Қытай поэзиясының алтын ғасыры саналатын Таі дәуірінде Ли Бай мен Ду Фумен қатар аталатын аса ірі тұлғалардың бірі – Бай Жүйи (қыт. 居易, Bái Jūyì, 772–846). Ол өзінің терең ойлы, адамгершілік пен әділеттілікті жырлаған туындылары арқылы бүкіл Қытай әдебиетінің тарихында өшпес із қалдырды. Ақынның шығармалары халықтың мұң-зарын, өмірдің өткіншілігін және өнердің құдіретін шынайы суреттейді.
Бай Жүйи қазіргі Шэньси провинциясында дүниеге келген. Әкесі ұсақ шенеунік болғандықтан, ол бала кезінен жақсы білім алып, Конфуций мен Мэн-цзы ілімдерін бойына сіңірді. Жасынан-ақ өлеңге, музыкаға, философияға ерекше қабілет танытты.
799 жылы мемлекеттік емтиханды үздік тапсырып, сарай қызметіне қабылданады. Алайда билік жүйесіндегі әділетсіздік пен саяси айла-шарғылар ақынның шынайы мінезімен үйлеспей, ол сынға ұшырап, 816 жылы Шуняң қаласына жер аударылады. Дәл осы жылдары оның ең әйгілі поэмасы — “Пипа жыры” (琵琶行) дүниеге келген. Кейінірек ол Луоян қаласында өмірінің соңына дейін шығармашылықпен айналысып, халыққа жақын поэзияның үлгісін қалдырды.
Бай Жүйи — тақырыптық және көркемдік ауқымы кең ақын. Оның мұрасын бірнеше бағытта топтауға болады. Ең алдымен ақын билік пен қоғамдағы теңсіздікке батыл үн қатты. “Жалшының әні”, “Қала күзетшісінің жыры”, “Ескі далада өртенген үй” сияқты шығармаларында қарапайым халықтың ауыр тұрмысын, зұлымдық пен әділетсіздікті айыптайды. Өмірдің мәні, адамгершілік, уақыттың өткіншілігі жөнінде терең толғанды. “Қарттық туралы жыр”, “Судың тыныштығы” сияқты туындыларда ақын даналық пен сабыр идеясын дәріптейді. Ақын табиғатты адамның ішкі жан дүниесімен қатар суреттейді. “Жапырақ түсі”, “Күзгі ой”, “Шуняң өзені бойында” өлеңдерінде табиғат бейнесі арқылы жалғыздық, сағыныш, өмірдің өткіншілігі көрініс табады. Музыка мен өнерді адам рухының тазару көзі ретінде қарастырған ақынның ең көрнекті туындысы – “Пипа жыры”. Бұл поэмада Шуняң қаласына жер аударылған ақын мен тағдырдың тәлкегіне түскен пипа тартушы бикештің кездесу сәті бейнеленеді. Екеуін де мұң, жалғыздық, өнерге деген шексіз сүйіспеншілік біріктіреді.
Бай Жүйидің шығармашылығы реалистік бағыттың айқын үлгісі. Ол күрделі ойды қарапайым, түсінікті тілмен жеткізуді мақсат етті. “Өлең — халықтың жүрегіне жол табу үшін жазылуы керек” деген ақын ұстанымы оның бүкіл шығармашылығына өзек болды.
Тілі бейнелі, табиғи, музыкалық ырғаққа бай. Әрбір образы терең философиялық мағынаға ие: ай, су, жапырақ, музыка — бәрі адамның рухани күйін білдіреді. Әйел тағдырын суреттеуде нәзік психологиялық шеберлігімен ерекшеленеді. Өлеңдерінен гуманизм, мейірім, адам баласына деген сенім сезіледі.
Бай Жүйи — қытай поэзиясындағы реализмнің негізін қалаушылардың бірі. Оның поэзиясы — халыққа жақын, шынайы және мәңгілік тақырыптарды қозғайтын рухани биік мұра. “Пипа жыры” арқылы ол музыка мен адамның жан дүниесін біртұтас көркем әлемге айналдырды. Ақынның шығармалары ғасырлар өтсе де өз құндылығын жоғалтпай, әділет, ізгілік пен сұлулықты дәріптеген мәңгілік үн ретінде жаңғырып келеді.
