Басы: Редакциялық кіріспе: «Қызылжар шайқасына – 327 жыл» сериясы аясында жарық көрген «Айналайын, Атамекен!» жинағы – Тәуелсіздік жылдарында тарихи Отанына оралған қандас ақын-жазушылардың жүрекжарды шығармаларын топтастырған тағылымды еңбек. Бұл жинақта ел мен жерге деген сағыныш, туған топыраққа деген сүйіспеншілік, азаттықтың қадір-қасиеті өлең мен көркемсөз арқылы өрнектелген.
Кітапқа енген туындылар – алыста жүріп Атажұртты аңсаған жүректердің шынайы үні. Алайда жинақтың көлеміне байланысты әр қаламгердің тек үш шығармасы ғана қамтылған болатын. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Qandas.kz сайты «Айналайын, Атамекен!» жинағына енген авторлардың шығармашылығын кеңінен таныстыруды жөн көрді.
Ясын Қалияқпарұлының поэзиясы – қазақ дүниетанымының терең қатпарларынан тамыр тартқан, табиғат, тарих және адам жаны арасындағы ішкі байланысты көркем тілмен бейнелейтін тұтас рухани әлем. Ақын өлеңдерінде жеке сезімнен гөрі ұлттың ортақ тағдыры, мінезі мен болмысы алдыңғы қатарға шығады. Оның жырлары – күйзелістен туған мұң емес, күрес пен серпілістен жаралған ой.
Ақын поэзиясының басты өзегі – ұлттық рух пен уақыттың тынысын қатар ұстау. Бір өлеңінде ол қозғалысты, қуатты, серпінді мінезді алға тартса, келесі бір жырында сабыр мен қабылдауға, өмір заңдылығын түсінуге жетелейді. Бұл – қарама-қайшылық емес, қайта қазақ болмысының толық көрінісі.
«Жылқы жылы» сияқты өлеңдерінде ақын жылқы бейнесін тек табиғат элементі ретінде емес, қазақтың рухани символы дәрежесіне көтереді. Жылқы – мұнда еркіндік, қозғалыс, төзім мен тектіліктің көркем баламасы. Қасат қарды жарып, тебіндеп тіршілік еткен жылқы образы арқылы ақын ғасырлар бойы қысым мен тар жол, тайғақ кешуден өткен халықтың жойылмас қуатын көрсетеді.
Бұл өлеңдерде қазақ – әлсіз жұрт емес, қайта тарихтың ең ауыр кезеңдерінде де қозғалысын тоқтатпаған, рухын жоғалтпаған ел ретінде көрінеді. Ақын «жылқы жанды қазағым» деп, ұлт мінезін табиғи, туа біткен қасиет ретінде сипаттайды.
Ал «Күз келді деп» секілді лирикалық-философиялық өлеңдерде ақын уақыттың ауысымын, өмір кезеңдерінің заңдылығын терең пайымдайды. Күз – мұнда күйреу емес, есеп беру мен жинақталу шағы. Ақын жаздың кеткеніне өкінбейді, керісінше әр маусымның өз міндеті бар екенін қабылдайды.
Бұл жырларда қазақы дүниетанымдағы табиғатпен үйлесім, тағдырға қарсы шықпай, тағдырмен қатар жүру идеясы анық аңғарылады. Сабыр – әлсіздік емес, даналық ретінде беріледі. Өмірдің әр кезеңі секілді күз де қажет, өйткені ол қыстың алдындағы дайындық.
Ясын Қалияқпарұлының тарихи толғаулары мен азаматтық өлеңдерінде қазақ халқының өткен жолы, рухани жарасы мен жауапкершілігі айқын сезіледі. Ақын ұлттың басынан өткен ауыр кезеңдерді ұмытуға емес, одан сабақ алуға шақырады. Ол жалған мақтаннан, жасанды пафостан қашып, тарихи шындыққа тура қарайды.
Ақын үшін ата-баба аруағы – құр ұран емес, бүгінгі ұрпақтың ар-ұяты мен мінезінің өлшемі. Өлеңдерінде жиі кездесетін «ар», «намыс», «рух», «бірлік» ұғымдары – оның поэзиясының іргетасы.
Ясын Қалияқпарұлының жырлары бір-бірінен бөлек тұрған жеке туындылар емес. Олар бірігіп қозғалыс пен сабырды, серпіліс пен тоқтамды, тарих пен бүгінді,табиғат пен адамды бір арнаға тоғыстырады.
