Шығыс Түркістанда тұратын қазақтар арасында 1959 жылдың 13 тамызында кеңес елінің азаматы болып табылатындардың тағы бір тобы елге қайтарылатын болды. Шығыс Ақсу, Батыс Ақсу бойына орналасқандар өзен бойындағы кең жазыққа (Нарынқол шекерасынан 50 шақырым) жиналып, Қазақстан жағынан келіп алып кететін көліктерді тосты. Кететіндер мен қалушылар бірнеше күн бойы қоштасып, біреулері қуанып, біреулері жылап дегендей абыр-сабыр болды. Сүйтетін де жөні бар еді. Біреулердің бауыры кетіп, өзі қалып, біреулердің өздері кетіп, қыздары қалып барады. Тіпті өзі кетіп, әкесі қалып немесе ері кетіп әйелі қалған жағдай да бар еді. «Ой, дариға-ай, енді бір-бірімізді аман-есен көретін күн болама, болмай ма?» деп мұңдасқандар «Құдай бұйыртса бізде әлі-ақ жетіп барамыз» деп тоқтау айтып, жұбатқандар, әйтеуір үш төрт күн бойы у-ду болып жатты.
Он үшінші тамыздың ұлы сәскесі шамасында жүйіткіген машиналар қаптап келіп, тоқтай қалды. Буынып-түйініп жеңіл отырған жұрт жүкті дереу жапа-тармағай тиеп, астына киіз үйдің ағашын, туырлықтар мен теңдерді орналастырып, үстіне бала-шаға мен үлкендер жайғасып, ал енді аттандық дегенде айырылысуға бірін-бірі қимаған жұрт у-шу болып шуласып, жыласып қош-қош айтыса бастады. Машиналар жүріп бергенде артта қалған аттылы, жаяулылар ілесе шауып, жеткен жеріне дейін барып, біртіндеп қалып жатты.
Ілескендер қатары сиреген кезде Саудабайдың үй –іші мінген машинаның соңынан шауып келе жатқан оның иті Саққұлақ көзге түсіп назарға ілінді. Ол біресе машинаның алдына озады, біресе екінші жағына шығады. Машина үстіндегі иесінің өзін жұртқа тастап, асығыс қайда аттанып бара жатқанын түсінбей көз жазып адасып қалмауға тырысады.
Саудабай Ақсу өңіріндегі Албандар арасында белгілі азаматтардың бірі еді 1949 жылы Қытайда халық өкіметі орнаған соң 1951 жылға дейін тазалау жүргізді яғни кісі еңбегін қанаған байларды анықтау, тізімін алу жүзеге асырылды. Ал 1951-1952 жылдары оларды мазалап, атып-асқан үкіметтің көңілі тынған соң, кеңшілік саясаты жүргізілді, 1954 жылы Қытай кадрлары келіп, әр-бір он екі-он төрт отбасынан бөлімше, 30-40 отбасынан взвод, 90-100 отбасынан рота деген құрып, әскери салт бойынша әр-қайсына өз ішінен командир белгіленді. Саудабай сондай рота командирінің бірі еді. Командирлер қасқа таңнан тұрып, елді сағат төртте оятып, егістікке көң тасытатын. Сағат алтыда оларды тарқатып, сағат сегізде он отбасынан бірігіп, ортақ қазаннан тамақ ішеді. Содан кейін ересектер түгел мектепке жиналып, бірін-бірі әшкерелеумен айналысатын. Бұл өзін-өзі тазалау, идеалық жағынан тазалану деп аталады. Кімнің қандай кемшілігі бар, қай кезде, қай жерде қандай қателік жіберіп алғаны мойнына салынады. Егер ол күнәні мойындамасаң, үлкен пәлеге қалғаның. Ең дұрысы «қателігіңді мойындап,» құтылу керек.
