Халық арасында Бейсен би аталып, Ақ патшаның 20 верст жарлығы шыққан кезде жерсіз қалған руларға жер алып беру, жерлерін шешу жұмысына белсене араласқан. Сыпатай руының ақсақалдарының айтуынша, осы рудың жер мәселесін шешіп берген екен.
Бұрынғы үлкендердің және Асия әжемнің айтуынша, Бейсен Би көзі өткір болғандықтан адамға тіке қарамаған. Бір жолғы жесір дауында найманның садыр руынан келген жастау би Бейсенбидің тоқтау сөзіне тоқтамай, қайта-қайта: «Қалың мал берілмегенін алдыға тартып, артында қалған балалары енді шешесінен айырылып тұл жетім болады» дегеніне көнбейді. Сонда Бейсен би басын көтеріп тіке қарап:
– Әй, сен, болмайтын бала екенсің? –деген екен.
Сонымен жесірлерін алып Сарқанға жете бере Бала би аяқ астынан қатты ауырады.
Сонда:
– Мен дұрыс істемедім, маған Бейсен бидің көзі тиді, жесірді қайтарыңдар, – деген екен.
Бейсен би өте кең адам болыпты.
– Малға барымта түсті, – деп хабар келгенде,
– Малдың ізі қай бағытта, – деп сұрайды екен.
– Із солтүстікке карай кеткен, – десе,
– Әй қызталақтар, өзіміздің жиендер екен ғой, қоя салыңдар, өздерінен хабар келеді, – дейді екен. Бұл мырза руымен Садыр-Матай руларының ежелден мыңжылдық құда екенін көрсетеді.
Кеңес өкіметі тұсында Дауылбай ауылы үлкен жол бойында тұрғандықтан комисарлар қайта-қайта келіп, мазалай берген соң Бейсен би ағайын Сәбдендердің Елтай-Сарыбұлағына көшіп кетеді. Сол ауылда қартайғанша дейін тұрады.
Бір аста өзінен кіші ақсақал Бейсен биге:
– Әй, Бейсен қашан сенің асыңда қойдың басын мұжимыз? – деген екен.
Сонда би:
– Әй, сен, білмеуші ме едің? Жас қойдың басы кәрі қойдың басынан бұрын пісетінін, – депті. Көп ұзамай сол кісі қайтыс болып кетіпті.
1925 жылы Елтай-Сарыбұлағында қайтыс болады. Құдасы Садырдың Таңбала биі 1928 жылы басына күмбез орнатып, 1928 жылы күзде Алажидеде үлкен ас береді. Кезінде орнатылған күмбезі құлап, кейін басында құлыптас қойылып, коршаумен қоршалған. Қазіргі кезде әулие атанып, ел басына барып тағзым етіп, Құран оқиды.
Бейіті Абай ауылына кіреберістегі мешіттің артында. Бейсен бидің атақонысы Дауылбай тауының етегінде бірінші сайда еді. Кейін ол сай Бейсен бидің сайы деп аталып кетті.
Ұлы Өсербай Қапал уезінде қызмет атқаран. Архивтен сол кісінің қолымен уез басшысына орысша және арабша жазылған және колы койылған жергілікті азаматтың арызы табылды. Соған қарағанда писарлық қызмет атқарған болу керек. Бейсен би ұлына Таңбала Бидің (Садыр руының болысы ) қызы Асияны айттырып алып берген. Қазір Капалдың жанында Таңбала бидің атымен аталатын ауыл бар.
Ұлы, немересі болыстың тұқымы деп куғын-сүргінге түсіп, көп азап тартты. Ұлы Өсербайға 1932 жылы ашаршылықта орталықтан берілетін көмек берілмей, «ағайынның жырмалап берген ас ауқатқа ортақ болмайын» деп әйелі Асияға «Балаларды аман алып қал», – деп теріс айналып, қабырғаға қарап жатып, қайтыс болады.
Бейсен бидің немересі Жақыпбай қуғын-сүргінде болып, тек 1940 жылы амнистияға түсіп, еркіндік алды. Осы деректі ұсынған Бейсен биден тарайтын Мұрат Өсербаев Текелі қаласындағы Текелі мрамор зауытын, кейін облыстық өнеркәсіпті басқарды. Көксу ауданынның әкімі болып, содан кейін Жетісу ұлттық компаниясында басшсылық қызмет атқарды.
Қажет Андас.
Дереккөз: Қ. Андас. Өткені ерен, келешегі кенен Еркін. Талдықорған: «Офсет» баспаханасы, 2022. – 99–100 б.