Оның поэзиясында қазақ кейде тебіндеген тұлпар, кейде күзгі даладай сабырлы, кейде жаралы, бірақ сынбаған халық ретінде көрінеді.
Ясын Қалияқпарұлы – қазақ поэзиясында ұлт болмысын айқаймен емес, табиғат, мінез, уақыт арқылы сөйлеткен ақын. Оның өлеңдері оқырманды бір сәтке тоқтатып, өткенге үңілдіріп, бүгінді бағалатып, ертеңге жауапкершілікпен қарауға жетелейді.
Бұл поэзия – тек оқылатын емес, ойланатын, сезілетін, түйсінілетін рухани дүние.
Qandas.kz оқырмандары үшін Ясын Қалияқпарұлының өлеңдері – ұлттық сана мен рухты жаңғыртатын мәнді әдеби олжа.
Qandas.kz ұжымы қандас қаламгерлердің мұрасын насихаттауды, олардың шығармашылық әлемін жан-жақты танытуды алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастыра береді.

ҚОЙЛЫҚТА ҚАЛҒАН ҚОҢЫР ҮН
(Толғау)
Батыр қазақ!
Ауырған Отан үшін басың, қазақ!
Жаныңды күнде жеген қайғы сенің,
Кектерден кеуде толған ашу-азап.
Құрыш қазақ!
Тегінде теңдесі жоқ, дұрыс қазақ!
Ақиқатты сақтаған адалдықпен,
Тіл алғыш түртіншекке тыныс қазақ!
Қайсар қазақ!
Қой мінез, қоңыр туған жайсаң қазақ!
Сен десін, селкеу салып сертке айдаса,
Қатыржам, қайғырмаған байсал қазақ!
Сетер қазақ,
Бал қазақ, тәтті қазақ, шекер қазақ!
Ерен қазақ, қарағай, емен қазақ!
Әкең – тұйғын, сұңқар,
Шешең – қазақ!
Қартаң қазақ,
Өр қазақ, өктем туған тарпаң қазақ!
Жағымпаз, жалтақ ойлап жасымаған,
Езілмей, ер жігермен айтар қазақ!
Жасын қазақ,
Ән қазақ, ақын қазақ, қасқыр қазақ!
Алса да етін сылып сүйегінен,
Таңбалы таста қалған атың – қазақ!
Өр қазақ,
Арманның азабына көнген қазақ!
Көрмеген тегін сатып атақ үшін,
Ұлт үшін, Отаным деп өлген қазақ!
Асыл қазақ,
Кең қолтық, кесек тұлға, батыл қазақ!
Азуы алты қарыс айға қарап,
Төбесінде Азияның жатыр қазақ!
Көсем қазақ,
Би қазақ, сұлтан қазақ, көкем қазақ!
Алтын қазақ, ақ қазақ таусылмаған,
Жегідей жеп жатса да шетел қажап!
Өлмес қазақ,
Қарамайтын қатерге төнген қазақ!
Аттандап алты Алаштан ұран шықса,
Түрегеліп жүгірген көрден қазақ!
Бекем қазақ!
Қанжығада кетсе де есең, қазақ.
Абыройың асқақтап бара жатыр,
Осы биік, осы күн жетер, қазақ!
Серке қазақ,
Жаңа қазақ, жан қазақ, ерке қазақ!
Отырарда суланған кірпігімді,
«Қойлыққа» кеп отырмын жерге қадап…
ІЗДЕЙМІН ҚАРАШАНЫҢ КҮНДЕРІНЕН
Іздеймін қарашаның самалынан,
Сұраймын өткенімді дала-мұңнан.
Төсеймін шеміршекті зәріне,
Жүрегімді үсіндірсін жара қылған.
Іздеймін қарашаның тауларынан,
Қырау қатқан бүрінен, бау-бақшадан.
Үмітімнің үзігін жалғағалы,
Кеңістіктен келді ме сар-дауылдан?
Іздеймін қарашаның бұрқағынан,
Арманым дәметеді қыр сағымнан.
Тамсанам марқа-құлақ жапыраққа,
Сүйініп нар бұтаққа бұршақ ұрған.
Іздеймін қарашаның ақ таңынан,
Тарихтың өткен күнін ат жалынан.
