Редакциялық кіріспе
Басы: «Қызылжар шайқасына – 327 жыл» сериясы аясында жарық көрген «Айналайын, Атамекен!» жинағы – Тәуелсіздік жылдарында тарихи Отанына оралған қандас ақын-жазушылардың жүрекжарды шығармаларын топтастырған тағылымды еңбек. Бұл жинақта ел мен жерге деген сағыныш, туған топыраққа деген сүйіспеншілік, азаттықтың қадір-қасиеті өлең мен көркемсөз арқылы өрнектелген.
Кітапқа енген туындылар – алыста жүріп Атажұртты аңсаған жүректердің шынайы үні. Алайда жинақтың көлеміне байланысты әр қаламгердің тек үш шығармасы ғана қамтылған болатын. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Qandas.kz сайты «Айналайын, Атамекен!» жинағына енген авторлардың шығармашылығын кеңінен таныстыруды жөн көрді.
Бұл жолы оқырман назарына қандас ақын, қаламгер Қарқын Қасымбекұлының өлеңдері мен әңгімелері ұсынылып отыр. Оның шығармаларынан табиғатқа сүйіспеншілік, адам жанының иірімдері, ұрпаққа өнеге, ғылым мен білімге үндеген терең ойлар айқын аңғарылады. Ақынның тілі – қарапайым, ойы – салмақты, айтары – өміршең.
Qandas.kz порталында қазақтың сөз мәдениетін, ой тереңдігін, рухани сабақтастықты дәріптейтін әдеби дүниелерге әрдайым ерекше орын беріледі. Соның бірі – ақын Қарқын Қасымбекұлы мен құрдасы Сағира Арыққанқызы арасындағы жазба айтыс.
Бұл туынды – жай ғана өлеңмен хат алмасу емес. Мұнда уақыттың тынысы, қоғамдағы өзгерістер, адам мен заман арасындағы байланыс, достық пен сағыныш, үлкенге құрмет, ұрпақ сабақтастығы көркем тілмен өрнектелген. Жазба айтыс арқылы авторлар бүгінгі қоғамдағы рухани құндылықтардың жай-күйін саралап, адамдық болмыс, қарым-қатынас, заманауи өмірдің беталысы жайында ой толғайды.
Қарқын Қасымбекұлының толғамды сауалдары мен Сағираның байыпты жауаптары өлең өрнегімен өріле отырып, оқырманды өткен мен бүгінді салыстыра қарауға жетелейді. Бұл – қазақы таным мен қазіргі заман шындығының көркем тоғысы.
«Қайдасыңдар, достарым» атты ән мәтіні – жастық шақтың жарқын сәттеріне, адал достыққа, бірге өткен күндердің сағынышына толы сырлы шығарма. Өмірдің әр кезеңінен өтіп, ата-әже атанған шақта да үзілмеген достыққа деген құрмет пен аңсар бұл туындыда шынайы сезіммен өріледі. Ән жолдарынан уақыттың табы, сағымға айналған жылдардың елесі, алыста жүріп еске алған асыл жандарға деген іңкәрлік анық сезіледі.
Ал «Қыз-келінге насихат» атты өлең – ұлттық тәрбие мен адамгершілік құндылықтарды алдыңғы орынға қоятын тағылымды туынды. Мұнда ата-ене мен келін арасындағы сыйластық, мейірім мен түсіністік, имандылық пен жауапкершілік мәселелері байыппен қозғалады. Ақынның бұл өсиеті – бүгінгі жас келіндерге ғана емес, тұтас қоғамға арналған ізгі үндеу.
Қарқын Қасымбекұлының шығармалары – өмірден алынған, елдік танымға негізделген, қазақы болмысты сақтауға үндейтін дүниелер. Qandas.kz оқырмандары үшін бұл туындылар рухани демеу, ойға жетелер өнегелі сөз болары анық.
