Q-Andas
No Result
View All Result
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Білім
    • Денсаулық
    • Спорт
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қасиетті жерлер
    • Қоршаған орта
    • Шалғай ауыл
    • Әдебиет
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тарих
    • Тұлғатану
    • Туризм
    • Мәдениет
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Андас Омарақын ізімен
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат
  • Qazaq
  • توتە جازۋ
Q-Andas
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Білім
    • Денсаулық
    • Спорт
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қасиетті жерлер
    • Қоршаған орта
    • Шалғай ауыл
    • Әдебиет
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тарих
    • Тұлғатану
    • Туризм
    • Мәдениет
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Андас Омарақын ізімен
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат
No Result
View All Result
Q-Andas
No Result
View All Result
Басты бет Арнайы жобалар

Айналайын, Атамекен!

admin
2025/12/30
Арнайы жобалар
0
Айналайын, Атамекен!

Редакциядан: «Қызылжар шайқасына – 327 жыл» сериясы аясында жарық көрген «Айналайын, Атамекен!» жинағы – Тәуелсіздік жылдарында тарихи Отанына оралған қандас ақын-жазушылардың ел мен жерге деген сағынышын, рухани толғанысын, отансүйгіштік сезімін өлең және көркемсөз арқылы бейнелеген тағылымды туынды.

Бұл жинаққа енген шығармаларда Атажұртқа деген шексіз махаббат, туған топыраққа табан тіреген сәттегі қуаныш пен толқыныс, елдік сана мен ұлттық рух айқын көрініс тапқан. Қаламгерлердің жүрек сүзгісінен өткен жырлары мен прозалық толғаныстары оқырманды өткен мен бүгінді сабақтастыра отырып, тарихи жады мен рухани тұтастыққа жетелейді.

Кітап көлемінің шектеулі болуына байланысты әр автордың тек үш туындысы ғана жарияланғанымен, бұл жинақтағы шығармалар олардың шығармашылық болмысын, азаматтық ұстанымын және елге деген адал ниетін айқын таныта алады.

Осыған орай, Qandas.kz ақпараттық-танымдық платформасында аталмыш жинаққа енген авторлардың өмірі мен шығармашылық жолын, сондай-ақ олардың елге, жерге арналған өзге де туындыларын кеңінен таныстыруды мақсат етіп отырмыз. Бұл жоба – қандас қаламгерлердің рухани мұрасын жүйелі түрде насихаттауға, оқырман мен автор арасындағы рухани байланысты нығайтуға бағытталған.

 

КІНӘРАТТАР

Дәуірде осы жеңіспен құзар аттар,

Көрсетті өзін босбелбеу шыдамастар.

Жұрт жанына жақпайтын жат қылықпе ,

Көбеюде қатерлі кінәраттар.

Нәпсі үшін арланбай арын сатып,

Кісілікке жасалған қиянат бар.

Улы шөпті өрбітпей отау керек,

Заредей жер қалмасын тиянақтар.

Қоғамның қас істерін кесірі бар,

Уақыт жетті арадан шын аластар.

 

АБАЙЛА, ДОС

 

Сабақтас едік бірге өскен арман қуып,

Талай терген рауғаш таудан жүріп.

Адал едік, онда біз сырлас едік,

Тулпарына арманның салған құрық.

 

Алдамаушы едік өзара жалған күліп,

Толғандырды ендігің қайран қылып.

Екі төстік түсірер бір тоқтыдан,

Бір «Өнерді» алғансың қайдан біліп.

 

Көтергенің қап емес қалталаған,

Болсадағы жеңіл жүк баршаға аян.

Көлігіңнің қапсың әйнегінен,

Осқырана қарайтын тарпаң адам.

 

Тері исі жейдемнің тарқамаған,

Иығымда көп жүк  бар арқалаған.

Шайтаншаққа сонда да қолым жетпей,

Қиындықта келемін қаншалаған.

 

Өтіміңді басқадан асырып кіл,

Қалай ғана боп алған басың үшкір.

Ұғындырмай достарға бұндайыңды,

Жуас бейнең бұрынғы жасырып түр.

 

Десемдағы алмайын шамдандырып,

Сабақтас ек бірге өскен арман қуып.

Әзезілдік жараспас абайла,  дос,

Шалып жығып кетпесін айландырып.

 

СЕМІЗДІК БІЗГЕ ЖАРАСПАС

 

Бір көріп дарқан өмірдің жұмсақ әлдиін,

Тыңдаған едік бұлбұлдың таңғы сазды үнін.

Жастықтың жарқын бақшасын бірге аралап,

Тергеміз талай жұпарын шашқан таң гүлін.

 

Дос едік біздер дейтіндей бал жаласқан,

Риясыз күлкі, жырменен жарқын таң атқан.

Жарты тал тары, шақпақ құртты да бөліп жеп,

Ризалықпен татушы едік бірге дәмді астан.

 

Талай жыл қатар қойылып стол бөлмеде,

Істедік бірге ел үшін тынбай ерлене.

Екеумізді егіз қыйыспас жақын жандар деп,

Бір сезім терең қалыптасқан еді елге де.

 

Тірліктің тынбай арқауын бірге нақты өріп,

Күнделік күйбең осылай уақыт жатты озып.

Сайлана қалдың орынбасар болып кеңсенің,

Қалайдан-қалай басыңа бір күн бақ қонып.

 

Осыдан бастап шекара бізден бөлінді,

(Ұқпадым менің қымбатты досым не білді?).

Қағілездік қалып, боғағың у мен салбырап,

Сиреттің сонан іске де жиі келуді.

