Үш елдің мәдени мұраға таласып аңдысуы
Басы: Немістердің Шыңжаңнан мол мәдени бұйымдар қазып әкеткен хабарын естіген ресейліктер бұған жалма-жан қарсы әдіс-шара қарастыра бастады. 1905 жылы Шар патшаның тапсыруымен Сыртқы істер министрлігі «Орта Азия мен Шығыс Азияны тексеру комитетін» құрып, қолынан іс келетін мамандарды жинастырып, Шыңжаңнан мәдени мұра ұрлап әкелуге жіберді.
Осы жылдың күзінде Ресейдің әйгілі тіл ғылымы және Индияны зерттеу маманы Олденбург бастаған “тексерушілер” үш арбаға отырып Турфанға келеді. Олар Турфан қалашығына келген соң бір-ақ күн демалады да, жол бастаушы мен тілмаш жалдап алып, байырғы қала Ядотқа жүріп кетеді.
Бұлардың арасында ілгері Климентосқа ілесіп бұл өңірге бірге келіп қайтқан бір казак солдат бар болатын. Рымжыдан аттанған соң ол көпшілікке алдыңғы жолда “тексеру жүргізу” барысында кездескен қызықты оқиғаларды әңгімелеп отырды. Мұны Олденбург ұнатып қалды. Бұл рет Олденбургтің адамдарын бастап, тас-талқаны шығып жатқан байырғы қалаға асығыс-үсігіс кетіп бара жатқанын көріп, оның мәнісін түсінбеген солдат:
– «Профессор, бұл археологиялық қазба дегеніңіз соғыс емес, ұзақ уақыттың ісі ғой. Солай бола тұра неліктен осыншалықты асығамыз?» – деп сұрады.
– «Дұрыс-ау, дұрыс-ау, біз сонау ит арқасы қиянат арып, шаршап Турфанға келдік, жол-жөнекей тартқан қиыншылығымыз да жетерлік. Қалада бірнеше күн аялдап, демалып, іске араласып көрсек жөн еді. Қазір бұл жалғанда аймақтың ең тамаша кезі. Дәл осы маусым – жеміс-жидектің, жүзім піскен шағы. Базарға шыға қалсаңыз, ауыздың суын құрғататын нәрселер көздің жауын алады…» – деп пікір айтты бірнеше адам.
Бұл сияқты талапты тексерушілердің басқа да бірнеше адамы ортаға өз ойларын қойды.
– «Біз ағзам Шар патша үшін мәдени мұра іздеп келеміз, ойнау үшін келе жатқанымыз жоқ!» – деп сөзді шорт қайырды Олденбург.
Содан іле-шала түсіп жылта қойған ол көпшілікке былай деп түсінік берді:
– «Осы екі жылдан бері Германия тексерушілері байырғы қала Ядохутта орталық ете отырып, Турфанда археологиялық штаб құрыпты да, осынау өңірдің бәрін өздеріне қаратып алып, басқа елдерді маңайына бара алмайтын күйге түсіріп қойды. Осыдан бірнеше жыл ілгері біз де Березевті бір топ адаммен осы өңірде әрекет жасауға жібергенбіз, бірақ олар бұл өңірде жаңалық аша алмай, амалсыздан Күшар, Янжи жақтарға қоныс аударып кетіпті. Кеше Турфанға барғанымызда Германия тексерушілерінің жауаптысы Ылкоп бірнеше жүздеген жәшік мәдени мұраларды алып қайтып кеткенін, казармаларын құруға бірнеше адам ғана қалдырғанын естідім. Бұл – Алланың беріп отырған таптырмас сәтті орайы, тезірек бармасақ болмайды!»
Бұл сөзге сенер-сенбесін біле алмаған көпшілік Олденбургке еріп, Ядохут байырғы қаласына таяғанда анадай жерден құлап, тамтығы ғана қалған бір ескі пұтхананың алдында тігулі тұрған шатырды көрді. Салдырлаған арба дауысын естіген үш-төрт германиялық шатырларынан шығып, бұларға таңырқай қарай қалыпты.