Комсомолға тек кедей жастарын апарып алып, оларға арнаулы киім берді. Ел ішінде оны «махрупа шапкі, ходани көк» киім деп атайды. Оған қолы жете алмаған жастар кәдімгідейу қызығады. Ал елге әлгідей комсомол болғандарды «мырза жүріс ит шатақ» деп күледі. Себебі көшеден шытыйып киініп жүргенімен олардың кешкісін жататын үйі, шынында да, иттің жатағына ұқсас жадау-жүдеу екені рас еді.
Ағайын туысты шекараға дейін шығарып саламыз деп бірнеше күннен бері сәйгүліктерін жаратып, суытып дайындалып жүрген боз бала жігіттер, жастайынан таңдай тебісіп бірге өскен моңғол ағайындар енді міне төтелей шауып, сабыла жүйіткіген машиналардан әзірше қалыспай келеді. Солардың арасында қудыраңдаған Саққұлақта қалатын емес. Алды-артын орап, шапқылаған итті жүргізуші де байқап, жаны ашыса керек, Текестегі Құрманжан көпірінен өткен соң машинаны тоқтатып, кабинадан басын шығарып «Чья собака» деп дауыстады. Орысша бір ауыз түсінбетін Саудабай орнынан қарғып тұрып, көзі жыпылықтап, арттағы машинадан келе жатқан туысына «Әй, Әбдібай аға, мынау орысың не дейді ?» деді. Әбдібай орысша бір шама тіл білуші еді: «Ана итті ұстап машинаға салып алыңдар деп тұр» ,- деді.
Сол-ақ екен Саудабай жерге қарғып түсіп, Саққұлақ екеуі көптен бері көріспегендей құшақтаса түсті. Өзі де итіне жаны ашып, күйзеліп келе жатса керек ол итін басынан сипап кешірім сұрағандай болды. Саққұлақ та: «Ием-ау мұның не шынымен-ақ мені тастап кетпек болдың ба?» дегендей Саудабайдың қолынан құлақ-шекесінен жалап-жалап алды. Ол тегінде есті ит еді. Иесі машинаның арт жағынан екі алдыңғы аяғын көтерген кезде қолын созған адам сияқты аяғымен қорапқа жабыса түсіп, көзді-ашып жұмғанша үстіне қарғып шығып алды. Оны көрген бала-шаға да қуанып, мойнынан құшақтап, арқасынан сипап, мәз болып қалды.
Шекараға жеткен соң Қытай жақтағы кеденде тексеруден өткізу үшін төрт күн аялдауға тура келді. Шығарып салушылар шекара маңындағы қазақтар жиналып, малын сойып, қымыз құйып, тағы да қонақ асы беру, қош-қош айтысу басталды. Моңғолдар көкірдегі-торсықтағы, арағын шығарып, өздерінше сый-сыйапат жасады. Ал арақтың алды жүрген соң арты таусылғанша тоқтамайтыны белгілі ғой. Бұрын Шыңжанда ішімдікті қазақ арасында бірен-сарандар ғана татып алатын. Оның өзінде кейбір зиялылар, қадірлілер, мұғалімдер ауыл ақсақалдарына көрінбей, жасырып ішіп, иманы мен ұятын сақтауға тырысатын. Ад бұл жерде қоштасар сәтте олай болмады. Қытай мен Моңғол арағын жұрттың көпшілігі алған татып көріп, төрт күн бойы думандатып, қоштасып аяғы ойын-сауыққа ұласып кетті.
Қолына толық құжатын алған Саудабай да машинаға толқып мінді. Қазақша әнге салып, анда-санда ұйғыр нақшысына да басып жібереді. Жас кезі ғой, дауысы да керемет!. Көңіл-күйдің ойқы-тойпылығынан Саққұлақ тағы да ұмытылды. Бірақ иесі ұмытқанымен ит одан көз жазған жоқ еді. Автокөлікке тырмысып, әрең шығып жатқан Саудекеңе қайтер екен дегендей Саққұлақ басын біресе оңға, біресе солға кисайта, шекелей қарап қояды. Дүр етіп машина жөнеле бергенде ол да ілесе ұмтылды.