Сенім, күдік, сергелдең кемесінде,
Күндерді күйіп өткен аптабынан.
Іздеймін қарашаның мұнарынан,
Қайғы мен қасіретті мұра қылған.
Қашқан аң, ұшқан құстың дүбірінен,
Шешім күтем шеріме мұң арттырған.
Іздеймін қарашаның түндерінен,
Көмілген қасырларға күлге іргем.
Қараймын қарлы тауға қайта-қайта,
Қанденің қарақшыдай күнде үрген.
Іздеймін қарашаның арасынан,
Үнін аңсап көк бөрінің аласұрған.
Желтоқсан таяғанға алаңдаймын,
Дауыл күшті болар деп қай асудан.
Іздеймін қарашаның кештерінен,
Сан боран оралады еске бірден.
Қайғырам, қаңтар жақын келе жатыр,
Үсініп кетер ме деп кешке жүрген.
Іздеймін қарашаның күндерінен,
Үркін үріп, үрдісіне тіл көмілген.
Жел кеулеп етегінен сіңбе кірген,
Жабылса болар еді іргем мүлдем —
Жабықтан сұғалайды кім көрінген
ҚАНША ЗАМАН…
Көк бөрісің дегенде – қасқырсың деп,
Абыройға, атаққа дәт қылдық көп.
«Апа» дедік ешкіні қанша заман,
Ғасырларға жалғасып, аз күн жүдеп.
Құдай зауал берді ме асқынды деп?
Қоңыр десе ат қойып қой мінезді,
Арқалаумен жүріппіз бойкүйезді.
Жаңылған күйістен қанша заман,
Тар шиырдан тақымдап өргізбеді,
Қойдан қоңыр күндерді көргізбеді.
Дүлдүлсің деп дүбірлі жылқы мінез,
Көтерілген сәттері рухым бір кез.
Қамшы кеспе болғалы қанша заман,
Сұрқын алып, сілкіген жұртымды ез.
Айықпаған аспаным – бұлтым бір тез.
Айдын көлге жаралған аққу десе,
Сасық көлде салқындап жаттым кеше.
Қиқуларым өшкелі қанша заман,
Тасқын жүрсе – тамшы жоқ, тас бүрлесе.
Сыңси-сыңси сурылды жақ, тіл неше.
Қыран десе – сұңқарсың, алтын қанат,
Алтын тауға талпындым алты қабат.
Тышқаншылап кеткелі қанша заман,
Жарым тұлпар тұғырдан жарты қанат.
Қауырсыннан қал кетті жалпылдап-ақ.
Батыр десе – тау тұлға, қаһармансың,
Айтқан екен ойласам атам басын.
Бірді жықпай кеткелі қанша заман,
Жарамайтын жалған атақ қатарға сын.
Ақкөңілді алдаған осал басым.
Сынық қанат күй кештік жарға түнеп,
Қамыт қажап топшыны, арба сүйреп.
«Екі сиыр тумады» қанша заман,
Ауыз толмай айранға қал да жүдеп.
Ханға дәтті аутсақ та, арға тіреп…
БІЛЕСІЗ БЕ?
Байтақ ел, дарқан дала – отаным бар,
Арсыз қыз туған емес, осал ұлдар.
Тарихым тау-тау болып жатыр, әне,
Сақ, ғұннан бері қарай қотарылғандар.
Алқынса қос танаудан жел гүрілдеп,
Тебінсек тау құлайды, жер дірілдеп.
Ұлымын көкке қарап: қасқырмын деп,
Шытынап, шырқылдаймыз кеміріп жеп.
Кең пейіл, кеуде біткен алып тұлға,
Балқаштай құйға өскен қанық суға.
Жүз отыз елге төсеп етегімді,
Мойындар дүние жүзі – халық куә.
Бір болсақ, біз егеміз жер бетінде,
Аққу мінез тербетілген көл бетінде.
Көрші елді дәніктірген дәмесіне,
Қарамай қара жүрек көнбеді де.
Құда көп, оң-солымда нағашы мол,
Ерлікпен өссін дедік жанасып ол.
Жұлымыр жұтқыштардан сескенем бе,
Қаймықпай қаптаса да қарасы мол.
Құдағи, құдашалар жүр жадыраған,
Базарға тәстіқ алған қазылардан.
Бұл менің ерлігімнің айғақтары,
Түрі деп түсінбеңіз азғындаған.
