Q-Andas
No Result
View All Result
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Білім
    • Денсаулық
    • Спорт
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қасиетті жерлер
    • Қоршаған орта
    • Шалғай ауыл
    • Әдебиет
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тарих
    • Тұлғатану
    • Туризм
    • Мәдениет
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Андас Омарақын ізімен
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат
  • Qazaq
  • توتە جازۋ
Q-Andas
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Білім
    • Денсаулық
    • Спорт
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қасиетті жерлер
    • Қоршаған орта
    • Шалғай ауыл
    • Әдебиет
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тарих
    • Тұлғатану
    • Туризм
    • Мәдениет
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Андас Омарақын ізімен
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат
No Result
View All Result
Q-Andas
No Result
View All Result
Басты бет Мұрағат Андас Омарақын ізімен

Қызай елінде өткен айтулы астар

admin
2026/02/18
Андас Омарақын ізімен
0
Қызай елінде өткен айтулы астар

Басы         

ЕСТЕМЕСТІҢ АСЫ

 

1935 жылы 7 айда Тәңірберді Солтанкелді руының болысы Естемес қажы  Есенұлының асы Күнес Нараттың Көкөзек өстеңінің көмейінде өткізіледі. Оған 100 үй тігіледі. Әр үйдің иелері  күтуші болып бірге келеді. Асқа екі ай бұрын сауын хат таратылып, Іледегі Қызай елі түгел хабарланады. Бұратала Шахар мұоғолдары мен Жұлдыз торғауыты қоса шақырлады. Іле даутайы Алмасбек Тұрдақынбайлар 100 әскермен келіп, астың тыныш өтуіне қорғаушылық етеді. Оған керекті барлық науат, қант, шай-шалаң, азық-түлікті алдын ала 7 адамға 30 өгіз айдатып Құлжадағы Ғылажданбай деген саудагермен біртұтас тасып алдырады. Астың барлық шығымын Естеместің баласы Қанатбек ақалақшы өз үстіне алады. Оны Даутай Тұрдақынбай, Мақсұт ақалақшы,  Дәрубай ақалақшылар басқарады. Алыстан келе жатқан қонақтарды Бижан бастаған зәңгілір күншілік жерден алдарынан шығып қарсы алып тұрады. Оларды алдымен Естемес қажының үйіне түсіріп, Құран оқытып, қымыз-шайін ішкізіп, етін жегізіп, сыйлап күтіп алғаннан кейін орнына қарай тігілген үйлерге орналастырады. Аста Қонақбай Жаядан балуан моңғолдың шынжырлаулы Көк бұқасы мен қоса 9 балуанды арт-артынан жығады. Одан басқа мысқал ілу, жорға салыстырулар болады. Бәйгеге 500 ат айдалады. Атты Қарағайлы судың құйғаннан қоя беріп, Бәйге төбеден тосып алады. Алдыңғы ат Соқыртәнік қара Керімбектің қара қасқа аты болып 100 жылқы, екінші ат Естеместің аққұла аты болып 80 жылқы сыйлық алады, тағы да 40 атқа бәйге беріледі. Сөйтіп ас дарқан той болып тарқайды.

 

АЖЫНЫҢ (ҚАЖЫ) АСЫ

 

Елім бай, жұртым жомарт, халқым сергек,

Жуылған сәтті күні біздің жөргек.

Байлық пен жомарттықтың арқасында,

Естекеңе болды бір нәзір бермек.

Күтпекші Солтекеңнің бар баласы,

Алысқа хабар айтып, құлаш сермеп.

Шақырды кеңесуге тату досты,

Төрт болыс ақылдасып, басын қосты.

Тойеке, Нүптекенің нәзіріндей,

Болсын деп жайлау үсті күнін тосты.

 

Арт жағы ажы атамның той болсын деп,

Кейінгі өрендерге ой болсын деп.

Жасаулап жүз үй тігіп, бір кешіне,

Бір бие, бірден сойыс қой болсын деп.

 

Болыстар ақылдасты осыны ойлап,

Жүз бие, үш жүз қойды болды соймақ.

Ат шауып, балуан түсіп, көкпар тартып,

Қайтсын ел ажы бабам артын тойлап.

 

Билікке келді билер бас құрасып,

Береке-бірлік етіп талқыласып.

– Қадірлеу ер аруағын жөн, – деп тапты,

Тұрған соң ата дәулет шалқып, асып.

