Басы: https://qandas.kz/ile-men-k%d2%afneske-%d2%9batysty-a%d2%a3yz-ertegiler-8800/
КҮН ТАУЫНДАҒЫ КҮНБИ
Ерте, ерте, ертеде, Қырғауыл жүні қызыл, құйрық жүні ұзын заманда Сары өзеннің аңғарында мал мен басы тең өскен, дастарқаны көлмен теңеске үйсін атты бабадан өрбіген ел болыпты. Ұлдары кілең батыр, қыздары ай мен күндей сұлу болыпты.
Осы елге келгендер таңдай қаға мақтасып, еліне барып, үлкен-кішіге өнеге етеді екен.
Үйсін елі Сары өзен алабындағы жасыл алқапқа малын өргізіп, өзеннен балығын аулап, орманынан арыстар, қабылан аулап, ырғын байлыққа кенеліп, тірлік етеді. Уақыт өте келе көрші елдердің Үйсін елінің байлығы мен сән-салтанатынан көздері түсе бастайды. Жүректерін жаулық жайлап, Үйсін елінің малын қуып, елін шауып мазалай беріпті. Есесіне, басқалар үйсіндердің мазасын аған сайын мал мен басы тең өсіп, өріске симайтын болыпты. Мұны естіген жат жұрттықтар қайран қалысады екен. Күндердің күнінде тәңірдің жарылқауымен Үйсін еліне бір ұл сыйлапты.
Бала туғанда күндей күліп, айдай толысыпты. Маңдайы кереқарыс, арыстандай айбатпен елден ерекшеленіп тұрады екен.
Ел жиылып, ырымдап, балаға Күнби деп ат қойыпты.
Күнби ержете келе ақылына көркі сай азамат болыпты. Ол дауға түскен де ердің құнын екі ауыз сөзбен шешетін білгір болыпты. Осы әрекеті арқылы халқын ризашылыққа бөлепті. Күнбидің атағы төрткүл дүниеге жайылып, Сары өзеннен Еділ мен Жайықтың бойына дейін жетеді.
Күндердің күнінде Күнби түс көріпті. Түсінде бір ақсақал қолтығына күнді құшақтап тұрып: «Жалғанның жаннаты Күн тауында» деп үш рет айғайлайды.
Осыдан соң Күнби көп толғанып, еліндегі білікті ақсақалдарды шақырып, кеңеседі.
Ол кеңесте Күн тауына елді көшіру туралы ұсынысын айтады. Мұны көпшілік те қолдайды.
Содан соң Күн би еліне көшу туралы жарлық шашып, көштің дайындығын жасап, түйесін қомдап, аттарын жаратады. Үйсін елі Күнбидің басшылығымен сол көшкеннен мол көшіп, асқар тауларды асып, ағынды өзендерден өтіп, шөлді даланы басып, Күн тауының баурайына келіп, уық шаншиды.
Жаңа қонысқа келген соң да елдің ырысы шалқып, мал мен басы тең өседі. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман болады. Уақыт өте келе олардың даңқы тағы да жер жүзіне жайылады. Мұны естіген елдер Күнбидің елін шауып, байлығын еншілемек болып сайлауытын дайындап, жорыққа аттанады. Олар бірнше ай жол жүріп, арып-ашып, Күн тауының теріскей бетіне келіп шап жаяды. Күнби де қарап жатпай, атақты төбе батыры Абыралыны ертіп, сайыпқыран жігіттерден жасақ құрап, қарсы соғысқа шығады. Әбден тықыршып тұрған батырлар найзасын сермеп, шоқпарын үйіріп, қылышын сілтеп жау қолының тоз-тозын шығарады. Содан кейін басқа елдер Күнбидің еліне соғыс аша алмайтын халге түсіпті.
Күндердің күнінде кезінде жеңіліс тапқан елдің адамдары Үйсін еліне елшілерін аттандырады. Келген елшіні Күнби күтіп алып, мал сойып қонақ етеді.
Ертесі елшілер таңа ата далаға шығып, өрген қойдың үстінен бір торғайдың ұясын көріп, таңғалады. Олар көргендерін патшаларына: «Үйсін елі қасиет қонған, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған ел екен. Соғыссақ тағы да жеңіліс табамыз. Оданша татулықпен өмір сүргеніміз жөн», – деп мәлімдейді.
«Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» деген сөз осыдан қалған екен.
Дереккөз: Тарих талғарында [Мәтін] : (Тарихи зерттеулер, эссе, мақалалар) / А. Омарақын- Талдықорған : [б. ж.] , 2022.– 500 дана . – ISBN 978-601-7865-39-9 (1-т.), ISBN 978-601-7865-36-8 1-том .– 287 б., суретті .
https://kazneb.kz/kk/catalogue/view/1657755
“Q-Andas” ақпараттық агенттігі
Жалғасы бар…