Қазақ дүниетанымында сөздің киесі, атаудың қасиеті ерекше бағаланған. Кейбір ұғымдар бар – олар уақыт өтсе де, заман өзгерсе де, мәнін жоғалтпайды, оқылу бағыты ауысса да мағынасын сақтайды. Осындай терең таным мен ұлттық философияға негізделген ойды ақынның «Қазақта өзгермейтін 9 сөз» атты өлеңінен айқын көреміз.
Бұл туындысында ақын Алла, Ана, Апа, Ата, Аға, Іні, Ене, Қазақ, Ауа секілді ұлттың рухани өзегін құрайтын ұғымдарды өлең өзегіне айналдырып, олардың мән-мағынасын тәрбиелік әрі танымдық тұрғыда ашады. Бұл – жай ғана тілдік ерекшелікке құрылған жыр емес, қазақ болмысының тұтас философиялық жүйесін сипаттайтын толғаныс.
Өлеңде сөздің тұрақтылығы арқылы иман, тәрбие, туыстық, елдік, өмір мен тыныс ұғымдары сабақтасып, оқырманды терең ойға жетелейді. Мұндай шығармалар бүгінгі ұрпаққа ұлттық құндылықтарды түсіндіруде, тіл мен сана сабақтастығын сақтауда айрықша маңызға ие.
Qandas.kz оқырмандарына ұсынылып отырған бұл жазба айтыс пен өлеңдер топтамасы – ұлттық сөз өнерінің бүгінгі жалғасы, рухани диалогтың жарқын үлгісі.
Qandas.kz ұжымы қандас қаламгерлердің мұрасын насихаттауды, олардың шығармашылық әлемін жан-жақты танытуды алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастыра береді.

ПАЙДАСЫ НЕ
Жаудырған мен жатып ап байға сілте,
Өзі келген еңбексіз қай несібе?
Қарау байдан кеуделі кедей артық,
Қарау болса байлықтың пайдасы не?
Кейбір пысық сүйеніп қайласына,
Мансап алып, таққа кеп жайғасуда.
Алтын тақта шіреніп отырсаң да,
Әділдігің болмаса пайдасы не?
Қолда байлық, кім кепіл таймасына,
Қызыққанның түспесін айласына.
Халық үшін аралап жүрмеген соң,
Қымбат көлік мінгеннің пайдасы не?
Зәулім қабат үй алып жайғасуда,
Құр қалмаған еншіден таймасы да.
Баспана жоқ халық шулап жүргенде,
Сен отырған зәулімнің пайдасы не?
Бәрі барда ұрпағың ойласын не?
Қанағат қып, қадірін жоймасын де.
Аш-жалаңаш жүргенде қара халық,
Сен қайғысыз жүргеннің пайдасы не
ҚҰНДЫЛЫҚТЫ ҚҰРМЕТТЕ
Ұрпағымыз қазақ деген текті елдің,
Тектілікпен тегімді біліп жеткенмін.
Не боп барад бұл дүние, шіркін-ай,
Елін емес, тегін білместі көп көрдім.
Майдаланып кеткені ме ұрпақтың,
Ішке сыймай келеді қатты үн қатқым.
Ілесем деп дамуына қоғамның,
Құнын білмей, құндылықты ұрлаттың.
Ілесе біл дамуына заманның,
Қалады шын шектетіліп жаманның.
Әр ұлттың да құндылығы болады,
Құнын білсең, артқаны сол бағаңның.
Бара жатыр атаулар да өзгеріп,
Ішке сыймай естіп те жүрміз, көз көріп.
Намыс болмас қазақ болып туылсаң,
Кетпейікші еліктеп ерте өзгеріп.
Далбақтап шауып, ілесе беріп дүрмекке,
Керегі не бөленсең атақ, құрметке?
Көрінгеннің қолдана бермей ескісін,
Өз ұлтыңның құндылығын құрметте!
НАУРЫЗ КЕЛДІ
Жеті күннің сұлтаны,
Жұмада кірді Наурыз.
Оңынан туып шолпаны,
Төлдер емді нәр-уыз.
Тоң жібіп мұздар еріді,
Күн күлімдеп жаз шығып.
