Бала кезімізде әжеміздің әдемі ертегілерін естіп өстік. Оның ішінде күлкіге қарық қылатын хикаялар да, қорқыныш ұялататыны да, нәзік сезіміңді алыс арманға жетектейтіні де кездесетін.
Патшаның жүкті болған кіші әйелі жолбарыстың жүрегіне жерік болыпты.
– Осыны тауып әкелген адамға сұлу қызымды және патшалығымның тең жартысын бөліп беремін! – деп жарлық етіпті хан.
Бұл жолда талай адам мерт болып, соңында ханшайымға бұрыннан ғашық болып жүрген тазша бала сансыз қиындықты басынан кешіре жүріп тапсырманы толығымен орындап мұратына жеткен екен. Осы ертегіні естігенде әжептәуір ойланып қалушы едік. Бізге де сондай бір бақыт бұйырса деп армандаған кездерімізде болған.
Ал мектеп табалдырығын аттағаннан кейінгі жағдай мүлде басқаша болды. Иә, мектеп-білім ордасы. Дей тұрғанмен, ол бір кездері қызыл өкіметтің құралы ретінде жұмыс атқарып келді. Біз сол атышұлы биліктің қаны жерге тамбай тұрған жылдары ержеткен түлектерміз, алған тәрбиеміз де сол таптың белгілеп берген сызығынан шығып кеткен жоқ. Ол кезде әлгінде айтылған ертегіні бізге үстем таптың еңбекші бұқараны езіп-қанғанының сипаты ретінде түсіндіріп, өзге ұлттың жылтырағын санамызға тықпалады. Соның әсерінен қастерлі тағылымдарымыздан безініп, өзімізді керемет қайырымыы мол қоғамда туылған ұрпақпыз-ау деп өстік.
Өткенге салауат. Тәуелсіз ел болдық, өткен тарихымызды, ондағы мұрамызды қайтадан зерделейтін кез келді. Расында, біз көп нәрсеге басқалардың көзімен қарап келіппіз. Асылдарымызды жасық етіп, бар байлығымыздың бағасына жете қоймаппыз. “Жолбарыстың жүрегіне жерік болған” дейтін терминді ешбір ұлттың мұрасынан кездестірмедім. Қысқасы, осы бір ауыз сөз біздің қайсар халқымыздың кір шалмас қасиеті секілді. Мұнда ұлттың ұландарын жарық дүниеге әкелетін аналарға деген құрмет, аялау, асқақ үміт, жүкті аналарға қолдан келер барлық жақсы жағдайды жасау керек дейтін міндет, ұлт келешегіне арқалатар ауыр жауапкершілік жатыр екен-ау. Бұл – бәрінен ана мұратын биік санайтын халықтың хатқа түспеген пәлсапасы, ол – “жатыры жаманның жатысы нашар болады” деп келетін ұғымның төркіні. Оның арғы астарында қалжаға еркек тоқты сою сынды қазақ халқына ғана тән дәстүр бар, мұның бәрі сабақтаса келіп ұрпақты бәрінен ұлық көретін ұлттық ұғым шығады. Жолбарыстан да жүректі ұлды тек жолбарыстың жүрегіне жерік болған халық тудыра алады деген ой. Төл тарихымыздың тек батырлардың атымен қоса жырланатындығы осы жағдайға байланысты шығар.
Қажет Андас
«Q-andas» ақпараттық агенттігі.











