Q-Andas
No Result
View All Result
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қажет дерек
    • Қажет кітап
    • Қасиетті жерлер
    • Қажет ақпарат
    • Халық жады
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Андас Омарақын ізімен
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тұлғатану
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат
kz Қазақ qz Qazaq tj توتە جازۋ ru Русский en English
Q-Andas
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қажет дерек
    • Қажет кітап
    • Қасиетті жерлер
    • Қажет ақпарат
    • Халық жады
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Андас Омарақын ізімен
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тұлғатану
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат
No Result
View All Result
Q-Andas
No Result
View All Result
Басты бет Өлкетану Қасиетті жерлер

ТІЛЕНШІ ҚАЗЫНЫҢ ҮҢГІР ҚОРАСЫ

admin
2025/05/30
Қасиетті жерлер
0
ТІЛЕНШІ ҚАЗЫНЫҢ ҮҢГІР ҚОРАСЫ

Орналасқан жері: Жетісу облысы, Кербұлақ ауданы, Сарыбұлақ ауылдық округінің іргесіндегі Малайсары тау сілемінің етегінде.

Зерттелуі: «Жетісу» өлкетанушылар орталығы» қоғамдық бірлестігінің өлкетанушылары зерттеп жүр.

Сипаттамасы: Малайсары тауларының Сарыбұлақ жақ етегіне орналасқан табиғи тау үңгірі. Бұл үңгірдің қасиеті Тіленші қазы Балпықұлының есімімен де қатысты айтылады. Тіленшы қазы қайтыс болған соң немересі Оспан әкесіне арнап ас береді. Оспан болыс болған, Тіленші қазыдан кейін билік тізгігін ұстаған адам. Атасы Тіленші қазыға ас беріп, оған алты Алаштың баласын, Алатауды жайлаған қырғыз ағайындарды шақырып, 300 ат қатысқан бәйге береді. Сол бәйгеде Оспанның Шұбар аты бас бәйгені жеңіп алады. Кейін Шұбар аттың бас сүйегін осы үңгірге қойып, сақтайды. Содан бері бір жарым ғасыр бойы Шұбар аттың бас сүйегі осы үңгірде сақтаулы тұр. Оны біз де көрдік. Кіреберісі тар болғанымен ішіне кірсең адам емір-еркін жүре алады. Кезінде «Сарыбұлақ» қой зауытының малшылары қойларын түскі ыстықта осы жерге жинайтын болған. Бірақ Кеңес одағы тұсында да ел Шұбар аттың басына тиіспеген.

Аңыз-әңгіме:

Қазақтың қазысы тіленші

Балпық әулиеден кейінгі есімі ерекше тілге алынатын тұлға Тіленші қазы Балпықұлы. Әкелі-балалы билердің еліне сіңірген қызметі туралы Ш. Уәлиханов жазбаларында кездеседі. Сүйінбай, Жамбыл, Бақтыбай, Сара Тастамбекқызы, тағы басқа да ақындар жыр еткен. Бейіті Үштөбе қаласының түбінде. Көксу ауданының орталығына Балпық би есімі беріліп, ескерткіш орнатылды.

«Жетісу эниклопедиясы». Алматы. 2004. -191 бет.

Тіленші қазының тарихи бейнесін нақтылайтын құжаттарға зер салсақ:

1846 жылғы Шұбарағаш-Ойжайлау бітімінде келісімге қол қойған Ұлы жүздің билерінің қатарында Тіленші қазы Балпықұлының да болғаны ақиқат. Дегенмен, сол тұстағы Жетісу жеріндегі тарихи оқиғалар мен Тіленші қазы болмысын Жалайырдың сұлтаны Сөк Абылайхановтан бөле қарауға болмайды.

Әңгімені арыдан бастауға тұра келеді. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» оқиғасынан кейін жоңғарлардың тепкісіне ұшыраған қазақ ауылдарының берекесі кете бастады. Осыны күткен орыс отарлаушылары қазақ даласына ентелеп ене бастады. 1730 жылдары Кіші жүздің ханы Әбілхайыр орыс патшасына елші жіберіп, «орысқа қараймыз» деген ұсынысы қабыл алынып, қағаз (грамота) алған еді. Дегенмен, Жетісу жеріне орыстар осыдан бір ғасыр өткеннен кейін ғана ауыз сала бастады. Осы тұста бір жағынан Қытай Жетісу жеріне көз алартса, екінші жағынан Қоған хандығы да Жетісуды өз ықпалына кіргізудің қамымен сауда жолдарын бұғаттап, елдің тынысын тарылта бастады. Шу мен Талас, Ыстықкөлдің бойындағы қырғыздар да жер мен жесір дауын қуалап, онсызда таландыға ұшырап отырған шет жақтағы қазақ ауылдарына тізесін батыра бастады.

