Маюфудың қас тасын тарту етіп шетелдікке жарамсақтануы
Жукули пұтханасындағы қас тасты әңгіме ету үшін сөзді 1898 жылдан бастаған жөн. Ол кезде Ресей Шыңжаңға тағы да бір “тексерушілерін” жіберіп, саяхат жасаттырды. Олар бастысы Тянь-Шаньның оңтүстігі мен солтүстігінің жаратылыстық байлығын анықтауды көздеді. Осы тексерушілердің арасында Кизлов деген жаратылыстық ғалымы бар болатын, ол Тянь-Шань тауының солтүстік баурайынан көптеген хайуан және өсімдік, руда үлгілерін жинап алды. Осыдан соң ол Оңтүстік Шыңжаңның жер-жерлеріне барып көріп қайтуды ойына алды. Ол керуенін алып Янчиге барып, Маюфу деген кезбе саудагерді табады да, оны өзіне жол бастаушы етеді.
Маюфу затында бай саудагердің ұрпағы болатын, бала кезінен бастап жерді көп кезген. Ал әкесі түзу кәсіппен шұғылданбаған, сал-серінің өзі болатын. Беталды құмар ойнап, зинақорлықпен шұғылданып, ата-бабасынан қалған қазына-мүлікті тақыр-таза тауысқан оның ұлына қалдырған мирасы – өспелік және жарамсақтық өнер ғана еді. Алайда Маюфу Оңтүстік және Солтүстік Шыңжаңның жер-жеріне үнемі қатынап тұратын. Көрген-білгені көп. Оның үстіне ұйғыр, ханьзу тілдерін білетін. Пржевальский Шыңжаңда тексеру жүргізген шақта Маюфуды бір мезет өзіне жол бастаушы еткен, сол кезде осы орыс тілінен де едәуір хабар тауып қалған. Бұл рет Кизлов оны өзіне жол бастаушылыққа және тілмаштыққа жалдады, ал Маюфу қожайыны үшін бар зейін-зердесін жұмсады.
Бір күні олар Янчидегі таудан кен тексеріп қайтып келе жатқанда, Маюфу тосыннан бір сауал қойды.
– Мырза, сіз кен өнімдері мәлім бір тау сілемін бойлап орналасады демеп пе едіңіз? Осыдан бір ай бұрын мен Күшардан Зубаш өзенінің жағасындағы байырғы қаладан ойламаған жерден бір кесек, бұрыш үстелдей бар. Сонда сол өңірде қас тас кені бар болып жүрмесін?
Қарқ-қарқ күлген Кизлов:
– Шыңжаңда тек Хотан өңірінде ғана қас тасы бар екенін мен білемін, ал Күшар тауларында мұндай нәрсе жоқ. Сен көп тасты қас тас деп қате малданып жүрме! – деді.
Біреу өзіне “көзің ештеңе танымайды” десе, Маюфудың шамы келетін. Сондықтан ол шындап тұрып түсіндіре бастады:
– Құдай алдында ант бере аламын, сол жерде қас тасының бар екендігі хақ, мен өзімді жаһан кезген адам санаймын, қара көк тас пен қас тасты айыра алмасам, онан тіпті құдайдың атқаны ғой!
– Сен қас тасты білесің бе? Онда айтып қойшы, қас тас қанша сортқа бөлінеді? Жақсы-жаманын қалай айырады?
