КЛИМЕНТОСТЫҢ ЕДХУТТАН БАЙЛЫҚ ІЗДЕУШІ
Басы: Климентос жаратылыс ғылымының ғалымы болатын. 1895 жылы бұл россиялық Моңғолияға барып, бір рет жаратылыстық тексеру жүргізеді. Нәтижесі кесек болғандықтан, Пержаловский сыйлығына ие болады. Бірақ бұл табыстарына қанағат етпейді.
Ол Англиялық кіші лейтенант Паулдың Жуңгоға келіп, ойламаған жерден құнды көне кітап тауып алып, өз заманындағы әйгілі адамға айналғандығынан аса зор шабыт алады: затында атақ шығару үшін бір өнердің қажеті жоқ, тек құмаршы сияқты өлермендік болса болғаны екен.
Алланың шапағатына, Шар патшаның айбатына сүйеніп, байырғы Жібек жолына барып, құнды нәрселер тауып, атағын шығаруына болатын секілді. Бұл үшін ол өз кәсібін археологияға өзгету қажет. Бірақ археология ғылымын білмейді. Ал Жуңго тарихынан тіпті мүлде хабарсыз, олай болса істі қай жерден бастағаны жөн?
Ол Моңғолияға барып тексеру жүргізерде Турфанды басып өткен кезіндегі жағдайларын есіне алды: сол кез дәл жаз маусымы болатын. Тарихта атағы бар осы бір “жалқынды алқабтың” күндізгі температурасы нөлден жоғары 40°C градустан асып кететін. Климентос осы өңірге жеткенде ыстыққа шыдай алмаған, денесінен аққан терін сүрткілеп тұрып:
– Бұл адам баласы жасайтын жер емес. Қайта қасқан от тауы екен, – деп безектеген.
Оның бұл бейшара кеспірін көрген жол бастаушы:
– Мұныңыз рас, аты әйгілі Жалын тауы міне осы жер. Қарамайсыз ба, алдыңғы жақтағы таулардың от іспеттеніп жатқанын? Сонау ерте заманда айналасы 800 шақырымдық осы Жалын тау жанып жатады екен, маңындағы адам пендесін шыдатпапты.
Уақытқа қарай Сүн Үкүң деген өзінің ұстазы Шуань-Зан хазіретті қорғап, батыстан будда номын алып қайтуға кетіп бара жатып осы Жалын таудан өткен жолында банан желпуішімен өртті желпіп өшіріпті. Сонымен біз бүгін бұл өңірде жасап жатқан екенбіз, – дейді күліп.
– Банан желпуіші қай жерде бар екен?
– Ха-ха! Бұл әншейін аңыз-әңгіме емес пе, тыңдағыңыз келсе айтып берейін.
Турфан жөніндегі аңызды мыңдаған Климентос бұл мағынасыз мылжыңға сенбеді. Бірақ оның есіне бұл жерден бір түрлі тылсым әсер алғаны оралды.
Ол еліне қайтып барған соң, тарихына қанық бірнеше маманнан ақыл-кеңес сұраған. Мамандар оған: бұл өңір ертедегі Жібек жолының маңызды торабы, Батыс Хан үкіметі бұл өңірде Едхут және Ярғул қалаларын салып, онан әскер тұрғызғаннан бастап, тарихтағы Жуңго үкіметтері бұл өңірге төтенше мән беріп келген дейді.
Ондай болғанда, Турфан өңірінде сөз жоқ мол мәдени мұралар жатыр деген ойға келді Климентос. Мәдени мұралар көп болса болғаны, хикмет құнды нәрселерді қолға түсіру қиын емес қой. Мүмкін мұндай құнды нәрселерді қолға түсіре алмасаң да, ауды жайып, аласапыранда балық ұстау тәсілі арқылы мәдени мұраларды көбірек тауып келіп, мамандарға парықтатып алсаң да мейлі емес пе.
Осы ақылға келген Климентос 1898 жылы көктемде “тексерушілерін” бастап Турфанға келді. Келгеннен жарай, оның тәлейіне ахуалды қанық білетін бір жол бастаушы табыла кетті. Жол бастаушы оларды заманнан бері қаңырап жатқан байырғы қала Едхутқа дәл бастап келді.
Еліміз тарихында атағы бар осы бір байырғы қаланы Хан дәуірінен тартып Мин дәуірінің алғашқы кезіне дейін ханьзу ұлты және бірқанша аз ұлттар бірлікте Едхут мемлекетін құрған кезінде астана еткен. Бұл байырғы қалаға адам аяқ баспағанына көп замандар өтсе де, сары топырақтан соғылған жалпақ та биік қала қорғандары, қала ішіндегі сарайлар мен көшелер әлі де қаз қалпында сақталыпты.