Абылайханнан жеңілген жоңғарлар Қытай жеріне тұрақтап, қазақ, қырғызбен араласа көшіп-қонып жүргенімен, тағы да бас көтерер сәт іздеп, жанталасап жатты. Сол тұста Қоқан хандығы да Жетісуға иелік еткісі келіп, түрлі айла-шарғыларын сайлады. Тағы бір жағанына, Жетісуға Орыс мемлекетінен үлкен қауіп төніп келе жатты. Сол кездегі орыс саясаты руларды бірі мен бірін қырқыстырып, оларды өздеріне шағым айтып, қорғауын сұрап келуін жиілетті. Олардың арасына өздерінің адамдарын орналастырып, сулы-нұлы өлкеге бекіністер тұрғызып, күшін күшейте түсті.

XVIII ғасырдың 30 жылдарының басында Қазақстанды қосу тек қана XIX ғасырдың ортасында аяқталды және күрделі қарама-қайшы процесс болып табылды. Қазақ жүздерін қосу әртүрлі саясаттан тыс және ішкі жағдайларға байланысты жүргізілді. Оңтүстік Қазақстанды, содан соң Орта Азияны Ресейге қосу патшаға Британ империясымен бақталастықта жоғары тұруға мүмкіндік берді. Патша әкімшілік-саяси реформа арқылы басқарудың дәстүрлі жүйесін таратты, көшпенділерді жарамдылығы аз жерлерге ығыстыра отырып, қазақ өлкелеріне орыс қоныс аударушыларын орналастыру үшін кең мүмкіндік ашты. Халықтың басым бөлігіне бақылаусыз билік алып, Ресей барлық салада дерлік отарлау саясатын кеңейтті. Сонымен бірге, Қазақстанды Ресейге қосу көшпенділер мен келімсектер арасында шаруашылық өзара қарым-қатынас жасау үшін мүмкіндіктер туғызды, сауаттылықты, сауданы жандандыруды тарату, қазақ ауылдарын осы жерден шығатын барлық салдармен бірге, капиталистік-өнеркәсіптік қатынастың шеңберіне енгізу үшін мүмкіндіктер орнатты.

Қоқан хандығы Іленің сол жағын қоныстаған Ұлы жүзді Іленің оң жағындағы Орта жүзбен қырқыстырды. Арасына от салды. Аттаныс, жортуылдар болды. Жетісу тарихында көрнекті орын алған «Үрістем қырғыны» осы Қоқан саясатының жемісі еді. Осы кезде қазақтың жекелеген сұлтандары, рубасылары, белгілі адамдары шен-шекпеннің жолына түсіп, Қытай өкіметімен қатынас жасап, «уандық», «гүңдік» дәрежесін алып, елдің есін шығар бастады.

Қазақ ол кезде руға бөлінген, ақсақалға жүгінген, мал баққан көшпелі ел еді. Көшпелі қазақтың шаруа түрі Ресейден келген сауда айырбасына, тауар алыс-берісіне төтеп бере алмады. Осы тұста ханы, төресі, сұлтаны орыстан шен-шекпен алып, қазаққа орыс күшімен үкім етпек болды. Қазақ даласына тамыр жаю үшін орыстың сауда капиталы жамырай енді. Аға сұлтан, төре, сұлтандар орыстың саудасын қазақ даласына кіргізуге мұрындық болды. Орысқа «бағынамын» деп уәде бергендер қалай да қара қазақты орыс үкіметіне қаратуға, орыс саудасын таратуға үндеді. Сібірге ірге теуіп, Омбыны, Семейді сауданың кенті қылған орыс капиталы енді Қытайдың Шәуешегі, Құлжасымен сауда жасауды өте керек етті.

Осы тұста Ресей патшайымы ІІ Екатерина Сібірдегі сенімді адамдарына: «1. Қырғыз-қазақ халқының бір ру басшыларын екінші ру басшыларымен араз етіп, бірімен-бірін қас етіп, бірінің етін бірі жеуге себеп болардай іс қылыңыз. 2. Сұлтандарын бірімен бірін араз қылып, бірімен бірін иттей тартыстырып, бірінің етін бірі жеуге себеп болардай іс қылыңыз. 3. Қырғыз-қазақтың басшы адамдарын сұлтандармен араз қылып, сұлтандарын өз қол астындағы ақсақал адамдарымен араз қылыңыз. Арасына от түскен уақытта жанып кетердей көкір-сөкір даярлай беріңіз» («Қазаққа алалық қайдан келді»/ «Айқап» журналы, №2, 1915) деген тапсырма берді.

Расында патшайымның бұл өтініші тым өміршең болды. ХІХ ғасырдық 20 жылдарындағы Орта және Кіші жүз елінде мемлекеттік жойылды. Осыдан бастап қазақтың берекесі кетті. Сондай-ақ, П. Румянцевтің орыс әкімшілігінің жаңа бодан елдерге сыйлықтар, марапаттаулар тарататын кеңпейілділгі сұлтандар арасындағы ырың-жырыңды, итіс-тартысты тіпті ұшықтыра түсті. Сол себепті Сөк Абылайханов Патша өкіметіне бодандыққа өту туралы ұсыныс білдіреді. Мұны І Александр патша қуана қолдайды. 1818 жылы Сөкке 8 кластық шен беріліп, Балқаш көлінің шығыс бетінен, жетісу су бірдей ағып өтетін шатқалдан үй мен мешіт тұрғызып берді.