Жер шары қардан жеріді,
Бұ да бір тәңір жазмышы.
Ораза келді отыз күн,
Тию үшін нәпсіні.
Құлшылық қып отырмын,
Білім ап құран тәпсірден.
Жеті дәм сап тілек қып,
Көже ішейік ағайын.
Ел-жұртым аман болсыншы,
Деп ішейік ағайын.
Наурыз келді, жыл келді,
Жыл өтіп айлар ауысқан.
Жақсылықтан болар бір белгі,
Наурызда бәрі тоғысқан.
Қайдасыңдар, достарым
(Ән сөзі)
Асыл достар, қайдасың аңқылдаған,
Сыр болмаушы еді арада айтылмаған.
Бірге өткізген күндер-ай жастық шақта,
Жүздеріңді сағындым жарқылдаған.
Қайырмасы:
Жастығымның айғағы,
Бұзылмаған қаймағы.
Алыста жүріп сағындым,
Жүздеріңді жәйдары.
Әзіліміз қашанда жарасымды,
Бір анадан туылған бала сынды.
Қам-қайғысыз дәурен-ай өтіп кеткен,
Бар мен жоқты білмеген санасуды.
Сағым жылдар салыпты самайға ізін,
Талай көктем, талай қыс, талай күзің.
Ата-әже атандық тағдыр сыйлап,
Ұрпақ өсті толықсып ұл мен қызың.
Қайырмасы:
Қайдасыңдар, достарым,
Жүрсіңдер ме қош бәрің.
Өздеріңді еске алып,
Сағынып әнге қосқаным.
Қыз-келінге насихат
Оның да, сенің әкең де бар, анаң бар,
Түсінетін сараптап бәрін санаң бар.
Аялай білсең,
Ата-енең де ұқсас қой,
Ұлын сүйсең, түсіне біл, шамаң бар.
Деп жататын не көрсетсең ата-енеңе,
Өз қылығың өзіңе бөтен деме.
Бұл дүние дөңгелек, шыр айналған,
«Басқа келмейді, осылай өтем» деме.
Нең кетеді құрметтеп аяласаң,
Жылы сөйлеп қасына таяуласаң.
Риза боп батасын берер еді-ау,
Шын жүректен жылылық аямасаң.
Кекірейіп, кекжиіп жүре берсең,
Жоқ нәрсеге құлақты түре берсең,
Жүректегі иманың қайда сенің,
Келін болған анаңды біле білсең.
Қолыңнан келсе, мейірім қыл ата-енеңе,
Кейінгі ұрпақ алмасын жат өнеге.
Артық айтсам сөзімді кешіріңдер,
Жазылғанын көрерміз пешенеге.
Қазақта өзгермейтін 9 сөз
Қазақта тоғыз сөз бар ауыспайтын,
Қоссаң да басқа сөзбен қауышпайтын.
Оқысаң алдынан да, артынан да,
Бір мағынада тұрады дауысқа айқын.
Әуелі жаратушы – «АЛЛА» сөзі,
Алладан басқа құдірет бар ма өзі?
Он сегіз мың ғаламның әміршісі,
Бұзып оқыған адамның шығар көзі.
Алладан соң өзгермес «АНА» есімі,
Ана деген атымен жарасымды.
Киелі ғой ананың есімі де,
Құрметтесең аялап анаңды.
«АПА» деген сөз еді тағы бірі,
Машақатпен өтетін тағдыры.
Өзгермейді оқысаң алды-артынан,
Тәрбиесі сияқты тағылымы.
Тағы бір сөз өзгермес «АТА» деген,
Ықылас-бата тисе екен ата берген.
Ата деген ардақты, маңғаз ұғым,
Атаң болса беделің арта берген.
Қамқоршың ғой алдыңда ағаң болса,
Құрметке сай өзіңдік бағаң болса.
«Бірге туған бірге өлер» деген екен,
Құрметтеп жүр ағаңды, санаң болса.
Өзгермейтін тағы да «ІНІ» есімі,
Намыс көрген ағаға тіресуді.