Ой толық, Отан менікі, мал өрісте,
Беріліп жатса мейлі тау егіске.
Алакөл, Балқаш кетпес асқақтан,
Шалқаям сырға қарап нар Ертіске.
Байланыс, бақ-береке тереңдеді,
Жиен көп, жиен-жаран көбейеді.
Бізде жоқ аңқау аға, албыт іні,
Көрмедік көзі қызыл кемеңгерді.
Батамен ел көктеген – білесіз бе?
Қарап қой, Қазақ деген ұлы есімге.
Місе құрлы көрмейтін біз боламыз,
Ит қаптап, шошқа жатса іргесіне.
МҰРАҢДЫ БАБАҢ БЕРГЕН – КҮЗЕТІП АЛ!
Тербеліп кең дүнием тарылады,
Алыстап күркешеден таң қылаңы.
Себебі өлең-өнер жұлмаланып,
Жүрегім жұдырықтай зар жылады.
Көп ішін көріксіз сөз аралаған,
Талғамсыз тақырыптар мазалаған.
Ажырап ақ-қарғасы ырғағынан,
Ақын боп алба-жұлба жазған адам.
Жазса да сан қырынан қадаулап тым,
Түбінде түйірі жоқ ала-қаптың.
Үрейін ұшырғанда ұйқастардың,
Бетіне өлең-жырдың қарамақ кім?
Тұлақтай шұрық-тесік, сабау тескен,
Шумақ жоқ, қазақы ой самал ескен.
Көргенде өлең түрін текшелерден,
Өкінем уақытымның соған кеткен.
Менің де елге мәлім тындырғаным,
Ішінен тар шеңбердің жылжымадым.
Ақындар, бұл өлеңді құтқармасаң,
Түрінен жұлмаланғанын қынжыламын.
Жер сүзіп желкілдеген шұдалары,
Шырқырап ширатылған шынға жаны.
Аузынан атом шыққан арыстардың
Үлгісін кім көрінген жұлмалады.
Қайың мен қарағайдың суреті бар,
Ақын қайда жусан иіс, құрметі бар?
Ай қарап, жұлдыз санап жүрсіңдер ме,
Мұраңды бабаң берген – күзетіп ал!
КҮЗ КЕЛДІ ДЕП
Алқынып ала жаздай ала қызып,
Желпіді жел өкбені, дала қызық.
Апырай, жаз кеткен бе, күз келген бе,
Шүйкесін шикі тірлік барады үзіп.
Жүргенде сән далада сабылысып,
Гауһарын мөлдір бұлақ қанып ішіп.
Иә, солай күз келіпті, күрең жорға,
Жаз алыстап, жалдардан сағым ұшып.
Далақтап ала жаздай бір тынбадық,
Не деді, кім біледі, күншіл халық.
Өкпе жоқ өткен жазға, тағы келер,
Қатқан мұзды қауырсынға жылтып алып.
Ал онда аз да болса қымтаналық,
Жатқанда «күз келді» деп жыр таралып.
Маусымдар өз міндетін бөліседі,
Бұлт көшіп, бірте-бірте күн таранып.
Қарлатып жаңбыр төксін күз сілкініп,
Кигендей түлкі ішігін қыз күрсініп.
Артынан қыс та жетер қиғаш қарап,
Қайтеміз оған бола біз түршігіп.
АРБА СЫНСА
Түссе де аттан Қазақ таудан құлап,
Көрмеген көр аузында ардан құлап.
Көзден жас кетпесе де көкейден шер,
Бойынан сарқылмаған арман-қуат.
Ұрпағы сол атаның бүгінгі елім,
Білерсің аруақ рухы тірілгенін.
Күн еңкейіп, күнгейшеде шыл үйірі,
Сиқынан сылқым Қазақ түңілмегін.
Соңына түскен талай қайдағы жат,
Жасырып сұр жебесін, қанжарын ап.
Семсерді серік тұтумен жетті Қазақ,
Тіл тістетіп, тік тұрғызды хандағы дақ.
Біледі қай жағы құз, қай жағы шат,
Түсінді қай жағы сор, қай жағы бақ.
Десек те кешегіні ойлай жүргін,
«Ойбай» күн есіңде ме – қамданып жат.
Қоймадың дос санауды көрінгенді,
Сөліңді сорса көніп көніңдегі.