Шекерадан өтіп одан үш шақырымдай жердегі «Абай» ұйымшарына келіп, үлкен қойманың алдына түскен соң Саудабай иті ойына түсіп, «Ой әлгі ит қайда» деп жан-жағына қарағаны сол еді, Саққұлақ жүктің көлеңкесінде жатыр екен. Иесі оған риза болып; «Әй Саққұлағым-ай, сен ақылды ит болдың, сен өзіңнің туған жеріңді тастап, рұқсатсыз-ақ шекараны қиып өтіп, біздің туған жерімізге келгеніңе рахмет» деп иттің басынан сипады. Мақтағанды сезген итте еркелеп, оның аяғына оралды.
Осы жерде тағы бір апта тосуға тура келді. Шетінен іс-қағаздары біткендерді тасымалдап, колхоз-совхоздарға бөліп әкетіп жатыр. Өздерін Шоған тұқымына жатқызатын 120 отбасы 24 тамызда атамекеніміз деп Көкқайнарға түсті.
Ата жұртына қайтқан елмен Қызыр бірге келгендей сол жылы егіннің шығысы керемет болды. Келгендердің жартысы қырманға үй тігіп, егін орағына шықты да қалғаны пішен дайындауға кірісіп кетті. Ал кешкісін кезекпен ерулікке шақырған туыстарға қонаққа барады. Тамыздың 26-сы күні кешке қарай қырманнан бір машинаға тола мініп, Көкқайнар ауылындағы дайындалып отырған туыстарға ерулікке келіп, бөлініп-бөлініп түсті. Саудекең Құсайынның Жұмаханның үйіне түскен. Үй тола жиналған туыстармен көрісіп, ішіп-жемнен кейін жарым түн ауғанда тараған олар көлігіне мініп, аттанып кетті. Осы у-думен жүргенде ит тағы да ұмытылды. Ертесінде түске таман ғана иті есіне түскен Саудекең оны іздеп, атын атап шақырып, қырманды басына көтерді. Бірақ бірнеше аптадан бері иесінен бір елі қалмай, қайда барсаң да ілесіп, шапқылап жүрген қайран Саққұлақ бұл жолы жоқ болып шықты. Иесі машинаға отыра салып, Көкқайнарға қарай заулатты. Онда келіп итін сұраса, ешкім көрмеген болып шықты.
Сүйтіп Ақсудан Көкқайнарға дейін ілесіп, аман-есен жеткен итінің аяқ асты жоғалып кетуі иесін қатты өкіндірді. «Әттеген-ай, қара басып, қайран Саққұлағымнан айырылып қалғаным-ай. Анау-мынау пендеге айырбастамас есті ит еді» деп қайғырып, Саққұлақтың әңгімесін жыр қылып, көпке дейін айтып жүрді. Бара-бара бұл ит туралы әңгіме елге де тарап, оның иесіне берілгендігі ел аузына аңыз болып кетті.
Арада екі ай өткенде Шыңжаңда қалған Әлімжаннан Қазақстандағы Саудабайға хат келді. Хатында ол басқа жаңалықтармен бірге тамыздың 27-сі күні таңертең Саққұлақтың Ақсуға қайтып келіп, есікті тырналағанын жазыпты. Ойпырмай, сонда Саққұлақ Саудекең Көкқайнарға қонаққа барған түннің таңертеңінде өзінің туған ауылына қайтып барғаны ғой. Шамасы түн ішінде машинаға мініп кеткен исесінен ол көз жазып қалған болды-ау. Мүмкін құйрығы қайқы ауыл иттерінен батып жақындай алмағандықтан иесінен қара үзіп қалда ма екен. Содан кейін қайда барарын, иесін қайдан іздерін білмеген Саққұлақ өзіне таныс көш келген ізбен қайта шапқылап отырып шекараны көктей өтіп, өзінің ұяластары қалған туған жеріне таңертең жеткен ғой.
