Q-Andas
No Result
View All Result
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Білім
    • Денсаулық
    • Спорт
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қасиетті жерлер
    • Қоршаған орта
    • Шалғай ауыл
    • Әдебиет
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тарих
    • Тұлғатану
    • Туризм
    • Мәдениет
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Андас Омарақын ізімен
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат
  • Qazaq
  • توتە جازۋ
Q-Andas
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Білім
    • Денсаулық
    • Спорт
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қасиетті жерлер
    • Қоршаған орта
    • Шалғай ауыл
    • Әдебиет
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тарих
    • Тұлғатану
    • Туризм
    • Мәдениет
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Андас Омарақын ізімен
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат
No Result
View All Result
Q-Andas
No Result
View All Result
Басты бет Өлкетану Әдебиет

Алматының апорты

admin
2025/10/24
Әдебиет
0
Алматының апорты

Атам қаласа да, қаламаса да «Зәңгі ата» деп атайтынбыз. Оның қандай мәртебелі атау екенін бала күнде түсінбесек те ержеткенде білдік. Атам ел осылай атаған сайын бойын аулаққа салып, сыпайы күліп, жанына жуытпауға тырысатын. Бала көңіл оның байыбына бармаса да әр нәрседен сақтанып, әр жұмысты байыптап, сабырмен салмақтап істейтініне қарап, бізге айтпайтын бір сырдың бар екенін іштей түсінетінбіз. Ал әкем үйде болмаған күндері көрші-қолаң кешкі асқа отырғанда Ұрымхан апам әпкем екеумізді жетелеп, ауылдың маңындағы төбешікке шығатын да: «Әкелерің анау жақта тұрады», – деп қолын ебедейсіз сермеп, әлдебір алысты нұсқайтын. Одан кейін көз жасын бізге көрсетпей сығымдап жататын. Балғын көңіліміз әкеміздің жақын арада қасымызда болмайтынын ғана сезетінбіз. Бірақ қайда, неге кеткенін сұрауға дәтіміз бармайтын.

Сол кезде қабырғасын топырақтан соғып, төбесіне бөренені аямай тізіп, оның үстіне тоқылған бұйраны жауып, балшық ылаймен бекіткен екі бөлмелі там үйде тұратынбыз. Сыртынан қарағанда жұпыны көрінгенімен, ішінде мейірімділік, сыйластық, жанашырлық үйып тұратын. Қысты күндері кіре берістегі топырақ пешке жағылған оттың өзі там үйді қыз-қыз қайнататын. Ал көктем, көз күндері жаңбыр жауғанда төбеден сорғалаған сары су мазамызды әбден алатын. Үйдің ішіндегі дүниелерде тым аз болатын. Жамылатын көрпе-жастық, бір бұрышында ұсақ-түйек тұрмыстық бұйымдар салынатын үлкен кебежеден басқа мүлкіміз де жоқ еді. Төрде көнетоз қалтаға салынған жұқалтаң кітапша ғана ілулі тұратын. Атам әлгі кітапшаны «Әптиек» деп атайтын. «Әптиектің» не екенін атамнан сұрауға батпай, әпкем екеуміз апамның мазасын алатынбыз. Бірақ апам: «Ол атаңның кітабы», – дейтін де қоятын. Шешемізден сұрай қалсақ, бізге шапалақпен ғана жауап беретін.

Десе де, біз үлкендердің күдікшіл әрекеттерінен үйдегі құпияны сыртқа шығармау керектігін мықты меңгердік.

Осындай мұқияттылықтың мәнін кейін ес білгенде, Қытай еліндегі «Мәдени төңкеріс» делінетін күрделі саяси жағдай аяқталған кезде барып түсіндік. Сөйтсек, бұл кез атамыздың «Жұртты азғырып, қызыл өкіметке қарсы шыққан, көнелікті жақтап, жаңалықты шеттеткен, ұлтшыл, кері төңкерісші, халық жауы» деген мәртебелі атақтарға ие болып, үй қамақта жүрген кезі екен. Жасы ұлғайған адам болғандықтан және денсаулығының нашарлығы себепті үйқамақта отыруға бұйырыпты. Ал әкеміз жастайынан қолына қалам алып, өлең мен өнер қуып ержеткендіктен «Сары өлең жазып, сары ән орындаушы, Ухан, Дыңтоның (Қызыл өкіметті мойындамаған қытайлық жазушылар) Кеңсудың басына қағып кеткен қазығы» деген айып тағып, еңбекпен өзгертуге жіберіліпті. Ұмытып барады екем ғой. Жұпыны үйіміздің төргі бөлмесінде тағы бір қастерлі мүлкіміз болатын. Ол атам жататын жер төсектің басында тұратын қағаз қалпақ. Оған қытайша«Пәнгымиң», қазақша «Кері төңкерісші» деген жазу жазылған. Атам сыртқа шыққанда сол қалпағын киіп жүру керек.