 

Жаралған жанды бөлекше туып осы елден,

Шекшие сыздап қарайтынды таптың шекеңнен.

Қампия қалды шошайған қозы қарының,

Ыңқылың артып түйедей көп жүк көтерген.

 

Санаспай ешбір күйіменен басқаның,

Бөліп алдың жалғыз қарағай астындағы аспанын.

«Ит жуаны боқ бермес» дегендей болып,

Өзіңе тарттың жіліктің майлы бас жағын.

 

Аттам жерге де машина көлік шақырып,

Тілейсің білем тұруын жұрттың бас ұрып.

Салмаса іске шөкімдей миды бастағы,

Адам да ешбір аумаған тілді мақұлық.

 

Жаратқандай боп өзгені өзің қолыңмен,

Айқұлақтанып жүресің жерде көрінген.

Ертеңгі күні айналған тірі аруаққа,

Көргеміз талай адамдарды арам семірген.

 

Сондықтан бізге жараспас әр кез семіздік,

(Көтерер оны мал ғана дейтін негізді ұқ).

Оңқал бұл­­­ мансап, біл сонны, досым, пайдасыз,

Жыйсаң да байлық сарқылмас ұшан-теңіз ғып.

 

Өткен күндерді ұмытпа дейтін халқымыз,

Тартқан шақайды құрғатпай сақтар салтымыз.

Кеудесімен тау соғар, аусар басқадан,

Кішілікпен,  кісілікпен айқын парқымыз.

 

 

СҮТКЕ ТИГЕН КҮШІКТЕЙ СОҚСА КЕРЕК

 

Қарақшыда қылығы ұқсаған бар,

Қолтығына жасырып қысқа қанжар.

Біреулер бар жүретін қаны тасып,

Айғай «Аттан» маңайдан шықса жаңжал.

 

Ноғаласы асқынып басбұзар жан,

«Лаушы» деген бір лақса ат шығарған.

Әлсіздерге түйеді жұдырығын,

Бойын аулақ ұстайды мықтылардан.

 

Маңайының тақырлап қаз-тауығын,

Сүресінде сыпырып бар тәуірін.

Әкесінің көзі құны сонда бардай,

Айналдырар ауылдың мал табынын.

 

Асын ішпей адалдан жарты қасық,

Арамдық пен келеді шалқып асып.

Күндіз ұрлап моншағын ауыл үйдің,

Түнде тағып шығады жарқыратып.

 

Өн бойыңды, қалтаңды аластайды,

Болса үмітің жаныңнан, сәл ақшаны, –

Деп қараңғы бұрышта пышақ білеп,

Тартып алар жоғыңа қаратпайды.

 

Жұмысы жоқ арменен, намыспен де,

Таба алмайсың кісілік қалыс бейне.

Көшеміздің қожасы, құдайы сол,

Көкала мый, жүн басқан талыс кеуде.

 

Ауыздықтар осындай делбелерді,

Қатаң тәртіп әзіргі ең керегі.

Алаңсыздық адамға бағыштайтын,

Шын күтеміз уақыт тез келеді.

 

Жұрт қарғысын қаруғып оқтап ерек,

Асау басқа қысатын ноқта керек.

Тұнығыңды лайлаған тентектерді,

Сүтке тиген күшіктей соқса керек.

 

 

 

САЛТЫМЫЗДАН САДАҒА ОЛ

 

Көріп жүрген бала еді танып бұрын,

Ағат кетсем ал бұнда жазықтымын.

Кешірерсің бастапта байқай алмай,

Әйелме деп қалыппын жарықтығым.

 

Ауылдағы мырзамыз осы мықты,

Мәре-сәре достармен отырыпты.

Желке шашы бір буда, жүзі жүдеу,

Бұйралана жауыпты қос иықты.

 

Айту қиын жылда бір тарайды деп,

Жалқаулық па жабысқан баяғы дерт?

Күтімі жоқ күшіктің бауыр жүні,

Қалушы еді осындай жабағы боп.

 

Түсінуге болады қалай мұны,

Көрсеқызар болыпты талайға үлгі.

Жіберіпті еркіне мысық мұртты,

Салақұлаш қосылған самайлығы.

 

Қызыл жібек біртүрлі ала-құла,

Киімінің сыйқына  қара мына.

Жабыстырып қылтасын қиылардай,

Кең,  мол көңілі ауыпты балағына.

 

Үлде менен оранып бүлде менен,

Әлем-жәлем тағы да кигені ерен.

Қия-шия тіпті де келіспепті,

Бейшаралық, қараңыз, бұл не деген.

 

Мәдениет осы ма, көріктілік,

Қайсы әлемнен әакелген көріп-біліп.

Салтымыздан садаға ол есіңді жи,

Қызбалыққа жүргендер беріп құрық.

 

 

 

АЛАЯҚТАР

 

«Бәйге болар жылқының алаяғы», –

Дейтін бір сөз жадымда баяғы әлі.

Адамның да сондайын кезіктіріп,

Түсінігім тереңдеп барады әрі.

 

Мүмкін солар адамдар алаяқ па?

Күн-күн сайын кенелер жаңа баққа.

Орақ ормай, бір мезет бел ауыртпай,

Елден ерек бөгеді даяр асқа.

 

Жел ауызды желпінбей тұра алмайды,

Жымсымасын сыртқа түк шығармайды.

Төменгіні нығарлап, жоғарыға

Бұралқы иттей қыңсылап бұраңдайды.

 

Қан шығармай мақтамен бауыздайды,

Су басының тұнығын ағызбайды.

Бүгін дос боп, басыңа іс түссе егер,

Бір тамшы нәр аузыңа тамызбайды.