БАЙ ЖУЙИ ӨЛЕҢДЕРІ
СӘН СӘУЛЕТ
Жарқ-жұрқ етіп ер-тұрман,
Жарқылдап жауһар лағылдар.
Ат аяғында ұшқан шаң —
Сары атындай сағымдар.
Саңлақ үнмен сәулетті кімдер еді бұл жандар?
Әдектер деп атайды сыртынан көріп тұрғандар.
Шен-шекпенге малынған орданың өңкей белгісі,
Қалам менен қарудың ұстаған басы, шендісі.
Жорғалары тайпалып,
Тозаңдап шаңы құйын боп,
Қонағына әмір қосынның келе жатыр санды топ.
Тізіліпті диханның нелер есіл шарабы,
Теңіз бенен құрлықтың алуан таңсық тағамы.
Дуңтинху мен жуизысы қақ жарылып арынан,
Жаудырайды жас балық жаңа көлден алынған.
Әбден бүгіп тамаққа,
Сылқия мас боп шарапқа,
Шалқиды мәз боп төрелер, шаттығы сыймай шанаққа.
Оңтүстікке жыл ауыр — құрғақшылық апат кеп,
Күңіренеді ел Чуйжуда, адам етін адам жеп.
Дуңтинху — Қытайдың әйгілі көлдерінің бірі, Хунань провинциясында орналасқан.
Жуизы (Жуйцзы) — Қытайдың ежелгі өзендерінің бірі.
Чуйжу — Қытайдағы өңір аты (Чжучжоу қаласы).
Әдектер — байлыққа, сән-салтанатқа бөленген шенеуніктер.
Шен-шекпен — мансап пен билікті бейнелейтін дәстүрлі тіркес.
ТОТЫ
Қызыл лала мойынның,
Құссың, тоты түстіктің.
Қарасы, көгі аралас,
Бітіпті түгі әр түстің.
Сезім мүшең сезген,
Ойламыңда бар, шіркін.
Тілің майда — білесің адаммен күллі құс тілін.
Кеше айналып кезқұйрық лаң салды қағына,
Ұзын тұмсық шауқарға бүгін жетті тағы да.
Сұм кезқұйрық үркітіп қарлығаштың баласын,
Шағып кетті ойрандап салған ұя-панасын.
Шауқарға ұзын тұмсығын мекиянға жасқады,
Екі көзін сорлының шығарып бірдей тастады.
Жығылды мекиян шыжақтап,
Қарлығаш зытып жөнелді,
Қи сыпырды соңынан анасыз қалған шөжені.
Олжадан қайдан құр қалсын қара құспен күшіген,
Бөтекесі торсиып ерінеді ішуден.
Бір топ құзғын, құмайлар шарықтап көктен кезіп жүр,
Болып жатқан жердегі білмегендей істі ешбір.
— Уа, тоты құс, тоты құс!
Ел дейді сені тілді құс.
Қарлығаш пен тауық жапасын
Көрмеуіңіз қандай іс?
Барша құстың патшасы —
Самұрық деп естуші ек.
Сол патшаға бір ауыз дат айтпауың бола ма, деп,
Әншейінде парқырап сөйлегенің неге сеп?
Тоты құс — Шығыс поэзиясында даналық, сұлулық, шешендіктің бейнесі.
Кезқұйрық — жыртқыш құс (мысалы, сұңқар, қарақұс).
Шауқар — шағаланың түрі немесе ірі су құсы.
Мекиян — үй тауығының аналығы (диалект).
Самұрық — мифтік алып құс, түркі және парсы мифологиясында.
САХАРА МАЙСАСЫ
Сахарада көк майса — бүкіл өңір,
Көгереді,
Қурайды
Жылында бір.
Өртең қанша шалса да таусылмайды,
Көк шалғыны көктемде қаулар дүр-дүр.
Көк майса — көз жеткісіз жол жиегі,
Жасылмен жалғасады қорған шегі.
Дос кеткен,
Жылдар өткен —
Майса көктеп,
Бір сезім бойды билер тамсілдегі.
Сахара — кең дала, шөлейт өңір (қытайша «шамо»).
