Стивеннің Хотанға барып асыл ұрлауы
Басы: Стивен затында венгриялық еврей болатын. Ол кейін Англияның Оксфорд университетін бітірген соң, оқу үлгерімінің үздік болуына байланысты Үндістанның Лахор қаласындағы (қазіргі Пәкістан аумағында) Шығыстану мектебінің меңгерушілігіне тағайындалады. Стивен Үндістан тарихы мен мәдениетіне жетік, археологияға да ерекше қызығатын еді.
Ол байырғы Жібек жолын зерттеген археологтардың мақалаларын құныға оқып, ханзу тілін білетін адамдарды тауып, оларға Хань дәуірінде Шуанцзанның Үндістанға барып будда номдарын алып қайтқан сапары туралы әңгімелер айтқызатын. Сондай-ақ өзі “Ұлы Таң патшалығының Батыс өңір естелігі” атты еңбекті қиындықпен оқып, түсініктер жасайтын.
Стивен бойшаң, шымыр денелі, салмақты адам еді. Күлкісі аз, сөзі қысқа, сырттай қарағанда байсалды, мінезі суық көрінетін. Бірақ оның осы сыпайы бейнесінің ар жағында байырғы Жібек жолындағы мәдени мұраларды талан-таражға салуға келген тәуекелшілдің, “олжадан көзін алмай, сілекейі шұбырып отырған сақ құлақ тазының” бейнесі жасырын тұрған-ды.
1900 жылдың шілде айы. Стивен бір жылдық демалысын пайдаланып, үнділік өлшеу маманы Рамкингті және бірнеше қара жұмысшыны ертіп, Черия тау сағасынан Шыңжаңның Тасқорға үңгіріне өтеді. Одан әрі Қашқарға, кейін Хотанға жетеді.
Хотан – арқа жағын Күнлүн тауына сүйеп, алдыңғы бетін Даґламакан шөліне қарай созған, ең құнарлы аңғарлардың бірі. Хотан мен Юрунқаш дариялары бұл өңірдің егіншілік пен жібек шаруашылығын ғасырлар бойы қамтамасыз етіп келген. Ерте заманнан бері Хотан Батыс өңірдің ең бай, ең көрікті өлкелерінің бірі саналған.
Жаңа эраның IV ғасырынан бастап жібек өндірісі осы өңірде дамып, кейін Хотан “Жібек қаласы” атанады.
Стивен келген уақытта жібек базары қызу жүріп жатқан болатын. Ол базарды аралап жүріп, жібек сатып алып жүрген ағылшын және орыс саудагерлерін көреді. Бірақ жібек қауашағын базарға әкелген ұйғырлар өз өнімдерін шетелдік саудагерлерге сатқысы келмейді.
Стивен таңданып, олардың қайда бара жатқанын көру үшін соңдарынан ілеседі. Ұзын әрі тар көшелер арқылы өтіп, жібек қауашағын сатып жатқан орынға жеткенде, оның иесі ханзу ұлтының саудагері екеніне көзі жетеді.
Жібек сатып алушылардың осындай бәсекесінде ханзулардың ағылшын және орыс саудагерлерін ығыстырып, өз үстемдігін орнатуы Стивен үшін тосын жайт еді. Алайда ол бұл іске көп мән бермей, назарын мәдени мұра іздеуге бұрады.
Стивен Юрунқаш пен Хотан дарияларының арасындағы кең шөл даланы зерттеу аймағы етіп белгілейді. Ол суы тартылып қалған ежелгі өзен арналарының бойымен солтүстік бағытта зерттеу жүргізуге екі адам жібереді.
Оның көмекшісі Рамкинг таңырқап сұрайды:
– Мырза, сіз адамдарды мына құс ұшпас шөлге не іздеп жібердіңіз? Онда су да, тіршілік те жоқ. Сонда қайдағы мәдениет болмақ?
Стивен үстел үстіндегі картаны көрсетіп:
– Мына үшбұрыш таңбалар – Свен Хедин мен Дюттей тапқан байырғы қалалардың орны. Бәрі ұлы шөлдің ішінде және ежелгі өзен аңғарлары бойында орналасқан. Бұл кездейсоқ емес! Бірақ олар мұның себебін анықтай алмаған. Менің ойымша, бұл Шыңжаң жер бедері мен климатының ежелгі өзгерісімен байланысты, – дейді.
Рамкинг те пікірін қосады:
– Шыңжаң жері үш таудың ортасындағы екі үлкен ойпаттан тұрады: Алтай, Тянь-Шань және Күнлүн тауларының арасында Жоңғар мен Тарым ойпаттары бар. Таудағы мұздар еріген кезде олардың сулары төменге ағып, шөлдің шеткі бөліктерін ғана суландырады. Ал Даґламакан сияқты ұлы шөлдің ішкі бөлігіне су жете алмайды.