Екі етпейтін ағаның сөзін бұзып,
Сыйластықпен құп көрген ілесуді.
Екінші анаң емес пе «ЕНЕ» деген,
Ешқашанда жері жоқ төмендеген.
«Шеше көрген тон пішер» дейді халық,
Жарыңның жақсы болғаны өнегеден.
Дарқан көңіл, жомарт ұлт – «ҚАЗАҚ» деген,
Мойымайтын өтсе де азаппенен.
Атына ұқсас ерекше қасиет бар,
Қазағымды өзгермес ғажап дер ем.
Соңғы бір сөз өзгермес – «АУА» деген,
Бар тіршілік тыныстар ауа менен.
Ауасыз да тіршілік жан үзеді,
Ауа болса жаныңа дауа деген.
Сақтағайсың бұл сөзді санаңда айқын,
Мәңгілікке өзгеріп жоғалмайтын.
Жаратушың, тәрбиен, батаң да бар,
Ауаң да бар – ол үзілсе, өмірің тәмамдайтын.
Адамдардың мінезі
Адамдардың әртүрлі санасына,
Мінез-құлқы, көзқарасына.
Айырып, топқа бөліп жатады екен,
Хайуандарға ұқсатып бағасына.
Дейді екен «жылқы мінез» бір адам бар,
Қағылез, сергек келген ол адамдар.
Құбылмалы көрсетер кейде мінез,
Жай адам деп ешқашан санамаңдар.
Ит мінезді дейді екен тағы бірін,
Иттігіне ұқсатып тағдырын.
Бұлаңдатып құйрығын алдап тұрып,
Көрсететін жасырын тағылығын.
Шошқа мінез дейді екен бұрылмайтын,
Қорыс ететін оның да сыры айқын.
Мұсылманға жазбаған харам ғой деп,
Ішке бүгіп айта алмай ырымдайтын.
Тағы бірін сиырға ұқсатады,
Сүзіп қалса, оқыстан қақсатады.
Дей тұрғанмен, сиырдай қайдан болсын,
Айран, сүті, етімен аса дәмді.
Ат қойғанға біз қазақ қарықпыз ғой,
Хайуандардан аса алмай қалыппыз ғой.
Малдан басқа көргенің, білерің жоқ,
Қойдай қоңыр, момындау халықпыз ғой.
Жоқ демеймін, мен де соның бірімін,
Қаламаймын оған бола күлуін.
Құдай берген етке сіңген мінез ғой,
Бірі қуаныш, бола берер бірі мұң.
Жолы бар
Киелі ұғым жол дегенің қашанда,
Деп жататын «жол кеспе» деп атаң да.
Әр нәрсенің жолы бар ғой жүретін,
Жолсыз жүріп адасасың қайда барсаң да.
Жолын білсең жеткізеді арманға,
Жолын таппай өкінбе мына жалғанда.
Таңдай алсаң түзу жолды бағыңа,
Алдан күтер жетіп барсаң зарыға.
Жолыңда бар жазығы, қиыр белесі,
Қатпар-қатпар ойлы-шұңқыр, дөңесі.
Тәлейіңе жолығады нешесі,
Кейбіреулер жолдан көреді неге осы.
Білесіңдер әр нәрседе жол барын,
Түсінерсің айтпасам да ол жағын.
Құмырсқа, құмыр, қоңыз тірлік заманда,
Деп тілеймін бола берсін жолдарың.
Бітер істің, айтар сөздің де жолы бар,
Ойлам болса, түсінетін соны ұғар.
Аламанда әділ жолмен баға бер,
Жолдан таймай, заңды түрде қазылар.
Ұрпақтарға үндеу
Кел, балалар, алайық туыс танып,
Жақыныңды жат қылмай ұғыс барып.
Мынау орай, мынау сәт – дамыған кез,
Кім екенін туыстың ұқсын анық.
Бұрынғы өткен күндерде іздемедік,
Күнде кетіп күйбіңмен жұмыстанып.
Көз алдыңа елес қып әкелермін,
Өз әкеңдей өзіңді мәпелер кім?