Өртең — ескі шөпті өртеп тазартылған жер.
Қаулар — көктемде өсіп шығу, көгеру (көне түркі етістігі).
Тамсіл — аңыз, мысал, ескі әңгіме.
ОРМАШЫЛАРДЫ КӨРГЕНДЕ
Диханның күні бар ма бос жүрерге,
Тамызда болмас мұрша сімгірерге.
Ескектеп оңтүстіктен түн самалы,
Сарғаяр басын иіп бидай жерге.
Әйелдер инағашпен тамақ жасап,
Балалар шәугім алып ереді бірге.
Бетке алып жұмыс басын, тарта-тарта шұбап,
Атыздағы күн қақты жұмыскерге.
Табанды шоқтай қарып жердің беті,
Тиер күн оттай қақтап арқа-белге.
Жұмыстан білінбейді күн ыстығы,
Десе де ұзақ сары күн қойсын тегі.
Мендеген жарлылығы сорлы әйел,
Баласын таяу қойып әлгілерге.
Оң қолмен тереді жерден масақ,
Сол қолмен себетін іле жүре.
Естісең сонда әйелдің айтқандарын —
Сенің де бұзылады көңілің бірге.
Айтады ол: «Салық үшін жерін сатып,
Қалғанын масақ теріп күн көрерге…»
Бақпасаң егін салып жібек құртын,
Басқаның татыр несі еңбек дерге?
Өз ақысы бір жылғы — алар үш жүз дадан,
Таусылмас, қалай шаштан пішіп жерге?
Десе де ұяламын,
Жетпейді дат —
Ұмытарға дәл бүгін көргендерді…
Дихан — егінші, жер өңдеуші адам.
Инағаш — отынмен ас пісіретін қарапайым құрал (жылжымалы ошақ).
Масақ теру — кедей әйелдер егін оралған соң қалған дәнді теріп, сонымен күнелтуі.
Дадан (打担) — қытайдың салмақ өлшемі, шамамен 50–60 кг.
Атыз — суғару жүйесі бар егін егетін ұсақ бөлік.
ГҮЛ САТЫП АЛУ
Хан қаласы — көктемнің соңғы шағы,
Көше бойлап ат-арба шарқ ұрады.
Мудан гүлдің базары ашылған кез,
Көп жандар гүл алуға ынтығады.
Тұрақ жоқ арзаны мен қымбатында,
Бағасы шоқ бойынша сатылады.
Шешегін енді жарған жүз шоқ гүлдің
Жиырма бес топ ақ шайы нақ тұрады.
Төбесі биік шатыр,
Айналасын
Қоршаған шарбақ-қаша, қалтқылары.
Құнарлап, әбден баппен өсірген гүл —
Көшіргенде бұзылмас қалпы, нәрі.
Салтына әбден айналған әрбір үйдің,
Гүлді көрсе ынтығар гүл құмары.
Бір қарт дихан бір күні ойда-жоқта
Гүл сатқан базарының осы аралары.
Көрді де өңі қашып, «ұқ!» деп қалды,
Бірақ бұл көріністі кім ұғады:
Бір шоқ гүл — он үйлі орта шаруаның
Бір жылғы өтейтіндей салық-дағы!
Мудан (牡丹) — қытай мәдениетінде байлық пен әсемдіктің символы саналатын пион гүлі.
Ақ шай (бай ча) — қытайда жоғары сапалы шайдың түрі.
Хан қаласы (Чаң-ан) — Тан дәуіріндегі астана, қазіргі Сиань қаласы.
Дихан — егінші, кедей шаруа.
АРЫЛМАС АРМАН ТОЛҒАУЫ
Жан еді хан патшасы өңге құмар,
Аруға жұрттан асқан болды ынтызар.
Таппады, көп іздеді бір сұлуды,
Дәуірлеп ел билеген талай жылдар.
Яң дейтін ел ішінде біреу болды,
Бұралған тал жібектей бір қызы бар.
Аттамай табалдырық өскендіктен,
Қызды еш жан білмеуші еді — ел бейхабар.
Толықсып тұрмысынан көркем сипат,
Аруға бітті көрік, жан жай табар.
Бір күні ел ішінен таңдалумен
Қасына келді ханның алтын дидар.
