Қазақ КСР Жоғары Кеңесі президиумының Жарлығы негізінде 1944 жылы 15 наурызда Талдықорған облысы құрылып, Талдықорғанға қала статусы беріліп, жаңа құрылған облыстың орталығы болып аталды.
Жетісу облысының мемлекеттік архивінің (ЖОМА, 7 қ., 1 т.; 1278 қ., 1 т.; 1152 қ., 1 т.;) деректеріне сүйенсек, облыс құрылған уақытта қалада 20 мың тұрғын тіркелген. Сондай-ақ, екі кәсіпшілік артель, екі кеңшар, МТС, сыра зауыты, нан пісіретін орын, медбикелер мектебі, бір орта, екі жетіжылдық және екі бастауыш мектеп жұмыс істеген. Қала тұрғындарына 4 дүкен, 1 асхана мен Мәдениет үйі және кинотеатр, емхана, екі 50 орынды балабақша қызмет көрсеткен. Облыс орталығы аталған соң қалада тұрғын үй соғу, өнеркәсіптік орындар ашу, мекемелердің кеңсесін салу, көркейту жұмыстары жүргізіледі. Айталық, Кеңес үйі, қалалық партия комитетінің ғимараты, кітапханалар, Мәдениет сарайы, «Родина» кинотеатры сол жылдары бой көтерді. 1947 жылы халықтың құрылыс әдісімен қаланы Түрксіб магистралімен қосатын теміржол торабы салынып, өнеркәсіптік өндірістің өсуіне көп көмегін тигізді. Білім, ағарту саласында да көп жетістік болды. Мысалы, 1951 жылы мұғалімдер білімін жетілдіру институты ашылды. 1953 жылдың басында 4460 оқушысы бар жалпы білім беретін 10 мектеп болды. 1955 жылы Талдықорғанда 26534 адам тұрған. 1955 жылы желтоқсанда Талдықорғанда малдәрігерлік орта арнаулы оқу орны ашылса, 1956 жылы қазан айында жетіжылдық балалар музыка мектебі жұмысын бастады.
1959 жылы 6 маусымда Талдықорған облысы тұңғыш рет таратылды. 1961 жылы 29 маусымда Алматы облысының ірі өнеркәсіп орындарының бірі Талдықорған коммуналдық жабдықтар дайындау зауыты құрылды. 1962 жылдың 23 мамырынан бастап Талдықорған нан зауыты тәтті тағамдар және нан бұйымдарымен қатар кеспе өнімдерін шығара бастады. Сол жылы қалада жастар спорт мектебі ашылды.
1962 жылы желтоқсан айында Алматы халық шаруашылығы кеңесі алғашқы рет аяқкиім және жиһаз фирмаларын құрды. Олардың құрамына Талдықорған фабрикалары да кірді. 1960 жылдары қала тұрғындарын тасымал газбен қамтамасыз ету басталды. 1963 жылдың 1 қаңтарында қалада 22 жергілікті және мемлекеттік кәсіпорындағы жұмысшы саны 5482 адамға жетті. Оның ішінде, жеміс-жидек өнімін консервілейтін зауытта 325, құрылыстық шикізат және конструкция комбинатында 184 адам жұмыс жасады. Жаңа салынған қуаты 400 кВт-ық суэлектростанция қаланың барлық мекемесін өнеркәсіп орнын, жеке тұрғындарды электр жарығымен қамтамасыз етті.