Бір күні әлгі қалпақты киюді ұмытып кеткені үшін бір жеті үйге жібермей қойды. Есімде қалуынша, ол кісі өте әдемі, таза адам еді. Көзі жанып тұратын. Жай күндері жалын есіп тұратын қос қарашығынан ашуланғанда алапат жарқыл өне бойыңда күйдіріп жіберетін. Күні бойы ауыр еңбектен шаң тозаң болып, онсызда тозығы жеткен киімі жалым-жұлым болып келгенде апам түнімен ұықтамай жуып-шайып, жылтыраған білте шамның түбінде жыртығын жамап отыратын. Тек инеге жіп сабақтай алмағанда мені түртіп оятатын. Қарғып тұрып айтқанын орындап беріп, апамның тізесіне сүйеніп жатып ұйықтап кетемін. Міне, осылай кешке үйге торығып, тозып, шаршап-шалдығып келетін атам таң ата жамау-жамау болса да тап-таза киімін киіп, кеудесін асқақ ұстап, кезекті күреске кетіп бара жатады.

Үйдің ішінен гөрі есіктің алды жайнап тұратын. Өйткені, біздің бақшада сол өңірде кездеспейтін сан түрлі жеміс ағашы мәуелеп өсіп, көз қызықтыратын.

– Бұндай жеміс ағаштары неге біздің аулада бар, басқаларда жоқ, – деп әкем бір келгенде сұрап қалдым.

– Бұл жеміс ағаштарының көшетін атаңның Үрімжі деген қаладағы Сәбеттің консолында істейтін Алматыдан келген достары әкеліп берген, – деп жауап берді.

Ол кезде Үрімжі деген қаланы, Алматы дегенді де білмейтінмін. Бірақ сол ағаштардың тіл үйіретін, балдай тәтті жемісінің дәмі күні бүгін тілімнің ұшында тұрады. Біз ол алманы «Киіз алма» деп атайтынбыз. Сізге өтірік, маған шын үлкендігі жаңа туған нәрестенің басындай үлкен болатын.

Атам қайтыс болған күні үйдің сыртында иіріліп тұрған көптің арасынан әпкем екеумізді қасына шақырып, төсегінің басындағы бір тал алманы алып, екіге бөліп, бізге ұсынды. Атамның соңғы сапарға дайындалып жатқанын бала болсақ та жүрегіміз сезіп тұрды. Әпкем екеуміз көз жасымызды сүртіп-сүртіп қойып, атам берген алманы жеуге кірістік. Алма желініп бітпесе, атам тірі қалатындай уақытты соза бердік. Атамда бұл ойымызды білгендей басымыздан аялап сипап, бауырына қысып, кезек-кезек маңдайымыздан сүйді. Қанша тырыссақта алманы жеп бітірдік. Тіпті, ұрығымен қосып, ағаштан жұлғанда бірге келген сүйемдей тұқылына дейін жеп қойдық. Соны күтіп отырғандай атам мені жақын тартып, қабырғада ілулі тұрған «Әптиекті» алдырды да Орманханды шақырды:

– Бұл әкемнен қалған асыл мұра. Онда аруақтардың қасиеті бар. Біздің үйді 13 рет опыс қылғанда олардың көзіне түспей аман сақталды. Енді менің ұрпағымнан дін жолын ұстағандар шыға қоймайтын шығар. Бәрі ғылым қуып кетеді. Осыны өзіңе тапсырайын қадірін кетіріп алма?, – деп «Әптиекті» қолына берді. Қазір Орманханның ұрпақтары да елге келді. Бәрі дін жолын ұстанып, үлкен жетістіктерге жетіп жүр. Олар әр рет дуғасын жасап болған соң атамның атын атамай бетін сипамайды.

Сосын көптің арасынан Баясыл деген атышұлы әпербақанды шақырып, төсегінің басындағы қағаз қалпақты ұсынды.

– Мынаны тапсырып ал! Енді бұны сенің ұрпағың кисін, – деді. «Баясыл келе жатар» десе бесіктегі бала шошып оянатын Қытайдың атышұлы «Мәдени төңкерісі» деген науқаны жасап шыққан безбүйректің кейінгі тағдыры жақсы болған жоқ. Жер жамандамасын «Ит өліммен» өлді. Бала-шағасы да тозып кетті.