Ресей “тексерушілерінің” арбасы олардың қасына келіп тоқтай қалды. Арбакешке атын доғартқан Олденбург арбадан секіріп түсіп, германиялықтармен аса мейіріммен амандасты да:
– «Доктор Ылкоп бар ма? Біз Ресей тексерушілеріміз, жаңа келе жатырмыз. Мынау байырғы қаланы сіздермен бірлікте тексерсек деген ойдамыз. Қалай, қарсы алмайсыздар ма?» – деді.
Бұл өңірді күзетіп жатқан германиялықтар да жаңа “достарымен” сыпайы амандасып, ахуалдасты. Бірақ олар Олденбургтің адамдары кете бере-ақ өзара:
– «Қарашы, бұл ресейлік сұмпайыларды! Иттен де иісшіл-ақ өздері. Біздің кеткен адамдардың ізі құрғамай жатып жетіп келгенін!» – деп наразылық білдірісті.
Германиялықтардың бұл сөздерін Олденбург және оның адамдары түгел дерлік естісе де, естімеген кісідей кейіп танытып, алға тарта берді.
Бір күні Олденбург Турфан базарынан қайтып келе жатқан екі германиялықтың біреуінің қолында байырғы заман кітаптарының көшірме нұсқасы мен ерекше әдемі жасалған бір кішкентай Будда мүсінін алып келе жатқанын көріп, таң-тамаша қалады. Бұл кезде Турфан өңіріндегі пұтханалар мен тас өңірлерді қазушылар көбейіп кеткен еді. Ерте заман кітаптарының көшірме нұсқаларын және сау қалған мүсіндерді қолға түсіру оңай болмайтын. Мынау германдықтар мұндай бағалы нәрселерді қайдан тауып әкеле жатыр екен десеңші!
Олденбург бұны өздерінің қарт жол бастаушысынан сұрағаннан кейін ғана істің анығын білді. Затында, Климентос осы өңірден аса мол мәдени бұйымдар қазып әкеткен, ал бұл іс сол жердегі кейбір тұрғындардың назарын аударған еді. Олар “керексіз кітап”, “адам мүсіні” және ештеңеге жарамайтын “ақшалардың” барлығы бағалы нәрселер екен дегенді естіген соң, жергілікті тұрғындар да таласа-тармаса қазып, аса құнды мәдени бұйымдарды тауып алады.
Мәдени мұра мен археологияның не екенін білмейтін бұл тұрғындар қолдарындағы бағалы заттарды осы арадан ары-бері өткен жуңголық және шетелдік жүргіншілерге өте арзан бағамен сатып жібереді. Осындай арзан олжалардан германдықтар бірнеше рет пайдаланып қалған болатын. Мұны естіген Олденбург те барып, бақ сынап көруге бел буды.
Ол Турфан базарына бірнеше рет барды. Бірақ тәңір сәтін бере қоймады. Бір күні ол жеміс-жидек базарын аралап, шыққан соң ескі бұйымдар сатылатын орынға барса, терісі қап-қара болып күйген, шүңірек көз, сақалы күйіктей, арық таузын орта жастағы ер адам бір қалың кітапты құшақтап тұр екен. Олденбургке қарап:
«Мырза, мына кітапты сатып алғыңыз келе ме?» – деді.
Олденбург кітапты қолына алып қараса, тұт ағашының қабығынан жасалған жосық қағазға брахми жазуымен көшірілген діни кітап екен. Қағазының сарғайып өңіп кетуіне қарап, ерте заманның кітабы екендігі бірден аңғарылды. Ол брахми жазуын жетік білмегенімен, аздап таныс еді. Сондықтан бұл кітаптың өте құнды екенін бірден түсінді. Дәл осы сәтте оның ойына Паулдың ерте заман кітабын қолға түсіргендігі түсті.
Олденбург қатты қуанып, – «Сіз қай жерліксіз? Атыңыз кім? Мына кітапты қайдан алдыңыз?» – деп сұрады мейіріммен.
– «Қашқарлықпын, атым Тұрахун. Мына кітапты Қашқардағы байырғы қала Хануиден қазып алғанмын», – деді әлгі адам.