 

Кеңесте кім жалтарып, күлгірсімек,

Былайша шешім тапты мың бір тілек.

Бәйгесі екі аттың сексен жылқы,

Берілмек бірінші атқа жүз жылқы деп.

 

Шындықтың шығып кетпей жүйесінен,

Тартыстың ұтып шыққан тіресінен.

Одан соң таратылмақ бәйге жолы,

Қырық биге атқа келген ретімен.

 

Шығарды кеңестің бұл баянатын,

Жері жоқ байлық барда аянатын.

Қанатбек, Мақсұт болды басқаратын,

Ақылмен ақ-қараны айыратын.

 

Бойына Көкөзектің үй тігілді,

Арасы алыс емес, жиі тігілді.

Дәлдігін болған істің өзім жаздым,

Кетірмей жалған айтып сүйкімімді.

 

Адамды кет демеген түсі бөтен,

Атамыз сонда мәкең жігіт екен.

Қасымхан шимандай ғып үйін тіккен,

Тұрымхан бес жасында біледі екен.

 

Сол кезде менің дағы он бір жасым,

Тіл-жағым сөйлей берсін болдырмасын.

Жаңаға жаны құмар тамашашыл,

Аударған бала күнім бар ынтасын.

 

Анықтап хатқа салып жыл, ай, күнін,

Тарқатты сауын хатты бір ай бұрын.

Жұлдыз бен Боратала моңғолы бар,

Шақырды үйсін, найман, қызай елін.

 

Дәм татып, адамдарды нәзір астан,

Айтайын келгендерді бір-бір бастан.

Лыпылдап даяшылар жүр жүгіріп,

Жүз бие, үш жүз қойдың етін асқан.

 

Тұрдақын келді Даутай серігімен,

Құралды қырық атты шерігімен.

Оязни киген киім, бөрте шәпкі,

Қорғайтын амандықты сенімімен.

 

Бітірген құрбысынан ісін оза,

Асығып алғы істерге мойын соза.

Шәңгүні Тоғызтарау ауданының,

Келіпті көп адаммен Нәзірқожа.

 

Бермейді тұлпар теңдік қызбағанмен,

Керейден Мұқыш келген жүз адаммен.

Адамнан араласқан анықтадым,

Ертерек қағаз алып сызбағанмен.

 

Үйсіннің көрдік Әлжан аталасын,

Албанның аты шулы бір атасын.

Кепті олар көп адаммен, көзі көрді,

Қызайдың  Қыдыр шалған ықыласын.

 

Қалмақтың Жұлдыздағы ханы келді,

Күжідай мен Тошыласын тағы келді.

Дейтұғын қазақ-қалмақ киіз туырлық,

Ханның да ақбоз үйде бабы келді.

 

Осқыртып бір асауды құлақтады,

Сойыстың ханға лайық малы келді.

Күреден маржан тасты ұлық келді,

Сескентіп айбынымен қалың елді.

 

Құлжадан ұйғыр, өзбек, татар келді,

Сымайыл бір топ қырғыз қатар келді.

Түріліп ақбоз үйдің есіткері,

Қонақтың көрсетілді жатар жері.

 

Самадан Әуелхан гүң төре келді.

Төреге төрдегілер түрегелді.

Қасында қасқа, жайсаң, жүйрігі бар,

Інісі Әбілхайыр ере келді.

 

Көп адам Мақсұт келді Бегімбеттен,

Болжылды мезгілінде келіп жеткен.

Қасында Сағат деген шешені бар,

Туғызып сөзден сөзді желіндеткен.

 

Қолында Әшікемнің домбыра бар,

Күй сазын оңды-солды безілдеткен.

Дербістен келді Алпысбай құда болыс,

Жасылкөл, Жаутоғайы ірге қоныс.

Жұраты Естекеме қыз беретін,

Нәзірді өтеседі үлкен борыш.

 

Қасында бірнеше адам жолдасы бар,

Жапсарбай сөзге шешен жорғасы бар.

Әрі ақын, әрі балуан, сөзі өткір,

Хатшысы Таңжарықтай молласы бар.

 

Матай мен Шоқпар жақтан Малай келді,

Өзіне туыс, жақын балайды елді.

Садыр мен дөртуылдың адамдары,

Ілесіп Малайменен талай келді.

 

Қызайдың сәнін көзбен көрген кезде,

Таңырқап айналаға қарай берді.

