1916 жылы кірген Ұлу жылы Жетісу өңіріне қырғын болып тиді. Сондай оқиғалардың бірі Қаратал өзенін бойлай жатқан Сарноқай тауының сай-саласын қоныстанып отырған Сиыршы елінің бір атасының атымен аталып кеткен «Сырымбет қырғыны». Ресей бас штабының есептеуі бойынша тыл жұмыстарына 240 мың адам алу жоспарланыпты. Бір ғана Жетісу облысының өзінен 87 мың адамның тізімі жасалған. 1916 жылдың тамыз айында Жалайыр тайпасына қарасты болыстарда 30 мыңға жуық жігіт топтасып, патша жарлығына қарсылыққа көшеді. Жалаң қылышпен жауға шыққан жігіттердің арасында мылтық ұстағандар бірен-саран ғана. Жоғарғы Қаратал болысының тұрғындарынан жасақталған ереуілшілер алдымен орыс-казак қоныстанған Қаратал ауылына шабуыл жасайды. Бірнеше күнге созылған қақтығыстан соң көтерілісшілер 26 қыркүйек күні шегініп, Қаратал өзенінің Балқашқа құяр саласына ығысуға мәжбүр болды.
Тау сағалап, қарсылық танытқан 300 жігітке қарсы 28 қыркүйек күні Қапалдан бастан-аяқ мұздай қаруланған жазалаушы отряд шығады. Осипов басқарған жасақ ел шетіне кіре сала көзге түскен еркек кіндіктіні тарсылдатып атып, мылтығымен шаншып өтті. Әйелдерді етегіне оралған баласымен қосарлай шапқан жазалаушы отряд аяғы ауыр келіншектердің ішін жарып, қанға бөктірді. Мұндай жауыздыққа шыдамаған жұрт кері серпіліп, жазалаушы отрядқа қарсы ұмтылды. Сиыршылардың жаужүрек жігіттерінен мұндай ерлікті күтпеген казак-орыс отряды Быжы өзеніне қарай ығысты. Ондағы тас түйін отырған Мырза руының жігіттері қарсы шығып, қашқан отрядтың алдынан соққы береді.
Ақырында қазан айының басында жазалаушы отрядтардың қырып-жою әрекетінен соң Қапал уезіне қарасты Жоғарғы Қаратал болысындағы көтеріліс күшпен басылды. Осы оқиғалардың бәрі тарихта «Қаратал ісі» деген атпен сақталды. Кейінірек белгілі ғалым Ғайрат Сапарғалиевтың мұрағат материалдары негізінде жазған «Карательная политика царизма в Казахстане» деген зерттеу еңбегі тақырыптың толық ашылуына себеп болды.
Қаратал өзенінің қос жағалауын қоныс еткен қалың ел осылайша патша әскерінің қырғынын көріп, талай боздағынан айырылды. Көтерілісті ұйымдастырған Жазықбай қалың солдатқа қарсылық танытып, қасындағы жігіттермен бірге ақтық демі қалғанша айқасады. Оны тірідей қолға түсіруді тапсырған атаманның бұйрығы орындалып, батыр бастаған 11 адам қамауға алынды. Жендеттер сонда да қырғынды тоқтатпай қарайып көрінген қазақты қылышпен кескілеп, мылтықпен атқылады. 12-14 жастағы қайныларын ұраға тығып, аузына өздері қалқан болып жата қалған Нұржамал және Сара есімді екі әйелді солдаттар айырмен аяусыз піспелетіп, бой жасырған 4 адамды түгел өлтірді. Байсейіт сайында төрт баласымен тұратын Ыбырайым қария үрім-бұтағымен қырылды. Қатын-қалаш, бала-шаға өз көрін өздері қазды. Қанды қырғыннан тірі қалғандар беті ауған жаққа қашып, жан сауғалады. Қолға тірідей түскен 71 адамды түгел қырып салған солдаттар Жазықбай бастаған 11 адамды Қапалға жеткізбей, жолай Көктал деген жерде атып тастайды.
Олардың ішінде Жазықбайдың немере ағасы Салық Дәукенов, інісі Сейдахмет Ыбыраймов бар еді. Осындағы Көктал деп аталатын жер бүгінгі Еркін ауылының іргесіндегі Балықты өзенінің бойы, Атшабардың тау жақ беткейі. Әрине, Сырымбет қырғыны Текелі жақтағы сиыршылардың арасында болғанымен, оның тағы да бір қанды ізі бүгінгі Еркін ауылының аумағында жатыр. Демек, бұл қырғынмен де Еркін ауылының тікелей қатысы бар. Кейінгі кездері сол кезде Балықты өзенінің бойындағы қырғында қайтыс болғандарға арнап ескерткіш қою ісі ел арасында айтылып жүргенімен, әлі күнге жүзеге асқан жоқ.
Қажет Андас.
Дереккөз: Қ. Андас. Өткені ерен, келешегі кенен Еркін-Талдықорған. Талдықорған: «Офсет» баспаханасы, 2022. – 24–26 б.
«Қараталда қырылған» (Сырымбет қырғыны) – Жалайыр-Сырымбет елінің 54 кісісіне айтылған дауыс
Ақжарға қарай айдаған,
Ақжардың түбін жайлаған.
Тұқымың құрғыр қырық солдат,
Қылышымен қинаған.
Айдап кетті дегенде,
Артынан кісі бармаған.
Хабарға барған Салықты,
Найзамен шаншып айдаған.
Ата-екемнің артына,
Екі қолын байлаған.
Екі шақырым барған соң,
Соғым қойдай жайғаған.
Қасқыр шапқан қорадай,
Шошып қалды Сырымбет,
Қалғаны қылыш, найзадан…
(Дәрменқұлұлынан жазып алған)
Жарияланды:
І. Жансүгіров. Жетісу 1730–1916. Алматы: «Ценные бумаги» баспасы, 2001. – 117–118 б.











