Алматық. 1926 ж.
Жаркент уезіндегі Албан қонысында Қарқара деген жәрмеңке бар еді. Бұл жәрмеңкеде Батыс Қытай мен Ресей саудасы тоқайласатын еді. Жәрмеңкенің саудаға салынған сомасы кей жылы миллионға жететін. Көтеріліс туралы сол кезде баяндама жазған Набейкин деген Жетісудағы көтерілістің Герман, Түрік агенттерінің Қытай арқылы азғыруымен болды дейтіні бар. Онда ол: Герман, Түрік агенттері, Қашқар, Құлжа маңайында тұрып, Қарақолдан, Жаркенттен апиын кесуге келген қытай жұмысшылары және қарқара жәрмеңкесіне қатысқан қытай саудагерлері, қырғыз-қазақ ішінде, орысқа қарсы көтеріліс жасауға құтыртты дейді. Онысы шылғи жорамал.
Жаркент уезі Қытайға шектес болған соң өкімет өте сақ болған. Казак-орыс, хохол қалаларын қаруландырған. «Маусым жарлығымен» Кравченко дегенді бас қылып, Қарқараға отряд жіберген.
Жаркенттегі алғашқы төңкеріс ұшқыны тамыздың 12-сінде ұшқындады. Бұған дем берген Алматы уездегі Қызыл бөріктердің көтерілісі. Шелек, Меркі және басқа болыстардың қазақтары жиналып, тамыздың 12-сі күні шет Меркідегі Нашевкин деген кристьянның диірменін талап (диірмен қазақ жеріне салынған) өзін өлтіріп, әйелін байлап, диірменді өртеп жібереді. Одан Жалаңаш қаласына соқтықты. Қаладағы казак-орыстар мылтық атып, кіргізбеді. Егіннен ұстап алып, екі казак-орысты өлтіріп, қаланың малын тиеп әкетті және сол күні Шелек басына салынған Новоафон қалашығына қазақ тиіп, қаланың бәрін өртеген. Қала адамдары старостаның қорасына жиналып, кешке дейін айтысқан. Жалаңаштан шыққан прапорщик Берг отряды қаланы арашалаған. Қазақтар тауды бауырлай Кегенге қарай жүріп, жолдағы орыс қыстауларының, замикаларының барлығын өртеген. Бұл жолда Спецовский қалашығын өртеп, қазақ қолы сол бетімен Қарқарадағы Албанға қосылған.
Тамыздың 13-і күні Қарқараға шабуыл жасалды. Жәрмеңкені қамады. Бірақ күні бұрыннан дайындалып тұрған отряд қазақтың түтінін туман қылды. Бергтің отряды қазақтың артынан Кеңсу өрлеп түсіп, Кравченконың отряды Қарақарадан, бір жағынан Қырғызсайдың казағы – үшеуі тоқайласып, қазаққа ойнақ салды.
Қазақтар мылтыққа шыдай алмай, быт-шыт болып қашып, Кеген, Текес басына кетті. Көптеген мал, үй шаруа иесіз шашылып далада қалды. Оны орыс олжа қылды.
Бұл уақытта қырғыздар Қарақолды алуға қам қылды. Қарақолда орыс күші аздық қылды. Сондықтан Қарқарадағы Кравченкоға жылдам Қарақолға жету керек болды. Тамыздың 14-і күні түннен жәрмеңкені тастап, саудагерлер мен орыс отряды Қарақолға үркіп кетісті.
Жаркент уезінде қазақ соқтыққан қалалар: Спецовский, Таврический, Владиславский, Красноярский, Ново-Афонский, Ново-Киевский, Меданский, Шолақ, Медет, Жалаңаш қалалары. Бұлардан басқа жеке диірмен, заимка, хутор, омарталар да көп болды. Бірақ қаланың үйлері өртеніп, үйі таланса да адам өлімі аз болды.
Бұл қаланың адамдары жер аудару мекемесінің қарауында болып, сол жылы қыстай қазақ малымен асырылды.
Тамыздың 10-і күні сәскеде Қарқара жәрмеңкесіне Санташ жақтан және Жалаңаш жақтан қазақтың қалың қолы көрінді. Осы екі қол келіп, Қарқараның Батыс жағындағы жазыққа келіп қосылды.
Бергке казак-орысты алып алдын тосуға бұйырылған еді. Ол 30-40 шамалы казак-орысты алып, алдын тосты. Оқтың оңтайына келгенде екі-үш рет оқты жаппай жібергенде қазақтар быт-шыт болып қашып кетті. 4 адам оққа ұшып қалды.