– «Қанша сұрайсыз?» – деді Олденбург.
Тұрахун бес саусағын көрсетті.
– «Немене, бес теңге дейсіз бе?» – деп ойлады Олденбург. «Паул да шамамен осы бағаға алған еді ғой».
– «Бес теңге беремін бе? Оныңа керексіз қағаз сатып ал. Бұл – бес жүз сары күміс тұратын нәрсе! Зат танитын кісіге сатамын!» – деді де Тұрахун Олденбургтің қолындағы кітапты жұлып алып, тағы да: – «Сен зат танымайсың, сондықтан бұл кітаптың құнын біле алмай тұрсың», – деді.
Мына адамның сөзіне намыстанып қалған Олденбург тігіп сөйледі:
– «Сенің мына жұлым-жұлым кітабыңның ақшаға татитын қай жері бар? Жөнін айтып ұқтыра алсаң, мен ақшасын берейін!» – деді.
– «Хы-хы!» – деп Тұрахун мысқылдап күлді де: – «Әдеттегі адамдардың қарауынша бұл кітап – әншейін жарақсыз қағаз, бірақ оқымысты адамдар бұл кітаптың ертедегі Күшардың атақты адамы Күмаржуаның көшіріп жазған будда тағылымы екенін бір қарап-ақ білер еді. Өзім онша ұғынбаймын, бірақ ел аузынан естігенім бар. Сондықтан басқалардан қымбат бағамен сатып, сатарлық іспен айналысып тұрмын», – деді.
Күмаржуа – Күшардың атақты монахы, будда нөмін аударған аудармашы екендігін Олденбург білетін. Ол Индиядан дін қабылдап қайтқан жолында Қашқарда біраз уақыт тұрған. Мына кітап расында сол Күмаржуаның өз қолжазбасы болса, онда бұл жаңа эраның IV ғасырындағы құнды мәдени мұра болуға тиіс еді.
Сондықтан Олденбург Тұрахунның қолындағы кітапты қайта алып, тәптештеп қарай бастады. Айтқандай-ақ, кітаптың соңында брахми жазуымен қойылған қол тұр екен. «Күмаржуа» деген бірнеше әріптің басын зорға қосып оқып шықты. Бұл расында да құнды кітап болып шықты.
Осылай бағаға таласа жүріп, ақыры Олденбург 90 сары күміске бұл көне кітапты сатып алып қайтты. Ол кітапты жарым айдан астам уақыт зерттеп, ең соңында оның жалған екенін байқайды. Қашқарда ескі заман кітаптарын қолдан жасап, сататын Тұрахун деген бір адам шынында бар екен. Тіпті атақты ағылшын археологы Стейн де оған алданып қала жаздапты.
Олденбург тым намысшыл адам болатын. Зиян тартқан соң амалсыздан аузын жапты, ешкімге тіс жармай, жалғыз өзі іштей тынды.
Осы кезде Германияға қайтып кеткеніне екі жыл болған Грунодель мен Ылкоп бірінен соң бірі Турфанға қайта оралды. Олар қазу жұмысын тағы да бастап жіберді. Бұл барыста Олденбургтің адамдарымен бірнеше рет қақтығысып қалды. Жуңго үкіметінің бүйрегі германдықтарға бұрылып алған сияқты еді. Бұл жағдай Олденбургтің қитығына онан әрі тиді.
Осындай көңілсіз күндердің бірінде Франция “тексерушілерінің” басшысы, профессор Пелиот аяқ астынан сапарлай келді. Бұған ерекше қуанған Олденбург оны өзі жатқан үйіне кіргізіп, жылы қабылдады.
Келген қонақ қараған адамға тіпті жас көрінді — ең әрі дегенде отыздан аспаған. Жуңго киіміндегі сұр шапан киіп алған, бұл оны жергілікті мұғалімге қатты ұқсатып тұрды. Олденбург Пелиоттың ауызынан оның Францияның Ханойдағы Қиыр Шығыс университетінің (ол кезде Вьетнам Францияның отары болатын) ханцзу тілі профессоры екенін білді.