Аластап арсызды атты-шапты,
Әкеңді тек жатқызбай көріндегі.
Тілденбе, тірліктенбе, бірліктенбе,
Күйзелдік, күңірендік үріккенде.
Ақжарқын, адал жүрек сене беріп,
Ұмытпа тоналғанды бүліктерде.
Күйседік, күңірендік алданып ап,
Ескермей өткен іске сандалып ап.
Құрметтеп ел бабасын, сыйын бағып,
Ардақта атаң Алаш, аруағын бақ.
Шекшисе біреу келіп, шертіп таста,
Ой таста осы орайда серпіп басқа.
Күн батса, қайта шығар, асықпағын,
Аруағына ата-бабаң шерік қоспа.
Сықсыса біреу келіп, сілкіп таста,
Айбарың адуынды бол, сылтып баспа.
«Таң атар тауыңсыз да», аспан ортақ,
Жымиса жүрек соғып, сырғып қашпа.
Алға бас, артқа қара, жалтақтама!
«Өгіз өлсе» – бұзау бар, мал тап дара.
«Арба сынса» – ағаш ек, алаңдама,
Артында алаң ойдың салпақтама.
ТІЛ МАМАНЫ
(Абай Құнанбайұлының
180 жылдығына)
Тіл маманы,
Кемел ой кестелеген тың даланы.
Тәңірім адамзатқа сыйға берген,
Абай деп атын қойған бір дананы.
Жыр маманы,
Күй үні гүмбірлеткен қыр даланы.
О, шіркін, түнектерді түртіп ашқан,
Секілді нұрын шашқан күн жанары.
Тіл маманы,
Қырандай қырдан танып шырғаларды.
Жасымай, жай отындай жарып түскен,
Бай тұлға бас ақынның ділда жаны.
Сын маманы,
Көркем үн жуық өскен сынға жаны.
Ойда отар, ойықтарға пана болып,
Жан ашып жақындаған мұңға жаны.
Тіл маманы,
Кездерде қиян-кескі қу заманы.
Жұпыны, жадау күннің арасында,
Жүрегін жұрт намысы жұлмалады.
Тіл маманы,
Ездер мен езбелерден қиналады.
Қаншама қақтығыстың қақпайында,
Асау мінез қасіретті сыйға алады.
Тіл маманы,
Запыран, зарлы дыбыс тыңдағаны.
Бәрінде төзім тіреп, сенім сүйреп,
Тығырық арасында шыңдалады.
Тіл маманы,
Тарыдай шашылған кез құм-маналы.
Отансыз, ордасы жоқ отқа қақтап,
Аялап ар-ұятсыз қудалады.
Тіл маманы,
Тірлікті бастан кешіп мың жаралы.
Содырға соқтырса да тентек жиып,
Өршіл өзек өрт ішінде тірі қалады.
Тіл маманы,
Торына қастандықтар шырмалады.
Ұлтының суғарылған намысымен,
Ой түйіп, от ішінде жыр жазады.
Тіл маманы,
Ақылмен үлгі болды жиған малы.
Албытқан алауыздық, аш жалаңаш,
Қыспақта қиын тұста тырмалайды.
Шын маманы,
Бұрқырап, бүйдалады, бұрмалайды.
Туғаны Хәкім болып айып болды,
Шырқырап, ширатылған шынға жаны.
Тіл маманы,
Жалақор жарға итерсе кім қарады.
Ақыры жазып, сызып хат қалдырды,
Тұстарда түнек басқан күн қаралы.
Тіл маманы,
Өмірден алып тынды шын бағалы.
Ершімді ер, егей туған ұлы тұлға,
Қиядан қиып түсті қимағанды.
Тіл маманы,
Күреспен күдіктерге жиі барады.
Құс қалам, кигіз кітап – ол түсірген,
Әлем-жаһан ақыр соған күн қарады.
Ендеше жарқыраған Тіл жанары –
Мәңгілік жырлау міндет бұл бабаны.
Аруағы адамзатқа қорған ата,
Абай Хәкім – Абай өмір, Тіл маманы.
ӨЛЕҢ МЕНІ
Сүйрелеп өлең мені бала бастан,
Қиялға қилы-қилы ала қашқан.
Шығарды кейде шыңға, кейде нуға,
Талғамды болмасам да, талабы асқан.
