Жансарбай Ұлтарақұлы (1851–1946 жж.) – өз дәуірінде алдына жан салмаған емші, бақсы-балгер ретінде Іле өңіріне кеңінен танылған тұлға. Ел ішінде оның шипагерлік қабілеті туралы аңыз-әңгімелер мол сақталған. «Жан қалса – Жансарбайдан қалады» деген қанатты сөздің таралуы да бекер емес. Бұл – халық сенімінің, шынайы ризашылықтың көрінісі.
Жансарбай ыстықжел, құяң секілді сырқаттарды арнайы тәсілмен, үй ішінен үй тігіп емдеген. Жергілікті дәрілік шөптерді кеңінен пайдаланып, қылтамақ (қатерлі ісік) дертіне шипа жасағаны туралы деректер айтылады. Оның емшілік өнері тәжірибеге, табиғат сырын терең тануға және халықтық медицина қағидаларына негізделген.
Шипагердің беделі жеке адамдар шеңберінен асып, қоғамдық деңгейге көтерілді. Ол заманда өткен ірі съездер мен басқосуларға арнайы шақырылып, алыс-жақыннан келген қадірлі қонақтардың денсаулығына жауапты болған. 1881 жылдары Қытай мен Ресей арасындағы Іле өңірінің шекарасын айыру комиссиясының құрамында болуы – оның тарихи үдерістерге араласқанын көрсетеді. Бұл кезең – екі империя арасындағы шекара мәселесі шешілген күрделі уақыт болатын.
Осы тарихи байланыстардың бір айғағы – Жансарбай әулетінде сақталған үтік. Аңызға қарағанда, бұл бұйымды Ресейден келген ноғай саудагерлері тарту еткен. Содан бері жәдігер әулет қолында сақталып келеді.
ХІХ ғасырдағы қазақ тұрмысында үтік сирек кездесетін, бағалы заттардың бірі еді. Көшпелі өмір салтында киім-кешек көбіне қолмен түзетіліп, керіліп кептірілетін. Ал көмірмен қыздырылатын шойын үтік тұрмыстық мәдениеттің жаңа сатысын білдіретін құрал болды. Ол киімнің сыртқы көрінісін жақсартып қана қоймай, матаны жоғары температурамен өңдеу арқылы тазалық пен ұқыптылыққа мүмкіндік берді. Мұндай бұйымның болуы – әулеттің тұрмыстық деңгейін ғана емес, заманауи жаңалықтарға бейімділігін де айқындады.
Сондықтан Жансарбай әулетіндегі үтік жай ғана тұрмыстық құрал емес. Ол – сауда-мәдени байланыстардың, өркениеттік ықпалдастықтың және әулеттің зиялылығы мен мәдениеттілігінің нышаны. Шипагер әулетінің тарихи жәдігерді сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуі олардың өткенге құрметпен қарағанын, тарихи санасының берік болғанын аңғартады.
Жансарбай Ұлтарақұлының тұлғасы мен оның әулетінде сақталған үтік – Іле өңірінің тарихындағы рухани және тұрмыстық мәдениеттің тоғысқан тұсын көрсететін құнды дерек. Бір жағынан, халық медицинасының көрнекті өкілі, екінші жағынан, заман тынысын сезінген, қоғамдық үдерістерге араласқан, мәдениеті жоғары әулет иесі. Осындай мұралар арқылы өткен дәуірдің өмір салты, дүниетанымы мен құндылықтары бүгінгі ұрпаққа жетіп отыр.
Жәдігер бұгінде Андас отбасы қорында сақтаулы тұр.

Тарих талғарында [Мәтін] : (Тарихи зерттеулер, эссе, мақалалар) / А. Омарақын- Талдықорған : [б. ж.] , 2022.– 500 дана . – ISBN 978-601-7865-39-9, ISBN 978
https://kazneb.kz/ru/bookView/view?brId=1657755&simple=true#
жалғасы бар…











