Ғылым әрдайым жаңаша көзқарас пен жаңа деректерді қажет етеді. Сол сияқты Орталық Азиядағы
журналистика да тарихи даму жолынан өтіп, ХХ ғасырда қоғам өміріне ықпал ететін маңызды салаға айналды. Кеңестік кезеңде аймақтың ХХ ғасыр басында шыққан көптеген басылымдарына тыйым салынғандықтан, олардың тарихи мұрасы ұзақ уақыт зерттеушілер үшін жабық болды. Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана бұл деректер қайта қолжетімді болып, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске қатысты тың материалдарды зерделеу мүмкіндігі туды.
Алайда сол кезеңнің баспасөзін жүйелі түрде жинақтап, публицистикалық тұрғыда талдау ісі әлі де жеткілікті деңгейде қолға алынбаған. Ал газет-журналдарда жергілікті халықтың мұңы, көтерілістің себеп-салдары, оқиғаны өз көзімен көргендердің естеліктері айқын көрініс тапқан.
Қазақстанның Ұлттық кітапханаларының сирек қорларында төте жазумен шыққан 128 басылым сақталған, оның 84-і — қазақ тіліндегі газеттер мен журналдар. «Қазақ», «Бірлік туы», «Сарыарқа» секілді басылымдар 1916 жылғы оқиғаларға қатысты аса құнды деректер ұсынады. Мәселен, «Қазақ» газетінің өзінде көтеріліске арналған 120 материал жарық көрген.
Біз өткен ғасырдың алғашқы ширегінде төте жазумен шыққан газет-журналдардағы көтеріліске қатысты мақалаларды алғашқылардың бірі болып жинақтап, топтастырып, зерттеушілер назарына ұсыну мақсатында осы еңбекті жасадық. Оның бағасын алдағы уақытта зерттеушілер береді.
Осы сирек басылымдардағы деректер – 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісті терең әрі жан-жақты зерттеуге мүмкіндік беретін баға жетпес тарихи мұра.

АҚТАҢДАҚ
Әдетте қарапайым түрде ойлансаң бізге дейінгі зерттеушілер ашылуға тиісті жаңалықтың бәрін тындырып тастаған сияқты сезіледі. Бірақ, ғылым қашанда жаңалықты, жандануды қалап тұратынын жасыра алмаймыз. Сондай-ақ, мемлекет, қоғам, адам өмірінің өзгеруіне сай жаңа идеялар жарыққа келіп, адамзат өркениетін өрге оздыратын ғылыми дүниелер жарыққа шығып отырады. Осы тұрғыдан келгенде, басқа қоғамдық ғылымдар секілді Орталық Азия елдеріндегі журналистика да қалыптасу, даму процесін бастан кешті. Егер журналистикасының жекелеген элементтері Орталық Азия елдерінде ХІХ ғасырда көріне бастады десек, ХХ ғасырда бұл ғылым саласы баспасөздің түлеуіне қатысты сол тұстағы қоғамның барлық саласына ықпал ете бастады.
Қазақ халқының талантты перзенті Ахмет Байтұрсыновтың: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген нақыл сөзі бар. Демек, баспасөз әр дәуірде, әр кезеңде, әр жағдайда халықтың айналасында болып жатқан дүниені көруіне, оның сан түрді базынасын естуге және сол тұрғыдағы жұрттың пікірін жалпақ әлемге жеткізуге барынша еңбек етті. Өкінішке орай, Кеңестік режим Орталық Азия елдеріндегі ХХ ғасырдың басында шыққан кейбір газет журналдарды көруге, ондағы тарихи, танымдық, ақпараттық дүниелерді пайдалануға тиым салды. Есесіне, Кеңес Одағы ыдырап, Орталық Азиядағы бірқатар елдер тәуелсіздік алуына байланысты жетпіс жыл бойы зерттеушілерге қол жетімсіз болып келген дүниелер ашыққа шыға бастады[1]. Тіпті, тәуелсіздіктен кейін тарихтың кейбір ақтаңдақ беттерін қайта қарап, зерттеуге мүмкіндік туды. Сол қатарда ХХ ғасырдың басында, дәлірек айтсақ, 1916 жылы Орталық Азиядағы бірнеше мемлекетті қамтыған ұлт-азаттық көтерілісі туралы да тың ізденістерге жол ашылды[2]. Тарихшы ғалымдар мен жазушылар осы бағытта білек сыбана еңбек етіп, архивты ақтарып-төңкеріп, көптеген құнды дүниені халық таразысына ұсынды. Сонымен аталарымыз жасаған ерлік күрестің тәуелсіздік жолындағы ұмтылыстарға жасаған әсері алғашқы адымда айқындалды. Сөйтіп 1979 жылғы «Қазақ ССР тарихындағы» және «Қазақ совет энциклопедиясындағы» 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс туралы айтылған жеңіл-желпі пікірлерге нүкте қойылды. Тарихтың басқа да құпия беттері ашыла түсті.
