1822 жылы қабылданған «Сібір қазақтары туралы уставына» байланысты қазақтар мекендеген жерлерде сегіз сыртқы округі құруды жариялады. Осыған орай 1842 жылы Қарқаралы және Құсмұрын сыртқы округі, 1831 жылы Аягөз округы, 1832 жылы Ақмола және Аманқарағай, 1833 жылы Баянауыл және Үшбұлақ, 1844 жылы Көкпекті округы ашылды. Бір жағынан қазақ даласына қытайлар да көз сұғын қадай бастады. Қысқасы, орыс пен қытай өз білгенін істеп, 1851 жылы Қытай мен Ресейдің «Іле – Тарбағатай сауда ережесі», 1860 жылы «Қытай мен Ресейдің Бейжің шарты», 1881 жылы «Қытай мен Речейдің Іле шарты» сияқты теңсіз шарттар жасалып, қазақтың қасиетті атамекенін бөліске сала бастады. Қой дейтін қожа, әй дейтін әже болған жоқ.
Өкініштісі, осы келісімдердің бірінде бұл өңірдің тарихтан бергі иегері болып келген қазақ руларынан бірде-бір адам қатыспаған. «Ит жуаны боқ бермес» дегендей, орыс-қытай өз білгенінше бөліске салып, ел арасын лаңдап жатты. Мұндай бассыздыққа қазақ батырлары да қарап қалған жоқ. Атажұртқа сұғынып кірген отаршылдарға қарсы қазақ даласының әр тұсынан Исатай мен Махамбет, Кенесары, Жанқожа, Естай бастаған ерлік күрестер жүргізілді. Бұл батырлық жорықтар Тарбағатай өңірінде орын алды. Орысқа қарсы Сыбанқұл бастаған, қытайға қарсы Құрбан қажы (Қоңыз) батыр бастаған Қаракерей балалары атқа қонды. Құрбан қажы (Қоңыз) батыр басшылық еткен көтеріліс Қытай архивтерінде Бор батыр мен Қоңыздың көтерілісі делінсе, Сыбанқұл бастаған көтеріліс Байжігіт көтерілісі деген атпен хатқа түсіп отырған.
1860 жылдардан кейін Тарбағатайдың күнгей бетіндегі қазақтар Қытай әскері мен жергілікті дүңгендерден көп зорлық көреді. Озбырлыққа шыдамаған қазақтар Құрбан қажы (Қоңыз) батыр мен Қазақбай Көмеш батырдың айналасына жинала бастады. Оларға дүңген Бор батырдың жасағы да қосылады. Жұмықтар қытаймен соғысуға қол жинап жатыр дегенді естіп, Қабанбайдың ұрпағы Әлібек батыр Құлдың отыншы батыры мен Тоқыр биін ертіп көмекке келеді. Бұл соғысқа Байеке болыстың бастауымен қызай жігіттері де аттанады. Олар 1860 жылы 1-айдың 27 күні қытай әскеріне қарсы соғысқа шығады. Бұл соғыс үш жылға жалғасады. Қытайларда ойраттың Шаған кеген бастаған ойрат пен моңғолдың, қалмақтың, мәнжүр, сібе-солаңдардан құрылған әскермен қарсылық көрсетеді. Қазақ батырлары үш жыл толарсақтан қан кешіп жүріп, қытайларды Алтай, Іле, Тарбағатай аймағынан түгел қуып шығып, Еренқабырғадан ары асырып тастайды.
Соның ішінде Ұлтарақ батыр Ақтүбітұлы да болған еді. Үлкендердің айтуынша, ол кісі 1801 – 1889 жылдар арасында өмір сүрген айтқанынан қайтпайтын, бір беткей, алысқанын жеңбесі кеңірдегінен ас өтпейтін өр мінезді адам болған. рақ батырдың көп ерлігі бүгінде насихатталмай келеді. Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданына қарасты Қалба тауының баурайында туған. Қызай елінің Тарбағатай, Майлы-Жайыр, Тоқтабарлық қоныстарында балалық, жастық, соңғы өмірін өткізген. 1839 жылғы қызай ауылдарын шауып алу үшін аттанған Ханқожаұлы Сыбанқұлдың 900 адамдық қосынына қарсы соғысқа, 1860 жылдары ҚХР Шәуешек қаласында қазақ-дүңген бірігіп, Цин империясының отаршылдарына қарсы аттанған Бор батыр көтерілісіне қатысып, үлкен ерлік танытқан. Қоңыз батыр көтеріліснде Ұлтарақ бабамыз Қаракерейдің Анданас (Андас) батырымен төс соғыстырып дос болған екен. Ол шырғаға түсіп, қойға батып қайтыс болғаннан кейін оған тән ер-тұрмандарын жақын өткен саптастарына Қаракерейдің Қоңыз батыры үлестіріп беріпті. Сонда бұл тоқым Ұлтарақ батырға тиесілі болған деседі. Кейін қайтыс боларында балаларымның бірінің атын Андас деп қойыңдар деп өсиет қалтырыпты. Сол серті үшін 1944 жылы мен туылғанда 93 жастағы Жансарбай атам менің атымды Андас қойған екен. Тоқымдағы өрнек Қоңыз батырдың жорық туының жиегіне салынған өрнекпен бірдей әдіптелген деп отыратын үлкендер (ол ту ел арасында бар деп естідік). Көн тоқым Ұлтарақ батырдан ұлы Жансарбай емшіге, одан Омарақын зәңгіге мұраға қалған.
Тарих талғарында [Мәтін] : (Тарихи зерттеулер, эссе, мақалалар) / А. Омарақын- Талдықорған : [б. ж.] , 2022.– 500 дана . – ISBN 978-601-7865-39-9, ISBN 978
https://kazneb.kz/ru/bookView/view?brId=1657755&simple=true#