Стивен күлімсіреп жауап берді:
– Иә, бірақ бұл қазіргі жағдай. Ал ерте заманда мұздар көбірек еріп, климат жылы болған. Сол себепті шөлдің ішкі бөлігі де жасыл алқаптарға айналған. Байырғы қалалар сондықтан да осында салынған.
Бір ай өткен соң, Стивеннің жіберген адамдары қайтып келіп, Кения өзенінің көне арнасы бойындағы Дән-Дән үйлі деген жерде көне қала орны бар екенін хабарлайды. Ол дереу Хотаннан отыз жұмысшы жалдап, айтылған жерге барып қазба жұмыстарын бастайды.
Бұл 9-айдың ыстығы еді – Дақламакан шөлінде температура 40 градустан асып, желсіз ауа адамды қуырып жіберетін. Ауыр жағдайға қарамастан, олар жеміс пен су қорын мол дайындап, жұмысын тоқтатпайды.
Үшінші күні Стивеннің тісі қатты ауырып, бірнеше күн бойы азап шегеді. Бірақ соған қарамастан, жұмысты басқаруды жалғастырады. Бір күні жұмысшылар жер астынан көне тақтайға кезігеді.
Стивен дереу жұмысты тоқтатып, тақтайдың айналасын мұқият аршиды. Тақтайдың беті тазартылғанда, оның үстіне ойылған сурет көрінеді:
Ортасында – әдемі ханша, қолында жібек қауашағы салынған үлкен шыны ыдыс, ал жанында екі малай әйел оның шашын көрсетіп тұр. Артында ағаш иіру шығырығы бейнеленген.
Стивен қуанып кетіп, айқайлап жіберді:
– Бұл жер – ежелгі Ұзын-Тати мемлекеті! Таң дәуіріндегі Құстан елі! Мен ең сенімді дәлелді таптым!
Стивен дереу Рамкингке бұрылып, Шуанцзанның “Батыс өңір естелігінен” мысал келтіріп әңгімелей бастайды:
– Құстан елінің патшасы Қытайдың жібек құртын алғысы келген, бірақ Таң патшасы рұқсат бермеген. Сонда Құстан патшасы Таң патшасының қызына құда түсіп, некелесуге келісім жасайды. Ханшаға құпия түрде адам жіберіп, жібек ұрығын алып шығуын өтінеді. Ханша жібек ұрығын шашының ішіне тығып алып шығып, шекарадан аман өтеді. Солайша жібек өсіру ісі осы өңірге тарайды.
Кейін халық осы оқиғаны мәңгі есте сақтау үшін “Жібек таратқан ханшаны” бейнелеп, ағаш тақтайға сурет ойып қалдырған. Міне, мен сол тақтайды таптым!
Рамкинг те таңғалып, бұл тақтайшаның тарихи маңызы зор екенін мойындайды:
– Хотан өңірінде жібек шаруашылығының ерекше дамуы тегін емес екен ғой, – дейді толқып.
Стивен ойланып:
– Хотандықтар жібегін тек ханзуларға сатып, ал ағылшындар мен орыстарға сатпайтынын көріп едім. Мүмкін, бұл – сол ханшаны ұлықтау дәстүрінің жалғасы шығар? – дейді.
Бірақ Рамкинг оны түзетіп:
– Жоқ, мырза. Қазіргі кезде Цин үкіметі Хотанда арнайы жібек басқару мекемесін құрған. Онда ішкі өлкелерден келген ханзу бойжеткендері жергілікті халыққа жібек өсіру техникасын үйретіп жатыр. Сондықтан халық ханзуларға сенім артады, – дейді.
Стивен Хотан мен өзен аңғарларындағы көне қалалардың орнын үш апта бойы қазып, Хотан жазуымен және ханзу жазуымен жазылған көптеген кітаптар мен хаттарды қолға түсіреді.
1901 жылдың қаңтар айында ол Ние дариясының бойынан көне Ние қаласын, ал кейін Әндер дариясының бойынан Байырғы Әндер қаласын, Кения өзенінің бойынан Рауан қаласын табады.
Барлық табылған жәдігерлерді 12 үлкен сандыққа салып, 1901 жылдың 28 наурызында Хотаннан ұрлап алып кетеді.
Сол жылдың 2 шілдесінде Стивен Лондондағы Ұлыбритания музейіне барып, арнайы лекция оқиды. Бұл оқиға Англияның ғылыми ортасында үлкен шу туғызды.
Стивен кейін осы табылған жәдігерлердің негізінде “Ертедегі Хотан” атты кітап жазып, оны 1903 жылы жариялады. Бұл еңбек Еуропада зор ықыласпен қабылданып, ғалымды атаққа бөлейді. Сол жылы Англияның Географиялық қоғамы оған Бакран орденін табыстайды.
Осылайша Стивен Батыс археология тарихында бір мезетте атаққа ие болып, бірақ сол атақтың артында ұрланған Шығыс мұраларының ізі қалды.
Қажет АНДАС
“Q-Andas” ақпараттық агенттігі
Жалғасы бар…











