Негізі біз әкемнің есіктен кіргендегі көңіл-күйіне қарап-ақ, ол кісінің жандүниесіндегі бұлқынысты бірден сезінетінбіз. Егер есіктен кіре сала басындағы сәндеп киетін шилапасын (қалпақ) төрде жинаулы тұратын жүктің үстіне орнықтырып қойып, жаймен шешінсе, ол күні бір қуаныштың болғаны. Сол күні не қонақ келеді, болмаса, көп өтпей қазанға ет асылып, көршілерді тамаққа шақырамыз. Ән-күй, үлкендердің неше түрлі әзіл-әңгімесі жарты түнге дейін жалғасады. Ал кіре сала аяқкиімін шешіп, бұрышқа қарай лақтыра салса, бір көңілсіздіктің болғаны. Ол жағдайда малға шөп салатын, тауыққа жем беретін, сол сияқты бір сылтау тауып сыртқа шығып кетуге тырысатынбыз.
Үйге кірер-кірместен оқу үлгерімімізді сұрай бастаса, мұғалімдерден шағым түскені. Әлдебір көршімізді үйге ертіп келе жатса, оның балалары бізден оңбай таяқ жегені туралы ата-анасына шағымданып қойғанын біліп тұрамыз. Өйткені, біз бір үйде бес ұлмыз, әкемнің екі ағасының ұлдарын қосқанда он шақтымыз. Сондықтан ауылды біз ұстайтынбыз. Ол кезде балалар төбелескенін, бас жарылып, қол сынғанын, қанша таяқ жесе де, ата-анаға шағымдану абыройсыз іс деп есептелетін. «Құлын тепті», «Тайыншадан жығылдым», «Қорадан құлап кеттім», «Шөгір тіліп кетті» деген сияқты сан сылтаумен құтылатынбыз. Арасында шыдамсыздар да кездесіп жатады, әрине. Ондай шағымшыларға қолданылатын жаза да тым ауыр болатын. Ұрмаймыз, соқпаймыз, тек «Сатқын екенсің» деп айдар тағып қойғанның өзі жетіп жатыр. Мұны білетін көршілер сөзінде тұрмайтын баласын ертеңгі пәледен құтқару үшін жағдайды әкем арқылы реттейтін. Өйткені, біз үшін әкенің айтқаны заңнан да қатал болатын. Егер әкем «Ол үйдің баласына тимеңдер» десе, ол ертең мектепке алаңсыз барады. Балалармен де емін-еркін араласып, соғыс ойынын ойнап, үйлеріне көңілді қайтады. Иә, айта берсек, мұндай мысалдар өте көп болатын.
Бұған қарап әкемді тым қатігез екен деп ойлап қалмаңыз. Менің құрдастарымның да әкесі дәл осылай болды. Олардың да әкелерін бізше құрметтегенін, әлі күнге сол бала күндерін сағына еске алатынын айтпаса да түсініп тұрамын. Әкелерімізден именгеніміз қорыққанымыз емес, сыйлағанымыз болатын. Осы күнге дейін әкелеріміздей кеңпейіл, ақкөңіл, ашық-жарқын, арамзалықтан таза, арлы да адал адамдарды кездестіре қойған жоқпын. Керісінше бұл күнде әкелер балалардан қорқатын болып барады.
Тағы бір айта кетер жағдай, біз ержетіп, мектеп бітіріп, қызметке шыққаннан кейін өзіміздің алған жалақымызды алдымен шешемізге береміз, ол кісі әкемізге табыстайды. Ал өзімізге керектісін әкемізден сұрап алатынбыз. Кейін үйленіп, өз алдымызға отау болған кезде әкеміз өз табысымызды өзіміз игеруге рұқсат етті. Ал қазір ондай дүние жоқ. Кейде: «Мынау менің тапқаным керегіңізге жаратыңыз», – деп әкелеріне табысыың көптігін көрсетіп, масаттанып жатқан балаларды көргенде көңілім құлазып қалады. Мүмкін олар басқаша ойлайтын шығар. Оны біз түсінбейтін шығармыз.
Әкем бір күні үйге көңілсіз оралды. Қолындағы қытайша шыққан бірнеше парша газетті есіктен кіре берістегі көнетоз шкаптың үстіне тарс еткізіп тастай салды. Мұндай әрекет бірінші рет болған соң оған қандай баға берерімізді білмей аңтарылып қалдық. Ішіндегі бір-екі материалдың тақырыбын қызыл сиялы қаламмен астын сызып қойыпты.
– Аналарды оқы да, сосын аудармасын маған көрсет, – деп тапсырды.
Түнімен отырып, әлгі тапсырмасын орындап шықтым. Бірақ ол кезде қытайшам тым керемет емес. Қазірде жарып тұрғаны шамалы. Өзім әрең көтеретін қазақша-қытайша көк тысты сөздікті сан төңкеріп жүріп, ертесі тәңертең шалажансар аудармамды үстелінің үстіне қойып қойдым. Ертесі әкем менің аударған дүниемді сол тұста бізге қытай тілінен сабақ беретін Әбдүміт деген мұғалімімізге тексертіп, тегістеп дегендей, әдемі дүниені үйге алып келді.
– Мұны, мына газетке жібер, – деп қолыма конверт пен марка сатып алуға жетерлік ақша беріп, поштаға жұмсады.