Біліп қана қойғанша өз әкеңді,
Әкеңнің де білсеңші әкелерін.
Түсін, ұрпақ, аралас бір-біріңмен,
Шектелмей-ақ жай дос боп бір жүрумен.
Жетесіздік танытпай қаныңды біл,
Сақтан, ұрпақ, қыз бен ұл жүруден.
Сағындым әкем мен анашымды
(Ән сөзі)
Сағынып жүрмін әкешім мен анамды,
Сағыныш кернеп сарғайтып жүр санамды.
Не жақсылық жасай алдық ұрпақ боп,
Кешір, ана, кешір, әке, балаңды.
Қайырмасы:
Анашым – алтын бұлағым,
Өмірдің жаққан шырағын.
Әкешім – асқар тау тұлға,
Айтатын асқақ жыр-әнім.
Бүгін міне өсіп-өндік, көрмедің,
Осы күнге жеткізем деп терледің.
Қолда барда алтынның қадірі жоқ,
Өкініш пен ішім өрт боп жүр менің.
Қызыға да, қызғана да қараймын,
Тірі жүрген ата-анасы талайдың.
Кейде отырып елеңдеймін, елітіп,
Еріп кетіп жетегіне сан ойдың.
Көктеммен бірге ел жаңа
Көктем келді, ағайын, көктем келді,
Мейірлене күн нұры өпкен жерді.
Тонды шеш, ағайын, серпіл енді,
Дерт-дербездер жойылсын өткендегі.
Көктем келді, балалар, гүл теріңдер,
Гүлмен бірге құлпырып гүлденіңдер.
Жаңа жылдан күтейік жақсылықты,
Күн артынан жаңаша күн көрінер.
Серпіліңдер, ағайын, заман жаңа,
Қызығырақ маған да, саған да.
Ескі жылға қалдырып ескілікті,
Жаңа жылда ашса екен санамды Алла.
Жаңа жылда басайық тыңнан қадам,
Тыңнан қадам – әрине шыңдалғаннан.
Жаңа ел боп құрылу іске асады,
Халық үні басшыға тыңдалғаннан.
Қарқын Қасымбекұлы мен құрдасы Сағира Арыққанқызының айтысы
Қарқын Қасымбекұлы:
Құрбым-ау, амансың ба көптен бері,
Алыс дейді іздеуге кеткен жерің.
Күнде кеттік күйбіңмен жұмыстанып,
Оған бола айыпты етпе мені.
Жатырсың ба дін аман, отбасыңмен,
Немерелі хабарың жеткен еді.
Мен де, сен де тілейміз амандықты,
Ата-ана дұғасы көп тіледі.
Сағира:
Замандас, амансың ба іздеу салған,
Қайда екен көне көздер есіне алған.
Өздеріңнен хат-хабар алмаған соң,
Еске түсті көп жылдар артта қалған.
Болыппыз ата-әже немерелі,
Адамзат ұрпақпенен көгереді.
Көрмегелі көп жылдың жүзі болды,
Құттықтаймын сенің де немереңді.
Қарқын Қасымбекұлы:
Күндер қайда бөліп жеген бір нанды,
Жылжып жылдар сағым болған күн қалды.
Сағынасың маңайыңа жалтақтап,
Баяғыдай достар қайда бұл маңда?
Түсінбейсің жан біткенді қарбалас,
Көре алмайсың кеңеспен малдас құрғанды.
Көршіңе де кіре алмайсың қыдырып,
Көресің де қара құлып тұрғанды.
Сағира:
Тамаша, тамаша еді сол бір кездер,
Жүректе содан қалды елес-іздер.
«Танымасты сыйламас» деген бар ғой,
Танымаса кімдерді кімдер іздер?
Сол кез қайда, түсе қалып жататын,
Талай таңдар ән-күйменен ататын.
Қариялар дөң басына жиналып,
Көрген-білген әңгімесін айтатын.
Қарқын Қасымбекұлы:
Жүрмесе де шалдығып, шәршәп отын ап,
Кейбіреулер шыға келер шатынап.