Пелиот Франция үкіметінің тапсырмасымен келген екен. Еуропадағы бірқатар мемлекеттердің Шыңжаңға экспедиция жіберіп, мәдени мұраларды өзара таласа жинап жатқанын көрген Франция үкіметі Пелиотты Вьетнамнан арнайы шақыртып алып, бір топ адаммен Шыңжаңға аттандырған.
Өн бойынан жасампаздықтың иісі аңқып тұрған жас профессорды Олденбург іштей менсінбей отырды. Дегенмен, Пелиоттың Жуңго жағдайын жетік білетін артықшылығын пайдаланып, онымен уақытша одақ құрып, германдықтарға қарсы бірігуді ойлады. Сөйтіп, шын ықыласпен сөйлеп:
– «Профессор Пелиот, осынау өңірде біз, ресейліктер, біраз қиындық көріп жүрміз. Германиялықтармен иық тіресе шайқасуымызға қуаныштымын. Бірақ өкініштісі — сіз өте кешігіп қалдыңыз, құнды мәдени мұралардың көбін олар алып кетті», – деді.
– «Құрметті Олденбург мырза, осы өңірдегі ұйғырлар ‘әркімнің өз несібесі өзіне’ деген мақал айтады. Германиялықтар үлесін алып кеткен болса, бізге де бұйырған несібе бар шығар!» – деп жымия жауап қатты Пелиот.
Олденбург оған француз тілінде сөйлеген еді, ал Пелиот таза орыс тілінде жауап берді. Оның үстіне сөзінің арасына ұйғырша мақал қосып қойды. Бұл жағдай Олденбургтің оған деген көзқарасын күрт өзгертті.
Мына жас француз профессорының Жуңгоны да, тілдерін де жетік білетіндігін көріп таңданды. Ол ең кемі орыс, түрік және француз тілдеріне бірдей жетік еді. Бірақ Олденбург Пелиоттың білім мен тәжірибесіне іштей қызғанышпен қарады.
Пелиот өз білімі мен ұқыптылығының арқасында 1906 жылдың тамыз айында Қашқарға “тексеру” жүргізіп, жарты жыл ішінде қыруар мәдени мұра жинап қайтқан болатын. Ол Маралбасы ауданының шығыс-солтүстігіндегі пұтхана орнынан жаңа эраның III ғасырында жасалған Кандыхар стиліндегі (Пұсан хандығы дәуірінде Грекия және Шығыс мәдениетінің тоғысуынан пайда болған өнер түрі) көп мүсінді алып кеткен. Бұл мүсіндер дүниежүзінде сирек кездесетін аса құнды жәдігерлердің қатарына жататын.
Алайда Пелиот қол жеткізген нәтижелеріне қанағаттанған жоқ. Ол Турфанға келіп, Олденбургке сәлемдескен соң, Франция “тексерушілерін” бастап осы өңірде қазба жұмыстарын жалғастырды.
Бірақ бұл өңірдегі байырғы заман құрылыстарының бәрін германдықтар түгелдей қазып болған еді. Құнды зат табу барған сайын қиындай түсті. Дәл осы кезде Пелиот өзіне жақсы таныс, Чин патшасы әулетінен шыққан Лан Дуньху деген адамның Рымжыге келгенін естіп, онымен жеке кездесуге бел буды.
Лан Дуньху – Гуан Шуй патшаның аталас туысы болатын. Әңгіме арасында Ушуй жылындағы саяси өзгерістің салқыны патшаның осы аталас ағасына да тиген болса керек, оны Шыңжаңға жер аударып, “кәсіпсіз жатыпты” деген сыбыс тараған. Тауы шағылған мына төренің халін көріп, Пелиоттың оған қамығып қалуы табиғи еді.
Лан Дуньху – қатты сақ адам болатын. Пелиоттың мемлекет ісіне қатысты сөз қозғағанын естіген ол, таразылаған көңіл күйін байқата, әңгіменің бағытын дереу басқа жаққа бұрып:
– «Туыс, сіз Ханойда сабақ өтуші едіңіз ғой, Шыңжаңға қандай қымбатты жұмыспен келіп қалдыңыз?» – деп сұрады.