Климентос қасындағыларға әуелі байырғы қаланы жалпы беттік өлшеп шығуды әмір етті. Бұл жұмыс оның өз адамдары үшін өте оңай іс еді — жарым күнге жетпей өлшеу нәтижесі де шыға келді: қала шаршы формалы жайласқан, шаршы қабырғаларының қосындысы 5 км, сыртқы қала, ішкі қала және орда болып үшке бөлінеді екен. Үйлерінің көбі құлап қалған, ал құламағандарының тек қалқиып тұрған қабырғалары ғана қалыпты, төбелері жоқ.
Жағдай жалпы алғанда осылай. Ендігі іс – археологиялық қазуды бастау. Бірақ қай жерден кірісу керек? Мына байырғы қала орнына қарап тұрған Климентос арыстан айға шабайын десе, ауыз салатын жер таппағандай күй кешті. Ол осындай ой үстінде тұрғанда төңірек сарғылт тартып, азынаған дауыл соғып келе жатқанын көрді.
Мұны жақсылықтың нышаны емес екенін байқаған тәжірибелі жол бастаушы:
– Дауыл келіп қалды! Тез маған еріңдер! – деп айқай салды да, бір биік дуалға қарай жүгірді.
Нендей жағдайдың туғанын біле алмаған Климентос пен оның адамдары ес-ақылдары шығып, жол бастаушыға ілесе қаша жөнелді. Олардың биік дуалдың ішіне кіруі мұң екен, алыстан көрінген сарғылт боран құм-топырақты ұшыра алай-дүлей жетіп келді. Көзді ашып-жұмғанша аспан мен жер көрінбей кетті, боран көз аштырмай соқты.
Бақытқа орай, жол бастаушы боранның бағытын дер кезінде байқай қойып, боранға ықтай жүгірді. Долы боран оларды айдап отырып төбесі әлдеқашан түсіп қалған бір үлкен үйге әкеп тықты.
Бұл кезде сырттағы боран тіпті долдана түсті: құм-топырақ ұшырып, тас домалататын түтеген боранның өзі болды. Өкірген күшті дауыл тау теңселткендей, ұйытқып келіп соққылаған желден адамдардың тұла бойлары қалтырады. Барлығы ұйлығысып бір-ақ уыз болып қалған.
Жол бастаушы болар істі алдын ала біліп алғандай-ақ үстіне жамылып жүрген қой терісінен тігілген ұзын ақ тұлымына оранып алды да, бір бұрышқа жата кетіп ұйқыға кірісті. Көп ұзамай тәтті ұйқыға кеткен қорылы естілді.
Климентос пен оның тексерушілері қалай тырысса да, ұйықтай алмады. Олар әрі тоңып, әрі қорқа отырып, осы бір төбесіз үлкен үйдің ішінде кірпік айқастырмастан боранның басылуын күтті.
Өкірген долы боранның гуілі түн ортасында әзер тынды. Бұл кезде жол бастаушы да ұйқысынан оянды. Ол ұйқылы-ояу көзін уқалап қойып:
– Көктем маусымында Турфанда боран соғып өткен соң, келесі күні күн шайдай ашылады, – деді.
“Оңбаған-ақ жер екен бұл! Жаздың күнгі ыстығынан адам өле жаздайды. Адам көктем маусымын таңдап келген едім, міне енді боранның әуресіне ұшырадым. Ертең қандай боларын кім білсін?” – деп уайымдады Климентос іштей.
Келесі күні күн шынында ашық болды. Тексерушілердің екі адамы кеше кеште бораннан паналаған “суық сарайдан” ертемен шығып, алаңға барып қарады.
Кеше түнерген, кісі шошырлық қарасұр аспан енді бейне назданған сұлу бикеш сияқты бір қабат әтір гүл реңді желек жамылыпты. Таңертеңгі алқызыл арай осынау замандар бойы қаңырап жатқан ежелгі пұтханаға төгіліп тұр, қирап қалған тамдары да кісі қызықтырарлықтай жарқырайды.
Тіпті жер бетінде де әлде бір нәрселер көз қарықтырып, жалт-жұлт етеді. Бұл нәрселерге таңданған екеуі жүгіріп барса, жарқырап жатқан нәрселер жылтыр сұрлы қаңылтақ кірпіш екен. Бір-екеуін алып қарап еді, кірпіштің бетінде тұңғиық гүлін салып жасаған нәзік көгілдір өрнек бар екен. Бұған қуанып кеткен екеуі айқайлап жіберді де, бұл жаңалықты көпшілікке жеткізбек болып “суық сарайға” қарай жүгіре жөнелді.