Тұрсынбай Шаянов,
Алматы қаласының тұрғыны.
Жарияланды. -Алматы: “Жетісу” газеті. №95. 1994.-7 б.
ЖАҚЫПБЕРДІ НЕГЕ «БАНДЫ» АТАНДЫ
Белгілі қоғам қайреткері Ораз Жандосовтың өзі сері саяхатшылық өнеріне тәнті болған Қарқарадағы ұлт-азаттық көтерілісі батырларының бірі, кейін отызыншы жылдардың ойран саясатына оқ атып, жат жұртта жау қолынан қаза болған Жақыпберді Сұлтанбекұлының қасіретті тағдыры туралы не білеміз?
Отызыншы жылдардың қанды оқиғаларына байланысты Қарқарадағы «тарих ақтаңдақтары» әлі терең зерттеліп, халық қасіреті шынайы ашылған жоқ. Ресей империясының отарлау саясаты мен кейнгі дінсіз қызыл империяның сойқан тәртіп-заңына қарсы халықты көтеріліске бастаған сол кездегі батыл да батыр ел ағаларының есімдері енді-енді атала бастады. Өткен ғасырдың ортасында Жетісу өлкесін қанға бөктіріп жаулау саясатын ұстанған казак – орыстармен өмірбақи өш болып, ата жауымен ғасырға жуық айқасқан атақты Тазабек батырдың үрім-бұтағы Қарқарада ұлттық тәуелсіздігі үшін отызыншы жылға дейін қан төкті, соңында Қытай асып, азаттық жолындағы соғыстарын сонда жалғастырды. Жетісу өлкесін жаулаған Колпаковский әскеріне қарсы оқ атып, 1871 жылы патша жендеттері өлтірген Тазабектің немересі, батыр, қолмерген Жақыпберді және оның туыстарының бірі Әуезхан ақын, Оқас абыз Қарқарада халықты көтеріп Қызыл үкіметті мойындамады. «Біздің үкімет – Алаш» деп олар ашық айтты. Бұдан бір-екі жыл бұрын жасы жүзге келіп қайтыс болған Қазына әже: «Азаматы Алаштың аттанатын күн туды» деген әнді айтатынбыз десе, ол кісінің көзі тірі қызы Гүлшаруан апа: «Сен Алаш, мен Алаш, Алашқа құрбан мал мен бас» деп Жақыпберді жақтаған үкіметтің Кеңеске қарсы екенін үлкендер бізге осы өлең жолымен сездіретін. Яғни, күллі Қарқара – хантәңіріне аты мәлім батыр елді сорақы саясатқа қарсы көтерді», – дейді.
Қулықтың тауында аю атып, оның өтін алаты, құралайды көзге атқан қолмерген, сері-саятшы, ескіше оқыған Жақыпберді халыққа түбінде қасірет әкелетін жаңа үкіметтен жақсылық күпейді. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінде Қарқарада патшаның бақайшағына дейін қаруланған солдаттарына қарсы соғысқан Жақыпберді жиырмасыншы жылдың соңында елді бүлдіріп жатқан белсенді большевиктердың қиянатына шыдай алмай еріксіз жасақ жинап, коммунист төрелердің үрейін алады. «Жақыпберді келе жатыр» дегенде НКВД-ның адамдары қорыққаннан бас көтере алмайды екен. Өйткені атқан оғы текке кетпейтін мергеннің нысаңасына ілінген жау тірі қалмайтын көрінеді. Жақыпбердінің мергендігі оның жауларының зәресін осылай алған.
