Бала күнімізде апаларымыз айтатын ертегілерден «ұшқыш кілем», «жалғыз көзді дәу», «тау қопарғыш» дейтін терминдерді жиі естіп өстік. Қазіргі күнде олар аса таңсық емес. Себебі, соңғы жылдардағы ғылымның жаңалығы адамды таң қалдырады. Әне, спутник антенна арқылы робот тау қопарғыштарды да, жалғыз көзді дәудің түр-түрін көре аламыз.
Бұл күндері әрбір үйдің шатырына орнатылған, төрткүл дуниенің төрт бұрышындағы ғаламаттардан сусындатып спутниктік тәрелкелер тұрғындардың бәсекелесе сатып алатын тауарына айналып отыр. Ал оның ұрпақ болашағына балта шабатын қатерін ескеріп жатқан ешкім жоқ. Тұрғылықты халықтар оның тілін батысқа бағыттап, Еуропа әлемінің атыс-шабысқа толы азғындаған фильмдерімен жас өркіннің санасын уландырса, Қытайдан келген қандастарымыз тәрелкенің тілін шығысқа бағыттап, қытайдың күйбең тірлігін тамашалап отырғанын көргенде қарныңыз ашады. Өткенге көз салсақ, екі жүз елу жыл орыстың билігінде болып, қорланудың ащы дәмін әбден татып, күлкімізден күңіренуіміз көп болған халықпыз. Ал, қытайдың саясаты мамыражай болса ата жұртты аңсап жетіп нең бар еді?!
Ортамызда шетел дүөкейлері мен өз елінің министрлерінің кім екендігін білмеуі былай тұрсын, күн сайын болып жатқан өң өзгерістерден хабарсыз қара шоқылардың қатары көбейіп бара жатқаны адамды алаңдатады? Елімзде ешқандай жағымды жаңалық болмайтындай-ақ, үш қазақтың басы қосылған жерде орыста анау болыпты, қытай былай істеп жатыпты деген татымсыз әңгімелерден құлағың жауыр болады.
Әркім өз тауының биік болуын армандайды. Сондықтан әр елдің телебағдарламасы да сол жердегі өмірдің айнасы, ол өз елінің керегесі кең болуы үшін қызмет етеді. Мен озық ойлы теленөмірлерді тамашалауға қарсы емеспін, алайда, қазақ жастары еліміздің күнделікті тыныс-тіршілігінен бір сәт болса да хабар тауып, қазақ даласының тыныс-тіршілігінен көз айым болып отырса, нұр үстіне нұр болар еді.
Қазақ халқында «есті жігіт елін табар, ессіз жігіт жаттың отын жағар» дейтін қағида бар. Өзгенің шашбауын қанша көтергеніңмен ол өзіңдей болмайды ғой. Алдымен өзімізді түсінуге, білуге тырысайық.
Қажет Андас
«Q-andas» ақпараттық агенттігі.