Сөк сұлтан шежірелерде Абылай ханның 6-шы әйелі Атығай-Қарауыл қызы Тоқта ханымнан Сығай, Тағайлармен бірге туған баласы. Жалайырдың игі-жақсылары Ескелді, Балпық билер мен Түркістандағы Әділ сұлтан жалайырға төрелікке сұрап алған. Сөкпен бірге ағалары Сығай мен Атығайда Жетісуға бірге келеді. Содан осы жақтағы Жалайыр және Іленің бергі жағындағы Шапыраштының біраз бөлігін басқарады. 1850 жылдары 80-нен асқан шағында қайтыс болып, сүйегі Талдықорған әуежайының маңына жерленеді. Сөк сұлтан туралы мәліметтер Аткинсонның, Зибберштейіннің, Янушкевиштің, Шоқан Уәлихановтың жазбаларында кездеседі.

1825 жылы Ресей патшалығы Қараталдан «уақытша құрылыстар» жүргізе бастады. Ал бұған дейін алым-салық алып отырған Қытай үкіметі үзілді-кесілді қарсылық білдіріп, өз елшісі арқылы орыс үкіметіне Сөк сұлтанның өтінішін қейін қайтаруды, сөйтіп, салынған үйлер мен құрылыс жұмыстарын бұзып-талқандауын талап етеді. Сол себепті, Ұлы Жүз қазақтары бұл жолы орыс бодандығына қабылданбай қалады.

Бұл тұста жері құнарлы, қазба байлығы мол Жетісу жері Орта Азиямен Қытай және Ресей арасында тұрғандықтан саяси жағдайы өте күрделі болды. 1824 жылы 13 мамырда І Александр Ұлы Жүз өз қоластына алуға байланысты грамота жібергенімен, Ресей мен Қытай арасындағы келіспеушілік салдарынан грамота өз күшін уақытша тоқтата тұрды. Алайда Сөк Абылайхановтың патша өкіметіне жазған хаттарына қарап, оның бүйрегі орысқа бұрып тұратынын білуге болады. Оған дәрігер Зибберштейіннің: «…1824 жылы Ресей боданы саналатын Үлкен орданың сұлатны – Сөк Абылайханов Оміскіге келіп, өздерінің малдарын көршілдері тартып алғандығын айтып, соған көмек сұрады. Оміскі облыстық бастығы полковник Броневский бұл жағдайды пайдалана қалып, Сұлтанға Орта Жүздегідей Ұлы Жүзде де сыртқы округ ашсақ деген ұсыныс айтты. Оған Сөк келісе кетті» деген жазбасы дәлел болады.

Бірақ Азиялық комитет Ұлы Жүздің жері қазба байлыққа қаншалықты бай болғанымен, жол қатынастарымен соншалықты қызықтырғанымен, Қытаймен екі арадағы саяси жағдайды ұшықтырмау үшін, Батыс Сібір генерал-губернаторы П. М. Капцевичке сыртқы округ ашу мәселесін қоя тұруды тапсырды. Әйткенмен Ұлы Жүз қырғыздарын Орта Жүздегідей «Жаңа Устав» тәртібіне үйрете беру үшін, қытайлықтарды да көндіре түсу үшін, әртүрлі тәсілдерді қолданып, елдерді өз жағымызға тартуымыз қажет. Ол үшін байлар, билер, сұлтандар және басқаларды өздері бізге келіп, сұрағандай жасап, ол жерлерге қарулы отрядтар шығарып тұру керек» делінген.

Мұндағы «Жаңа Устав» дегені 1822 жылдан басталған ел басқаруға қатысты жаңа жүйе бойынша аға сұлтандық қызметті атқару мәртебесін нығайта түсу. Бұл туралы А. Янушкевичтің «Күнделіктер мен хаттар» еңбегінің 44-бетінде: «Орта жүздің Ресей билігіне қосылуымен хандық басқару жүйесі де аяқталды. Олардың соңғысының өлімінен кейін, ондай мәртебе мәңгілікке жойылды. Хандық басқару жүйесі сүрлеуімен Ресей Орта жүзде аға сұлтандар билігін құрды. Белгілі рубасылар, тәкапбар хан тұқымдары оны биліктің жоғарғы сатысына балап, алып алуға тырысты. Хан біреу еді, ал Орта жүзде жеті аға сұлтан болды», – деп келетін дерек бар.