 

Сақтаныңдар ойы бар азаматтар,

Ондайларға тағылар жаман ат бар.

Қу бастан қуырдақтық  ет алатын,

Аласталсын арадан алаяқтар.

 

 

 

АТҚАРАЙЫҚ АТА САЛТЫН

 

Қалта толып қуанып қалар,

Өткенді айтып қыз жақ хабар.

Алдын ала «Селт еткізу»,

Өткізілген «Сырмақ қағар».

 

Бауыр, төстік қуырылып,

Құдалықтың ырымы ғып.

Ақ сарбастар бауыздалып,

Мұрттар майға матырылып.

Әзірінше қалың малға,

Риза бол барымды ал да.

Тіршілікті пендемін ғой,

Қимылдармын жаным барда.

 

Құлдық ұра жапырылып,

Бар тапқанын жатыр үйіп.

Кекірейген құда алдында,

Арысыңыз басын иіп.

 

Қос қарагер, күрең жорға,

Жарады әрең бірер жолға.

Жолдық басы кілем, көлік,

Тағылды үкі білем зорға.

 

Алтын сырға, алтын жүзік,

Қымбат сағат алсын біліп.

Алуан асыл парластырып,

Киім келтір айтулығып.

 

Нәпсі қозса есе қылып,

Ар-ұяттан кетеді ерік.

Қыздың құны «Қырық қара»,

Берілді бес еселеніп.

 

Қыз жақ кетті қыраң асып,

Ұл жақ қалды тыраң асып.

Отырғызды тақыр жерге,

Көрген қызық құдаласып.

 

Ойламаңыз бөсті деп шын,

Кеп тұратын кескілескің.

Көп сұмдықтар көрілмеген,

Туындапты естімеппін.

 

Жоқ туысқан сал сарапқа,

Қара жаңа шартарапқа.

Ұл да өз балаң, өз өрісің,

Уайым, мұң арқалатпа.

 

Салттан аттап кетсек егер,

Жұрт қарғысы дерт боп өнер.

Атқарайық ата салтын,

Теңін тапса текке берер.

ОЙЛАНШЫ, ДОСЫМ

 

Біз деген досым, кеппеген тері көлікпіз,

Алдауға еріп,  ілесіп шаңға жүріппіз.

Ендеусіз кетіп қаз табан аяқ, міне, енді,

Размері үлкен қырық бесінші етік киіппіз.

 

Шуалшаң кендір, шуашты жүнді сырмақ қып,

Көмескіде іздеп көлденең олжа түн қаттық.

Тұрса да аштық аш мысықтай тырнап ішекті,

Тойынған жандай керанау енжар тіл қаттық.

 

Сұрамай пенде жабырқау тартқан түріңді еш,

Өнімсіз еңбек, күйбеңге мәнсіз сүйінбес.

Деп қана кейде алданыппыз-ау, ақ ауыз,

Кедейлік  жақсы, кемдігің жұртқа білінбес.

 

Сонымен жүріп соңына көштің қалыппыз,

Тау менен тастан несібені жиып алыппыз.

Ойланшы, досым , осылай кете берсек біз,

Береміз жауап ұрпаққа не деп жазықсыз.

 

Жүйрік ат мініп, қымыз ішу болып құр мақтан,

Жүргенің  жетті аулақтан енді қылжақтан.

Сезінсең қымбат еліңнің көтер үмітін,

Жатыр-ау, салмақ арқалап борыш мың батпан.

 

Талабы биік дәуірдің  дарқан  бүгінгі,

Көпірме сөзбен  күпірліктен өзге тиылды.

Сондықтан біз де бел шешіп, білек сыбанып,

Тартайық алға, бетке алып алыс қиырды.

 

Санада мүлдем сейілсін мұнар күзгі бұлт,

Құйылып шұғыла, орнасын жанға ізгі үміт.

Жаратайық жаңалық басқамен иық теңесіп,

Болашақ үшін, ұрпақтар үшін ізгілік

 

 

ҚЫЗҒАНЫШ

 

Безей алмас өмірін сырлап ешкім,

Алапесін кей жанның шындап ұқтым.

Тұсаулы аттай келемін жазыла алмай,

Батпағына малтығып қызғаныштың.

 

Басқалардан алғаным көппе менің,

Неге ғана көп істен шектелемін.

Оқ ататын артыңнан алдарқатып,

«Дос» боп жүрген талайға өкпеледім.

 

Оның сенен кішілік қалағаны,

Сенімдіктен азық нәр ала алады.

Қуанышың түс алып керісіне,

Жымиғаның түрпідей қадалады.

 

Бір сүмдықты жасырып бүйіріне,

Қарап тұрсаң шертетін күйі міне,

Кей ағайын бір қотан сөз қылады.

Кірсіз көйлек ілсеңде иініңе,

 

Онысына титейде намыстанбай,

Өзі игілік көрсе жөн табыстан бай.

Қайғысы жоқ заредей нәрсе саған,

Жылт еткеннің  көзінен қағыс қалмай.

 

Жалғыз сөзің көңіліне жақпаса да,

Тас атады бас қағып нақ тасада.

Үлкен айып тартқандай қиналады,

Екі ешкіңнің бірі егіз лақтаса да.

 

Ағайыным осындай «Дертің» бар-ақ,

Ойланып қой өмірге еркін қарап.

«Ағайынның аты озып келгенінше,

Ауылдастың тайы озсын», – дейтін қазақ.

 

Қалмай тұрып сым торға шырмалып шын,

Адамдықты келсе дос шындап ұққын.

Тарта жүрші бойыңды аулақ одан,

Қойы терең батырар қызғаныштың.