– «Мен археологиялық жұмыспен келген едім», – деді Пелиот. Сөйтті де, бұл сапарының мақсат-міндетін қысқаша әңгімелеп берді.
– «Дәл уақытында келіпсіз», – деді Лан Дуньху ойлана сөйлеп. – «Осыдан аз күн бұрын бір досым маған Будда нөмінің көшірме нұсқаларының біреуін тарту еткен еді. Өзі Таң дәуірінің кітабы екен. Оны мен сақтап қойғаныммен де, керекке жарата алмаспын. Сол кітапты сізге тарту етейін», – деді де, жазу үстелінің үстін ақтарып жүріп, шүберек мұқабалы бір ескі кітапты алып, Пелиотқа ұсынды.
Пелиот кітапты алып қараса, ханцзу жазуында қолмен көшірілген «Жин Гаң Жиң» атты кітап екен. Кітаптың соңғы бетінде «Ұлы Таң хандығының Шын Юань үшінші жылы шәкіртіңіз Фаминнің шын ықыласпен тарту етуі» деген сөздер жазылыпты. «Шын Юань» – Таң дәуірінің жылнамасы, яғни бұл кітап осыдан 1200 жыл ілгеріге тиесілі екені Пелиотқа аян болды.
Кітап шын мәнінде қолға түспес құнды мәдени мұра еді. Пелиот ризалықпен:
– «Шәкіртіңіз төренің берген тартуына шексіз алғыс айтады! Мұндай бағалы кітап қайдан таптыңыз? Айтыңызшы!» – деді жалма-жан.
Сақалын сипап қойып, өзіне риза күлген Лан Дуньху шетелдіктің жылы сөзінен масайрап қалды. Бір сәттен соң, салауатты кейпіне еніп, әуелі екі рет құрғақ жөтеліп алды да, былай деді:
– «Ганьсу өлкесінің Дуньхуан ауданындағы Мың Үйді білуші ме едіңіз? Алдыңғы жылы пұтханаға қарайтын Уаң Сов үңгірлерді ретке келтіру барысында ойламаған жерден кітап сақталған бір үңгір тауып алады. Үңгірдің іші лық толы – ерте заман кітаптары мен хат-құжаттар екен. Осыдан бірнеше ай бұрын менің Ганьсуда мансап атқаратын бір досым Дуньхуанға барып, Уаң Совтан будда нөмдерінің көне көшірмелерінен бірнешеуін алған екен. Солардың бірін маған сыйға тартты. Туысың да білесің, қазір Сун патшалығы тұсындағы басылым кітаптарын қолға түсіру өте қиын, ал мына сияқты Таң дәуіріндегі қолжазбалар тіпті сирек қой…» – деді.
Мына хабарды естіген Пелиот Рымжыдан дереу Турфанға қайтып барып, ол жақтағы қазу жұмысын тоқтатады да, уақытша жалдап алған жұмысшыларын босатып, серіктерін ертіп Дуньхуанға тартады.
Пелиоттың асығыс-үсігіс кетіп бара жатқанын көрген Олденбург те мұқият құлақ түріп жүріп, кейбір сыбысты естіп, адамдарын ертіп, артынан қуып жөнеледі. Өзімен Турфанның мәдени мұраларына таласып келген әріптестерінің бірінен соң бірі жылысып бара жатқанын көрген Ылкоп та олардың ізімен іле-шала жолға шығып, Дуньхуандағы Мың Үйге жетіп барады.
Осы бір топ мәдени мұра таласушылары бірінен соң бірі Дуньхуан Мың Үйіне барып, тас үңгірлерде сақталған көне кітаптарды талап жатқан кезде, бұл хабарды құлағы шалған жапон “тексерушілері” де дереу жетеді. Бұл “тексерушілердің” бастығы – Жи Руи Чау есімді ғалым болатын.
Қажет АНДАС
“Q-Andas” ақпараттық агенттігі
Жалғасы бар…