Малайдың өзі болыс, өзі шешен,

Нәзірге ерте кепті талай ерді.

 

Меңістің бір баласы Тілеуберді,

Айтайын өсіп-өнген іргелі елді.

Қағазға түсірейін өлең ғылып,

Аңыз боп ел аузында жүрген еді.

 

Құрадым ел аузында әңгімені,

Алайда артық-кемін ел біледі.

Жолболды, қара торғай, оразайдан,

Дәрубай, Мазақ болыс сәнді келді.

 

Есенқұл, Темір менен Қожаназар,

Қарадан шешен Серке, Секе келді.

Сыртынан атын естіп, құмар болған,

Осы аста жолықтырдық көсем ерді.

 

Меңістің бір баласы Тәйірберді,

Қонақжай көрдік мұнан байырғы елді.

Қуантып, дос көңілін шаттандырып,

Байлығы ел аузына жайылды енді.

 

Бір ұлы Тәйірберді Құдайназар,

Әке ісін артындағы бала жазар.

Келгендер Күнес бойын дүбірлетті,

Елге арын, кіргізгендей далаға ажар.

 

Айырылмас ел әрқашан қорғанынан,

Құрбы да аты шығып, озған ұлан.

Кәдірсіз ерте кепті, ұлы ақын,

Тастамай Асылханды өз жанынан.

Кенжесі үш жетімнің Солтангелді,

Көрсетті мырзалықпен берегенді.

Болса да төре, қара бірдей күтіп,

Жимады дастарқан мен тегенені.

 

Сауын хат тигендердің бәрі келді,

Тіл қысқа айта алмады бәрін енді.

Жігіттер ат үстінде табақ тартып,

Жорға мен жосылтып жүр ылди, өрді.

 

Көл-көсір сары қымыз сабасымен,

Құйылып қос саптаяқ, шарасымен.

Кермеде ат, келген қонақ күтілуде,

Бәйге аттар бағылуда баласымен.

 

Күй сазы, өлең үні, ән ырғағы,

Аспандап ақбоз үйлер арасымен.

Асылқан, Таңжарықтың әуендері,

Күнестің көкке өрледі сағасымен.

 

Табысты біліспеген, көріспеген,

Бола ма көл-көсірді жеп-ішпеген.

Қазақтың кең пейілі дастарқаны,

Енші ғой арадағы бөліспеген.

 

Қанатбек, Мақсұт болып басқарып жүр,

Дәрубай, Мазақ, Малай қасқарып жүр.

Жұмәділ, Алпысбай мен Оразқандар,

Әйгілі ақындарын қасқа алып жүр.

 

Ал енді сөз етелік ат жарысты,

Бұлжытпай ретімен хаттағы істі.

Жарыстың дайындығын істемекке,

Мақсұттар майдан жаққа аттанысты.

 

Сыншылар ат сынайды айналсоқтап,

Таңғалып кей саңлаққа көзін оқтап,

Сұрайды кейбір сыншы түстеп келіп,

Құла мен қара қасқа атты жоқтап.

 

Бәйге атқа балаларға мінген баптап,

Шақ киім, жеңіл қамшы берді саптап.

Айып мампаң көп жігіт бастап барып,

Атшабар жаға жолды көрді нақтап.

Көпбесі Көкөзекте Бәйге төбе,

Жиналған қалың халық, қара-төре.

Құйғаннан Қарағайлысу ат қайтады,

Делінген құлақ түрді әңгімеге.

 

Уағы ат айдаудың келді таяп,

Тұрғандар көрінбейді енді қарап.

Бес жүз ат түгел шықты тізімделген,

Қалмаса көзге түспей некен-саяқ.

 

Қос топшы, бөкен танау мойны иіліп,

Шықты аттар нелер саңлақ, өрен жүйрік.

Жараған қалшылдайды баурын тартып,

Жібек жал, келте құйрық аз сұйылып.

 

Әр тайпа, әрбір ру, әрбір елден,

Дәмелі дегендердің бәрі келген.

Құйрығы мен кекілін ақпен буып,

Шын бабында бүркіттей түлкі көрген.

 

Жеңіл ер, бір тоқыммен төстей тартып,

Жұлқынған  арыстайдай жерді тартып.

Суырылып топтан шығып қоя бер деп,

Сүйенер бір-біріне иек артып.

 

Бәйге атқа мінген бала пысық, ширақ,

Алыпты дағдыланып пысып-ширап.