 

 

ІСТЕСІМЕ

 

Шешеннен сөзі, шеберден мін қалады,

Қуа бермей қойыңдар бір баланы.

Қылт еткенде тобықтан қаға берсең,

Ойлашы өзің өмірде кім қалады?

 

Мүмкін аңғырт бір-екі басты делік,

Ол, әрине, емес қой қаскүнемдік.

Кигізгенің орынды шақтап қалпақ,

Кемшілігін түзетсе нақты көріп.

 

Басбұзарлық, жүгенсіз іске асатын,

Күрес-айқай күндіз-түн жалғасатын.

Әлгі жылдар қалды артта аты шулы,

Айырылмастан жағаға жармасатын.

 

Әзір міне түсіндік ойым да ашық,

Кісіліктің келеміз жолын басып.

Адамдар да бауырмал, жақсы істер,

Күн-күн сайын барады қоюласып.

 

Албырттықтар болады жас дегенде,

Жақсы жандар жақынын қас көрер ме.

Ағаттығын аңғартып бір ниетпен,

Болмас па еді ел жүгін тартсақ өрге.

 

Ақыл айтып қолтықтан жебегенің,

Пайдасы мол жақсы үлгі, өнегенің.

Ол ісіңе қоңырау шалмасаң да,

Өзіңнен де жақсырақ көреді елің.

 

Деседағы керіле шалқыдым мың,

Жал-қанатсыз ұша алған айтыңыз кім.

Тәрбиелеу ұрпақты жалықпастан,

Салты емес пе дәстүрлі халқымыздың.

 

Шешеннен сөз, шеберден мін қалады,

(Істесімнің жөн бе екен тыңдағаны?).

Жер таңдайды жүйрік ат шеки жүріп,

Әлі талай ол алда жүлде алады.

 

 

АРАҚ ЖАЙЛЫ АЗ АЯЛ

 

Уа, достарым, інілер мен ағалар,

Ұсынайын өздеріңсің саралар.

Көңіліме көптеп бүккен іс еді.

Арақ жайлы керек болды аз аял.

 

Арақ әр кез таза миды улайды,

Іздетеді майлы ет пенен сумайды.

Бөтелкеде тұнық тыныш тұрғанмен,

Асқазан да тентек күшпен тулайды.

 

Арақ улы, арақ әр кез шіріткіш,

Сол арақтан нелер жаман туыпты іс.

Артық ішіп кайфсапа болғанда,

Көп әңгіме тудырады қызып тіс.

 

Арақ бізге талай апат әкелді,

Сүйреп барды жағаға да қатерлі.

Арақ ішкен уақыттардың бәрінде,

Мақтан емес, ылғи ұят әперді.

 

Сырым мәлім, сұрқия ол тым бұзық,

Келсе-келмес алаауыздық туғызып.

Бұқарадан,  ынтымақтан айырды,

Сенімдерге қырғи қабақ жүргізіп.

 

Сенің бедел, мәртебеңе қарамай,

Күлкі еткені аз   емес қой баладай.

Бас жарылса бөрік, қол сынса жең ішінде,

Ақша бетке із салдың-ау аямай.

 

Аймалаған ақ күшікті сезбестен,

Жатқан кездер болды арақ меңдеткен.

Бір күн ішсе үш күн төсек тартқызып,

Еш себепсіз қол үздірер еңбектен.

 

Орнап ойға мақатанышпен жат елес,

Арты жанжал, сөздің болған басы егес.

Бұл пәлеңіз жолдан тапқан «Тапқырлық»,

Атамыздан қалған мирас ас емес.

 

Көп құйынды көңілге әкеп ықтырған,

Жүректерге сүңгі қатып, шық тұрған.

Күйені осы келе қойлық өрбіткен,

Сол сойқанды жылдап әкеп жұқтырған.

 

Бұл шындықты түсінеді көп халық,

Кейбір достар сол шиырға соқпалық.

Артығын кеш, қажеттісін пайдалан,

Арақ жайлы өттім біраз толғанып.

 

 

ҰСТАЗ ҮМІТІ

 

Көзіңнен ертең көрінген,

Отырсаң ұлан партада.

Сыныпқа кірем өзіңмен,

Көтеріп көп жүк арқама.

 

Сендер деп келем төгіп тер,

Жаныммен ыстық сүйемін.

Көңілім шалқып еліктер,

Тебірене шертер күйі өзің.

 

Он рет бөліп ұйқымды,

Оянам сен деп азаннан.

Доғардым кейде күлкімді,

Өзің боп айтар аяулы ән.

 

Көкірегіңе тоқып көп,

Сіңімді болып сабағың.

Жүз баға алсаң оқып кеп,

Баладай мәз боп қаламын.

 

Тасқындап күшім бойымнан,

Алаулар сонда жігерім.

Арманым ізгі, қолымнан,

Ұшырсам Отан түлегін.

 

Биікке өрлеп баспалдақ,

Бола алсам болды нақ саған.

Өйткені, адам мақтанбақ,

Терімен тегін ақпаған.

 

Ел үшін бәрін арнайтын,

Бойыңнан жанып құштарлық.

Болып өс қыран талмайтын,

Үмітім осы ұстаздық.

 

АЯЛАЙ БІЛ

 

Шертілсе егер бір әңгіме су жайлы,

Ыстық ағын бойыңызда тулайды.

Қайыра сап шаруаларын ыңғайлы,

Барлық адам ұйи құлап тыңдайды.

 

Трубамыз тоқтағанға екі күн,

Болдық сусыз жыл кешкендей жеті мың.

Кіріп кеткен секілді боп қалдық-ау,

Айқара ашып ақыр заман есігін.