Өкінішке орай, Орталық Азияның әр өңірінде орын алған көтерілістің сипаты, дамуы, нәтижесі туралы сол тұстағы баспасөзде жарық көрген мақалаларды топтастырып, публицистиқалық еңбектерді журналистикалық іздену арқылы тануға еріншектік танытып келеміз. Көп жағдайда баспасөзді ғылыми тұжырымы әлсіз деп қарау немесе баспасөз материалын мезгілдік өнім ретінде бағалауда әдеттеніп қалғанбыз. Сондықтан тарихшы ғалымдарға ерік беріп, шаң басқан архивтерге жүгінеміз. Мұны жоққа шығармақшы емеспін. Алайда 1916 жылғы көтеріліс тұрғысынан келгенде, өткен ғасырдың 1910 – 1925 жылдар аралығындағы қазақ, қырғыз, ұйғыр, өзбек тілдерінде шыққан газет-журналдардағы көтеріліске қатысты жарияланымдарды зерттеудің қажеттілігі басым деп сезіндім. Порфессор М. Қойгелдиевтің пайымынша: «…газет материалдары ХХ ғасырдың алғашқы жиырма жылдығындағы қазақ қоғамында болып өткен түрлі қоғамдық поцестерді зерттеп тану үшін аса бағалы деректер» (3). Өйткені, сол тұстағы архив материалдарының дені көтерілісті жазалаушылар тұрғысынан жазылды. Ондағы деректердің басым көпшілігі бұратана халықтарды қаралау мен жазалауға, оларды надан, тағы, жауыз етіп көрсетуге бағытталған. Ал газет-журналдар көтеріліске шыққан жергілікті халықтың мұң-мұқтажы мен қайғы-қасіретін жақтап жазды. Тіпті, сол кездегі Орталық Азия елдеріндегі шиеленісті жағдайларды да, қоғамдық теңсіздікті, әлеуметтік тұрғыда туындаға қарама-қарсылықты баспасөз арқылы біліп, ақиқатқа жақындай түсуге болады. Сондықтан 1916 жылғы көтерілістің себеп-салдарын білу, нәтижесін анықтау, айтылмай келген ақиқаттардың дерегін табу үшін сол кездегі баспасөзді жалықпай ақтаруға тұра келді.
Алдымен Қазақтан Республикасының Ұлттық кітапханасының сирек қорында сақталған төте жазумен жазылған газет-журналдарды парақтап шығуға тұра келді. Бұл мәселе бұған дейінде осы тақырыпты зерттеп жүрген қазақ тарихшыларының назарынан тыс қалды деген ойдан аулақпын. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Тарихшылар қауымдастығы бірлесіп дайындаған «Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы» сериясымен шыққан 21 томдық жинақтың 2 кітабында «Қазақ», «Алаш», «Сарыарқа», «Жас азамат», Бірлік туы», «Үш жүз», «Ұшқын», «Еңбекші қазақ» қатарлы төте жазумен шыққан газеттерде жарық көрген мақалалардың крилицияға түсірілген бірқатар нұсқасы енгізілген. Өкінішке орай, ол 1916 жылғы көтеріліс жайлы толық нұсқа емес еді. Тағы бір жағынан, төте жазуды танитын көнекөз тарихшылар бұл күнде аз қалды. Оның үстіне олар кітапхананың сирек қорында ғана оқуға келісім берілетін газат-журнал тігіндісін тәптіштеп қарап, салыстырып отыруға денсаулығы жар бермейді. Ал арамыздағы жас тарихшылар төте жазуды танымайтындықтан сол дүниелерден аттап өтіп кетеді. Міне, осылай еңбекшіл елдің таза да мінсіз көзқарастары көп жағдайда жария болмай, жасырын күйінде қалып келе жатты. Менің осы тақырыпты таңдап алудағы түпкілікті мақсатым – сол ақтаңдақты аз да болса толықтырсам деген ниеттен туындап еді.
