Орналасқан жері: Жетісу облысы, Алакөл ауданы, Достық ауылының іргесіндегі Тоқта тауының баурайында
Зерттелуі: Кейінгі кезде өлкетанушы-журналист Қажет Андас зерттеп жүр. Тереңдете зерттеуді қажет етеді.
Сипаттамасы: Қорым Тоқтау тауының баурайындағы жазыққа орналасқан. Таудан құлап ағатын өзеннің екі бөктеріне орналасқан қорымда кімдердің жерленгені туралы толық ақпарат жоқ. Бірақ кейінгі жылдары аталарының осы қорымда жерленгенін дәлелдеуге ұмсытлғандар белгі қойып, ту шаншып жүр. Қорымға кіреберісте қазақ-жоңғар арасындағы соңғы шайқаста қайтыс болды делінген бірқатар адамның аты-жөні, руы, ерлік дәстүрі бейнеленген тақта қойылған. Ал өзеннің шығысындағы дөң үстіне Қабанбай батырға арнап қойылған ескерткіш бар. Сондай-ақ, бұл маңда ежелгі сақ қорымдары да кездеседі, түркі дәуіріне тән жерлеу ерекшелігі де сақталған. Қорым Үшарал-Достық күрежолына жақын жерде болғандықтан тәу ететіндердің саны көп. Бірақ сақталуы нашар.
Аңыз-әңгме: Әлі де тарихын түгендеп бітпеген Қазақ-жоңғар соғысы туралы тың деректер жыл өткен сайын жарыққа шығып жатыр. Том-том кітап жазылғанмен, тасада қалған құпиялар жетерлік. Бір жарым ғасырға созылған қазақ-жоңғардың соңғы рет күш сынасып, тұяғынан хал кеткенше қарсыласқан шайқасы туралы бірнеше нұсқа бар. Десе де, Алакөлді бойлай қоныстанған елдің ұрпақтары қазақ-жоңғардың соңғы шайқасы Тоқта тауының етегіндегі қалың қорым жатқан тұсты белгілейді. Расында Жалаңаш көл мен Достық шегара өткелінің арасындағы тау бөктерінде тастан үйілген қорым мен жылқының жалы, ешкінің майымен топыраққа араластырып, құйылған кірпіштен қаланған кесенелер бар. Оның кейбірі жарым-жартылай мүжілсе, біразы жермен-жексен болыпты. Ал тас қорымдар сол баяғы қалпымен тарихтың тұңғиығынан сыр шертеді.
Кейінгі жылдары аталарымыздың батырлығы мен ел қорғаудағы ерлігін ұлықтаған ел төбе басына ту шаншып, кейбір қорымға сайғақ қадап, енді біріне белгітас қойып, сай ішіне кіреберіс жерге үлкен тақта орнатып, сол жойқын шайқаста қайтыс болған үш жүздің батырларының есімін жазып қойыпты. Ортасын өзен бөліп тұрған екі дөңнің айналасындағы қаптаған қорымның бүгінге дейін нақты анықтамасы айтылған жоқ. Жұрт тәу ететін қасиетті жерге айналдырған орынның осы күнге дейін тарихшылардың, өлкетанушылардың, зерттеушілердің де назарына ілінбей келгеніне таңғалдық.
Сілтеме: «Жетісу» газеті. №116. 2022. 3 б.