– Охо, мырза, сіз де адамды тым осал санайды екенсіз. Мен басқаны білмеймін, осы қас тасы деген нәрсені бала кезімнен аз көрмедім-ау деймін! – деп Маюфу бір үлкен тастың үстіне барып отырып, махоркасын орап алды да, аспай-саспай сөйлей бастады. – Ол қас тасы деген нәрсе шығатын жеріне қарап Лантян қас тасы, Дали қас тасы, Соушан қас тасы, Нанъян қас тасы және Шыңжаңның Күнлүн қас тасы сияқты оннан астам түрге бөлінеді. Ал түсіне қарап: ақ, сары, қызыл, күлгін, қара, жасыл, көк, ал-бұла қатарлы он неше түрге бөлінеді. Ақ мамықтай аппағы, шұғыланың сәулесіндей сап-сарысы, тауықтың тәжіндей қып-қызыл, далаптай күлгін, көмірдей қарасы – мейлі қай жерде шықсын, барлығын жұрт мойындаған таңдаулы қас тастары болып табылады, – ол сөйлеп осы араға келгенде Кизловтың бас изеп құптап жатқанын көріп, көтеріле қалды да тағы сөйлеп кетті, – бұл қас тастарын ажыратудағы қарапайым сауат қана ғой, айта берсек тағы бар! – Бұл кезде саудагер осы бір ауыз сөзден әдейі айтты да, жалғасын айтуға асықпай, сіріңкесін жағып, темекісін тұтатып, онан махорканы құшырлана қағып бір сорды да, көз қиығын қарсы жағына тастап қойды. Бұл оның сауда жасаудағы кәнігі тәсілі, сататын нәрсесінің мақтауын жеткізіп, аларманын ынтығын байқайтын қулығы еді.
Айтып айтпай-ақ Кизлов тағат қыла алмады. Маюфудың “қас тасты сортқа айырған” әңгімесін тыңдап тұрған ол шындап қол қойды. Оның айтқандары “әдеттегі сауат” екенін қайдан білсін.
– Тағы немене бар дедің? – деді ол тағатсызданып.
– Мөлдірлеу келген тағы бір түрі бар, бұл “мұз қас тасы” деп аталады, ең жоғары сорты – міне осы. Алайда оның да жоғары және төмен сорты бар.
Әңгімені тыңдап осы араға келген Кизлов еріксізден “ой, шіркін!” деп қалды. Ол бейне Маюфудың бастауында асқарға шығып, мұзды асудан өткендей, өзін асқардың ең асқарына жеткендей сезінді; онан жоғары алып қарлы тау бар екенін мүлде ойламады, қарлы тауға жеткенде “ең төбесіне шықтым” деп ойлады, мұнан да жоғары Жеңіс шоқысы бар екенін бұл мүлде білмеді. Осы бір сынған отбасының ұрпағының білерінің, сірә, қаншалықты екен деші?
Шетелдіктің өзіне мойынсал болғанын көрген Маюфу сөзін қайта сабақтады:
– Бұл мұз қас тасы тағы “тауық қаны” реңді қас тасы, “сары алауыз” реңді қас тасы, “сүрленген жұмыртқа” реңді қас тасы деп үш дәрежеге бөлінеді. Ал бұл үш дәреженің өзі реңінің біркелкілігі, мөлдірлігі, шымырлығы қатарлы жақтарына қарап тағы тоғызға бөлінеді.
– Сенің Зубаш байырғы қасынан көргенің қайсы түрге жататын қас тас? – деп сұрай қалды Кизлов.
– Бетінде қаралтым жолақтары бар сұр түсті қас тас, – деп сүлесоқ жауап берді Маюфу.
– Мұндай болғанда ол аралас реңді қас тас болды ғой, мұндай қас тас ең төмен дәрежеге кіреді, қаншалықты кереметі бар дейсің! – деп Кизлов белгілікті адам тұрғысынан есіне ала сөйледі.
– Бұлай демеңіз, қас тасына баға бергенде оның сапасына қарау – тек бір жағы ғана. Енді бір жағы – қас тастың үлкен-кішілігіне де қарау керек! “Мың жылдық қас тас дүниеде сирек кездесетін асыл” дейді жұрт үнемі. Меніңше, бұл қас тасы аз болғанда үш мың жыл шығады.
– Ха-ха! Досым, өзің қызық-ақ жай екенсің ғой, сенің айтқаныңның бәрін қайтіп жөн дей береміз!
– Кизлов мырза, – деді Маюфу ызғарланып, – менің әлгінде таныстырғаным қас тастың сапасы жайында ғана, ал қас тастың құнын парықтайтын өлшемдер әлі көп. Мынаны білуіңіз керек: бағалы қас тастарының сыртын көбінесе әдеттегі тастар қаптап жатады, мұндай тасты “қас тасы шығатын тас” деп айтады. Осы асыл тасты жарып ашқанда ғана қас тасын алуға болады. Ойлап көріңіз: салмағы бірнеше мың жындық (жинь) қас тас қаншалықты зор табиғи тастың ішінен алынды екен десеңізші! Бұл қас тасын алуға қаншама күш кетті десеңізші! Оның үстіне мұндай үлкен қас тастан ғасырлар бойы бұзылмай тұра беретін қас тас оймасын оюға болады. Ал көрінісі тамаша “мұз қас тасының” мұндай үлкендері жоқ, сондықтан мұнан кішкентай ойыншықтар ғана жасалды. Мұны жоғарғысымен қалай салыстыруға болсын?