“Суық сарайдың” ішінде де дәл осындай көңілді жағдай болып жатқанын кім білген! Таңертең күн өзінің жанға жайлы шуағын төбесіз үйдің “төбесінен” төгіп жіберді.
Тексерушілердің біреуі кенет қабырғада пуса суретінің барлығын байқап қалды да, бетіне жабысқан шаң-тозаңды жеңімен сүртіп еді – қабырға суреттің реңі айқын көрінді. Мұны көрген Климентос көпшілікті табанда жұмылдырып, қабырғаның шаң-тозаңын сүрткізді. Үйдің іші лезде жайнап шыға келді.
Тексерушілердің көз алдында Будда, Пуса, хор қыздарының реңді қабырға суреттері пайда болды. Олар бірін-бірі құшақтап, “ура!” деп айқайлап, қабырға суретті алғаш байқаған адамды көтеріп алып салтанат етті.
Осы сәтте қолдарында жылтыр сырлы қаңылтақ кірпіштері бар манағы екеуі де қуаныштарын жасыра алмай топ қасына жүгіре жетті. Бұл екеуі көпшіліктің енді ғана ішіп жатқан шаттық шарабының шырқын бұзып жібергендей-ақ болды.
Топ арасындағы әлдекім келген екеуіне жақтырмаған бейнемен көз тастады. Ол мына екеуінің жаңа ғана топырақ астынан қазып алынғандай түрлерін көріп, өзін тоқтата алмай күліп жіберді де:
– Біз пусаны тамның қабырғасынан қарап жүрсек, батпақтан жасалған екі пуса өзі келіпті ғой! – деп көпшілікті ду күлдірді.
Басқалар да енді байқады: түні бойы құм-топырақ ұшырып соққан бораннан араларында “топырақ адамға” ұқсамайтын бірде-бірі қалмапты. Барлығы да “әулие мүсіні сияқты” болып “келісіп-ақ” кеткен екен.
Түні бойы соққан дауылдың өзіне әсемөнер қазынасын ашып беріп кетерін Климентос ойламаған еді. Оның археологиялық білімі жоқ болса да, мына жердің қаңырап қалған ежелгі пұтхана екенін біліп отыр.
Шексіз парасат иесі Будда әулие оның зейініне зейін қосқандай, ол ойына ақыл түскендей болып көпшілікке:
– Археологиялық қазуды осы жердің өзінен бастаңдар! /- деп салтанатпен жариялады.
Археологиялық қазумен шұғылданып жатқан осы топтың жұмысы аса сәтті жүрді…
Археологиялық қазумен шұғылданып жатқан осы топтың жұмысы аса сәтті жүрді. Климентос қабырға суреттерге, буддаларға, ежелгі кітаптарға және быт-шыты шыққан қаңылтақ кірпіш сияқты көр-жер нәрселерге қабағат қызықты.
Жол бастаушы Едхут қаласындағы археологиялық тексеру аяқталған соң, Климентос адамдарын тағы да Ярғул, Қарақожа, Тұқмазар қатарлы ежелгі қалаларға бастап барды.
Археологиядан хабары жоқ осы бір тәлейлі россиялық үш айға жетпейтін уақыт ішінде 130-дан астам будда үңгірлері мен пұтханаларды “тексеріп”, ханьзу, санскрит (иінді) және басқа жазулармен жазылған қыруар ежелгі кітаптардың көшірме нұсқаларын, ағаш ойма кітаптарды, көптеген қабырға суреттер мен мүсіндерді ұрлап әкетті.
Көзді ашып-жұмғанша “отша қақтаған” жазым шіліңгір ыстығы да жетіп келді. Бір күні россиялық тексерушілер байырғы зираттан сарытап болып қалған бір адам мүрдесін қазып алды. Мүрде әйел адамдікі екен, шамамен мың жылдың алдындағы өлік сияқты.
Реңі сарғыш, су құрамынан айырылған болса да, бұлшық еттерінде әлі де біраз серпімділік сақталған. Мүрденің үстіне кигені Тан дәуіріндегі әйелдер киімі, әйел ағаш табыттың ішінде мәңгілік оянбас ұйқыға батып, қам-қарекетсіз жатыр. Езуінде аздап күлкі ізі бардай сезіледі.
– Мынау мумия! Мумия екен! – деп Климентос қуанғанынан айқайлап жіберді.