 

Қыйиыншылық болсадағы бірдемдік,

Айтыңызшы, бүған қалай үйрендік?

Палатаны біртүрлі бір көңілсіз,

Күйге түскен баурап алды кірбеңдік.

 

Кететін су болмаға соң сыйырып,

Сыпырынды бұршақтарға үйіліп.

Демалдырмай қолқаңды кеп қабады,

Қапырық бір сасық ауа үйіріп.

 

Бір минутта болмаса су шырқырап,

Кетеді екен бар тіршілік сусырап.

Су болмаса құба жонға құт қонып,

Жасалмақшы емес екен тың тұрақ.

 

Су – жан тамыр, су – айтылар жыр бүгін,

Шерте алады үнсіз толғап жүйді кім?

Осы су мен техниканы игеріп,

Қырбасына ілдік жердің жұлдызын.

 

Жіберетін қиындықтан құтқарып,

Құдіретін халық бүгін ұқты анық.

Су мен осы шырайналдық әлемді,

Айшылық жол алты аттамға қысқарып.

 

Мол сенімін, бар мейірін арнаған,

Суға сонша ынтық неткен бар ғалам.

Тіршіліктің тамырынан қан болған,

Су керемет екеніне таңғалам.

 

Бермесек те білмейді деп көпке сын,

Суға мол қол кейбіреулер тектесін.

Ей, адамзат, аялай біл айтарым,

Бір тамшы су ысырап болып кетпесін.

 

 

ДОСЫМА

 

Адал достық адамға қасиет шын,

Осы өткелді келеді басып өткім.

Ажырамас шын достық бақытпенен,

Төнседағы басыңа қасірет күн.

 

Достарым көп болса да туыспаған,

Болатұғын оттегі тыныс маған.

Аға болып атойлап күрестерде,

Алдап жүріп жөн сілтеп ту ұстаған.

 

Өзіңменен шығатын төбеміз бір,

Достыққа арнап сондықтан төгеміз жыр.

Тізе қоса отырып бір ниетте,

Шөлейт құмға тер төгіп егеміз гүл.

 

Бір шығады шығыстан күндеріміз,

Сондықтан да жеңімпаз жүлделіміз.

Жарты құртты жарып жеп келеміз біз,

Ортақ біздің білмеген, білгеніміз.

 

Бірге айқасқан табысып құлашымыз,

Араласып келеді тұз, асымыз.

Ыстық, суық бір өткен басымыздан,

Ортақ біздің болашақ мұратымыз.

 

Бірге шырқап келеміз дәуір әнін,

Күлсең күліп, жабықсаң жабығамын.

Сын сағаттар тілесе талқысына,

Өзі қасыңнан табжылмай табыламыз.

 

Дос-жолдаспен шынайы етенеміз,

Ортақ ойлар жалғасып кетеді егіз.

Қою достық осындай болғандықтан,

Теңдесі жоқ әлемде еселі елміз.

 

 

СУ – ЖАНТАМЫР

 

Табиғатпен шын айқасқан батырмыз,

Бау-бақшамен салдық әсем татырға із.

Балалардың келешегін ойлап біз,

Су–жан тамыр, өстең қазып жатырмыз.

 

Ұлы дүбір, желпінеді бай далам,

Өстең бойы бір жәрменке қайнаған.

Тоң қопарып, тас қашаған қолдарда,

Жарқ-журқ етіп от ұшады қайладан.

 

Бу бурқырап терши күлген жүздерден,

Жібіткендей тандыр жерді мұз керген.

Тынар емес, ығар емес қалың қол,

Соқсадағы қарлы боран күнде өрден.

 

Дегендей бір құлағыңды салшы жан,

Қуанышты еңбек жыры шалқыған.

Ән әуені, жел тербеген биікте,

Қызыл тулар желбірейді самсаған.

 

Жамап-жасқау жармаспадық өткенге,

Жазды орнатып тас жатқыздық өстеңге.

Кертіп өтіп биік жота, қырқаны,

Тентек суды жетеледік бөктерге.

 

Ата-бабам бұрын істеп көрмеген,

Сағатымды сан жаңалық тербеген.

Су – жан тамыр, игердік біз мінеки,

Тау, өзенді қайта құрып қол менен.

 

 

 

МАҚТАНШАҚ ДОСЫМА

 

О, досым, бұл не мақтаның,

Қысқартсаң еді бір уақыт.

Тыңдайық әнін басқаның,

Елді де бірден жырлатып.

 

Өңешті создың қырылдап,

Сезбедің болмай жатса шын.

Қыздарға қарап қырындап,

Көріну болды мақсатың.

 

Жаңылып кейде өтірік,

Тәлімси қалдың ақырын.

Орынсыз кейде есіріп,

От болып жандың «Батырым».

 

Крылов айтқан бақаны,

Теңесем көңілің қалар ма?

Жақсылық, даңқ, бағаны,

Мақтамен адам табар ма?

 

Сыртынан елді жамандап,

Көпіріп өсек тасыдың.

Ойлама бұлай амалдап,

Өтем деп судан жасырын.

 

Ұят қой мынау тынысың,

Бітіпсің елге мазақ боп.

Балтырыңнан кейін бұл ісің,

Алмасын бекер азап боп.

 

Жалындап өскен жанып тым,

Бойыңда болса жігерің.

Айтпасаң да халықтың,

Көреді өзі-ақ білемін.

 

Аспанда күннің нұры бар,

Гүл өспес онсыз алып сән.

Күнің жоқ елсіз ұғып ал,

Артықпын деме халықтан.

 

Сүйену керек әрқашан,

Бірлесу керек көппенен.

Сарқылмас қайрат шаршасаң,

Табысың сонда көп деген.