Он бір мен он үш жастың аралығы,

Үлкендер көрінбейді ұзын сирақ.

 

Жүйріктер ал қоя бер жібер дейді,

Сақтанып мінген бала жібермейді.

Жүйріктің жалы жұмсақ, басы елпек,

Жануар сүт ішеді, сұлы жейді.

 

Уақыт келіп жетті ат шабатын,

Күтуде жұрттың бәрі сәт сағатын.

Адам бар әр ұлттан басын қосқан,

Қазақтың көруге іңкәр салт-санасын.

 

Кеткен соң ат айдаушы аттарды айдап,

Балуандар дайындалды белін байлап.

Қалмақтың көк бұқасы шықты ортаға,

Жер тарпып, шынжырлаулы одағайлап.

Күреске қазақтар да даярланды,

Ел үшін емес ерлер аяр жанды.

Қалмақтың балуанына салмақ болды,

Күрескер өз балуаны Жаяданды.

 

Жауырыны тұлғасындай туған айдың,

Бұлшығы жаясындай асау тайдың.

Балуандық үзілмеген туысынан,

Кенжесі Есенгелді Қонақбайдың.

 

Осылай қос аюды алыстырды,

Аллалап тілеулестер алыс тұрды.

Қалмақты жәкең бір кез алып ұрып,

Қайқайтып қара жерге жабыстырды.

 

Басқа ешкім Жаяданға беттемеді,

Ішінен жығылғандар кектенеді.

Бес келсін, нешеу келсін, бірі келсін,

Жаядан күреспеймін кет демеді.

 

Күшке сай әдісі бар неше балуан,

Жығылды Жаяданнан тоғыз балуан.

Қанатбек ел алдында мақтаныш қып,

Кигізді көк мәуіті жаңа шапан.

 

Мұнан соң мысқал ілді жастар жағы,

Үзеңгі табан тіреп баспалдағы.

Икемді, епті жігіт іліп кетті,

Майыспас салалы қол баспармағы.

 

Додасыз болды көкпар қырғыз тартыс,

Үлкендер жігіттерге жаудырды алғыс.

Ат қайтар болды уақыт, – деді Мақсұт,

Болыпты осы кезде тапа-тал түс.

 

Көк серке бөлінген жоқ бітеу күйде,

Тартып кетті жастар жағы үйме-жүйме.

Арт жағы ажы бабам той болсын деп,

Лақтырды көк серкені үлкен үйге.

 

Нұрипа серкені алып кіргізді үйге,

Болмайды түйме-түйе, түйе-дүние.

Жолдығын жігіттердің берді бөліп,

Ұлттық мұның өзі үлкен жүйе.

Осымен көкпар, мысқал, бітті балуан,

Тоқтатып тамашаны басқа алуан.

Ат келер болды уақыт бешінге ауып,

Бастайын әңгімені енді содан.

 

Жақындап шаң келеді будақ-будақ,

Айғайлап көтерілді халық шулап.

Шеріктер Тұрдақын бай алып келген,

Шақырды тәртіпке елді сөзбен қузап.

 

Келеді ұзап шығып екі ат дара,

Көмбеге қалды әудем жер жақын ара.

Тігілген қалың көзге нақ айырылып,

Көрінді бірі құла, бірі қара.

 

Тебініп мінген бала қамшы басып,

Жүйріктер бір-бірінен келеді асып.

Құла аттан тер шықпайды шабысы үдеп,

Келеді езуінен көбік шашып.

 

Көмбеде тұрған халық көзін тігіп,

Жол берді бәйгелерге айқара ашып.

Құла аттан құйрық тістеп келіп жетті,

Қара қасқа атпенен тайталасып.

Қара қасқа аттағы Ағызанбек,

Келеді Бексейіт деп аузын ашып.

Медетбек құла аттағы Солтекең деп,

Ұрандап кірді топқа араласып.

Шөлдепті Ағызанбек өңі қашып,

Медетбек манаурайды құп жарасып.

Күш бермей ауыздыққа жаңа қызған,

Тоқтады зорға құла белден асып.

 

Қызығып қалың халық қарап тұрды,

Көрмеген ұзақ жолды бұйым құрлы.

Шабысы қос баранның осы келген,

Тамсантып адамдарды таңғалдырды.

 

Келеді басқа аттарда умақ-шумақ,

Алдыдан өтіп жатыр оқтай зулап.