Сібір қазақтарын басқаратын жаңа Устав («Временные правила по управлению сибирскими киргизами») бойынша Сібірдегі қазақ даласы «батыс», «шығыс» деген екі бөлімге бөлінді. Ел билеу ретінің ең төменгісі «ауыл» болды. 10-12 ауылдан «болыс» болды, 15-20 болыстан «округ» жасалды. Ауылды старшын биледі. Ол үш жылға сайланатын еді. Болыстарды «сұлтан» басқарды. Округтарды басқаруға ортасынан «аға сұлтан» сайланды. Әрбір округте «Округ жарлығы» (Окружной приказ) деген мекеме болды. Мұнда бастық аға сұлтан болды. Орыс шенеунігінен екеу, қазақтың жуандарынан екеу кеңеске кіруші еді. Екі орыс шенеунігін облыс бастығы беріп, белгілеуімен болса, екі қазақты ел сайлап беруші еді. Бұл қарсанында сот екі бөлек болды. Кісі өлтіру, орысқа қарсылық, патша өміріне мойын ұсынбау, талау, барымталар орыс сотында тергелді де, қалған қылмыстар-қолақылар, жесір, ұрлық дауларын елдің әдетімен «билер» тексерді. Әр округте ішкі тәртіп сақтау үшін қазақ-орыстар қойылды. Бұл қазақ-орыстар тұрған жеріне үй салып, орнығып қалуға міндетті болды. Мұндай қазақ-орыс үй салған жерлерден там-тұмдап базар ашылып, елдің ірі бас орны бола бастады.

Жаңа Устав шыққан соң бес жылға дейін қазақ алымнан құтқарылып, 1827 жылы алым төлейтін болды. Бұл алым – түйеден басқа малдан жүзден бірі алынды. Мал үш жылда бір саналушы еді. Көкшетау округы мен Қарқаралы округы ашылды. Бұдан соң округ жасау бірнеше жылға шейін тоқтатылды. Тоқтатылуына мынандай жағдайдан бөгет болды. 1818 жылы Қаратал мен Іленің ортасында көшіп жүретін Жалайыр төресі Сөк Абылайханов Қоқан хандығының қол астынан шығуға талпынып, Қытайдан көмек ала алмай, орысқа 55 мың жанмен қарадым деп ант ішеді, қағаз береді. Қоқаннан қорғануға Ресейден көмек сұрайды. Сөктің ұсынысын орыс патшасы қуаныш-құрметпен қарсы алады. Бір жағы Қытай, бір жағы Қоқанның қолтығында жатқан жалпақ елдің ортасының ойылып, орысқа қараймын дегені орасан олжа болады. Сөкке 8 кластық шенін сыйлайды. Сөктің қасындағы рудың бастықтарына да әртүрлі награда береді. Қаратал бойынан қазына ақшасына үй, мешіт салуға жарлық болды. Сөкке әскер жәрдемін беруге жарлық болды. Бірақ бұл жарлықтар қазақ даласына жаңа закүн шығумен қарбалас болып, іске аспай, біраз созылады.

1825 жылы Қаратал бойына орыс отряды жіберіліп, үй салынады. Орыстың Қараталға келуі Қытай өкіметін тынышсыздандырды. Қытай орысқа қарсы наразылық көрсете бастады. Оған орыс өкіметі Қаратал бойын Қытай жері емес деп жауап қайырғанмен, Сібір казак-орыстарына Жетісудан қазақ араларына үй салудан тоқтай тұруға және Қаратал бойындағы отрядты кейін шақырып алуға жоғарғы өкімет үкім қылады. Бірақ әскері, саудасы ақырындап Жетісуға аяқ баса бастайды. Күркілдек (Аягөз) суының бойында мекендеп жүрген Орта жүздің Жошыұлы Сарт төресі күнбатыс Сібірдің генерал-губернаторынан сыртқы округ жасап, Аягөз маңайынан округтік жарлық (окружной приказ) ашуға тілек қылды. 1831 жылы Аягөз округы жасалып, Аягөздің округтік жарлық мекемесі ашылды.

1831 жылы Аягөзде орыс басқармасының төменгі буыны есептелетін дуан басшысы «Аға сұлтан» құрылды. Осы тұста Сөк Абылайханов Батыс-Сібір генерал-губернаторы И. Вельяминновқа «Ұлы Жүз жеріне жаңа округ құру» туралы хат жолдайды. Хатта: «…Қараталдан округ құруыңызды өтінемін, үйлер мен мешіттер тұрғызып, әскери отряд жіберіңіз. Қызылағаш-Ақсудан немесе орманы, суы, жері құнарлы, шөбі шалғын, құрылыс жұмыстары үшін берік ағашы бар Лепсіден ашуға болады. Оның үстіне қалмақтардан қалған қорғасын, мырш және темір кеніштері бар. Егер округ құруды жөн деп көрсеңіз. Кен ісін білетін екі адамды жіберіңіз», – деген жолдар бар «Сәбден ұлы Өтеген батыр елінде» 67-бет).