Аманатын орындап болғаннан кейін орнынан қиналып көтеріліп, шынтақтап отырды да иіріліп тұрған көпшілікке.

– «Жалғанның ісі жалғанда, ахиреттің ісі барғанда» деген сөз бар. Қолдарыңнан келсе адамзаттың бәріне жақсылық жасаудан жалықпаңдар. Жамандықтан бойларыңды аулақ ұстаңдар. Жақсылық ұрпағыңа жұғады, жамандығыңды ұрпағың өтейтін болады. Алла Тағалада жақсылығыңның қарымжысын қайтырып, жамандығыңның жазасын тартқызып барып бірақ алады. Осыны ұмытпаңдар, – деп өсиетін айтып, мәңгілік сапарына аттанып кетті.

Атам өле-өлгенше өзінің әлемді шарлаған сапарларын айта алмай кетті ғой. Қазір ойласам сол жолдарды бүгін мен басып жүрген сияқтымын. Әр рет шетелге барған сайын мешітке кіріп, атамның және оның аты-жөнінде білмейтін достарының аруағына бағыштап, ниет етіп қайтамын. Қазірше қолымнан келері осы ғана болып тұр.

Несін жасырайық, әкелеріміздің тұсында арақ ішу деген сәнге айналды. Арақты жамандау ниетім жоқ. Оны мен де іштім. Өйткені, ол кезде арақсыз жұмыс бітпейтін. Әкемді де жамандау нтиетім жоқ. Өмірдің көрген сансыз қиянатының өшін сол арақтан алып, сонымен жібітіп, сол арқылы ұмытады екен ғой. Әрине, арақ араласқан жерде ойын-тамашада, амагершіліктің де алыста қалатын тұсы көп кездеседі. Отбасындағы кикілжің де болып тұрады. Ағайындарымен әбден тойлатқан әкем шешеймен сөзге келіп қалды. Әкемнің бір қасиеті отбасында қанша кикілжің болса да өмір бойы шешеме бір де бір рет жұдырық жұмсам көрген жоқ. Сол жолы бөлек мінез көрсетті. Киімін киінді де далаға беттеді. Әпкем екеуміз артынан еріп келеміз.

– Үйге қайтыңыз, қайда барасыз, – дейміз етегіне оралып.

– Кетемін, – дейді.

– Қайда?

– Сәбетке кетемін.

Бала көңіл сенгіш қой. Расында, Сәбетке кетіп қалады екен деп әпкем екеуміз түні бойы әкеммен еріп жүрдік.

Ол кезде Қазақстанды Сәбет деп атаушы еді. Ертесі әкем дұрысталған соң Сәбет туралы сұрап білдім. Сол күннен бастап, Сәбетке кету деген бір арман менің де көкірегіме орнап алды.

Арада біраз жылдар өтіп, қазақтың көз жасы құрғап, тәуелсіздік қайта оралды ғой. Университетке түсіп, алғашқы демалысымды алып ауылға келдім. Онсызда аз ұйықтайтын әкем түнімен бір парақ қағазды қайта, қайта оқып әбігер болып жүр. Орнымнан тұрып әкемнің жанына келдім. Менің не сұрайтынымды біліп тұр ғой. Қолындағы қағазын ұсынды.

Крилше машинкаға терілген бір бет қағаз. Кейін ары бері көшіп жүріп сол хатты жоғалтып алдық. Ол Шерхан Мұртазаның шетелдегі қазақ зиялыларын елге оралып, бірлікте қызмет етуге шақырған хаты еді. Қымбатты Андас Омарақынұлы деп басталатын хаттың ұзын ырғасы есімде, соңына Шерхан Мұртаза деп қол қойылған. Ол кезде Шерхан Мұртазаның кім екендігін біліп қалған кезіміз. Қазақтың сондай тау тұлғасының шалғайдағы әкемді қайдан білетініне таңғалдым. Елге оралған соң да Шерағаңа жолығып, осы жайлы сұрағымды келді. Неге екен ол қадамға барғым келмеді. Бір күні әкемнің қалдырып кеткен қолжазбаларының арасынан Қытай коммунистік партиясы Күнес аудандық филиалына штат сұрап жазған арызын тауып алдым. Соның ішінде: «…Мен белгілі бір саяси топтың адамы емеспін. Ел ішінде (Қытай), шетел де аралас-құралас болған адамдарым көп. Олардың бірі бірге оқығандар, енді бірі қызмет барысында әріптес болғандар…» деген сөйлем бар. Мүмкін Үрімжідегі кезінде аралас-пікірлес болған шығар.

