Қазақтың дәстүрлі мәдениетінде ұршық – қарапайым тұрмыстық құрал ғана емес, ұлттың дүниетанымын, еңбек философиясын және әулеттік сабақтастықты айқындайтын киелі нышан. Көшпелі өмір салтында әрбір заттың өзіндік мәні болған. Ұршық сол заттардың ішінде ерекше орын алады. Ол жүннен жіп иіруге арналған құрал бола отырып, қазақ қолөнерінің, тұрмыс-тіршілігінің және рухани түсінігінің бастауында тұрды.
Мал шаруашылығы үстем болған қоғамда жүн өңдеу – күнделікті өмірдің ажырамас бөлігі еді. Жүннен жіп иіріліп, одан киім-кешек, арқан-жіп, басқұр, алаша, кілем тоқылды. Киіз үйдің ішкі-сыртқы жабдықтарының өзі иірілген жіптен бастау алады.
Осылайша ұршық – өндірістік үдерістің алғашқы буыны. Ол болмаса, қазақтың дәстүрлі қолөнер жүйесі толыққанды дамуы мүмкін емес еді. Сондықтан ұршықты тек құрал емес, тұтас мәдениеттің тірегі деп қарастыру орынды.
Ұршық көбіне аналар мен әжелердің қолында болды. Қазақ қоғамында әйел – отбасының берекесі мен тәрбиенің өзегі. Қыз балалар ерте жастан жүн түтіп, ұршық иіруді үйренген. Бұл олардың сабырлылық, ұқыптылық, еңбекқорлық қасиеттерін қалыптастырған.
Ұршық – әйел еңбегінің символы ғана емес, ұлттық тәрбие мектебінің бір бөлігі. Жіп иіру арқылы қыз бала тұрмысқа, жауапкершілікке, отбасы құруға дайындалды.
Ұршықтың айналуы – уақыттың, тіршіліктің үздіксіз қозғалысын бейнелейді. Қазақ ұғымында өмір – шеңберлі қозғалыс: маусым алмасады, ұрпақ жалғасады, тіршілік жаңарады.
Жіп – өмірдің метафорасы. «Ғұмыр жібі үзілді», «Өмірдің жібін жалғау» деген тіркестер осы түсініктің тілдегі көрінісі. Ұршық – сол өмір жібін иіруші құрал ретінде тағдыр ұғымымен астасып жатады.
Сондықтан қазақ ортасында ұршықты аяқасты етпеген, құрметпен ұстаған. Ол береке мен бірліктің белгісі саналған.
Ұршықтың киелі мәнін айқындайтын нақты тарихи мысалдың бірі – Үрімханның ұршығы.
Ұрымхан Рақыбайқызы (1906–1974) – Қызай елінің ардақты анасы. Оның атасы Керімбек – өз дәуірінде 7 мың жылқы айдаған ірі бай, жомарт, мектеп ашып, жоқ-жітікке қамқор болған меценат тұлға. Қызы Ұрымханды Омарақын Жансарбайұлына ұзатқанда, жасаудың басы ретінде осы ұршықты берген.
Бұл – жай ғана бұйым емес, әулеттік береке мен рухани аманаттың нышаны болды. Қызай қауымында анамыз соңғы ұрпақтарына төрт асыл мұра қалдырған деседі. Соның бірі – «Қызай ананың ұршығы».
Сондықтан Қызай ішінде ұршықты қадірлеу – дәстүрге айналған. Егер оны құрметтемесе, «Қызай ананың аруағы разы болмайды» деген түсінік бар. Бұл – затқа сакралды мән беру арқылы әулеттік бірлікті сақтау дәстүрінің көрінісі.
Көненің көзі ретінде бұл ұршықты Әуесхан Мажайқызы сақтап, бүгінгі күнге жеткізді. Осылайша жәдігер ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып жалғасып келеді.
Бүгінде ұршық тұрмыста сирек қолданылғанымен, оның мәдени және танымдық құндылығы жойылған жоқ. Ол – ұлттық кодтың бір бөлігі, тарихи жадының нақты айғағы.
Үрімханның ұршығы секілді жәдігерлер арқылы біз қазақ әйелінің еңбегін, әулеттік дәстүрдің сабақтастығын, затқа жүктелген рухани мағынаны, ұлттық дүниетанымның тереңдігін айқын көре аламыз.
Ал Үрімханның ұршығы – осы ұғымдардың нақты тарихи көрінісі. Ол – бір әулеттің ғана емес, тұтас Қызай қауымының рухани аманаты. Осындай жәдігерлерді тану арқылы біз өткеннің өнегесін бүгінмен жалғап, ұлттық болмысымызды тереңірек түсінеміз.
Жәдігер бұгінде Андас отбасы қорында сақтаулы тұр.

Тарих талғарында [Мәтін] : (Тарихи зерттеулер, эссе, мақалалар) / А. Омарақын- Талдықорған : [б. ж.] , 2022.– 500 дана . – ISBN 978-601-7865-39-9, ISBN 978
https://kazneb.kz/ru/bookView/view?brId=1657755&simple=true#
жалғасы бар…