«Көкжал қасқыр», «хан тұқымы» атанған Жақыпбердінің әкесі Сұлтанбек шешен «Албан – Бұғының ағасы» деген атқа ие болған белгілі кісілердің бірі екенін айта кетсек артық болмас. Сұлтекеннің Мінікей деген әйелінен Жақыпберді туады. Жақанның шешесі де тегін жан болмаса керек. Батыр туыстарының айтуына қарағанда қораға түскен арлан қасқырды қолымен қылқындырып өлтірген. Тіпті асау биелерді жалынан ұстап сауғызатын Мінікей апамыз еркектен асқан қайратты болыпты. Осындай жау жүрек батыр, отызыншы жылдан ойранында «банды» атанып, Қулық тауыңда жасақ-сарбаз жинап, Қызыл үкіметке қарсы күрес жүргізеді. ГПУ солдаттарымен атысып, шамасы келгенше коммунистердің билігіне қасарысып қарсы тұрды. Шенқұмар, шаласауатты, шолақ белсенділердің жазасын береді. Кеңес үкіметін жақтаған бұрынғы болыстарды айла-амалмен айтқанына көндіріп, аштық алдында тұрған елді шекара асырады.
Қулық тауының етегінде қазір «Жақыпбердінің қарауыл шоқысы» деп аталатын жотаның бауыры оның жасақ-сарбаздары, дос-туыстары, мерген, ұсталары жиналатын мекен-қонысы болады. «Батыр жасақтарының атыс-шабыс кезінде мылтықтарынан түскен оқ жездері іздесе әлі де табылады» дейді осы өңірдің тұрғындары.
Шырғанақ ауылының тұрғыны Оразбек Жаңбыршыұлы Жақыпбердінің мылтығын, тағы да басқа қару-жарағын соққан ұста болғанын әңгімелейді. Соған қарағанда Жақанның сарбаздарының бес қаруы сай болған. Өткен жылы жасы 80-ге келіп қайтыс болған Халық Тойшыбеков ақсақал «Жақанның маузопай деген керемет мылтығы бар еді. Аласапыран басталардың алдында осы қаруымен жүрді. Үкімет тыңшылары үнемі батырды андитын» деп әңгімесін жалғастыратын.
Тауда жасақ құрып, Кеңес үкіметіне қарсы шыққан Жақыпбердіні ұстау үшін ГПУ әскерлері барын салып, «бандылармен» соғысады. Мерген батыр жауы қанша әрекеттенгенімен өзін алдырмайды. Соңында Жақыпбердінің жасағын және өзін тез құрту үшін тау үстінде барлаушы ұшақ ұшады. Айырлы асуында мерген ГПУ-дың құртуға келген әскери ұшағын атып түсіреді. Осы оқиғадан кейін Жақыпберді батыр құдіреті бар адам, киесі күшті атанып, көзінің тірісінде аңызға айналады. Жақанның өжет інілерінің бірі болған, жастай ақындық дарып, соңында қызыл қырғында қыршынынан қиылған ақын Әуезхан Белгібайұлы «Тас түрмеде туған жыр» атты қасірет толғауында:
«Талқындап пулеметті бес атармен,
Жақыпберді – шын жүрек жұтқан ағам.
Айырлы асуында аэроплонды құлатып,
Жалғыз оқпен тажалды құртқан ағам»,-
деп өзінің көзімен көрген оқиғаны осылай суреттейді. Астаналық облыстың Кеген, Райымбек, Шелек және Ұйғыр аудандарын дүрліктірген бұл оқиғаға байланысты Қарқараға әскер қаптайды. Күндіз-түні болып жатқан атыс-шабыстан ел одан сайын үркеді. Жақыпберді «бандының» жасақтарын қолға түсірудің зор шаралары жасалады. Қулық тауында қанжоса қырғын болады. Бірде көп әскердің қоршауында қалған Жақыпберді мергендігінің арқасында өзіне төнген ажалдан құтылады. «Жақыпберді атса басқа тиеді, біз атсақ тасқатиеді» деп ГПУ әскерлері енді одан үрейленеді. Бірақ қайткен күнде де «көкбөріні» құртудың әрекетіне қатты кіріседі. Жасақтарының арасынан сатқын шығып, дұшпан бар сырын біліп, өмірлеріне өмір қаупі төнгенде есіл ер еріксіз Қытай асуға мәжбүр болады. Атамекен, туған жерін тастап Шығыс Түркістанға тартады. Жолшыбай «қанды майдан» салып барған Жақыпбрді мұндағы Қытайдың отаршыл гоминьдан үкіметіне бағынбайды, «Ақбұлақ» деген жерде ақ ордасын тігіп, босқын болған біраз туыс-жақындарының басын қосып, ешкімге тәуелді болмай, үш жыл еркін өмір сүреді. Жақыпбердінің шағын «ауыл-мемлекетіне» Қытайдың заң, тәртібі жүрмейді.