Хатта баяндалғандай, Сөк Абылайхановтың орыс әкімшілігінің құрамына енуге зор ынта таытқан. Оның мұндай қадамға баруына, біріншіден, қазақ қоғамында орын алып үлгерген ішкі алауыздық итермелесе, екіншіден, Жеті су бірдей ағып өтетін шұрайлы жер – Қапалға көршілес отырған қытайлықтардың тәуелділігіне қалып кету қаупі бар еді. Сонымен қатар, қазақ ауылдарының өзара тынымсыз барымта-сырымта жағдайы да Жетісу өңірінің орыс империясының құрамына енуге белгілі дәреже де ықпал етті. Ел арасындағы алауыздық, рулар арасындағы тартыс өңірдегі берекесіздікті ұшықтыра берді. Оның үстіне Ресей жақтан қолданылған араздастыру, Қытай жағынан ентелеп келе жатқан қауіп, жергілікті сұлтандар мен ру басыларының күдігін еселей берді.

1839 жылы маусымның 20-сында Матай төрелерінен (сұлтан) Иса Сайтұлы, Жәңгір Шақайұлы заседатель Крапикинге келіп, Матайдың орысқа бағынатынын ұсыныс қылады. Матайды Аягөз округіне қосып «болыс» жасаудың керектігін, Матайдың өз қонысына қайта қонуына рұқсат қылуын тіленеді. Сол жылы күзгі қазан айында Матай орысқа қарап, осы күнгі қонысына қайта қонды. Садырдан бөлек «болыс», «ауыл» жасалып, Аягөз округіне қосылады.

Аягөз округі жасалудың артынан іле-шала Ақмола, Баянауыл және басқа округтер жасалып, ол төңіректің қазақтары тыныштықпен жаңа тәртіпке мойынсұнды. Орыс өкіметі енді ілгері Жетісу ішіне қарай аяқ баспай, сол қараған елдің арасында өкімет тамырын жайып, біраз жылға шейін тоқталып тұрды. Алайда Кенесарының Жетісуға аяқ басуы орыстың осы өлкені өзіне бағындыруға итермеледі. Кенесары барлық қазақ руларының басын қосып, жеке мемлекет жасауға талпынды. Қазақ пен Хиуаны қоспақ болды.

1839 жылғы граф Перовский бастаған орыстың Хиуаға аттанған жорығының жолы болмай, қазақ даласында орыстың қадірі түсуіне үлкен себеп болды. Кенесары осыдан пайдаланып, қазақты орысқа қарсы көтерілінуін талап қылды. Кенесары көбінесе соңына Орта жүзді ертті. Ол қазақтың не орысқа, не сартқа, не қытайға қарауына разы емес еді. Ташкенмен де жау еді. Сондықтан орыс өкіметіне Кенесарымен белсеніп айналысуға, қалай қылса да оның үстемдігінен қазақты аршып алуға қатты қам қылу керек болды. Қазақ даласында әскер күшейтілді. Ақмоладан 300 шақырым оңтүстіктен Ақтау қорғаны салынып, арасына бекеттер орнатылды. Кенесарыға қарсы казак-орыс атты әскері шықты. Кенесары орыспен талай соғысып, кейін Ертіс бойынан тайсап, Торғай өзенінің, Орынбор даласының маңайына барды. Мұнда Кенесарыға Кіші жүздің көп елі көмек көрсетті. Кенесары осы жонмен кейде Сібірде, кейде Орынбор даласының маңында он жылдай ашық көтеріліс, жорықтар жасап жүрді. Кенесары осы он жылдың ішінде орысты орасан беймазалады. Оның жорығы аса ептілік, айлалылық, өткірлік жағынан қарсыластарын састырды. Бұған қарсы Орынбордан да, Ақтау қорғаны арқылы Омбыдан да әскер жіберілді. Бірақ Кенесары бүгін бұл жерде болса, ертең күтпеген жерден бұрқ етіп шабуыл жасайтын еді.

Сондай уақытта, яғни, 1842 жылы өздерін Аягөз дуанына қарасты санайтын Сөк Абылайханов, Тіленші, Қарынбай және Бейбіт билер Сібір қазақтарының шегара бастығы Вишневский мен Батыс-Сібір Генарал-губарнвторы Горчаковқа арыз жолдап, жалайыр тайпасы орын тепкен Көксу мен Қаратал өзендері бойынан Сыртқы округ ашуды ұсынады. Осындай ұсынысты Сөк сұлтан бастаған жалайыр тайпасының басшылары 1843 жылы 5 мамырда Сібір қазақтарының шекаралық бастығы полковник Вишневскийге жолдаған хатында тағы да ұсынылды. Ол хатта Жалайыр тайпасының Ресей құзырына өтуге Қоған хандығының қыспағына түскен Қаратал мен Көксу аралығындағы үйсін ауылдарының жағдайының тым төмендеп кеткені айтылады.

