1944 жылдың соңы мен 1945 жылдың басында Үш аймақ төңкерісі жеңіске жеткеннен кейін құрылған Үш аймақ үкіметі бастапта ақалақшылық түзімді қайтадан жолға қойды. Басты руларды негіз етіп, 5 ақалақшы, бір мыңбегі сайланды. «Аздың аты озбайды» дегендей, Солтангелді елі ішіндегі бір анадан туған Малтабар, Шәкіл аз ру болып, өзге жуан аталардан қақпай, қысым көріп шығындар бола бергендіктен халқы олардан бөлініп шығып өз алдына бір зәңгі ел болып құрылуды тіленіп жоғарыға арыз ұсынады. Үш аймақ уақытылы өкіметінің жаңа белгілемесі бойынша 1945 жылы Малтабар, Шәкіл руы Қожабек зәңгісінен бөлініп шығып, бір зәңгі болып ұйымдастырылады. Көзі ашық, сауатты азаматы Омарақынды елбасы зәңгі етіп сайлайды. Сол кезде зәңгілік белгі үшін таңба беріп, шекпен кигізіп, белін орайтын Алматыдағы зауыттан арнайы жасалған қара мата белбеу берілген екен. Бұл заттар Омарақын зәңгіге де берілген. Өкінішке орай, басқа заттар уақыт өте келе жоғалып, қара мата белбеу бүгінге дейін Андас отбасында сақталып келді. Омарақын өмір бойы осы белдікті белінен тастамай орап жүрген екен. Талай қиындыққа жолыққанда сол белбеу сеп болды деп бүгінгі ұрпақтары рымдап сақтап келеді.
1952 жылдың көктем кезі Кеңсу өңірінде де коллективтесудің алғашқы адымда ұлы науқаны алға қойып сай-салада тарыдай шашылып жүрген бытыранды ел ұйымдасып, бір араға тұңғыш бас қосып, киіз үйімен ауылдасып қоныстандырады. Ұйым Кеңсудан тоған алып, тусып жатқан Кесіктің үстіне су шығарып, астық егуді жоспарлайды. Адамдар біртұтас аттанысқа келіп Кенереден өстең алуға қатынасады. Тоған құрылыс қызу жүріп жатқан бір тұста өстеңнің ортасынан үлкен қаратас шығады. бірнеше адам төңірегін қазып, ырғап көреді де қозғай алмайды.
– Осы тасты кім көтеріп сыртқа шығарып тастаса, сол адам осы тоған қазу жұмысынан босатылады, – деп жарялайды бригадир.
Өзін мықты санап жүрген, талай жарысқа қатысып жүлдегер атанғандардан Теберек сияқты бірнеше балуан тасты көтеріп шығара алмайды. Сол кезде Омекеңнің 49 мүшел жастағы кезі екен.
– Тәуекел мен көрейін, – деп екі жарым метір келетін қара бұл белбеуін беліне мықтап орап, ұзын арқан алдырып тасты байлап, көтеріп өстең ішінен анадайға шығарып тастаған екен. Басшылық айтқан уәдесі бойынша өстең құрылысы біткенше ол кісіні жұмысқа шақырмапты.
Жәдігер бұгінде Андас отбасы қорында сақтаулы тұр.

Тарих талғарында [Мәтін] : (Тарихи зерттеулер, эссе, мақалалар) / А. Омарақын- Талдықорған : [б. ж.] , 2022.– 500 дана . – ISBN 978-601-7865-39-9, ISBN 978
https://kazneb.kz/ru/bookView/view?brId=1657755&simple=true#
жалғасы бар…











