіспеушілік әр күні дерлік кезігіп тұрады. Тегін емделеу, тұрмыстық көмек қаражат, түрлі әлеуметтік жәрдем сияқты партияның қамқорлығы штатта болмағандықтан бізге берілмейді. Сондықтан мені штатқа кіргізіп, қиыншылығымды шешіп берсеңіздер»…
Бірінші бетке жазылғаны осылар. Апай оның келесі беттерін таппақ болып, барлық баланың алдындағы қағаздарды ақтарып шыққанмен табылмады. Басқа сыныптың балаларына кетіп қалған сияқты.
Әкеме ұзақ жыл штатқа кіре алмай жүрді. Қанша қиналып жүрсе де бізге оның бірін де сездірген жоқ. Десе де, бала жүрегімізбен сезінуші едік. Сондықтан ата-анамыздың қиындығына қиындық жамай түспеу үшін әр қадамымызды сақтықпен басуға тырысатынбыз. Әлдебір тапсырманы мұқият орындауға құлшынып жүрдік. Үйдегі жетеуміз біріміздің киімізді біріміз киіп, бірімізден қалға затты екіншіміз тұтынып, асқа отырғанда әке-шешеміз дәм татқанша дастарқанға қол созбауды әдетке айналдырдық. Кешкі асты ішкеннен кейін екі бөлмелі жер үйдің ауыз бөлмесіндегі ұзын жер үстелге қатар-қатар отырып, сабақ пысықтаушы едік. Үстелдің ортасындағы кросинмен жанатын білтешаның сығырайған жарығы бәрімізге жететін. Түннің бір уағына дейін сабаққа дайындалып, ертесі таң азаннан орнымыздан тұрып кететінбіз. Үлкендеріміз ауланы сыпырып, енді біріміз шешемізге сиыр сауысып, үшіншіміз ауладағы көкеністерді баптап, өзімізге тиесіл жұмысымызды бітірген соң таңғы аымызды асығыс ішіп, мектепке жүгіреміз. Ол кезде күні бойы оқимыз. Кешке оқудан түсе салып, шұбырып егістікке баратынбыз. Ол кезде бүгінгідей асып-төгіліп жатқан дүние жоқ. Біз сияқты үкіметтің қарамағына кірмеген отбасылар үшін тіпті қиын болатын. Ауылдың егіс алқаптарында қосымша жұмыс істеп, соған нөмер жазатын. Сол нөмер бойынша дүкеннен тұрмыстық бұйымдар, ауылдық өкіметтің қамбасынан азық-түлік алатынбыз. Науқан күндері жарым түнге дейін егіс алқабында болып, жұмыс істеуші едік. Ол қиын күндер артта қалды ғой.
Осы көрініс өмір бойы көз алдымнан да, көңілімнен де өшкен емес. Кешегі қонағына алтын ыдыспен ас ұсынған Омарақын зәңгінің балаларының осындай жалынышты халге жеткеніне сан мәрте жылап алдым. Сол кезде-ақ, белдеусіз кеткен қоғамның бет-пердесін түбі бір жыртамын деп өз-өзіме серт еткен едім. Сол бір парақ қағаз әлі күнге менің қолымда сақтаулы тұр.
Атамның саяси құқығы қалпына келгеннен кейін жағдайымыз жақсара түсті. Оның үстіне 1984 жылы Қытайда жекешелендіру науқаны басталғанда еңбекке әбден төселген біздің десімізді арта түсті. Әкем үнемі «Көн қатса қалыпына барады» деп отырушы еді. Сол рас екен. Бас-аяғы он жылға жетер-жетпес уақытта біз таң азаннан дірдектеп егіс алқабына бара жатқанда әпербақан әкелерінің арқасында қам-қайғысыз ұйықтап жататын, реті келсе бізді мазақтап, қорсынуға бейім тұратын құрдастарымызды басып оздық. Оқу да болсын, табыс табуда болсын біздің беделіміз көтерілді. Әрине, оның бәрі еңбектің арқасы еді. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген осы. Қазір көптеген адам балаларыма септігі тисін деп неше түрлі арамза тәсілмен байлық жинап жүр. Әкенің артына қалдырған боқ дүниенің балаға ес қатпайтынын осы өмірде талай рет көрдім. Есесіне, әкеден қалған адамгершілік, адалдық, ақпейілділік, төзімділік, көпшілдік, еңбексүйгіштік, ұқыптылық, арлылық, тағы да басқа асыл қасиеттердің балаға абырай, атақ әперетінін өз өмірімнен сезіндім. Әкем бізге заттық байлық қалдырмаса да, мәңгілік рухани азық болар ұлан-ғайыр дүние тастап кетті. Қазір соны талғажау етіп келемін.
Атам ақталған соң әкеме де штат берілді. Осыдан бастап жиырма жыл бойы алыстап кеткен жазушылығына қайта оралды. Түнімен ұйықтамай әлде бірдемелерді шимайлайды да жатады. Таңертең шешем имай-шимай жазылған қағаздарды жинап, ұқыптап сақтап қоятын. Қазір әкем өмірде жоқ. Бірақ ол кісі жазғна дүниелері біздің ең асыл жәдігеріміз ретінде көз алдымызда сақтаулы. Әр рет сол қағаздарды қолыма ұстағанда бала күнгі өткен күндер мен қиын шақтар көз алдымнан тізбектеп өте шығады. Әлі есімде, алғашқы кітабым шығып, бір апта масайрап жүрдім. Бір күні шешем үйге шақырып, әкемнің қолжазбаларын ұсынып тұрып: «Мыналарды бір реттеп қою керек еді», – деп тапсырды. Бұл шешемнің «Тізгініңді тарт» деген ескертуі екенін түсіндім.
«Аштықта жеген құйқаның дәмі кетпейді» дегендей, алдымда ақ қағаз үйіліп жатса да, қолымдағысын жазып бітірмей келесісіне қол созбаймын. Бұл қылығым баршылық, тоқшылықта өсіп келе жатқан қызымның санасына сыймайтыны айдан анық. Оның бірін жазып, бірін лақтыра салатын молқолдылығына ренжудің де реті жоқ. Өйткені оның дәуірі осы. Бірақ «Қырық жыл байлық, қырық жыл кедейлік болмайды» дегенді ескерсек, бұл дүние осылай тұра бермейді ғой. Өмірдің сынына шыдамаған талай жан қапияда қайтып кетіп жатмай ма? «Ендігі қазақ баласы тағдырдың тезіне, дәуірдің қысымына, жаттың жаласына ұшырамай өмір сүрсе екен» деп күнде тілеймін.
Бір күні қызыма әкемнің қолжазбаларын көрсетіп отырып, балалық кешірмемді айтып бердім. Ол түсінді.
… Бүгін де таң атқанша біраз парақты шимайға толтырдым. Қазір қызым тұрып, менің шимай-шатпаққа толы қағаздарымды жинап, реттеп, папкіге сала бастайды. Ол менің төте жазумен жазылған дүниелерімді оқи алмайды. Сондықтан ол қағаздарда ата-бабаларының асқақ мұраттары жайлы жазылып жатқанында түсінбейді. Бірақ, осы жазбалар ертең солардың болашағы үшін қызмет етеріне бек сенімдімін. Мүмкін, ол да өз баласына менің қолжазбаларымды көрсетіп, мен сияқты тәрбие беретін шығар.
Қажет АНДАС
“Q-andas” ақпараттық агенттігі.
Дереккөз: https://kazneb.kz/kk/catalogue/view/1727342