Қуанып кеткен Кизлов:
– Маюфу, сіздің өзіңіздің асылды парықтай алатыныңызды байқамаппын! Алайда мен мынаған таң-тамашамын: соншалықты үлкен қас тас сол байырғы қалаға қалай барып қалған? – деді.
– Бұған менің де таңым бар: ол өзі қырық-отыз адам әзер қозғай алатын тау қас тасы. Кейін келе мен оған тағы тәптіштей тексеру жүргіздім: ол тұрған жер екі жағы беткей келген өзен жағасы еді. Бұл қас тас тау беткейінде ашық жатып, содан өзенге құлап, су тасығанда оны тасқын су домалатып әкеліп тастаған жоқ па осы?
– Дұрыс, сөзіңнің жаны бар. Мұндай болғанда Күшар тауында да қас тас бар болғаны, – Кизлов бейне бір ұлы құрлықты тапқандай, отырған тасынан қуана атып тұрып, Маюфудың қолынан тартты.
– Жүр, біз әуелі Зубаш байырғы қаласын көрейік, қас тас кенін тауға кірген соң бірақ іздейік. Мубада Күшардан қас тас кені табылып жатса, бұл бір жаңалық-ақ болар еді, онда кеннің атын менің атыммен атауға тиіспіз ғой!
Сонымен Маюфу жол бастады. Кизлов барлық адамын, ат-көлігін алып, тағы да он мықты жігіт жалдап, байырғы қала Зубаш қайдасың деп жүріп кетті. Айтылмыш “Будда әулиенің ізі түскен тасты” олар көп қиналмай тауып та алды. Бірақ 17–18 адам бар күшін салса да, бұл қас тасты орнынан жылжыта алмады.
Айналып келіп, амалын тағы Маюфу тапты. Қас тастың бетінде сызат бар екенін көрген ол лом темір әкелдіріп, сызаттың дәл өзінен салғызып ұрғыза бастады – қас тас екіге бөлінді. Осыдан соң ортасынан бөлінген қас тасты арқанмен шандып байлатты да, атпен сүйретіп, артынан жалшыларына итертіп жүріп өзеннен зорға дегенде өткізді. Маюфудың ойынша тасты екіге бөліп тастағанда алып кетуге оңай, оның үстіне шетелдіктен жартысын бөліп алуға да пайдалы.
Кизлов бұл қас тасына қызықпай қойған жоқ. Мұндай дәу қас тасты қолға түсірудің әрине қиын екендігін, сондай-ақ оны өз еліне алып кету де оңайға түспейтіндігін ол білетін. Онысын былай қойғанда, әсемөнер бұйымын ойып жасауға келмейтін қас тасты “дүниеде сирек кездесетін асыл” деуге татый ма?
Кизлов бұл байырғы қаланы жарым күн аралап көрді, аралаған жерінен оның көзіне көрінгені тек қирап, тамтығы ғана қалған там-дуалдар, қыруар қабырға суреттер және мүсіндер ғана болды. Бірақ баяғыдан басқа қас тас кезікпеді. Зубаш өзені байырғы қаланың қасынан өткенде шұғыл шынтақ жасайды екен де, тау аңғарынан бұрқына ағып өтеді екен – Кизловтың назары осыған ауды. Мынау жайтқа қарағанда Маюфу едәуір ақылға қонымды айтқан: әлгі қас тасты таудан тасқын судың ағызып әкелгендігі хақ деп ойлады. Ол Маюфуға қас тасты Күшар қалашығына апаруды тапсырды да, өзі атқа мініп, қасына екі нөкер ертіп, Ақбас тау өңірінен қас тас кенін іздеуге кетті.
Қажет АНДАС
“Q-Andas” ақпараттық агенттігі
Жалғасы бар…