Айта кетсек, Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының сирек қорлар мен қолжазбалар бөлімінде төте жазумен қазақ, қырғыз, ұйғыр, өзбек, башқұрт, ноғай, татар тілінде шыққан 128 газет-журнал бар. Оның 84-і қазақ тілінде шыққан газет пен журналға тиесілі. Соның ішінде 1913 – 1918 жылдар аралығында жарық көрген, Алаш партиясының орган газеті болған «Қазақ» гезеті «Бірлік туы», «Сарыарқа» газеттері бұл тақырыпты жалықпай жазыпты. Сондықтан мен мәселеге қатысты дерек көзі ретінде, «Қазақ», «Бірлік туы», «Сарыарқа» газеттерінде жарық көрген мартериалдардың құндылығы өте жоғары деп санадым. Осыдан бастап, «Қазақ» газетінде жарияланған дүниелердің толық нұсқасын тірнектеп жинауды қолға алдым.
Жалпы, «Қазақ» газетінің 265 нөмерінде 120 материал беріліпті. Оның тақырыбы сан түрлі, көтеріліс жайлы пікірде бірі біріне ұқсамайды. Сонымен қатар, осы күнге дейін жұрт біле бермейтін сан түрлі мәліметтер, көтерілістің зардабы, жазалаушылардың қатігездігі, көтерілісті көзімен көріп, бастан өткізген адамдардың естеліктері, қытай асқан босқындардың ауыр жағдайларын білуге қатысты ақпараттар тұнып тұр. Тіпті, Қарақол түрмесіндегі қырғыннан аман-есем қашып құтылған адамдардың да өз ауызымен айтқан естеліктері көрініс тапқан.

КАЛИЕВ Сабыржан Ештайұлы
– 1960 жылы дүниеге келген,
жоғары білімді инженер-механик.
Еңбек жолын 1983 жылы Талдықорған
аккумулятор зауытында бастаған.
Машина жасау, металл өңдеу,
мұнай базасы, өндірістік жабдықтар
мен инженерлік коммуникациялар
саласында 35 жылдан астам уақыт еңбек етті.
Қызмет жолында учаске бастығы, цех меңгерушісі, инженер-технолог, конструктор және бас инженер лауазымдарын адал әрі жауапкершілікпен атқарды. Қазақ және орыс тілдерін еркін меңгерген, AutoCAD және Kompas бағдарламаларында сенімді жұмыс істеген.
Техникалық құжаттаманы терең білетін, жауапты, адал, еңбекқор маман ретінде танылып, әріптестері арасында беделді кәсіби инженер болды. 2025 жылы Талдықорған қаласында дүниеден өтті.
Сабыржан Ештайұлы өмірден өтер алдында Қажет Андас төтешеден крилшеге аударған «1916 жылғы көтеріліс: баспасөздегі көрінісі» кітабын орыс тіліне аударып, өзінің аудармашылық қырын паш етті. Бұл еңбекті кәсіби аудармашылар жоғары бағалап отыр. Сондай-ақ, 1916 жылғы көтеріліске қатысты орыс тілді ортаға беймәлім болып келген тарихи ақтаңдақтың орнын толықтырды.
Сабыржан Қалиев аударған бұл кітап тарихқа қосылған үлес ретінде ізденушілерге үлкен көмек болатындығы анық.
«Q-andas»ақпараттық агенттігі.