Түбінде Жақыпберді бүкіл Шығыс Түркістанды бүлдіреді деп қорыққан Қытайдың зымиян ұлық-әкімдері «өзара достық келісімге келеміз» деп аңқау, сенгіш батырды алдап қолға түсіреді. Жақанның атақ-даңқы мен босқын елге қорған болған батырлығын қызғанған сатқын зәңгі ақалақшылар Қытай ұлықтарымен ауыз жаласып, батырды қатыгез жаудың қолына түсіреді. Шығыс Түркістандағы қанды қырғын дүнген көтерілісінің қарсаңында яғни, 1933 жылы Жақапберді ішінде пендеге жазығы жоқ ақын Әуезхан бар отыз шақты серігімен Құлжа өлкесінде атылады. Жақыпбердінің көзін құрту үшін оның атамекенінен барған жансыздар да жанын салып, астыртын жұмыс істеген. Сталиндік қуғын-сүргін мен атып-асудың әлі көп адам біле бермейтін бұл оқиға қазақ тарихындағы қанды заманның айтуға ауыз бармайтын қасірет белгі – дерегі. Атамекенінен еріксіз ауып, Қытайға барған Жақыпбердінің жат-жұрттағы қасіретті тағдыры әлі тарихшы-зерттеушілер біле алмай жүрген халық трагедиясы. Олай болса биылғы «Жалпы ұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» жылында жазықсыз атылған Жақыпберді батыр жайында айтпау тарихқа қиянат.
Тазабек әулетіндегі қасиетті тұлға, ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтың «Қилы заман» шығармасында Жансейіт деп аталатын батырдың көзін көрген үлкен кісілердің бәрі Жақаң жайында бір жаман сөз айтпайды. «Иманды болғыр Жақыпберді ердің ері еді ғой» деп жазықсыз кеткеніне налып, еске алады. Шығыс Түркістанда жарты патша болған Жақаңды осы жақта көрген, кейін өзі Магаданда он жыл айдауда болған Үкібай ақсақал, босқындық өмірді басынан кешірген Шәкен қария бала көтере алмай жүргенде Жақаңнан бата алып, үбірлі-шүбірлі болған Қазына әже, тағы да көптеген үлкен кісілер Жәнібек – Жақыпберді аруақ қонған қасиетті адам еді, арманда кетті ғой» деп ауыздарынан тастамайтын. Жақаңның ағасы, Қарқарадағы ұлт-азаттық көтеріліс көсемдерінің бірі – Әубәкір батырдың ұлы, қазір көзі тірі Бәукей қария белгілі қоғам қайраткері Ораз Жандосов Кеген ауданында қызметте жүргенінде, заманның тыныш кезінде Жақыпбердіні жақсы сыйлап, құрметтегенін айтады. Батырдың құралайды көзге атқан мергендігін, сер-саятшылығын және діни білім алған сұңғылалығын Орекең өте жақсы көріпті. Бірде жаздыкүні аспанда шырылдап тұрған бозторғайды ат үстінде тұрып, көздемей атып түсірген мергендігіне риза болып, мылтықтың жүз оғын Ораз аға батырға сыйлаған екен. Жақаң кейін Кеңес үкіметі кезінде қайтадан ашылған Қарқара жәрмеңкесіне келіп, жамбы атып, өнерін көрсетіп жүреді. Қарқара жайлауында шығармашылық сапарымен атақты қазақ зиялыларының аң атып, саятшылыққа шыққан кездерінде олармен бірге бүркітін қолына алып, Жақаңның да жүргені рас.