Хатты оқып шыққаннан кейін елге кету туралы айтып едім. «Тұра тұр» деп қана қойды. Демалысты бітіріп, Үрімжіге келген соң әкеме айтпай төлқұжат жасатуға кірістім. Несін жасырайын, талай ақшаны шашып, талай есікке кіріп жүріп бес жылда ерең бітті. Бірақ қолыма төлқұжат тигенімен оны әкеме айта алмай тағы да бес жыл күттім. Төлқұжаттың уақыты бітуге жарты жыл қалғанда ғана әкеме көрсеттім.

– Ертерек айтпадың ба? Сен қашан қозғалар екен деп жүргенмін, – деді да қойды.

Ол кезде бәріміз ержетіп, біріміз үйлі-баранды болсақ, енді біріміз алыс қалада оқуда жүрген кез. Бір күні әкем жетеуімізді үйге шақырды. Сол күні Құран оқылып, тілеу тіленді. Кешкі астан кейін төрде отырған әкем маған қарады да:

– Қажет, Қазақстанға кетеді. Менің де, әулеттің де жалғыз ұлы сен емессің, бірақ атаң сенен үлкен үміт күтетін. Атажұртқа барам десең бетіңді қақпаймын. Онда да алдыңның жарық сәуле шашылатыны анық. Тек, біздің өкініштерді қайталап жатсаң ешкімнен көрме? – деді.

– Иә,– дедім.

Атажұртқа келгеннен бергі қадамым сәтсіз болған жоқ. Қашанда алдымнан жақсы адамдар кездесіп, қолтығымнан демеп келеді. Осы кезде ғана атамның өтіп бара жатқан тұста бізге Алматының алмасын неліктен жегізгенінің мәнін терең түсіндім. Кейде азық-түлік алу үшін базарға барғанда әйелім екеуміз алма сатып алар тұста келіспей қаламыз. Ол сырты жылтыраған, түсі көзді арбайтын, бұзылмаған импорт алманы сатып алғысы келеді. Оны да түсінуге болады. Өйткені, дастарқанның жайнап тұрғанын қай әйел заты ұнатпасын. Мен шіріп кетуге таяп тұрса да Алматының алмасын сатып алғым келеді. Аламын да. Себебі, менің ұғымымда туған жерінің дәміне сүйсініп өскен бала ғана елдің ертеңгі тірегі болады. Ал шаранасынан өзгені өр санап, шетелдің жылтырағына құмартып өскен бала сатқын болады.

 

Қажет АНДАС,

“Q-Andas” ақпараттық агенттігі.

Жалғасы бар…

 

5 1 vote
Рейтинг статьи
Қаралым 52
Тарихтың түндігі – елімнің бірлігі
Әдебиет

Тарихтың түндігі – елімнің бірлігі

March 27, 2026
Өнер өзіңдікі емес, елдікі
Әдебиет

Өнер өзіңдікі емес, елдікі

March 26, 2026
Сүрінсеңде құлама
Әдебиет

Сүрінсеңде құлама

March 19, 2026
Өрт
Әдебиет

Өрт

March 13, 2026
Ымырт
Әдебиет

Ымырт

March 11, 2026
Жандардың ала күшігі
Әдебиет

Жандардың ала күшігі

March 5, 2026
Subscribe
Login
Notify of
guest
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
Мұқаншының Мұхиты

Мұқаншының Мұхиты

April 16, 2026

Біз үшін қастерлі есім

Біз үшін қастерлі есім

April 16, 2026

Шәкірт мақтанышына айналған

Шәкірт мақтанышына айналған

April 16, 2026

Жаркент уезі (1926 жылғы мәлімет бойынша)

Жаркент уезі (1926 жылғы мәлімет бойынша)

April 16, 2026

Елдіктің жолы

Елдіктің жолы

April 16, 2026

Ақпараттық агенттігі

Меншік иесі: “Жетісу” өлкетанушылар орталығы” қоғамдық бірлестігі
Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы “Болашақ” шағын ауданы, 12-27

Q-Andas желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2025 жылғы 19 наурызда тіркеліп, № KZ21VPY00115275 куәлігі берілген.

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

Тел: 8 747 706 1382
email: andas_kazhet@mail.ru

qandas.kz © 2025. Барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.

  • Qazaq
  • توتە جازۋ
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Білім
    • Денсаулық
    • Спорт
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қасиетті жерлер
    • Қоршаған орта
    • Шалғай ауыл
    • Әдебиет
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тарих
    • Тұлғатану
    • Туризм
    • Мәдениет
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Андас Омарақын ізімен
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат

© 2025 qandas.kz

wpDiscuz