Көк тәңірі қолдасын,
Тәңірімнің сәулесі.
Ырыс болып орнасын,
Біздер де уайым болмасын!
Қызайлардың ел тілеуі.
«ІЛЕ» МЕН «КҮНЕС» АТАУЫНЫҢ ШЫҒУЫ
Ерте, ерте заманда,
Жер жамылғысы бүп-бүтін жатқанда,
Әрбір таң мөп-мөлдір болып атқанда,
Қазақ елінде Арсылан атты хан өтіпті. Ол биілік жүргізіп, «Кеңдік» пен «Теңдікті» ұран етіп ұстап, елін жақсылыққа жетелеп отырыпты. Ол «Көк тәңірі» жайлы көп уағыз айтып, тұрмыс әдеттерін де соған бейімдепті. Оның Құбатөбел атты ақылшысы болыпты. Ол тәңірдің аянымен алдағы болатын істі болжап отырады екен де: «Елім ойлана қараңдаршы, көк тәңірі жыл сайын төрт мезгілді, күн мен түнді алмастырады. Ендеше біз де тәңірдің ісіне бейімделіп, тұрмыс-салтымызды орнақтыруымыз керек. Жазиралы жер, жайлы мекеніміз кең болумен баршамызда тәңір берген несібеден тең игіліктенуіміз керек!, – деп ақыл айтып отырады екен.
Күндердің бірінде Арсылан хан елбасылармен кеңес құрып отырғанда бір ұлттың көшбасшысы:
– Хан ағзам, үрім-бұтағымыз өсті, ел көбейді. Енді бізге қандай жайлы қоныс, бос жер бар. Соны білмекші едік? – деп талап қояды.
Сонда бәрі Құбатөбел әулиеге қарапты.
Құбатөбел әулие:
– Олай десеңдер, айтайын. Көк тәңірімнің аян етуіне қарағанда, Шығыста бір үлкен тау бар. Ел оны Тәңір тауы деп атайды. Ол таудың екі жағында екі үлкен ойпат жатыр. Осы таудың қалың қатпарлы өлкелерін өрлесеңдер көресіңдер. Ол бұдан неше мың жыл бұрын үлкен көл болған. Тәңірімнің жарылқауымен көлдің суы ығысып, Көкше теңізге құйылыпты. Сол өлке мың жылдан бері гүлденіп, өсіп тұрыпты. Өлкені өрлеп тұйығына жетсеңдер Күн тәңірімнің шұғылалы мейірін әбден көрер едіңдер, – депті.
Содан соң көктем шыға қызайдың бір ұлыс елі Құбатөбел әулие айтқан жаққа көшіпті. Айтса айтқандай, бұл өлкеде жүгірген аң, ұшқан құстан басқа еш нәрсе көрінбейді. Ойы лықсыған орман-тоғай, қыры шүйгін шөп. Одан өзге қылқанжапырақты орман, самырсын, шырша ну болып өсіпті. Оның арғы жағын ақбас тау қоршаған, сай-саласы сыңғыр қаққан бұлаққа толы екен. Көш жүре өлкенің тұйығына жеткенде бірнеше адамды Құбатөбел әулиеге жіберіп, осы өлкенің атын қойып беруді өтініпті.
Құбатөбел әулие елдің сәлемін алған соң:
– Ол бұрын судың астындағы сулы жер еді. Енді нулы жер болыпты. Оның осындай толықсыған кезінде іле-шала сендер барып мекен еттіңдер. Сондықтан бұл өлке «Іле» деп аталсын. Ал оның ең жоғарғы тұйығы тәңірімнің шұғыласы анық түсіп, сәулесі есіп тұратындықтан «Күн ес» болып аталсын, – депті.
Содан бері Құбатөбел әулиеге тәңір өзі аян беріп, жерге қойылған Іле мен Күнес деген ат жердің атауы болып, күні бүгінге дейін жалғасып келеді.
Дереккөз: Тарих талғарында [Мәтін] : (Тарихи зерттеулер, эссе, мақалалар) / А. Омарақын- Талдықорған : [б. ж.] , 2022.– 500 дана . – ISBN 978-601-7865-39-9 (1-т.), ISBN 978-601-7865-36-8 1-том .– 287 б., суретті .
https://kazneb.kz/kk/catalogue/view/1657755
“Q-Andas” ақпараттық агенттігі
Жалғасы бар…











