Татарлар тегі жағынан басқа түркілер сияқты ғұн мен сақтарға жалғасады. Ғұндар – ерамыздан бұрынғы дәуірлерден бастап, ерамыздың III ғасырына дейін еліміздің солтүстік және батыс өңірлерінде өмір сүрген құдіретті халық болған. Ғұндар өз тарихи даму барысында ерамыздың III жылында Баламырдың басшылығымен батысқа жорық жасап, Каспий теңізінің жағалауына жеткен; 374 жылы Еділ бойын иелеп, шығыс германдықтарды бойсындырған; 378 жылы батыс герман тайпаларын бағындырып, Еуропа ғұн империясын (378–446 жылдары) құрған.
XIX ғасырдың 1850-жылдарынан бастап татарлар Ілеге қоныстана бастады (Қытай). Алғашқыда Құлжа қаласының Ташылапке мен Мойынкесік аймақтарына шоғырланған. Ташылапкіде үлкен татар мешіті салынып, онда екі сыныптық медресе ашылып, татар және жергілікті ұлттардың балалары оқытылды.
1881 жылы ғылымды қадірлейтін қайраткер Ажы Абдұк өз қаражатымен Қазан қаласынан атақты діни ғалым әрі ағартушы Кешпол Асырар дамолланы Құлжаға арнайы алдыртып, оны Татар мешітіне жауапты етіп тағайындады.
XIX ғасырдың соңында және XX ғасырдың басында Шыңжаң өлкесінде жаңа заман лебі есіп, халықтың ой-санасында жаңғыру үдерісі байқалды. Бұл жаңару кезеңінде татар ағартушыларының еңбегі ерекше болды. Олар тек өз ұлтының ғана емес, бүкіл өңір халықтарының мәдени және білім саласына серпін берді.
Татар зиялылары Ресей империясының отаршыл саясатына қарсы мәдени қару ретінде жәдидтік қозғалысты бастап, исламдық білім беруді еуропалық үлгімен ұштастырды. Бұл қозғалыстың идеясы — «Ұйқыдағы мұсылман халықтарын ояту, ғылым мен ағартуға жол ашу» еді Жәдидшілердің негізгі ұраны — «Уақытыңнан қалма, заманыңмен жүр!» болды. Татарлар бұл қозғалысты Шыңжаң мен Іле өңіріне әкеліп, ұйғыр мен қазақ жастарына заманауи білім беру ісін бастады.
Құлжадағы татар медреселері мен жаңа үлгідегі мектептерде енді тек діни ілім емес, арифметика, география, жаратылыстану, тарих, тіл және әдебиет пәндері де оқытылды. Сабақтар жазу-сызуға, сөйлеуге, логикалық ойлауға баулыды. Бұл өз кезегінде қазақ, ұйғыр, өзбек мектептеріне үлгі болды.
Татар педагогтары мен зиялыларының еңбегі Іле қазақ автономиялы облысына қарасты Күнес, Текес, Нылқы, Алтай, Тарбағатай өңірлерінде айқын көрінді.
Олардың ішінде – Салахи Сағиди, Имінжан Бадуин, Ахметбек Татар, Хадыйша апай, Зейнеп Әбидолла, Мүнира Уахитова, Гүлшара Жылқыбайова, Париха Жылқыбайова, Халиша Банум, Маймуна апайлар сияқты тұлғалар ерекше аталады.
Олар ұйымдастырған оқу орындары мен курстарда қыз балаларға да білім беріліп, әйелдер арасындағы ағартушылық қозғалыс жанданды.
1913 жылы Құлжада ашылған «Әйелдер өнер мектебі», 1917 жылы Сүйдіңдегі «Шолпан» мектебі, 1934 жылы Қайрия мектебі және Айхан ана мектебі – Шыңжаңдағы тұңғыш қыздар мектебінің қатарында болды.
Татар ұстаздарының қазақ арасындағы ағартушылық еңбегі ерекше маңызды болды. 1915 жылы Күнесте Қасен есімді татар оқымыстысының бастамасымен ауылдық мектеп ашылып, қазақ балаларын сауаттандыру ісі басталды.
1920 жылдары Бестөбеде Қуан зәңгі мен Іслам мұғалімнің жетекшілігімен ашылған мектептерде жәдидтік үлгіде оқу жүргізілді.
Мұнда шәкірттерге қазақ, татар және орыс тілдерінің әліпбиі, есеп, тарих, дін, әдебиет пәндері қатар оқытылды.
1924 жылы Кеңсу аймағында Ноғайбек ақсақал мен Салахи Сағиди басқарған мектеп қазақ халқының алғашқы көпұлтты оқу орнына айналды.
Мұндай мектептерде тек балалар емес, үлкендерге де кешкі сауат ашу сабақтары өткізілді.
Татар ағартушылары тек сабақ беріп қана қойған жоқ. Олар халық арасында театр, драма, поэзия, спорт, музыка мәдениетін де дамытты.
1930–40 жылдары Құлжа мен Ноғай қаласында «Башмағым», «Сөнген жұлдыз», «Тайыр – Зұхра» сияқты спектакльдер қойылып, мектеп оқушылары халықтық өнерге баулынды.
Спорт түрлерінен волейбол мен футбол Іле өңіріне алғаш осы татар мектептерінен тарады.
Татар ағартушыларының қызметі тек білім беру саласымен шектелмей, ұлтаралық татулық пен мәдени көпір рөлін атқарды. Олар ұйғыр мен қазақ жастарының арасынан жаңа буын оқыған азаматтардың қалыптасуына жол ашты. Татар мектебінің түлектері кейін Іле өңірінің мәдениет, журналистика, медицина, әдебиет саласында қызмет етіп, заманының интеллигенциясына айналды.
Қорытынды
Татар халқының Шыңжаң мен Іле өңірлеріндегі ағартушылық мұрасы — бұл тек бір ұлттың емес, бүкіл Орталық Азия халықтарының рухани қайта өрлеуінің бір бөлігі. Олардың еңбегі арқылы ұйғыр мен қазақ халқының жаңа мектеп жүйесіне өтуі, әйелдердің білім алуға жол ашуы және ұлттық сана-сезімнің оянуы жүзеге асты. Татар ағартушыларының «Нұр мектебі», «Қайрия мектебі», «Шолпан мектебі» сияқты оқу орындары — бүгінгі Іле өңіріндегі білім мен мәдениеттің алтын діңгегіне айналды.
Қажет Андас,
“Q-andas” ақпараттық агенттігі.











