Басы: https://qandas.kz/ile-men-k%d2%afneske-%d2%9batysty-a%d2%a3yz-ertegiler-2-8856/
САУРЫҚ БАТЫР
Үйсін елінің биі Нәнді би деген адам құнарлы Ілені мекен етіп, батырларын баулып, ел іргесін бекемдеп, береке-бірлігін бекемдей түседі.
Ертеде тайпа мен тайпа, ру мен ру, ел мен ел жерге таласып, бір-біріне басымдық танытып, бірін бірі қуғындап, бірін бірі жойып отырыпты. Нәнді би заманына келгенде, дүние аумалы-төкпелі болып, қым-қуыт соғыс бола береді. Нәнді бидің тәлімімен Саурық батыр деген батыр да өзінің әрекеті арқылы елге таныла бастады.
Үйсіннің кейінгі ұрпақтарынан шыққан, жауына найзасын тыққан, тұнық судан су ішкен, елі үшін басын бәйгеге тіккен, Саурық батыр есейе келе өте айлалы, жақсыға жайдары болып ержетеді. Ақсақалды аталар мен ақ жаулықты аналар Саурық батырды көргенде оған сүйсініп, батасын береді екен. Саурық оған мәз болып, көңілі жаз болып, кемелдене түседі. Кемеліне келген сайын бұлт тілін біліп, күн ашық кезде де бұлтты түйдектетіп, сіркіретіп жауын жаудыратын болыпты.
Сол тұста Қаңқархан деген шығып, көп жасақ құрып, қаруын сайлап, екі көзі жайнап, тұтқындарды байлап, Ілені өзіне қаратып алады. Көптеген қырғынды көрген елі Текес басындағы Үйсін тауынан асып, мекенінен айырылып, Қарқара Қапшық деген жерге қоныс аударады.
Саурық батыр азып-тозған елінің басын қосып, мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, садағын оқтап, Қаңқарханнан ел кегін алу үшін қамданады.
Қаңқархан Саурық батырдың даңқын естіп, одан қауіптеніп, Саурық батырмен кездесіп, елдесуге уағдаласып, он жыл бойы бір-біріне соғыс ашпау туралы келісімге келіп қайтады. Бірақ көп өтпей уәдесін бұзып, Үйсін елінің өрістегі жылқысын айдатып алады. Сонымен бірге Ақбұрқан деген жердегі ордасын көшіріп, Ақбұлақ жалпақ алмадан өрлетіп, Жырғалаң басы Назы жайлауына, одан ары Таспа тауына дейін барып, мықты бекініс салдыртады. Ал негізгі жасақтарын Жалпақ алмаға топтап келетін қуғыншыны сол жерден тоспақ болады.
Саурық батыр елінің малын барымталап кеткен Қаңқарханның сенімсіздігіне ашуланып, 100 шақты батырларды топтап, Қаңқарханды жазалауға аттанады. Олар Текесті құлдап, Қызылқора жерге келіп тоқтап, шолғыншыларын жіберіп, жаудың жағдайын барлайды. Оның орналасқан жерін білген Саурық батыр:
– Қаңқархан оңайлықпен алына қоймайтын жерге бекінген екен. Енді айламен алу керек. Ол үшін Күнес өзенін өрлеп, Күнес басындағы асудан асып, Жұлдызбен жүріп, төмен құлдар барып, Шолуты асуынан бері асып, жаудың арт жағын орай келіп, құрсаулап алу керек. Оның үстіне мен тіленіп, үш-төрт күн жауын жаудырсам, Таспа тауы бұлтпен құрсанып, тұманмен бүркеніп, біздің қай жақтан тиетінімізді сезбей қалады, – деп жол бастайды. Сол айтқаны бойынша көздеген жеріне кешікпей жетеді.
Таспа тауындағы бекінісінің мығымдығына сенген Қаңқархан жайбарақат жата беріпті. Саурық жер жағдайын толық меңгерумен қатар дуға оқып, жауын жаудырып, осы орайда Қаңқарханның жасағын бірден-бірден жойып, Шолуты-Жарғалң, Текшелердегі, тіпті төменгі Жалпақ алмаға дейін шеп құрып жатқан жау әскерінің бекінісін тас-талқан етеді. Жеңіліс тапқан Қаңқарханның әскерлері Шапқы өзенінен өтіп, Күнесті өрлей қашады. Саурықтың батырлары оларды өкшелей қуып, тоз-тозын шығарады. Соғыста Қаңқархан өліп, елі Саурыққа бодан болады.
Жеңіске жеткен Саурық батыр барымталанған малын қайтарып алумен бірге Қаңқарханның мал-мүлкін олжалап, көптеген бұқарасын тұтқындап, еліне жеңіспен оралады. Осылай елінің айбаты асып, жеңісін тойлапты. Біраз жыл Күнес бойын мекен еткен Саурық батыр кейін Тоғызтараудың Сарыбуыршын деген жерінде өмірден өтеді.
Дереккөз: Тарих талғарында [Мәтін] : (Тарихи зерттеулер, эссе, мақалалар) / А. Омарақын- Талдықорған : [б. ж.] , 2022.– 500 дана . – ISBN 978-601-7865-39-9 (1-т.), ISBN 978-601-7865-36-8 1-том .– 287 б., суретті .
https://kazneb.kz/kk/catalogue/view/1657755
“Q-Andas” ақпараттық агенттігі
Жалғасы бар…