 

Мақтаншақ, досым, сөзімді,

Естісең ашу шақырма.

Аяймын бекер өзіңді,

Ойлап көр салып ақылға.

 

 

КИЕСІ АТЫП КЕТЕР-АУ

 

Біреулермен кикілжің жағаласып,

Кәсіп еткен басқаға аран ашып.

Он екі, он үш жастарда екі бала,

Автобусқа шықты елмен жағаласып.

 

Дүрліктіріп, отырған қалың елді,

Сүмелек ит иісшіл тағы келді.

Тышқан көрген мысықтай торуылдап,

Иекке алды әйелдер, кәрілерді.

 

Тіміскілеп, қарашы, айналасын,

Жүрісіне шаң жұқпас таңданасың.

Қай жағымнан кетер деп қағып, жұлып,

Жанқалтаңды сыйпалап, қамданасың.

 

Білегіне желбегей шапан іліп,

Кимелейді иықтан баса жүріп.

Не бар-жоғын ең түпкі қалтаңда да,

Сұмақай қол бір сыйпап жатады ұғып.

 

Әлгілерді өзінше ермексініп,

Отыр еді бір адам сергек күліп.

Сәл сүйкеніп кеткендей болып еді,

Қалшылдады қалғандай безгек буып.

 

Ұрылғанмен амал не жарға басың,

Ұрлатып-ап ақшаңды зар қағасың.

Жөнеледі олжалы ұрлықшылар,

Бір бекетте көрсетпей маң қарасын.

 

Қалташылар тойымсыз жұмып көзін,

Кетседағы даяр ас жиып тегін.

Шемен болып байланып жұмырына,

Киесі атып кетер-ау тұнық тердің.

 

 

ШЫНЫНДА СІРӘ ҚАНДАЙМЫН?

 

Қорғаны болған бар маңның,

Аяулы елім, таңдаулым.

Ұлағатыңды биік көтеріп,

Аталар ізін жалғаймын.

Қуанышым ортақ бөлісер,

Өзіңмен ортақ бар қайғым.

Тасқа салсаң қайтпайтын,

Суғарған өзің қанжармын.

Мүддем бір мәңгі, әз халқым,

Талғамыңды ғана таңдаймын.

Қоса бер сайыс, жарысқа,

Тасырқап жолда қалмаймын.

Өзің деп қағып қанатты,

Самрұғың болып самғаймын.

Міндет бер ауыр жүк артып,

Паровозың болып заулаймын.

Жеңілдік алға жеткізбес,

Қиындықтан қорқып талмаймын.

Тарпаңдық берген табиғат,

Паңдығы ерек таудаймын.

Ата салт сыйлар дәстүрім,

Ұстанған жолдан таймаймын.

Қаптаса аяз, үскірік,

Ерітер от боп маздаймын.

Еңкейсең бүгіле бас ием,

Шалқайсаң сонау шалғаймын.

Қалтқысыз өстім ақеділ,

Сойқанға сұмдық бармаймын.

Жалтақтап өттім талай жыл,

Иесі болмай айқайдың.

Қармаққа іліп күншілдер,

Қылмысты да болып байландым.

Ғазез бас нені көрмеді,

Ұмытылды бірақ сан қайғым.

Адалдық қана аңсадым,

Түйір дән арам алмадым.

Бөгде алтын жатса алдымда,

Қиығын көздің салмадым.

Бүркіт боп соңына түспедім,

Қу түлкі дүние жалғанның.

Өтірікке терген, өсекке,

Шайтанға еріп азбадым.

Кісілік қылдым кісіге,

Желп етіп жеңіл жанбадым.

Өйткені оны көз көріп,

Ұстамай тұрып нанбадым.

Тәттіге тәнті дәндетер,

Сеземін қудың арбауын.

Сондықтан сергек сезімім,

Алданып жаңсақ жазбаймын.

Құлқынға құл боп нәпсі үшін,

Ұятқа мүлде қалмадым.

Еңбектен қажып көрмедім,

Тіршілік үшін қармандым.

Көп сөзді тердім, ағайын,

Иман, ұяты бар жанның.

Шыңдарға құлаш сермедім,

Айдарын ұстап арманның.

Бәрін айт та, бірін айт,

Бөспелікке бармаймын.

Жолыңа халқым, жан құрбан,

Өзімді мәңгі арнаймын.

Мен кіммін бәлкім білмеймін,

Бармын ба ішінде талдаудың.

Ісіңе халқым толам ба,

Нысанасы болып талғаудың.

Өзіңсің нағыз төреші,

Шынында сірә қандаймын?

 

 

 

ШТАТ

 

Бар жұмысқа өзімше серпінді едім,

Іс қисынын сонда да келтірмедім.

Әйтеуір менің түспеді уысыма,

Штат сұрап бірталай тентіредім.

 

Күзетпеген қалмады тесігім де,

Қақтым талай ұлылар есігінде.

Ал мақұлға келеді, артынан жоқ,

Кей істерді келмейді кешіруге.

 

Ерте тұрып көңілмен мәре-сәре,

Тағы бардым бастығым әл ете ме.

Күмілжиді жетпедім байыбына,

Не тілейді, бір нәрсе дәмете ме.

 

Ашып-жарып айтса да ризасың,

Не амал бар жаратқан бұйырғасын.

Момындар мен жуастар жете алмайтын,

Штат ісі құрысын қиын ба шын.

 

Көріп жүрміз талайды штаты бар,

Затында жоқ әйтеуір нұсқасы бар.

Жең ұшынан солардай қымти алмай,

Мүмкін қолым біртұтам қысқа шығар.

