Дарабоз ана (шамамен 1690 – 1770) – шешен әрі би. Қазіргі Жетісу облысы, Ескелді ауданының төңірегінде дүниеге келген. Ұлы жүз құрамындағы Жалайыр тайпасынан шыққан. Шын есімі – Қалипа, кезінде бүкіл рулы елдің, ағайын-туыстың ауызбірлігін сақтауға мұрындық болып, үлкен ұлыстың ісін алға бастырған. Кейін Үлпілдек деп атанған. Қайын атасы Кенжеке келінінің өзгелерден ақыл-ойы ерекше екенін біліп, Жолбарыс биге сынатыпты.
Сонда би Дарабоз анадан: «Көкке тіреу не болар? Көлге піспек не болар? Терісін теспей етін сорған не болар? – деп сұрапты.
– Жілігін шақпай, майын сорса, қара нарды қалтыратқан қаңтар ғой. Жілігін шақпай майын сорса, екі ағайынды ақпан (айы) ғой, – деп жауап берген екен анамыз.
Сонда Жолбарыс би
– Сенің өз қатарыңнан ойың озық, бұдан былайғы ныспың Дарабоз болсын, – деп бата берген екен.
Дарабоз ана қиын-қыстаулы күндерде Жетісу жерінде жауға қарсы күресті ұйымдастырған Ескелді Жылкелдіұлы, Балпық Дербісәліұлы, Қабан Асанұлы сияқты ел басшыларына серік бола білген. Ел ішіндегі мәселелерді бітімгершілікпен шешіп, екі жақты жарастырып отырған. Күйеуі Құлжа табиғатынан жуас адам болғанымен, Дарабоз ананың ықпалымен ол да ел ісіне араласқан екен. Дарабоз ананың көріпкелдік қасиеті болған деседі. Ол қоғамдағы әйел адамдардың орнын көтеруге көп күш салған.
Бірде Балпық би Дарабоз анадан «Әйелдің қандайы жақсы?» деп сұрапты. Сонда Дарабоз ана: «Көшкенде жетелейтін боталы түйесі болса, ерттеп мінетін құлынды биесі болса, алдында бесігі болса, маңдайының несібі болса, әйелдің жақсысы сол болады» деген екен. Дарабоз ананы ұрпақ есінен шығармақ емес. Соның дәлелі ретінде Дарабоз ананың ұрпақтарының, ауыл басшыларының және ауыл азаматтарының қолдауымен Амангелді ауылына кіреберіс тұсында кесенесі бой көтерген.
Дарабоз ананың даналығы: екі қайнысы, Есекең мен Бапакең бір-біріне өкпелеп қалған болуы керек, соны бір жайында сезген ана екеуін үйіне шақырып, дастарқан жайып, алдарына бір тостағанға тары шылап қояды да бір-ақ қасық береді. Ұлы адамдардың жан дүниелері кіршіксіз таза, мөлдір ғой.
Қойылған жалғыз қасықтың мәнісін ұққан қайындары. Жасының үлкендігіне орай қасықты алдымен ұстаған Есекең: «Көңілім сен үшін бәз баяғыдай», – деп дәмнен татып төңкерместен Бапекеңнің алдына қояды. Ал Бапекең болса, дәм татып болған соң қасықты төңкеріп Есекеңнің алдына қайтарады. Онысы «ізіңді басқан ініңмін, сабасаң жотамды тосам ғой» деген ишара еді. Бұл дүниеде сөзден құдіретті нәрсе жоқ. Ал сол сөзді қазақтың таза тілімен айтар болсақ: «Дауға салса алмастай қиған, сезімге салса қырандай қалқыған, ойға салса қорғасындай балқыған, өмірдің кез келген орайында әрі қару, әрі қалқан, әрі байырғы , әрі мәңгі жас, отты да ойнақы ана тілінен артық қазақ үшін бұл дүниеде қымбат не бар екен?!» – деп ел үлкен баға берген. Біздің тіл өткірлігімен бой балқытып, тамыр шымырлатып, жан-жүйеңді жадыратып, құлақ құрышын қандырып, ұғымыңа қонымды, жүрегіңе тиімді, қысылтаяң қатал жағдайда қайрап, егеп салсақ «сөз тапқанға қолқа жоқ» дегендей, ерге, елге медет болып – көмейге құм құйып, аузын аштырмай, үнін шығармайтын тіл. Біздің бабаларымыздың, аналарымыздың негізгі қаруы тіл болған. Мақсаты Бірлік пен ынтымақты ту етіп ұстаған.
Дарабоз ана – өз отбасы ғана емес, бүкіл бір әулеттің, елдің ынтымақ–берекесінің арқауы, ақылшы, басу айтар берекесі, елінің амандығын тілеген жанашыры болған. Арғын жайлаудан қайтқанда, Жалайырдың жылқышысын өлтіріп, жылқысын айдап әкетеді. Әні-міне барамыз деп жүргенде қыс түсіп, жағдай болмай бара алмайды. Арада бір жыл өткенде игі жақсылар жыйналып, Дарабоз анаға ақылдасуға барады. Дарабоз ана – адамзаттың алғыры, ақылға бай, ойға терең, кемеңгер екен. Келгендердің бұйымтайын тыңдап болып.
– Қайнаға – қайын ат терлетіп арнайы келіп қалыпсыздар, менің затым әйел ғой, сіздерден асып не айтайын. Сонда да болса арып-шаршап қалмас үшін азық-түліктеріңді артына барыңдар. Оған біздің үйдің ақ бас атанын алыңдар. Жас та болса жасындай екпіні бар, Төре би етіп Ескелді қайнымды апарыңдар. Иншалла, жаман болмассыздар, – дейді.
Сонымен Жалайырдан 20 адам іріктеліп атқа қоныпты. Ескелді бидің 18-ге толған шағы болса керек. Жолаушылар жеткен кезде арғын ата балалары он екі қанат үйдің шаңырағын ат үстінен көтеріп, уығын шаншып жатыпты.
– Ойпырмай, мына үйдің зарын-ай, – депті келгендер.
– Сіздерде үй емес, жоппада отырады шығарсыңдар? – деп қағытыпты олар.
Жайғасып отырған соң Дарабоз ананың ақбас атаны шаңырақтан мойнын созып басын көрсетіпті.
– Астафуралла -ай мұндай да алып атан болады екен-ау, – деп таңданыпты арғын ағайындар.
Сонда Ескелді:
– Сіздің ел көшкенде үйін бота-тайлаққа артушыма еді,– деп түйреп тастайды.
Осы жолғы дауда Жалайырдың жігіттері жеңіп, қолды болған малын алып қайтады. Осыдан бастап Дарабоз ананың даңқы арғын ағайындардың арасына да кеңінен таралады.
Қажет АНДАС.
“Q-andas” ақпараттық агенттігі.