Жынды адамша өз-өзімен күбірлеп,
Телефоннан бас көтермей отырады ап.
Қасына барып сұрай қалсаң бір істі,
Көтере сап иықты, телефонды шұқылап.
Сонда, құрбым, қоғам ба әлде адам ба?
Бұзылды деп кінә артамыз заманға.
Жоқ, жоқ, құрбым, заман дамып барады,
Қайрымы жоқ адамдардың адамға.
Дәтке қуат ақталамыз қызармай,
Арта салдық кінәнің бәрін заманға.
Сенің қалай қоғам жайлы талғамың?
Ойладың ба назар салып жан-жағын?
«Әр кәллада бір қиял бар» деген ғой,
Келер ойдың салмағын салдым өзіңе тағы да.
Сағира:
Қазағым сақ еді ғой сауысқандай,
Кейде ойлайсың күн мен түн ауысқандай.
Кейбіреу жауапқа да ерінеді,
Телефонға құндылық ауысқандай.
Иә, құрбым, қызық боп тұр маған да,
Заман емес – ұмыттырған адамдықты адамға.
Ілесе алмай дамуға,
Су жұқпастар арта салар заманға.
Қарқын Қасымбекұлы:
Құрбым-ау, тағы жоқсың, әрең тапқанда,
Телефоның өшті ме мына суық ақпанда?
Жоқ, болмаса пысығың ба ұйқы бермей ақтаңда,
Сол үшін де күндіз ұйықтап жатсың ба?
Мұрша келмей бір сәт уақыт тапқанға,
Жан жуымас омалып үйде жатқанға,
Деген сөзді халқым бекер айтқан ба?
Сағира:
Замандас, осы жолы жоғалмадым,
Қайтаруға уақыт таба алмадым.
Әже болу оңай емес екен ғой,
Немерелерге қараудан аса алмадым.
Жас кезімде бәріне де үлгеретін,
Жігіт едің жүйелі сөзге жүгінетін.
Бекер кінә тағасың-ау ұғыспай,
Бұл сөзіңе мен емеспін сүрінетін.
Қарқын Қасымбекұлы:
Құттықтаймын, немерелі болыпсың,
Әже болып атанып та алыпсың.
Құдай берген ұрпақтарың аман боп,
Арт-артынан толыға берсін, толықсын.
Құлы болып Құдай сүйген шынында,
Бақытыңа пайғамбар келіп жолықсын.
Сағира:
Қарқын-ау, бала-шағаң аман ба,
«Бұл қалай?» деп сұрау салдым санаңа.
Маған деген жақсы дұға-тілегің
Жұғысты болсын деп тілеймін саған да.
Қарқын Қасымбекұлы:
Сағираш, жазылдың ба тұмауыңнан?
Бірер күндік болса екен жыл ауырман.
Бір жауап жоқ қайтарған көптен бері,
Жалықтың ба болмаса сұрауымнан?
Сағира:
Қыстың күні тиеді тұмау деген,
Қыстың көзі – қырауменен, жылауменен.
Ақ борандай боратып ақпандағы,
Келе жатсың мені ылғи сынауменен.
Қарқын Қасымбекұлы:
Байлық деген бақ па екен, бақыт па екен?
Байды көрсе «бақытты» деп жатты екен.
Онда кедей сорлы ма жарымаған?
Жоқ, кедей жомарт атағын алыпты екен.
Неге алмайды бай болса сол атақты?
Қараулықтан бай болып қалыпты екен.
Сағира:
Байлық деген, білесің бе, бақ емес,
Байдың бәрі бақытты жан тағы емес.
Байлық сондай жақсы болса шынымен,
Кеуделі кедей артық деп те теңемес.
Қарқын Қасымбекұлы:
Байлар бар асып кеткен шамадан,
Басқаларға көз алартып қараған.
Берсе Алла адалынан берсе екен,
Керегі жоқ тарақан басын ойлаған.
«Q-andas» ақпараттық агенттігі.











