Сол кезде торғауыттың ханзадасы Мансүкжаптың әйелі Ужуңбиңді иландыру оңайға түспепті. Бірақ торғауыттың жау жүрек батыры, атамның төс соғыстырып серттескен досы Бадыманың көмегімен қазақ-торғауыт жер шекарасы бекітіліп, 3 метр ақ матаға қазақша, қытайша, моңғолша тоқтам жазылып, екі ел арасындағы дауға нүкте қойылады (Бұл құжат қайда жүр екен деші?!). Кейін қазақ иелігіне өткен жердің бір бөлігі «Үш аймақ уақыттық өкіметі жоралар мәжілісінің» №267 қаулысы бойынша торғауыттарға қайтаралып берілді. Жер дауына орай Қазақ – торғауыт арасында талай рет кездесу өтіп, олардан елшілер тобы келіп, қазақ жақтан оларға барып, елдестірудің жолы қарастырылады. Осы тұста ел ішінде: «Қазақ-торғауыт елшілері Мұратбек ақалақшының үйінде кеңсіп, Омарақын зәңгінің үйінде қонақ болады» деген қанатты сөз тараған. Сол Омарақын зәңгі менің атам еді. Өз дәуірінің егейлерімен етене жақын өткен кісі. Бірде зәңгінің үйіне ақын Таңжарық Жолдыұлы бастаған бір топ қонақ түстенеді. Абыр-сабыр үстінде Тәкең дастарқандағы алтын жалатылған қасықтың біреуін қалтасына салып алады.
Мұны байқап қалған күтуші жігіттердің бірі Омекеңе айтып, тартып алмақшы болыпты. Сонда Омарақын зәңні
– Тимеңдер, оның шарапаты менің ұрпақтарыма тиетін болады, – деп тоқтатыпты.
Қонақтар аттанып, біраз жерге барғаннан кейін Тәкең қайта қайырылып келіп, атамның қолын қысып, құшақтап:
– Мен дүние құған адам емеспін. Алтын қасығыңа аңсарым ауып кетті. Ол менде қалсын. Есесіне мына затты саған берейін, – деп қалтасынан жазылып бітуге таяған қарындаштың тұқылын ұсынады:
– Бұл менің абақтыда алты жыл отырғанда ұстаған қарындашым еді. Сонда барлық дүниені осымен жаздым. Енді саған берейін. Менің ақындығым сенің ұрпағына қалады, – деп қайырылып жүре беріпті.
https://kazneb.kz/kk/catalogue/view/1657755
Q-Andas ақпарат











