Шіденің айналасында бірталай үзеңгі жолдас серіктері, батырлары, ақылшылары мен шешендер болған. Батырлардың қатарында атақты Бұғыбай, Қырықбай, Тиындар болса, Шіденің бес шешені атанған Құлшығаштан Мешпет, Оразайдан Жобалай, Көрпештен Игібай, Игісат, Қасқақтарды атауға болады. Батырлардың ерліктері көбінше Шідемен қатысты айтылады. Қырықбай Торғай ішінде Сегіз Аманбайдың үлкені Төбеттің төртінші ұлы Сағиттың баласы. Ал Бұғыбай Шіденің бауыры, Сүттібай ауылынан Сәрсембінің баласы. Сәрсембі Қаракерей Қаракесек батырдың қызын алып, одан Бұғыбай туады. Нағашысы Қаракесек Бұғыбайды бала қылып алып, сол кісінің қолында өседі. Ол бала жасынан алып күштің иесі болып, белдескенін шетінен дығып отырған балуан болып өседі. 16 жас кезінде бір арыста өзімен теңдес балуандардың бәрімен белдесіп, бәрін жығады. Сонда араларынан біреуі: «Сіңбе, неме, неменеңе құтырасың», – деп қалады. Осы сөзді естіген Бұғыбай нағашы апасына келіп, істің мән-жайын сұрайды.
Сонда шешесі:
– Қыздан туған жиенсің. Асықты жілік ұстатып, бауырыма салдып алғанмын. Қызай деген елік бар, Шіде батырдың туысқанысың, – дейді.
Бұғыбай осыдан кейін өз елін тауып алуға қамданып, үлкендердің алдынан өтеді. Ауыл ақсақалдары жиылдып, оған батасын беріп аттандырады.
Қос атпен жолға шыққан Бұғыбайды жолда ұйықтап жатқан жерінде тонаушылар ат-көлігі мен қару-жарағын, киім-кешегін ұрлап, жаяу қалады. Күндіз бекініп, түнде жол жүрген Бұғыбай жолшыбай кезіккен бір ауылдың шеткі қонған үйге түн ішінде ұрланып кіріп, керегеде ілулі тұрған жігіт киімін, сөреден азық-түлік алып, кермеде байлаулы тұрған қос аттың бірін ерттеп мініп жолға түседі.
Дәл сол күні жігіттерімен жотуылға шыққан Шіде батыр Қойтас деген жерде қонып жатып, түс көреді.
Тәңертең жолдастарына:
Түнде түсіме Бұғыбай кіріпті бізді іздеп келе жатқан шығар. Алдынан шығайық, – деп суыт аттанады.
Айтқандай, түс ауа көз көрім жерден салт адам көрінеді. Жақындап келіп танысқанда Бұғыбай болып шығады.
Қатарына Бұғыбай қосылғаннан кейін Шіденің күші тіптен арта түседі. Бұыбай кейін Шіденің Бұраталаның қыстаулық жерін алуға үлкен ерлік көрсетеді. Кейін Бұрқан шоқы, Тосқуыр деген жерлер Бағыбай қыстауы атанады. Шіден, Қырықбай, Бұғыбай қатар жүргенде ешкім оларға батынып тисе алмайды екен. Осыдан кейін ел арасында «Шіденің сенгені Бұғыбай, Бұғыбайдың сенгені бір құдай» деген сөз тарап, кейін қызайлар арасында батырлық пен сенімділікті бейнелейтін қанатты сөзге айналып кеткен.
«Заманың жақсы болса, жердің астынан үсті жақсы,
Заманың жаман болса, үстінен асты жақсы».
Бұл Дәрубай Сүртіұлынан (1870-1939) тараған тәмсіл сөз. Атасы Қойгелді, әкесі Сүрті сол тұста ел құрметіне бөленген адамдар. Шешесі Айгерім қаракерей мамбет руының қызы. Бала жасынан зерделі, зерек болған ағасы Шерінжаптың қайын атасы Қара Айт батыр сібірге жер аударылып, кейін ақталып Семейде тұрған кезінде Абай Құнанбаевпен кездескені туралы әңгімелерін көп естіп, қызайлар арасында Абайды алғаш таныған адам ретінде тарихқа қалды. Дәрубай 1938-1939 жылдары қанішер Шыңшысайдың қақпанынан қашып, ел кезіп, жасынып жүрген кезде шығарған тәмсіз сөзі екен. Оның елмен қоштасарда айтқан:
Қаражондай жер қайда,
Қожаназардай ел қайда.
Енді көреміз бе, көрмейміз бе, қош енді,
Айырылған жерім осы енді, – деген сөзі де ел арасына кең тараған.
Жерді көрсең Наратқа(1) бар,
Озатты көрсең Манапқа(2) бар,
Бәйгені көрсең кері атқа(3) бар.
- Нарат – Күнес ауданының басындағы топырағы құнарлы, шөбі шүйгін, суы тұнық, табиғаты тамаша жер.
- Манап Ахметшеұлы (1909-1985) Шиңжияңда тұңғыш рет Ылайстай мал кооперациясын құрған адам.
- Кері ат – Нараттан шыққан. 1959 жылы Қытайда өткен бірінші реткі ат бәйгесінде бас жүлдені иеленген ат.
Дереккөз: Тарих талғарында [Мәтін] : (Тарихи зерттеулер, эссе, мақалалар) / А. Омарақын- Талдықорған : [б. ж.] , 2022.– 500 дана . – ISBN 978-601-7865-39-9 (1-т.), ISBN 978-601-7865-36-8 1-том .– 287 б., суретті .
https://kazneb.kz/kk/catalogue/view/1657755
“Q-Andas” ақпараттық агенттігі
Жалғасы бар…