Аз көрім болдым ба екен талай жастан,
Жарбақтап жаза беріп бағам асқан.
Құдиып құзға үңілдім, суға түстім,
Бұдан биік мүддені санамаған.
Дүбірлі дүйім топқа жағаластым,
Жұпыны ұйқасыма қарамастан.
Жаза алмай егіз ұйқас тығырықта,
Торындай топан сүйреп мана басқан.
Секілді кей шумағым жалаңаш жан,
Көзіңе ыстық жалын шала басқан.
Жолына шалыс ұйқас үйлеспедім,
Аяғын арғымақша таға басқан.
Жыр шабыт алыстамай қара бастан,
Қарайлап ықбалыма қадам бастым.
Сыйындым киесіне қара өлеңнің,
Жолдарын апыл-тапыл талай бастым.
Кейде жел, кейде бұлтқа араластым,
Ой тұйық, орай кемшін, санам аспан.
Үйлеспей шоқпыт сөзім тақырыпқа,
Жауырдың тоқымынша жамау басқан.
Оралып көркем шабыт дала жақтан,
Әсем сөз іздетпеді қала жақтан.
Қазақтың бүлдірмедім сөз үлгісін,
Тасымадым шетел үлгі ана жақтан.
Осы өмір көп ақынды бағалатқан,
Бірде күндеп, біресе табалатқан.
Өлең мені сүйрелеп солар сынды,
Аумағын қазақ айдын жағалатқан.
ЖАРЫЛСЫН САҒЫНБАҒАН СЕНІ ЖҮРЕК
Асау қас ала қашып, тулап аққан,
Екпіні соққан желді туралатқан.
Абылқайыр Абыралыға бекініс сап,
Нылқыда хабар күткен тұран жақтан.
Ақталмай Әкбар–Сейіт сорлы ханы,
«Уәйіс хан» мазарында дұға қылған.
Жарылсын сағынбаған сені жүрек,
Мың он үш Таңбалыдан бұлақ аққан.
Аралап гүл күнестің тау-даласын,
Нараттың бір төсінсең сән даласын.
Мақсұт құрып Дағытыға жойқын шепті,
Қазақтың әскерге алды бар баласын.
Тұрысбай, Әлім ақын, Әлім Шілбі,
Көндірген иман шартқа жан баласын.
Жарылсын сағынбаған сені жүрек,
Тудырған Таңжарықтай «тау баласын».
Жырғалаң, Мұқыр еді Дағымбелім,
Көлденең қойнауы құт Тәлім елдің.
Тоғыстарау – ұлт құрбаны түлек туған,
Сөртісін Қытай қырған қалың елдің.
Қапшағай хан ордасын тоспа басып,
Тарихтың сырын сумен жауып едің.
Жарылсын сағынбаған сені жүрек,
Дарубай, Мәлікажы – дарынды ерің.
Қара жон, қалың алыс алаулаған,
Жүрегім Текес десе жараланған.
Асынан Тойекенің кім қалыпты,
Хан сасыған Ханқараға қара далам.
Бәйіке, Нақысбектер сөз бастаса,
Жауапқа жан баласы жарамаған.
Жарылсын сағынбаған сені жүрек,
Бір түнемей Пері сенен тарамаған.
Тарихы бар тамыр алған тереңдерден,
Тігілген жасыл баспа шебер қолмен.
Өртекес – жер жотасы, хан мекені,
Жұрты бар Шүйжін ана көнермеген.
Хантәңір, Ақайаз бен Қарағанды,
Тұлпарды тураламас сенен көрем.
Жарылсын сағынбаған сені жүрек,
Кеудесін Көдек, Қойдым өлең керген.
Айланып тарғыл тұман Ақтау басын,
Сипаған сұлу самал Шапшал қасын.
Сескенбел Дулаты мен қалың тоғай,
Кім қазып, Кең қабатын ақтармасын.
Сақтаған ұлы тарих сырын мықты,
Қоңырат, Үйсін, Қаңлы, Сақтан барсың.
Жарылсын сағынбаған сені жүрек,
Іленің суын ішіп мақтанғасын.
Толқыса Сайрам күші жағаны ұрып,
Талқыға шыққан талай арлан ұлып.
Ширатып Жібек жолдың қыл шүйкесін,
Сабылған Қорғас, Сүйдін – саған ұлық.