Тамыздың 12-сі күні қазақ Қарқараға соқтығуға Иірсудың бойына және құралды 5000 қаралы кісі болды. Қолындағы қаруы – сойыл, бақан, найза, балта еді. Бұған қарсы 25 казак-орыс пен Берг және прапорщик Моргоның ротасы шықты. Бұлар қазақты қамап алмақ болып екіге бөлінді. Бергтің отрядының алдынан жаяу қазақтар оқ атқан соң, Берг отряды атысып кетті. Қазақтар атыса-атыса тауға қашты.
Берг қорыққан қазақты қуайын десе оған бұйрық болмады. Сөйтсе де түс мезгілінде Берг өз бетімен шауып кетіп, қалың қазақтың сыртқа беттеп үріккен көшіне тиді. Түтінін түтініне қосып шапты. Қазақтар жиналып, біресе тиіп, біресе шегініп, ұйқы-тұйқы болды. Берг қазақ қолының ішінде жүрген ақ жалау көтерген күміс ер-тоқымды, көк аттыны дәлдеп атты. Сонда бұл атты қолын бұлғап шауып таудан аса жығылды. Бұл өлген болыс екен. Мойнында ІІІ Александрдың алтын медалі бар екен.
Ту ұстаған өлген соң қазақтың жиналғаны быт-шыт болып қашты. Олардың соңына орыстар түсіп, қозы құйрық қылыштап қырды. Аяғында Берг отряды 10000-нан астам сиырды, 40-50 мыңдай қойды, 40 түйелі мүлікті, бірнеше мылтықты Қарқара жәрмеңкесіне айдап келді.
Тамыздың 13-і күні Қарақол жағындағы жолдан бір топ қол көрінді. Алдынан Берг тағы қарсы шықты. Бұлар 30-дай Қарақолдағы апин кесуге келген қытай, дүңген кедейлері екен. Орыс отряды бұлардың алдынан оқ атып, быт-шытын шығарды. Олар Қарқараны өте қашты. Соңынан тағы орыс түсіп, 11-нен басқасын тегіс қырды. 11-ін Қарқараға ұстап келіп, оларды да 14-і күні таңертең Жаркент жолының үстінде Серікбайлармен бірге атып тастады.
Тамыздың 14-і күні Қарқарадағы барлық отряд саудагерлерімен қоса Қарақолға көшті. Бұларға Санташ асуында қырғыздар және соқтықты. Бірақ қырғыздар бірнешеуі оққа ұшқан соң қайта серпіліп, тауға кіріп кетісті. Бұл соқтығыста қырғыздың 23-і оққа ұшты.
Тамыздың 15-інде осы отряд Жырғалаң суын өтерде және көп қырғыз қамады. Көпір бүлінген еді. Екі жақтан атыс болды. Қырғыздар жедел тиіп жіберсе де жаппай атылған оқ олардың бетін қайтарып болды. Аяғында көп өлік қалдырып, қызғыздар тауға қашты.
Орыстар бұл қырғыздардан қанмен жазылған бір ту түсіріп алды.
Жаркент уезіндегі көтеріліс албанда болды. Іленің оң жаңында қоныстайтын Суан деген ел Қытай шегіне барып қайта қайтты. Суандар консул арқылы Алматы генералынан рұқсат алып, әскерге жігіт бермек болып, жеріне көшіп келді.
Бірақ бұлар да көп шашылды. Уездегі барлық қалған астықты суан мен қолына түскен албанға орғызды. Қыстай неше түрлі шығыннан ел ығыр болды.
Жаркент уезіндегі тараншылар да алғашқы уақытта «жұмысшы бермейміз!» деген сөздері болған. Бірақ қазақтай көтеріліп кете алмаған. Соған себеп – олардың отырықшылығы болыңқырады. «Бала бермейміз» деген тараншының бірсыпыра ақсақалдарын әкеліп, Қарқарадағы түрмеге тықты. Мұның бірнешеуі албан Серікбайлармен бірге Қайқыда атылды.
Жаркент уезіндегі ауған елдің жайы өте нашар болды. Қытай шегіне барған жерде Қытай шерігі өткізбей, бір жағынан орыс қуып, орасан тарлық көрді. Аяғында тарту-таралғысын беріп жүріп, қашып-пысып Қытайға қараған Құлжа ауданындағы Қызай мен Албан қазағының жеріне барды. Осы жерде адамы сатылып, ауылы тоналды.
ҚР Орталық мемлекеттік архив: қор (ф.) Р-1368; тізбе (о.):І; іс (д):56.)
қолжазба араб харпінде.
Дереккөз: https://kazneb.kz/kk/catalogue/view/1685308