1967 жылдың 23 желтоқсанында облыс қайтадан құрылып, Талдықорған қаласы облыстың орталығы атанды. Облыстың құрылуы жалпы өнеркәсіп, мәдени, ағарту саласының дамуына көп әсер етті. 1970 жылы қазан айында қалада аккумулятор зауыты салына бастады. 1972 жылы орыс драма театры ашылды. 1970 жылдары Талдықорған тігін фабрикасы Қазақстандағы жеңіл өнеркәсіптің арнайы, ірі кәсіпорындарының бірі деп саналды. 1973 жылы 5 наурызда барлық сала бойынша жоғары көрсеткіштері негізінде Талдықорған облысы Ленин орденімен марапатталды. 1972 жылы қазан айында қалада тұңғыш рет Талдықорған педагогикалық институты ашылды. 1975 жылы қаңтар айында Талдықорған сілтілі аккумулятор зауытының бірінші қатары пайдалануға берілді. 1970 жылдардың ортасында қала тұрғындарының саны 81536-ға, жұмысшылар 43772 адамға жетті. Оның ішінде 11323 адам өнеркәсіпте, 7453 адамқұрылыста, 5108 адам жол көлігінде, 1086 адам байланыста, 4443 адам саудада, 2264 адам халыққа тұрмыстық-қызмет көрсету саласында қызмет атқарды. 1979 жылдың 26 тамызында Талдықорғанда 800 орынды жаңа кең форматты «Қазақстан» кинотеатры ашылды. 1980 жылдары темір-бетон жабдықтарын, бұйымдарын дайындайтын зауыт, жиһаз фабрикасы, «Жетісу» аяқкиім бірлестігінің өндірістік филиалы, тігін фабрикасы, облыстық сүт өндіру бірлестіктері салынып, ел игілігін еселей түсті. Денсаулық сақтау мекемелері де дами бастады. Емхана, онкологиялық және туберкулез диспансері жаңа құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Балаларды емдеу-сауықтыру және «Нур-Авиценум» орталығы ашылды. Мәдениет мекемелерінің жүйесі де дамыды. Тарихи-өлкетану мұражайы, І. Жансүгіров атындағы әдеби мұражай, облыстың драма театры, «Жетісу» стадионы, кітапханалар мен кинотеатрлар жұмыс істеді. Ұлттық мәдениетті дамытуда өлшеусіз із қалдырған Ақын Сара, Ілияс Жансүгіровтың ескерткіштері бой көтерді.
1991 жылы еліміз тәуелсіздік алған кезеңнен бастап қаланың саяси, мәдени, әлеуметтік саласында да түбегейлі өзгерістер орын алды. 1997 жылы Талдықорған облысы таратылып, Алматы облысының құрамына кірді. Араға 4 жыл салып, 2001 жылғы сәуірдің 14-і күні Алматы облысының әкімшілік орталығын Талдықорған қаласына қайта көшіру туралы Жарлық шықты.
Талдықорған Жетісу өңірінің білім, мәдениет, туризм және халықаралық, өңіраралық өндірістік-қызмет көрсету орталығы ретінде аса маңызды қала. Қалада жоғары оқу орындары, орта кәсіби білім мекемелері, жалпы білім беру мекемелері жұмыс жасайды. Сондай-ақ, қалада драма театры, филармония, музейлер, мәдениет және демалыс саябақтары, кітапханалар мен кинотеатрлар, стадиондар, спорт кешені, аквапарк және ипподром бар. Қаланың құрылыс индустриясы дамуда, сонымен қатар, өндірістік зауыттар, цехтар да экономиканы дамытудың негізіне айналған.
2022 жылғы 16 наурызда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қос палатаның бірлескен отырысында Қазақстан халқына Жолдауын жеткізді. Ол Алматы қаласын агломерациялауға қатысты мәселелерге тоқталып, Алматы облысын Жетісу және Алматы облыстары болып екіге бөлуді ұсынды. Сонымен сол жылы 8 маусымда Қазақстан Президентінің 2022 жылғы 4 мамырдағы Жарлығымен Жетісу облысы құрылды. Оның аумағы 1997 жылы таратылған бұрынғы Талды-Қорған облысы сәйкес келеді. Облыста 8 аудан мен 2 қаладан тұрады.
Кенже Қанапиянова,
Жетісу облыстық мемлекеттік архивтің бөлім басшысы
Дереккөз: «Jetisy» газеті, 14 наурыз, бейсенбі, 2024 жыл.











