Қызылжар шайқасының қаһарманы Құдайназар батырдың немересі Солтанкелді мырза үш некелі болған. Бірінші некесінен Көбес, Табылды, Итқара, Қарынбай, Сәмембет, Қонысбай, Тұрдығүл жеті ұл. Екінші некесінен – Қожабек жалғыз. Үшінші некесі – Жап анамыздан Малтабар, Шәкіл екі ұл болып, кенжесі Шәкіл еді.
Малтабар турашыл, ата жолға жүйрік, батыл, батыр адам болыпты. Жалғыз інісі Шәкілді бетінен қақпай, мырза етіп, аялап өсіреді. Ол бір жолы інісінен:
- Сенің көңілің неге соғады? Не іске қызғасың? – деп сұрағанда інісі:
– Саятшылықты ұнатамын, құсбегі болғым келеді, – дейді. Малтакең ел-жерді аралап жүріп, Қаракерей ішіндегі бір ауылдан томағалап қондырып, отырғызып қойған үш бүркітті көріп, інісінен:
– Осының қайсысын таңдайсың? – деп сұрайды. Қыранға қызығып, бүркітті бақылап жүретін інісі ортада қондырулы отырған Сары бауыр, биік қабақ, қанды көз, мұзбалақты таңдайды. Малтакең 14 жылқысы бар, бір қысырақтың үйірін матап беріп, құсты інісіне алып береді. Шәкіл бабамыз бұл құсты ерекше баптап, мұзбалақ қыранына аю, қасқыр, бұғы-марал, таутеке, түлкіден тартып, төрт аяқтыны түгел алдырып, 9 жыл қайырып салған екен.
P.S: Сол сары бауыр қыранның тұяғы деп ұрпақтан ұрпаққа қастерлеп сақталып келе жатқан осы бір жәдігер бүгінде Малтабар-Шәкілдің қара шағырағы Андас отбасының қорында сақтаулы.
Дереккөз:
Тарих талғарында [Мәтін] : (Тарихи зерттеулер, эссе, мақалалар) / А. Омарақын- Талдықорған : [б. ж.] , 2022.– 500 дана . – ISBN 978-601-7865-39-9, ISBN 978
https://kazneb.kz/ru/bookView/view?brId=1657755&simple=true#











