Тарбағатай тауларының баурайын кесіп ағатын Мысық өзенінің аяқ жағында таудың қос сілемі қосылып, тарыла түседі. Кезінде бұл жерден елдер алтын шайқап, біраз байлық жиған көрінеді. Кеңес одағы кезінде су электр стансасын салатын болып, кейін жоспар орындалмай қалған. Алдағы уақытта үлкен тоспа салу жоспарланып қойыпты. Егер бұл жоспар іске асып жатса, балық шаруашылығы шалқитын түрі бар.
Мысықтың бас жағында Болат суы деп аталатын өзеннің бойында «Мүнидің зираты» деген зират бар. Осы зираттың шындығын Сұлтанмахмұт Торайғыров 1915 жылы Құрбан қажыдан естігені бойынша жазып қалдырады. Бұл жазба 2003 жылы Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты тарапынан «Алаш» баспасында шыққан ақынның шығармалар жинағының ІІІ томына енгізіліпті. Онда былай баяндалады:
«… Мен оны (Мүниді) қалайша өлтіргенін сұрап, ескі қазақ мінездерін жаза жүруге көңілім бар екенін білдірген соң, бір қолымен таспиығын тарта-тарта, көсілген аяғын жинаңқырап Құрбан қажы сөзге кірісті.
– … Балам, бұл көріп жүрген елің Мәметек атанады. Мәметек осы күні мың шамалы үй. Үштен біріміз Қытайға қараймыз. Мәметек ішінде ең жуаны Атантай атанған мына біздер. Қалмақ қатыннан туған жіңішкесі Ешке деген ел. Сол Ешкенің менімен андас Құрбан деген жақсы жігіт болды. Біз көрдік. Қып-қызыл нарттай, жігіттің төресі еді, жанып тұрған өрт еді. Сол жігіт пысықтық қылып, менің әкемнің ағасы Тана бидің қылышынан қан тамып тұрған кезінде інісі Шаланың Мүни деген қызымен көңіл қосып жүреді.
«Дұғай-дұғай сәлем де ақ Мүниге,
Сағынғанда зар болдым бір көруге.
Екі ортада сары бел, сары жон бар,
Әттең ат шыдамайды зар желуге!, – деген өлең сол Құрбандыкі.
Олар ұласты деген жерде, біз Терісайрықта отырамыз, арасы 35 шақырым. «Сары белі» өзің көрген тау ғой. Ал Мүни десе ақа мүни, кісі жұтып қоярдай сұлу да еді өзі. Әлгі оқыған «Жамалдарыңдай» бұл екеуінің серттері қатты болса керек.
Бір күні кешке Құрбан барса Мүнидің ауылындағы жартаста ары отырып, бері отырып, таң атуға айналған соң, отырған жерінен бір тасты алып қыздың тұсына лақтырады. Қыз да ұйықтай алмай жатады екен. Үйге тиген тастан далада Құрбан тұрғанын сезіп, тысқа шығып жолыққан екен деуші еді.
Мәметек мың үй болса да, әлі күнге дейін бірінен-бірі қыз алыспайтын әдеті бар. Құрбанға Мүниді алуға жалғыз-ақ жол алып қашып, елден-жерден безініп кету. Құрбанды жастық дерті бұған да шыдатпады. Әке-шеше, бауырларын мұндағы Мәметектің талау-талқысына тастап, Мүниды бір түнде жабықтан шығарып, жол тартты. Құрбан бұл істі істерінде Ешкенің басты адамдарына білдірген жоқ, өзінің туысқандарымен де ақылдаспады. Ақылдасса: «Жуан атаның баласы өлтірмей тыныш таппайды, малмен құтыла алмаймыз», – деп қорқу айтатынын білген.
Тананың хан болып тұрған заманы, інісінің қызы үшін Ешкені қалай тентіретем десе де қолынан келеді. Тананың сол сырт ызғарынан шыдай алмай, туысқандары һәм Ешке болып қуып барып, Қалбаның арғы бетіндегі Матай ішінен сүйіп қосылған екі жасты алып келді.