Қызығы ат шабыстың осы емес пе,

Айғайлап ұран салды ел улап-шулап.

 

Бәйгеге қырық ат болды ілінгелі,

Жүлде алып көп алдында білінгені.

Бала сау, адам аман, аттан басқа,

Келді арттан тезек теріп сүрілгені.

 

Төрт ат өлген бес жүз аттан түгендесе,

Бар аттар үкіленген күні кеше.

Басқа аттар аман-есен кепті түгел,

Берелік атқа бәйге ал ендеше.

 

Бас бәйге жүз жылқы алды қара қасқа ат,

Бірінші бола алмады бұдан басқа.

Екінші ат Қанатбектің ақ құла аты,

Басқаны жаңылдырған деспен жасқап.

 

Қаратты екі болыс жанды өзіне,

Беделдің бастық жақсы бар кезінде.

Құла атқа тиген бәйге сексен жылқы,

Ажының аруағы үшін қалды өзіне.

 

Қорытынды шығып жарыс тіресінен,

Әркімді алды игілік үлесінен.

Бір-бірлеп таратылды бәйге жолы,

Одан соң қырық атқа ретімен.

 

Тамаша неше алуан шіркін, жақсы-ақ,

Көңілім тамашасыз жүдейді ақсап.

Ат шауып, көкпар тартып, балуан салып,

Осылай тарады ел, басылды ап-сап.

 

Естіген әңгімемді бала жаста,

Жырладым жалған қоспай араласпа.

Ал, халқым, түзеп оқып кешірерсің,

Кей жері артық кетіп бара жатса.

Әбілқайыр АСҚАРБЕКҰЛЫ.

Реттеп жазған Андас Омарақынұлы

 

 

 

Дереккөз: Тарих талғарында [Мәтін] : (Тарихи зерттеулер, эссе, мақалалар) / А. Омарақын- Талдықорған : [б. ж.] , 2022.– 500 дана . – ISBN 978-601-7865-39-9 (1-т.), ISBN 978-601-7865-36-8 1-том .– 287 б., суретті .       

https://kazneb.kz/kk/catalogue/view/1657755

“Q-Andas” ақпараттық агенттігі

Жалғасы бар…

0 0 votes
Рейтинг статьи
Қаралым 24
Елдіктің жолы
Андас Омарақын ізімен

Елдіктің жолы

April 16, 2026
Құт мекен
Андас Омарақын ізімен

Құт мекен

April 15, 2026
Білім көкжиегі
Андас Омарақын ізімен

Білім көкжиегі

April 13, 2026
Ұлар мен қырғауыл
Андас Омарақын ізімен

Ұлар мен қырғауыл

April 6, 2026
Ас-мас, ат-пат, жігіт-мігіт
Андас Омарақын ізімен

Ас-мас, ат-пат, жігіт-мігіт

April 3, 2026
Іле мен Күнеске қатысты аңыз-ертегілер
Андас Омарақын ізімен

Іле мен Күнеске қатысты аңыз-ертегілер

March 31, 2026
Subscribe
Login
Notify of
guest
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
Мұқаншының Мұхиты

Мұқаншының Мұхиты

April 16, 2026

Біз үшін қастерлі есім

Біз үшін қастерлі есім

April 16, 2026

Шәкірт мақтанышына айналған

Шәкірт мақтанышына айналған

April 16, 2026

Жаркент уезі (1926 жылғы мәлімет бойынша)

Жаркент уезі (1926 жылғы мәлімет бойынша)

April 16, 2026

Елдіктің жолы

Елдіктің жолы

April 16, 2026

Ақпараттық агенттігі

Меншік иесі: “Жетісу” өлкетанушылар орталығы” қоғамдық бірлестігі
Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы “Болашақ” шағын ауданы, 12-27

Q-Andas желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2025 жылғы 19 наурызда тіркеліп, № KZ21VPY00115275 куәлігі берілген.

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

Тел: 8 747 706 1382
email: andas_kazhet@mail.ru

qandas.kz © 2025. Барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.

  • Qazaq
  • توتە جازۋ
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Білім
    • Денсаулық
    • Спорт
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қасиетті жерлер
    • Қоршаған орта
    • Шалғай ауыл
    • Әдебиет
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тарих
    • Тұлғатану
    • Туризм
    • Мәдениет
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Андас Омарақын ізімен
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат

© 2025 qandas.kz

wpDiscuz