– Білесіңдер ме, мумияның не нәрсе екенін? Ол ертедегі гректердің бір ұлы тапқырлығы. Грецияның фараоны, яғни патшасы өлген соң жұпар иісті заттарды оның денесіне жағып, өлікті сарыптап қатырып, мәңгі бұзылмайтын етіп тастайды. Мумия деп міне, осыны айтады.
Ондай ерекше хош иісті заттардан дәрі жасау өнері бізге жетпей үзіліп қалған. Жуңгоның да мумия жасай алатыны кім білген!
Оның сөзіне шұбаланған жоқ жол бастаушы:
– Өлікке жұпар иісті зат жағады деген не сөз? Мұндайды тіпті тұмсығымыздан естіп көрмеппіз. Бұрынғы заманда кейбір бай-бардам адамдар өлсе, өлікке қоса көптеген “інжу-маржан, гауһар, лағыл т.б. нәрселер қоса көміледі” екен. Қоса көмілген асылдардың кереметі – өлікті қорғап, неше жүз, мың жыл өтсе де шірітпейді екен дегенді елден естігенім бар, – деді.
– Не дейсіз? Асылдардың кереметі өлікті қорғайды дедіңіз бе?
– Сонда оныңыз қандай асыл?
– Аңыздарда айтылатын, құны мұқым бір қалаға тең келетін әлгі бір нәрселер емеспе екен?
Россиялық “тексерушілер” жол бастаушыға тұс-тұстан сұрақ қойып жатты, ал бұл мәселелерді ашып түсіндіруге жол бастаушының шамасы келмеді.
– Оның шын-өтірігін білу үшін мына мумияны тінтіп тексеріп көрсек, анығы шыға келмей ме! – деді Климентос тағатсыздана.
Оның сөзі үзіле бере тексерушілердің бірнешеуі жерде жатқан мумияны тінте бастады. Көзі мумияның құлағындағы жасыл жақұттан жасалған алқаға түскен біреуі жақұтты шығарып алмақ болып еді, алқа мен қоса құлағының жартысын жұлып алды.
Тінтіп жатқандардың енді екеуі мумияның қолындағы қастасынан жасалған білезікті шалып қалды да, білезікке таласып, мумияның қолын жұлып алды. Олар мумиядан осыдан басқа ешқандай асыл бұйым таба алмады.
Затында бұл мумияның бұлай сарытап болып қатып қалуы жұпар иісті дәрілерден де, асыл тастардың “қасиетінен” де емес еді. Қайта Турфан өңірінің топырағы құрғақ, ауасы ыстық болғандықтан, өлік денесіндегі су тез буланып кеткен. Оның үстіне мүрде терең көмілгендіктен ауамен жанаспайды, сондықтан ұзақ замандар бойы бұзылмаған.
Россиялық “тексерушілер” мумиямен жарым күн әбігерленсе де, оның бойынан пәлендей асыл таба алмады. Қайта екі адамы ыстық өтіп мұрттай ұшты: біресе құсып, біресе ыстығы асып, сандырақтап сөйледі.
Бірі:
– Білезікті ұрлаған мен емес, мені кінәлі етпе! деп айқайласа, енді бірі:
– Сайтан! Міне сайтан! Біз аруақтардың көңіліне қаяу салдық! – деп былдырлады.
Аруақ деген нәрсеге Климентос сенбейтін, өйткені ол ғылымнан хабарлы адам. Бірақ дәл осы ғылымнан хабары бар болғандықтан, ол тіпті де қорықты. Мұны мумиядағы жұқпалы микробтардың кесірі деп күмәнданған Климентос көпшілікке өзінің алып жүрген сақтық дәрілерін ішкізді.
Адамдарының бәрі бір рет өздерін дезинфекциялап, киімдерін ауыстырды, жуынып-шайынды, сөйтіп үйден далаға шықпай тура үш күн жатты. Ауырған екі адамның халі оңалған соң, Климентос адамдарын бастап еліне қайтып кетті.
Климентос Турфаннан шынында аса құнды болған қыруар мәдени мұраларды қазып әкетті. Ол Ресейге ұрлап апарған бұл мәдени мұраларға тек сирек кездесетін бұйым ретінде қарап, оларды асқарларға ен берекет сатып жіберді.
Кейін келе ол нәрселерден тіпті жұрнақ та қалмады. Қазыналы өңірге барып келіп тұрып ешқандай ғылыми еңбек жаза алмаған мұндай “археология ғалымын” тарих тағы да шығарды. Бірақ бұл кезде германиялықтар бұл өңірге әлдеқашан келіп алып, астан-кестең қазып жатқан болатын.
Қажет АНДАС,
“Q-Andas” ақпараттық агенттігі.
Жалғасы бар…