Қарқара өңіріндегі халықтың жүрегінде, атамекеннің жер-су, тау-тасында есімі тарих болып қалған Жақыпберді жайында айта берсе, әңгіме таусылмас. Оны өлкедегі елдің кәрі-жасына дейін біледі десек, артық айтпаймыз. Кез-келген қария оны көрмесе де аңыз болған мергендігі мен «бандылығын» айта жөнеледі. Жұрттың есінде қалғаны соншалық – батыр жайында аңыздың толып жатқан түрлері бар.
Еңбекшіқазақ ауданында тұратын Төлебай Шәріпов зиялы елағасы «Жақыпберді жаздыкүні киіз үйдің ішінде отырып, шаңырақтан аспанда ұшып бара жатқан қос аққудың сыңарын атып түсіріпті. Ажалы осы құстың киесінен болған екен» деп өзінше әңгімелейді. Оның мергендік қасиетіне байланысты бұл сияқты қызықты аңыздар көп-ақ. Ал мергендігіне өздері шын куә болған кісілердің әңгімелері бұдан да асып түседі. Өйткені тегін адам аспанда ұшқан ұшақтың «жанды жерін» көздеп атып жерге құлата бермейді ғой. Бұл Әуезхан жырында жоғарыдағыдай суреттеледі.
Жылысай өңірінде ауылдық Кеңестің хатшысы болған, айтыс ақыны, қуғын-сүргін қасіретін жеріне жеткізе жатып, өзі де атылған Әуезханның тағдыры да халық трагедиясының бір көрінісі. Ақынның түрмеде жазған қасіретті толғау жыры, босқындықтың қанды сүргінін тарихта қалдырған шерлі шежіресі, біз әлі жөнді білмейтін кер заманның мұң-зары. «Отырмын тас түрменің түнегінде, қол-кісен шылдырлайды білегімді» деп басталатын ақынның қасірет жырын Қарқара өңірінде жатқа айтатындар әлі бар.
«Сия алмай Қарқарадай кең ауданға,
Тоз-тоз боп ата жұрттан ел ауғанда»,
деп патшалық қырғын мен қызыл қырғынды өз басынан кешіріп, иман-діні үшін шейіт болған Әуезхан ақын тәуелсіздік алғаннан кейін түнектен жарыққа шықты. Жақыпбердіні халықтың өзі ақтап, отызыншы жылдың «банды» – батыры деп ұқты. Жақыпбердінің көзін көріп, оның жасағанда жүргендер ержүрек батырға бағыштап дұға оқыды. «Ерлік – ерге мұра, ұрпаққа – ұран» деген қанатты сөзі үн-мақсаты болған «Қазақ батырлары» басылымы Жақыпбердінің 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісте қол бастағаны жайында жаңа деректер жариялап, 1991 жылы батырдың аруағын көтерді. Туыстары зерттеуші жазушыларға деректер берді.
Өкініштісі, өткен жылы Қарқарада өткен ұлт-азаттық көтерілістің 80 жылдық салтанатында, неге екені белгісіз, биыл 100 жылдық мерейтойын әлем атап өтетін ұлы Мұхаңнның (М. Әуезов) шығармасына арқау болған Әбубәкір мен Жақыпбердінің есімдері аталмады. Ұзақпен Жәмеңке және Серікбай ғана сөз болды. Елінің бостандығы жолында арпалысып жүріп қапыда қаза болған Жақыпбердіні қастерлеу – кейінгі ұрпақ біздің борышымыз болуға тиіс.
Ораз Қауғабаев,
Алматы облысының Құрметті азаматы.
Жарияланды. -Алматы: “Жетісу” газеті. №17.1997. -3 б.