 

Мейлі бата тілеймін берсін елім,

Қолдауымен халқымның серпілемін.

Қарапайым қазақпын сұмдығы жоқ,

Жылпостар-ақ меңгерсін жер тиегін.

 

Замананың қолдасам жүлгесімен,

Тарих жатыр кетпестей мүлде есімнен.

Қойдым енді тозбайын әлмисақтан,

Қайсы қазақ штатпен күн кешірген.

 

Мейлі оған несіне өкпелейін,

Ақ ниетім кетпесін текке менің.

Штатсыз-ақ нан тауып жей беремін,

Болды емес пе ұнаса көпке өлеңім.

 

Жарылқаушым осыдан жарылқасын,

Өзіңе арнар ұлыңмын бар ынтасын.

Штатсыз-ақ ел үшін істей берем,

Әкеткенше кеудемнен барымтасын.

 

 

 

 

ЕЛГЕ БАЗЫНА

 

Жеткізіп кім бере алған баста зарын,

Ақын боп отты өлеңін жазса да мың.

Солардың бірі болған қораш күймен,

Шертілсін сіздерге енді аз талабым.

 

Дайындық жүрмесем де бір ай көріп,

Қаңбақтай жел айдаған құлай келіп.

Болып мен ақ самайлы кәрі ұстаз,

Отырмын тағы, міне, сынақ беріп.

Басымда қалпағым бар дәйкі деген,

Мен мүмкін осы көпке жәйсіз өрен.

Меңдеткен күйкі тұрмыс көнелікті,

Жанымнан шығар ойла қайтіп өлең.

 

Мейлі оған мен несіне өкпелейін,

Жетпеген шығар зарым көпке менің.

Істетіп, қарамаған аш-тоғына,

Әйтеуір, күйсіз көлік боп келемін.

 

Мен дағы тер төгуді ұшпақ көрем,

Арман бар елден биік ұшсақ деген.

Бойымда жүреді ылғи бір жылы үміт,

Халықтың тілегінен шықсақ деген.

 

Сіздерге жасырмастан жария етем,

Ойымды көптен бері қыстап келген.

Түлкідей қырдан қашқан бұлаң қағып,

Қолыма ілікпеді-ау штат деген.

 

Көрейін қай жерімнен, қай ісімнен,

Жан емеспін қырсықтың табы сіңген.

Әкем бай, манап болса өз алдына,

Есеп берді кезінде әр ісінен.

 

Адам еді ешкімге зәбірі жоқ,

Оны да тезге салды тағдыры көп.

Талайға шапағаты тигенімен,

Сол ісі күнә болды ақыры кеп.

 

Күрессе елім деді, жерім деді,

Жамандық, жалтақтыққа берілмеді.

Адалдық бағытынан айныған жоқ,

Өзінің адамшылық көгіндегі.

 

Жау көріп, жақсы жанды жәбірледі,

«Шетке қойып», «Күреске алды», жанын жеді.

Жаманға жамандық боп есептелді,

Жақсы бол деп айтқан ақыл-тәлімдері.

 

Кедейлер бай болған деп кінәлады,

Қай адам бұған шыдап тұра алады.

Бай болса еңбегінің нәтижесі,

Біреудің қолда барын бұламады.

 

Қылмыс болып табылды оқығаны,

Бойына ақыл, талап тоқығаны.

Еркіндік үшін қолға қару алса,

Езіліп өмір сүрген соның қамы.

 

Әйтпесе бір басына не жетпеді,

Ел деп соқты ниеті жүректегі.

Қылмыс болып жабысты тағы келіп,

Ен далаға жайқалтып гүл еккені.

 

Жақсы адам жақсылыққа жол шалады,

Өмірдің өз заңы бар, өз талабы.

Әке үшін бала жауап бермейді ғой,

Мейлі ол қанша жаман болсадағы.

 

Ащы сөз қиналғанда шығады екен,

Ойым жоқ әкем жайлы ала-бөтен.

Алдыма екіталай таңдау түссе,

Әкемнің әрбір ісін шырақ етем.

 

Әкемді жамандайтын ниетім жоқ,

Менің өмір жолымда үлесі көп.

Қиындықты келемін күле сүйреп.

Бұл да қалар тірліктің бедері боп.

 

Дәуір бұл еңбекшінің десі өрлеген,

Кінә іздеп сабыласың бекер менен.

Атанның жүгін сүйреп жүргеніңмен,

Қиын екен үлесің өтелмеген.

 

Істестер қойдың шиыр жол бастырып,

Артық айтсам орынсыз болмас қылық.

Қайдағы біреулерге тиген штат,

Келеді ерте оятып, жай жаттырып.

 

Бермесең, бермей-ақ қой штатыңды,

Сыйласаң болар еді бір басымды.

Сырты бүтін, іші тар қылықтарың,

Болашаққа, ойлаңдар, болмас үлгі.

 

Бір басқа өмір сан ой салады ғой.

Бұл кезең ақымақтың заманы ғой.

Көрерміз тірі болсақ кім озарын,

«Көн қатса қалыбына барады» ғой.

 

 

 

АШЫНУ

 

Ежелден мен бір жуас жан,

Қанағат барын көретін.

Кеңес сап егер сұрасаң,

Жүрегін жұлып беретін.

 

Көңілім жұмсақ, пәк жаным,

Бейнетқор болып жаралған.

Ұғыну қиын басқаның,

Қауашақ ашқан санамнан.

 

Сындырып тегі көрмедім,

Құмырсқаның да нәзік қанатын.

Халқым деп ылғи терледім,

Болған соң биік санатым.

 

Қалпыммен жұмсақ осындай,

Күн кешіп қамсыз жүр едім.