Ешке басымен інісінің қызына қол созғанға Тана бидің сүйегі сырқырап, Құрбанды өлтіртпей ашуы тарқайтын болады. «Екеуін де өлтіріп, Мүни үшін Ешкеден құн мен айып алмай бітпеймін» деп жатып алды.
Қыз бен жігіт кісенде бір ай жатқан соң жұрт жиылыс жасап:
– Бұларды қайтушы еді? – дегенде Тана би.
Екеуін де өлтіріп, айтқанымды қыламын, – деген сөзінен айырылмады.
Ешкелер Мүни үшін құн тартпауды ойлап, Құрбанды өз қолдарымен өлтіргелі, көзін тартып байлап топқа келді.
Кешегі өзекті Шилібастау дейді, соның ат шапқан, өзіміз отырған қырына жұрт жиылған еді. Менің сонда 16-дағы кезім бе екен… Әкемнің қасында жүрмін. Тас теңдеп, түйеге өзін асқалы жатқанын біліп Құрбан қолы байлаулы, көзі таңулы, кісенімен өзектегі біздің жұртқа ойбайлап қашты:
– «Жұртым-ау! Қаныма ортақ болмаңдаршы, мені тым болмаса өлтірем деген елдің қолына берсеңдерші! Енді Мүниді өлтірмеңдер ,- деп зар илеп жалынғанын естіп тұрдық. Кісі жанталасқанда мықты болып кетеді екен ғой: асамыз деп сүйрелеген жігіттерге бой бермей, арпалысып бақырып жатты. Мұны көріп менің әкем Кенжемырза Тана бидің қасына шауып барып:
– «Асылғанды кесетін, түйілгенді шешетін, бұрын мұндайға ханнан қалған үлгі, қарадан қалған жол бар ма?», – деп еді.
Тана би үндемеді.
Сонда Тананың қасында мына төртуыл елінің сол кездегі Әлібек дейтін әкімі бар, о да үндемеді. Бір-екі ақсақал бұрын мұндайдың бәрін өлтіргендік жолын айтты. Әлібек, Тана екеуі бірден үндемеген соң әкем:
– «Қаны жұқса, өздеріңе жұқсын, жүр, балам былай кетейік», – деп мені тізгінімнен ұстап, топтан шығарды.
Ауылға қарай жүрдік. Қалай ауылға біз де жүрдік, Құрбанды асып, түйені желдіртіп жіберді. Сонда түйенің басын жетелеген өзінің туған ағасы Олжеке, айдаған Ережеп деген кісі. Осы күні екеуінің тұқымы да оңбай кетті. Сонда күн күйіп кеткен секілді, қызарып көрініп, қараңғылық түскендей болды.
Тас теңдеп, түйені желдіртіп жүргенде, әкем тағы да шыдай алмай, жібін қиып жіберейін деп қайта шауып барса, Құрбан аяғын бір иіріп жиып алып, қайта сылқ түсіріп жібергеннен жаны шыққанын біліп қимай қайтты. Мойыны сала қарыс ұзарып, беті топыраққа боялғандай барбиып ісіп, көзі қызарып шарасынан айналып шығып кеткен екен, көргенде жүрегім тіксінді деуші еді әкем.
Кешегі өзің көрген бейітке Құрбанды апарып қойысты деп ақсақал сөзін тамамдады», – деп жазады.
Бұл естелікте Мүнидың тағдыры қалай болғаны баяндалмайды. Алайда Құрбан жерленген бейіт бүгінде Мүнидің зираты аталып жүр. Ел солай атауды жөн көрген шығар. Бұл Құрбан қажының 16 жасында болған оқиға. Ол 1840 жылы туғанда аталмыш оқиға 1856 жылы болады.
“Q-Andas” ақпараттық агенттігі











