Орналасқан жері: Панфилов ауданы, Талды округіне қарасты Бұрханның оңтүстігіндегі іргелес Құрашы сайының басындағы тепсеңде орналасқан.
Зерттелуі: Тарихшы, өлкетанушы, Ибрайымжанов Қалидың «Біз Бұрханға барғанда…» атты қысқаша зерттеу мақаласы. Және Жаркент уезіндегі 1898-1900 жылғы Суан тайпасының Бәйтүгей тармағына болыстыққа сайлауға түскендігі туралы архив құжаты бар.
Сипаттамасы: Соңғы деректер бойынша Суан тайпасының Дуан руынан шыққан Әріпжан Әкімбековтің (1867- ?…) (қайтыс болған жылы белгісіз) кесенесі болуы керек деген жорамалға тоқтадық. Патшалық Ресей тұсында болыс болған, есімі әлі күнге халық жадына өшпеген тұлға. Сондықтан Ақкүмбез қорымындағы Ақкүмбез болыс Әріпжан Әкімбековтың күмбезі деуге толық негіз бар.
Құрашы сайын өрлей Бұрханның аузына келгенде бірден көзге түскені жартылай құлаған еңселі кесене мен көне бейіттер еді. Бәріміз бірден еңселі кесенеге бет түзедік, міне керемет сырты құран аяттары жазылған және әсем ою-өрнектермен нақышталған күйген қыш плитамен қапталыпты. Қыш плиталардың көлемі шамамен 20х60, ені 5 см болады. Кесененің негізгі қабырғалары шикі кірпіштен күмбезімен қоса тұрғызылып, сыланып, әкпен сырланған соң сыртын біз айтып отырған оюлы өрнегі мен арабша жазуы бар керамикалық қыш плиталармен қаланып шығыпты. Есігі оңтүстік-батысқа қараған күмбездің ішкі жағы да әсем кірпішпен көмкерілген, ортан белінде тағы да арабша жазулары бар. Жалпы безендіріуде төртбұрыш, ромб, шеңбер, жұлдызша, толқын, крестик тәрізді геометриялық фигуралар кеңінен қолданылып, өте әдемі үйлесім тапқан. Амал қанша, арабша хат танымағандықтан құран аяттарын да, маңдайшадағы жазудың да не туралы жазылғанын оқи алмадық.
Одан әрі, аталмыш кесенеден сәл жоғары шығыс жағында біршама адамдар жерленген шағын бейіттерді көрдік. Онда біздің қазіргі қолданып жүрген кириллицамен бұл бейітте кімдер жерленгені жазылыпты. Оқи отырып «бұл жерде Суанның әр руынан – Молақ, Дуан және басым бөлігі Құдайберді руының Бәйден, Тәсібек атасынан тарайтын біраз адамдардың жерленгенін білдік». Және бір білгеніміз бұл қорымның 1800 – 1970 жылдары аралығында қайтыс болған адамдардың мәңгілік мекеніне айналғандығы.
Аңыз әңгіме: Ауыл ақсақалы Жүнісов Тұрғанбек атамыздың айтқан әңгімесіне қарағанда бұнда заманында алыс-жақын аймаққа танымал болған Суан руының Дуан атасынан тарайтын бір атақты кісі жерленген екен деді. Кесененің кірпішіне осы жақын маңайдың топырағын қазып пайдаланған. Және осы кесенені тұрғызғанда батыс жақтағы Үсек өзені бойындағы Әріпжан тоғайынан сол маңайындағы ағайындар кезекпе-кезек әр үй 9-10 арбадан отын тасып әкеліп көмектерін тигізген. Сол жердің өз топырағынан әшекейлі, құран жазуы бар кірпіштер қалыпқа құйылып, жаңағы ағайындар әкелген отынмен арнайы жасалған пештерде өртелген. Кірпіштің сапалы шыққаны сондай қазіргі күніге дейін сыңғырлап тұр. Ауылдағы басқа да ағайындардан сұрастыра келе бұл кесене Суанның Бәйтүгей руының болысы болған Әріпжан Әкимбековтікі деген ойға тоқтадық.

Мына архив құжатында аты-жөні бірінші тұр (Аримжань Акымбековь).
Сілтеме: 1). Мақала, Қ. Ибрайымжанов «Біз Бұрханға барғанда…»
«Жаркент айнасы» газеті № 2 (2), 19 қазан, 2018 жыл.
2). Мақала, Қ. Ибрайымжанов «Атаман Дутовты атқан кім..?»,
«Жаркент айнасы» газеті №48 (116), 25 қараша, 2022 жыл.