Бір жеті өтер-өтпестен өлкелік газеттің үшінші бетіне менің аударма әңгімем жарық ете түсті. Ол кезде газет бетіне алақандай мақалаңның шығуы деген үлкен дүние болатын. Ауылдағы аты аңызға айналған адамға айналдым. Қаламақысы (тым көпте емес) келген күні біздің үйде той болды. Сыныптастарымыздың ортасындағы беделім де көтеріліп қалды. Біздің балалық шақтың қызығы – қыздардың арасында абырой-беделге ие болумен өлшенетін еді ғой.
Алдымен сол алғашқы аударманың толық мәтінін сізде оқып шығыңыз.
Қайтару (Шағын әңгіме)
Үгіт бөлімінің қызметкері Шияу Жиңнің қалыңдығы бүгін оған тағы да:
– Енді үй таба алмасаң онда байланысымызды үзіп, жөн-жөнімізге кетейік, – деді.
Бұл сөз Шияу Жиңды қатты азаптады. Бөлім дәрежелі көптеген кадырлар үй кезегін тосып жүргенде әдеттегі үгіт қызметкері, ерікті тілшіге қайдан үй беріле қойсын.
– Үй басқару мекемесінің (ТКШМ) бастығымен таныстығым бар деуші едің ғой!? – деді Шияу Жиңнің зайыбы оған қарап, – азырақ тарту-таралғы апарып, жағдайыңды айтып көрсең болмай ма?
Шияу Жиң көп толғана келіп, ақыры бірнеше бөтелке жоғары сортты арақ алып, үй басқарма мекемесінің бастығымен кездесу бекіміне келді.
– Кім? – теледидар көріп отырған мекеме бастығы біреудің есік қаққан дыбысын естіп, дереу есікті ашты.
– О, Жиң тілші екенсіз ғой, канне, төрлет. Не жұмыспен келдіңіз?
– Бастық, мен бүгін сізбен үй туралы сөйлескелі келген едім, – деді Жиң тілші сомкесінен әкелген нәрсесін алып жатып.
– Әй, бұл істі ертерек неге айтпағансыз, – деді бастық күліп тұрып, – үй мәселесін мен айтып қояйын, бірақ мына нәрселеріңді алып қайт. Бәрімізде партияның кадырларымыз, мұндай істерді істеу жараспайды, – мекеме бастығының өңі өзгере қалды.
– Сіз мені осындай жайсыз істерді ұнататын адам деп ойлайсыз ба? Егер бұларыңызды алып қайтпасаңыз ренжімеңіз? Үй берілмейді!
Шияу Жиң бастықтың құлқын құмар еместігіне риза болып әкелген нәрсесін сомкесіне салып, онымен қоштасты.
Ертесі, Шияу Жиң газетханада оздырылған кезекті «пара беру, пара алуға» қарсы тұру жөніндегі ақпараттық жиынға қатысты. Ол үй басқару мекемесінің бастығы өзінің тарту-таралғысын ой елегінен өткізе отырып, терең толғанды. Сол күні кеште мекеме бастығының пара қабылдамай, үкімет ісін әділдікпен жүргізгенін туралы бір материал дайындады.
Үй басқару мекемесінің бастығы сол күнгі газетті көріп, қуанғанынан:
– Жақсы істепсің, өте жақсы істепсің, – де берді.
– Жақсы істепсің дегенін қара?, – деді әйелі ашу шақырып, – ол бір жоғары дәрежелі шенді емес, тартуын алмай тұрып, үйді бекерге бергенің не?
– Бекер бергенін дегенін қара, сен нені білесің? – деді бастық, – Ойлашы, қазіргі парақорлыққа қарсы әрекетте сенің адалдығың туралы жазылған бір мақаланың құны, оның азғантай тарту-таралғысынан әлде қайда салмақты.
Аударған Қажет Андас.
«Шың Жаң» газеті, 1993 жыл 24 қазан.
Міне, содан бері 30 жылдан аса уақыт болды. Ол кезде өмірімнің кейінгі ширек ғасыры баспасөзбен байланысты өрбиді деп ойламаған едім. Әкемнің сол қадамы – мені қызықтыру арқылы қаламгерлікке жетелеу екенін енді түсініп отырмын. Расында, осы аударма жарық көріп, біраз бедел жинағаннан кейін кітаптан бас алмайтынды шығардым. Шимайлап бірдемелерді жазу, төрт тармақты өлеңге мұң-шерімді төгу менің бұлжымас қағидама айналды. Жазған дүниемді өлкенің әр тұсындағы газет-журналдарға жіберу әдет болды. Оның көбі басылым беттерінде жарық көрмесе де өкінбеймін. Қайта мені алған бетінен қайтпайтын төзімділікке баулыды. Әкем сондай қарапайым ғана әдіспен мені қаламгерлік бағытқа салып жіберді. Сол тәрбие мені талай белеске жетелеп келеді. «Жақсы әке жаман ұлға қырық жыл азық болады» дегеннің шын мәні осы екен ғой.
Әкем бізге мол қаржы қалдыра алмаса да, осындай сатып алуға келмейтін рухани байлық қалдырды. Қазір көптеген әкелер балаларының болашағы үшін қаржы жинап, заттық байлықты молынан топтау үшін халықтың байлығына да қол сұғады. Бірақ қарапайым елдің көз жасының бодауына келген байлықтың балаларына мәңгілік қорған болғанын осы күнге дейін көрген жоқпын. Есесіне, «Асыңды адалынан тауып іш» деген әкелер тәрбиесімен өскендердің көңілді өмір сүріп жатқанын жиі кездестіремін.
Қажет АНДАС,
«Q-andas» ақпараттық агентігі.
Дереккөз: https://kazneb.kz/kk/catalogue/view/1727342