Шотанда шоқпар үйіп бала жиған,
Дәулеткелді, Әпдірәсіл арман қуған.
Жарылсын сағынбаған сені жүрек,
Талай мықты Тесебайға барған сүйен.
Көкқамыр көркем өлке – Жырғалаңым,
Тамызған Әсет сері жырға жалын.
АСЫЛ АҒА
(Сабыр Тұрсынбайұлы Байболатқа)
Басқарған өмір заңы тірі жанды,
Кім қашып, таса тауып тығылады.
Десек те сынақтарда сырғақтайды,
Қайбірі амал тауып тірі қалды.
Алланың аманаты – жан деседі,
Оның да кетер күні бар деседі.
Бәрі де уақытпен басқарылған,
Кім берер, Сабыр аға, әлде сені?
Қашқан бар, құтылған жоқ аманаттан,
Құрулы мыс жалатқан ара қақпан.
Оның да бір мысалы – Қорқыт ата,
Ажалдан алтын жанын ала қашқан.
Отанға орның қалды биік тұлға,
Асылдай мөлдіреген тұнық суда.
Ел үшін көп көтердің нардың жүгін,
Өзіңдей аз кездесер ұлттың ұлына.
Өмірдің мәнін қара басын ойлаған
Намыссыз ел үмітін ақтай ма адам?
Тұқымы қара көктің, қасқыр мінез,
Ер едің ерте оянып, ат байлаған.
Ізім мен ірге қосып жақтайлаған,
Ит ертіп, есек мінген қақбайлаған.
Жалақшы аймақ бірге желкелеген,
Оны айтпас, көмейіне тас байлаған.
Отыз жыл нүкте қойдың тасқа басып,
Солақай содырлардан қасқа қашып.
Әйтеуір бәрін жеңдің өнеріңмен,
Жараңа жасымай-ақ жатсаң қасып.
Аралап Хан-Балықтың өлкелерін,
Самалдай майыстырдың көң-көңілін.
Айтулы облыстың елшісі боп,
Арасына сегіз түркі ел еркеледің.
Өмірде көрдің талай соқпақтарын,
Сонда да, аға, арманыңды тоқтатпадың.
Сіз үшін үлесіңді біз айтамыз,
Өмірден, асыл аға, бос қайтпадың.
ЖЫЛҚЫ ЖЫЛЫ
Көтеріліп бір түрлі сілкінді бүгін,
Бөлекше бір бейнемен жұртым бүгін.
Жылқы жылы – себебі болар бәлкім,
Зіл денесін түрегеліп, сілкінді ұлың.
Қиялымның жұлқынып арғымағы,
Таудан сәуле шашады таң қылаңы.
Қар астында буралып тал-қурағы,
Сайятшылар сусылдап шаңғылары.
Естіледі дүңпілдер тоң астынан,
Мұз сынығы сықырлап қоға асылған.
Боз айғырдың жел тарап күміс жалы,
Нар атанның буы шығып қом астынан.
Тепсеңдерді текбілеп қалың қарын,
Қартаң бие қара жон, сары қарын.
Бар қимылды бақылап тебінде тұр,
Күн шуағына қаратып сауыр жалын.
Асау саңлақ алқынып келе жатыр,
Қасат қарды бауырлап, көне тақыр.
Қара судың солқылдап құрақ беті,
Көк теңізде бүркеліп кеме жатыр.
Сахараның қыстыққан ерке желі,
Шор тебінге қар үйген өр мен еңі.
Қақылдаған қаңтардың ызғары ұрып,
Ақ қыраудан қураған көрпелерді.
Қос танауы гуілдеп көк тұманын,
Ентігеді шығарып отты жалын.
Қазы мойын қара кер, ақтаң кері,
Тобылғы тор, ойнақтап көк құнаным.
Орақ тұмсық, сар бауыр жабағылар,
Кісінейді шарбақта дала құмар.
Бұрқанып долы өзен мұз астында,
Тұншыққанда тұлауды жағаны ұрар.
Тұлпар келді, дүлдүлін, саңлақтарын,
Жиылыңдар жұмыла жан-жақтарың.
Жылқы жанды қазағым, қымыз ханды,
Салпы ерінге тоқым сал, ал жатпағын!
Бірлікпенен шақыр да самғап бәрің!
«Q-andas» ақпараттық агенттігі.
Жалғасы бар…











