Қазақ халқы әлмисақтан бері өнерлі жұрттың бірі. Қазақтың қолөнері сан алуан, соның ішінде ыдыс-аяқ жасау өнері ерекше орын алады. Қазақ халқы ерте дәуірлерден бастап тұрмыстық тұтыну жабдықтарын өз қолымен жасап келген. Ағаштан жасалған тегене, шара, саптаяқ, ожау секілді бұйымдар бүгінде сирек ұшырасқанымен, халқымыздың игілікті жасампаздығының айшықты белгісі ретінде ел жадында сақталып келеді.
Қазақ қолөнер шеберлері ыдыс-аяқты негізінен қайың, қара ағаш, алма, өрік секілді қатты әрі сапалы ағаштардың ұйылы мен тамырынан, құндыздығынан жасаған. Ыдыс-аяқ жасауға таңдалған ағашты лайықты мөлшерде кесіп, жобалап алған соң мүсіндеп шабады. Шабу белгілі бір мөлшерге жеткенде тоқтатылып, жарылып кетпеуі үшін күн мен жел тимейтін, қалыпты температурада кептіру қажет. Ал кептіруге қолайлы жағдай болмаған жағдайда, мүсіндеп шауып алынған бұйымды сиырдың жас қиына көміп кептірген.
Тұрмыстық тұтыну бұйымдарының бірі – саптаяқ. Қазақтың тамақ ішетін ағаш ыдыстары шара, саптаяқ, қос саптаяқ және шөшек болып төрт түрге бөлінеді. Бір килодан жоғары, үш килодан төмен тағам сиятын ыдыс шара деп аталады. Ал саптаяқтың сыйымдылығы жарты килодан жоғары, бір килодан төмен болады. Тостаған (шөшек) екі жүз грамнан жоғары, бес жүз грамнан төмен сұйықтық сыйдырады.
Тостаған, саптаяқ, шаралар аталық шот (қуыс шот), ыңғыру сияқты құрал-жабдықтармен жасалады. Бұл ыдыстарды жасау барысында жылдамдық талап етіледі. Сондықтан қалың жерін екі сантиметр, жұқа жерін бір сантиметр шамасында жұқартып алу шарт. Осылай істелсе, бұйым тез кебеді әрі жарылмайды. Саптаяқ жасауға негізінен ағаштың ұйылы, түп құндыздығы пайдаланылады.
Саптаяқ жұқартылып болғаннан кейін өңдеу жұмысы үздіксіз жүргізілуі тиіс. Әр өңдеу барысында майлап отыру қажет. Жалпы үш рет өңделіп, үш рет майланады. Майлау үшін міндетті түрде әліп майы қолданылады.
Саптаяқты пайдалану тәртібі де ерекше. Әліп майымен майланған саптаяққа ыстық тамақ құймау, ыстық сумен жумау шарт. Мұндай ыдысқа тек суық тағам құйып, суық сумен жуу керек. Осы талаптар сақталған жағдайда саптаяқ өзінің бастапқы түсі мен сапасын ұзақ уақыт бойы жоғалтпайды.
Қазақ халқы үшін тұрмыстық бұйым тек күнделікті қажет зат қана емес, тарихи жад пен рухани мәнге ие қасиетті мұра саналған. Соның айқын бір дәлелі – енкі ғасыр бйоы сақталып, бүгінге жеткен Ұлтарақ батырдың саптаяғы туралы деректер.
Ұлтарақ батыр жорыққа аттанарда немесе ел ішіндегі маңызды жиындарда өзіне ғана тән ағаш саптаяқты пайдаланғаны айтылады. Бұл саптаяқ қарапайым тұрмыстық ыдыс бола тұра, батырдың өмір салты мен дүниетанымын айшықтайтын нышан ретінде қабылданған. Батырлар үшін саптаяқ – тек ас ішетін құрал емес, тәртіп пен тазалықтың, сабыр мен ұстамдылықтың белгісі болған.
Ұлтарақ батырдың саптаяғы ағаштың ұйысқан түп бөлігінен жасалған деп айтылады. Мұндай ағаштан жасалған ыдыс ұзаққа шыдамды, жарылмайтын әрі ыстық-суыққа төзімді келеді. Бұл – көшпелі өмір салтына толық бейімделген шеберліктің көрінісі. Батырдың саптаяқты жеке алып жүруі – дала заңындағы жеке затқа деген жауапкершілікті, әр бұйымды қадір тұтқан мәдениетті аңғартады.
Халық жадында Ұлтарақ батырдың саптаяғы ерлікпен, ел қорғаумен, адалдықпен астасқан қасиетті бұйым ретінде сақталған. Сондықтан да саптаяқ қазақ үшін жай ғана ыдыс емес, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан рухани сабақтастықтың символы болып табылады. Қасиетті жәдігер бүгінде Андас отбасында сақтаулы тұр.
Ауесхан МАЖАЙ,
«Q-andas» ақпараттық агенттігі.