1845 жылы үйсіндердің ықпалды билерінің бірі Мәңке Нұрақов Ұлы Жүздің албан, суан, шапырашты, дулат және сарыүйсін руларынан Ресей билігіне өтуге ықылас білдіргенін жеткізу үшін Аягөзге келеді. Алайда Ресей үкіметі Жетісуға орналасу үшін шешуші әрекеттерге көшуге асықпады. Мұндай саясаттың арғы жағында Қытаймен екі арадағы қатынасты шиеленістіріп алудан қаймығу жатқан еді. Дегенмен, Ресей 1846 жылы Жетісу өңіріндегі саясатына жаңа қадам жасауға мәжбүр болды. Оған сепебші болған Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыстың осы жылдың басында Жетісу жеріне қадам басқаны еді (Қойгелдиев М.Қ. Қазақ елі. Ұлттық бірегейлікті сақтау жолындағы күрес (ХІХ ғ, – ХХІ ғ, басы). Монография. Алматы: «Қаратау» ҚБ» ЖШС, «Дәстүр», 2014. 234 б).

Қазақ арасында Кенесарының даңқы жер жарды. Ел оны «жан жеңбес», «қамал бұзар» деді. Сөйтіп өкімет бұған мықты шара қолданып, шындап алыспаса, Кенесары қазақ даласында, Қоқан, Қытай, Хиуа мемлекеттерінің арасында орыстың отарлық бетін быж-тыж қылатын болды. Сондықтан орыс өкіметі Кенесарымен табандап алысуға қам қылды. Шепті күшейтті. 1845 жылдың ішінде осы күнгі Ырғыз, Торғай қалалары салынды. 1846 жылы Кенесарыға кезігуге күшті әскер шықты. Мұның бірі Орынбор даласына шығып, бірі Ертіс бойына жорыққа жүрді. Бірақ бұл осы маңайдағы елдің ішінен орысты жақтаушылар шыққан кезі еді. Сондықтан Кенесары осы шыққан орыс әскерін тосып соғыса алмай Шу бойына, Дулат ішіне барды. Ташкенге қарайтын қазақты бауырына алды. Қазақ-қырғыздың басын қосып, орысқа қайта соқтығуға таяныш іздеді. Бірақ бұрыннан барымталы, жауығып жүрген қырғыз қазаққа да, Кенесарыға да жылы шырай танытпады.

Сол тұста Жетісу қазағы жатқан жердегі дулат, шапырашты, жалайыр, найман руларымен Кенесары келісе бастады. Қара бұқара Кенесарыға қол артты. 1846 жылы Кенесарының артынан бақылау үшін Аягөзден жасауыл Казашпиннің қоластында бір топ әскер жіберілді. Бұл отряд Лепсі басында осы күнгі Шұбарағаш қаласының орнына лагерь салып жатты. Бұл қарсаңда Кенесары бұған қарамастан елді бауырына алып, ауыр қолмен Ілені қайта өтіп, Аягөзге соқтығуға ойланды.

Мұны естіп орыстың шекара бастығы генерал-майор Вишневский Үйсін болысына келді. Кенесарыдан Үйсін болысын бұрын алуға қам қылды. Елден Кенесарыны ұстауға талап етті. 1846 жылдың маусым айында Вишневский Лепсі өзеніне келіп, барлық Үйсін болысының инабатты адамдарын шақырды. Ұлы жүздің дулат, албан, суан, шапырашты, жалайыр руларының ақсақалдары, сұлтандары, билері Лепсіде Вишневскиймен кездесті. Осыдан бастап Ресей Жетісу аймағында қожалық ете бастады. Жандарал Вишневскийдің Лепсіге келуімен Кенесары кейін сырғып, Іле бойына барды.

Ал 1846 жылы 23 маусымда жалайыр, албан, дулат, суан, шапырашты руының сұлтандары мен старшындары Ресей әкімшілігіне Сөк Абылайхановты ағасұлтан тағайындау өтінішін жолдайды. Бұл хатқа Жалайыр билері: Тіленші Балпықов, Бейбіт Кенбабин, Назар Қарымбаев, сұлтан Қамбар Аланов, би Күтім Сапақов, Айдар Сүйіндіков, Қайчуман Меңдібаев, Жайнақ, Ақпай Төркин, Ермек Жанбеков, Керей Бекбасов, және орақты бөлімінің биі Шораш. Шапыраштылар билері: Асыл, Айқұм және Екей. Билер: Артық Арин, Бөртен Хангелдин, Ермек Алтаев, старшина Қошқар Қазыбеков, сұлтан Жанғазы, сұлтан Жошы Сүйдіков қатарлылар қол қойған («Сәбден ұлы Өтеген батыр елінде» 72-бет).

Сондай-ақ, осы құжатпен бірге №205 тіркелген хатта Ұлы жүз сұлтандары, билері және ру басшыларына Ресей бодандығына енуіне байланысты міндеттер жазылады. Онда: дулат, албан, суан, шапырашты, жалайыр руларының билері Сібір қырғыздарының шегара басшысы генерал-майор және кавалер Вишневскийдің қатысуымен 1) Бірауыздан Орта және Ұлы жүз халқының арасындағы қатынас тек қана аға сұлтандардың араласуымен шешілетіні. 2) алдағы уақытта Орта жүз қазақтарының екі арада заңсыз әрекеттері бармауға, яғни барымта, ұрлық, қарақшылық жасамауға, керісінше екеуара достық, бейбіт қатынасты сақтауға, 3) сырттан қауіп төнген жағдайда бір-біріне хабарлап, ол жөніндегі мәліметтерді дереу жақын жерлерде орналасқан Ресей үкіметінің приказына жеткізуге. 4) сауда керуен жолын қорғауға уәде беріп, қол қояды.

