
Орналасқан жері: Көктал округіне қарайтын Әулиеағаш ауылының жоғарғы жағындағы Киелі ағаштан солтүстікке қарай 200-300 м аралықта бейіттермен іргелес шығыс жағындағы сайда орналасқан.
Зерттелуі: А. Төрехановтың «Би Салпық» кітабында жан-жақты мол мағлұматтар жазылған.
Сипаттамасы: 2008 жылы Салпық бидің Айбын Төреханов бастаған шөбере, шөпшектері Алматыдағы «KAZGOR» жобалау академиясы мамандарының сараптамасы бойынша кесенені қайта жаңғыртып салғызған. Себебі, бұрынғы кесенені су шайып, қабірді бұзғандықтан осындай шешімге келіп, ҚМДБ –ның рұхсатымен кесенені қайта жаңғыртқан. Кесенені қайта салу барысында Өзбекстанның Хорезм облысындағы №10 кірпіш зауытынан күйдірілген сары кірпіштерді және өзбектердің өз ішінде өте зор беделге ие Балтабай ұстаны да көмекшілерімен бірге алғызып жасаған.
Сөйтіп, 2008 жылдың 28-ші қарашасында Әулиағаш ауылының мәдениет үйінде «Салпық би кесенесінің қайта жаңғыруы» арналған салтанатты жиналыс өтті. Жиылысқа Алматыдан қоғам қайраткері М. Молдахметов бастаған Суанның бір топ жақсы мен жайсаңдары қатысты. Алаш ақыны Оразақын Асқар, жерлесіміз белгілі жазушы Жүсіпбек Қорғасбектер сөз сөйлеп, баяндамалар оқылды.
Аңыз әңгіме: Салпық бидің – Найманның Қызайы Шонжарға айтқан сөздері, Жалайыр Әжібай болысқа құда түсуге барғанда берген батасы мен Албанның Алжан руынан шыққан Қайранбай болысқа қарымта қайтару мақсатымен өлеңдетіп айтқан сөздері, тапқырлық, шешендік сөздері туралы ел арасында аңыз болып айтылып, көнекөз қариялардың аузынан түскен емес.
Сілтеме: А. Төрехановтың «Би Салпық» кітабы, Алматы 2020ж.