Біреулер жасап тосынжай,

Сыбана шықты білегін.

 

Момындық неткен қауіпті,

Алдады артық сенгенім.

Қайырыла қабуды тауыпты,

Жақын жан көріп келгенім.

 

Бұның не қымбат, досым-ау,

Ізімнен неге шөп тердің.

Жалғаннан жалпақ осынау,

Мен ғана неге шектелдім.

 

Жапалақ сынды жалбаңдап,

Соңымнан неге қалмадың.

Тұсап қоюды армандап,

Жүр ме екен арам талғамың.

 

Болмашы мансап тигенге,

Мастанып кеттің өлермен.

Өсекке бастың бірдемде,

Алысып аңқау көп елмен.

 

Біртүрлі күшті от кернеп,

Қыздырды топас жаныңды.

Іштарлық сынды дерт кернеп,

Қызғаншақ нәпсің қағынды.

 

Шынашақ батпас қарының,

Қу кеудең дерттің апаны.

Табанын жалап жалдының,

Азғындап арың жатады.

 

Қатының, қызың қожайын,

Көлік те соның астында.

Келтірдің істің қолайын,

Аярлыққа бастың да.

 

Кеудең бір қуыс дүңгіршек,

Қолқаң көк түтін біз білсек.

Өлердей запы болушы ек,

Амалсыз кейде біз жүрсек.

 

Құдайдың кенде ұлы емес,

Салбырап көктен түспеген.

Оқыған жанның бірі емес,

Іс қылдың қара күшпенен.

 

Соншалық саған тырнақтай,

Бермепті тағдыр түсінік.

Аусарлыққа басып міз бақпай,

Келесің кеткен кісілік.

 

Өткен ек барды алмасып,

Шындықтан осы бұлтармай.

Қисынсыз енді жармасып,

Жағамды болдың жыртарман.

 

Итекеш ит те қаппайды,

Өзіне сүйек бергенін.

Қарақшы да халқын сатпайды,

Саңлауы болса көргенді.

 

Жей алмас мүлде қасқыр да,

Тәңірі баққан тоқтыны.

Жоқ-жітік қарны ашты да,

Нысабы болмақ тоқтығы.

 

Сілтенсе тексіз таяғың,

Жұдырық мен де жұмсармын.

Түйілсе тегін қабағың,

Түнек боп келер тұмсарғым.

 

Қорқақты көкем көп көріп,

Батыр ғып алып жүрмегін.

Кетпесін жанын кек буып,

Жөн шығар бұны білгенің.

 

Өзім деп білсең кей істе,

Өзім деп мен де білгемін.

Тұзақта болсын бейіште,

Дейтінмін сонда біргемін.

 

Бұл кім деп достар сұрама,

Ұғынар өзі сол адам.

Ат кекілін кестім біржола,

Маңына енді жоламан.

 

Ойласам күйем қарадай,

Сайлаған талай қыстығын.

Бүркер ем шайнап аямай,

Амал не болды бастығым.

 

Тік шыққан шыңда шанармын,

Өтінде дауыл шыныққан.

Арамзаға сыған сараңмын,

Жақсыдан жайсаң сыр ұққан.

 

Жаратқан ием жандырма,

Осы бір момын күйімнен.

Әз халқым, дарқан алдыңда,

Ұлыңмын әркез иілген.

 

Істесін ақыл, есімін,

Ертеңге мансұқ асығу.

Келеңсіз істен кешіңіз,

Туындым туды ашыну.

“Q-Andas” ақпараттық агенттігі

5 1 vote
Рейтинг статьи
Қаралым 50
Ұлттық киім – ұлт құндылығы
Көрме

Ұлттық киім – ұлт құндылығы

March 19, 2026
35 кітаптың таныстырылымы
Көрме

35 кітаптың таныстырылымы

February 27, 2026
Андас Омарақын кітаптары несімен құнды?
Көрме

Андас Омарақын кітаптары несімен құнды?

February 27, 2026
13 жылдық белес
Грант

13 жылдық белес

February 18, 2026
Ректор гранты
Грант

Ректор гранты

February 13, 2026
Жолым ұзақ , Жететін жерім жырақ
Арнайы жобалар

Жолым ұзақ , Жететін жерім жырақ

January 27, 2026
Subscribe
Login
Notify of
guest
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
Мұқаншының Мұхиты

Мұқаншының Мұхиты

April 16, 2026

Біз үшін қастерлі есім

Біз үшін қастерлі есім

April 16, 2026

Шәкірт мақтанышына айналған

Шәкірт мақтанышына айналған

April 16, 2026

Жаркент уезі (1926 жылғы мәлімет бойынша)

Жаркент уезі (1926 жылғы мәлімет бойынша)

April 16, 2026

Елдіктің жолы

Елдіктің жолы

April 16, 2026

Ақпараттық агенттігі

Меншік иесі: “Жетісу” өлкетанушылар орталығы” қоғамдық бірлестігі
Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы “Болашақ” шағын ауданы, 12-27

Q-Andas желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2025 жылғы 19 наурызда тіркеліп, № KZ21VPY00115275 куәлігі берілген.

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

Тел: 8 747 706 1382
email: andas_kazhet@mail.ru

qandas.kz © 2025. Барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.

  • Qazaq
  • توتە جازۋ
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Білім
    • Денсаулық
    • Спорт
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қасиетті жерлер
    • Қоршаған орта
    • Шалғай ауыл
    • Әдебиет
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тарих
    • Тұлғатану
    • Туризм
    • Мәдениет
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Андас Омарақын ізімен
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат

© 2025 qandas.kz

wpDiscuz