Қол қоюшылар: 8-кластық сұлтан Сөк Абылайханов, подполковник Сұлтан Әли Әділов, сұлтандар: Ақымбек Абылаев, Адамсат Ибақов, Қамбар Аланов, Жангозы Сүйіков, Мамырхан Ғаділов, Аблез Алин, Жошы Сүйдіков, Дайыр Ешімов, Тінәлі Жаңғыров,. Билер: Дихамбай Қапсаланов, Сары Алтаев, Сәмбет Байтербисов, Қарабай Тілесов, Мәңке Боқтыбаев, Тоғынбай Қойгелдіғұлов, Жанқожа Тайшыбеков, Асылбек Байғарин, Қазыбюек Тайтелин, Малдыбай Дәулетов, Қончубай Қаптағайев, Артық Алин, Бөртен Хангелдин, Ермек Алтаев, Қашыр Қозыбеков, Мықтыбек Тоқтакүшіков, Солты Малыбеков, Тазабек Бұсырманов, Бейбіт Кенбобин, Тіленші Балпықов, Назар Қарынбаев, Айдар Сүйіндіков, Күтім Сапақов, Жайнақ Өтепов, Ақпай Түркин, Ермек Жәнібеков, 14 кластық молда Абдулла Меңлібаев қойған («Сәбден ұлы Өтеген батыр елінде» 73-бет).

Құжатта көріп отырғанымыздай, Тіленші Балпықұлы – Ұлы жүз жеріндегі осындай аумалы-төкпелі заманның көзкөрген куәгері және өзі осы тарихи жағдайлардың бел ортасында жүрген тұлға.

Ал Сібір қазақтарының шекаралық бастығының Батыс-Сібір генерал-губернаторының Ұлы Жүз қазақтарын Россияға қосу туралы мәлімдемесінде: «Осы айдың (1846) 8-де өзіңізге жіберген №3 құпия есебімде қазақтардың қандай жағдайда екендігін түгелдей айтқан болатынмын. Менің шақыртуыммен қасында Дулат руының билері бар, Ғали сұлтанның баласы Әбілез келді. Ұлы Жүз елі өздерінің сұлтандары басқаратын 5 рудан тұрады: Албан, сұлтаны Хаким, Суан сұлтаны Адамсат, Шапырашты, сұлтаны Төлек, Жалайыр, сұлтаны Сөк Абылайханов. Бұл елдер жалпы Үйсін аталады. Барлығының үлкен сұлтаны Әли. Жалайырдың сұлтаны Сөк сонау 1818 жылдан бері бізге бағынуды сұрап келеді» делінген. Әрине, бұл жерде тек сұлтандардың аты жазылғанымен, олармен бірге қарастылығындағы елдің билерінің де болатындығы белгілі. Демек, Сөк Абылайхановтың қасында жалайырдың биі Тленшінің де бар болғанны ақиқат.

«Сонымен Орта және Ұлы жүздің қырғыздарының осындай үлкен жиынында Әли сұлтанға подполковник шені беріліп, Андрев лентасындағы алтын медаль тағылды. Хаким сұлтанға және басқа Ұлы жүздің 5 сұлтанына осындай медаль, Сіздің мәртебелі атыңыздан грамоталар табысталды. Біздің қырғыздар мен үйсін қырғыздарын татуластырып, өздерінің далалық салттарымен келісуге шақырдым. Олар осындай келісімге келді» делінеді. Тарихта жиі айтылатын Шұбар ағаш-Ойжайлау бітімі дегеніміз міне, осы. Осы жолы марапатталғандардың қатарында Тіленші Балпықұлы да болдыү.

Бұл бітімге Сібір қырғыздары шекара басшысы генерал-майор Вишневский қарулы казак бөлімімен қатар, өзімен бірге Көкпекті округінің аға сұлтаны Қисық Тезековты және Қарқаралы округінің аға сұлтаны Құсбек Таукинді, күшік-тобықты болысын басқарушы Құнанбай Өскенбаевты, Аякөз округінің аға сұлтаны Бөлен Ағадаевты ала барғандығын Янушкевичтің еңбегінде айтылады (109-110 бет).

Сібір қазақтарының шекаралық бастығы, Батыс Сібір генерал-губарнаторы Н. Коншин жолдаған Ұлы жүз қазақтарының Россияға қосылуы туралы мәлімдемесінде: «…Біздің Қарқаралы, Аягөз, Көебекті округтерінің сұлтандарының көзінше мұсылман заңы бойынша құран оқытып, олардың бәрінің бізге қосылатындығын растатып, тамғаларын бастырдым. Кенесарыны қолдамау туралы ұғындырылды» делінген.

1846 жылғы келісімнен кейін Шұбар Ағашта бекет салынып, көпес Масленниковтың ұйымдастыруымен сауда жұмыстары қолға алынды. 1847 жылы Қапалда жүзбасы Абакумов бастаған 200 қазақ әскерін орнықтырды. Аягөз бен Қапал аралығында қорғаныс күші ретінде 12 пикет тұрғызылды. Қапал бекінісіне 9 Сібір полкі жеткізілді. Бұл орыс билігінің Қапалда нық бекінгенін байқатады. Орыс әскері ары қарай Іле бойына жылжи бастады. 1848 жылы шекарасы Ілемен шектесетін, Ұлы жүздің бір бөлігін басқаратын Алатау округы құрылды. Алатау округының құрылуына да Тіленші Балпықұлының Жалайыр руларының қазысы ретінде үлкен үлесі сіңгенін жоққа шығар алмаймыз.

1854 жылы майор Перемышльскийдің басқаруымен мұнда Сібір қазақтарының 9-10 полктары орналасты. Қоқандықтар Іле өзенінен ары кеткен соң Шұбар Ағашқа Тобольск губерниясынан 300 отбасы көшіріліп, орналастырылды. 1862-1864 жылдары Россияда Кропостиниктік заң тоқтатылып, Жетісуға орыстың қарашекпенділері қаптап келе бастады. 1867 жылы Ұзынағаш бекеті кәдімгідей үлкен стансыға айналды.

Ресей әкімшілігі Жетісу жеріне келген алғашқы мезгілде өз билігін жергілікті қалыптасқан дәстүрлі билікпен қабыстыра жүргізуге тырысты. Сондықтан да орыс билігін мойындаған аумақта пристав жанынан үш орыннан тұратын ағасұлтандық қызметті енгізді. Олардың барлығы да приставқа бағынды. Бұл үш сұлтан Сөк Абылайханов, Әли Әділов және Тезек Нұрәлиев деуге негіз жеткілікті. Ал жергілікті болыстық билердің қатарында Тіленші Балпықұлының болғанында нақтылауға болады. Олар сол тұстағы тарихи жағдай салдарынан Ресей әкімшілігіне қосылуға ынталы болғанымен Жетісу жерінің тыныштығы, бүлдіргесінің бүлінбеуі, бүгінгідей қазақ баласының құтты қонысына айналуына үлкен негіз қалады.

«Құт мекенім – Сарыбұлақ», Қ. Андас: Алматы: – «Атамекен» баспасы, 2024, -302 б.

Q-Andas ақпарат.

Қаралым 79
Қаратал алқабындағы өзендер
Қасиетті жерлер

Қаратал алқабындағы өзендер

August 31, 2026
Қора шатқалы
Қасиетті жерлер

Қора шатқалы

August 31, 2026
Дауылбай тауы
Қасиетті жерлер

Дауылбай тауы

August 31, 2026
Мүнидың зираты
Қасиетті жерлер

Мүнидың зираты

August 30, 2026
Мұзарт асуы
Қасиетті жерлер

Мұзарт асуы

August 30, 2026
Сөк сұлтан Абылайханұлы
Қасиетті жерлер

Сөк сұлтан Абылайханұлы

August 30, 2026
ӨЛКЕ ШЕЖІРЕСІН СӨЙЛЕТКЕН ҚАЛАМГЕР

ӨЛКЕ ШЕЖІРЕСІН СӨЙЛЕТКЕН ҚАЛАМГЕР

November 9, 2026

«Бекзат өмір»: өнерге арналған еңбек

«Бекзат өмір»: өнерге арналған еңбек

November 7, 2026

Өлке тарихы ұрпаққа аманат

Өлке тарихы ұрпаққа аманат

October 23, 2026

ЖАҢА ҚАҒИДА?  «Әлеуметтік кәсіпкерлерге жаңа талаптар түсіндірілді»

ЖАҢА ҚАҒИДА? «Әлеуметтік кәсіпкерлерге жаңа талаптар түсіндірілді»

October 13, 2026

Жұмыспен қамту тәртібінде не өзгерді?

Жұмыспен қамту тәртібінде не өзгерді?

October 12, 2026

Ақпараттық агенттігі

Меншік иесі: “Жетісу” өлкетанушылар орталығы” қоғамдық бірлестігі
Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы “Болашақ” шағын ауданы, 12-27

Q-Andas желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2025 жылғы 19 наурызда тіркеліп, № KZ21VPY00115275 куәлігі берілген.

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

Тел: 8 747 706 1382
email: andas_kazhet@mail.ru

qandas.kz © 2026. Барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.

  • kzҚазақ
    • kz Қазақ
    • qz Qazaq
    • tj توتە جازۋ
    • ru Русский
    • en English
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қажет дерек
    • Қажет кітап
    • Қасиетті жерлер
    • Қажет ақпарат
    • Халық жады
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Андас Омарақын ізімен
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тұлғатану
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат

© 2025 qandas.kz