Бір күлсе жарқ еткізіп-ақ тамағын,
Жүз қабақ жүдеуінен сәтте ашылар.
Саңлақты хан сарайдың сән аруы —
Тайыр-ай, қасында оның неге тұрар?
Яң — тарихи Яң Гүйфэй (Yang Guifei) бейнесі, Тан әулетінің әйгілі сұлул.
Чаң-ан — Тан патшалығының астанасы.
Майпон — Тан дәуіріндегі астана маңының мекені (қайғылы оқиға өтетін жер).
Сычуан (Сучан) — Қытайдың оңтүстік-батысындағы өлке, оқиға соған жалғасады.
Дәруіш — сопы, әулие адам бейнесі.
Патша Мұңлық (Сюань-цзун) — Яң Гүйфэйдің сүйген ханы, тарихи тұлға.
КӨМІРШІ ШАЛ
Күнгей тау төскейінен көмірші шал,
Зыр жүгіріп, отын ап, көмір жағар.
Саусағы күс, самайы аппақ құдай,
Күйеден бетінде әрең көз жылтырар.
Көмір сатып, ақшаны ол не қылады —
Қу тірліктің лыпасы, қу тамағы.
Күн суыта берсе екен деп тілейді,
Дірдік қағып ұсынып жүрсе-дағы.
Түн қатты, қала сырты — тұсардан қар,
Жосып ізі, шоңқиды доңғалақтар.
Өгізінен, өзінен дәрмен кетіп,
Таң ата түстік қақпаға етті аял.
Желіп келеді екі атты — бұлар кім?
Бірі сары, бірі ақ кигеннің.
Қолында хат, айқайлап ауызында “әмір”,
Ай-шай жоқ, солға таман қуды өгізін.
Мың жын көмір арбада жатыр жайнап,
Іші ашиды шал байқұс соры қайнап.
Қимай да не шара, қолдан келер —
Орда әтегі сарайға жөнелді айдап.
Әлден уақыт арбаны қайта ап шығып,
Екі шаршы торғын шыт берді ұсынып.
Татымас бағасына алған жоқ шал,
Сонда да өгізін мүйізіне жіберді іліп.
Күнгей тау – Оңтүстік баурай (таудың жылы, күн түсетін беті).
Орда әтегі – Сарай қызметшісі, көбіне евнух (хан сарайының бас көмекшісі).
Торғын шыт – Жібек матаның қымбат түрі.
Мың жын көмір – Ежелгі қытай салмақ өлшемі (1 жинь ≈ 0,5 кг, яғни шамамен 500 кг көмір).
КӨКТЕМДЕГІ ЖЯНТАНХУ КӨЛІ
Жетім тау ғибадатхана теріскейі,
Самалдықтың батыс жақ кең деңгейі.
Шар айнадай кілкіген тыншу көлдің
Аспанында бұлт көші көлбеңдейді.
Ынтыққан бұлбұл құстар күн пейіліне,
Таласады бұтақтың күңгейіне.
Қарлығаштар сарпылтаң балшық тасып,
Жаңа қоныс тепті екен қандай үйге.
Жасыл майса қымтайды ат тұяғын,
Гүл бәйшешек алады көздің жауын.
Қанша көрсем, мейірім бір қанбайды —
Көл шығысы көк шынарлы омырауын.
Жянтанху (蒋山湖) – Нанкин қаласы маңындағы көне көл (қазіргі Сюаньу көлі), табиғи сұлулығымен әйгілі.
Самалдық -Жай соққан жылы жел, көктем самалы.
Күңгей – яғни күн түсетін бет.
Бәйшешек -ерте көктемде шығатын нәзік гүл.
ПИПА ЖЫРЫ
Дариясын Шуняңнан шықтым бетке ап,
Түн жамылып досымды ұзатып сап.
Тербеліп көздің майда самалымен,
Сіңісіп қамыс,
Сылдырлайды сары жапырақ.
Түстім аттан,
Тоқтадым жағаға кеп,
Досымды қайығына салдым демеп.
Көтердік рюмканы,
Әйтсе де оны
Әнсіз, күйсіз қалайша сіңі келмек.
Жадыратсын жанды қайдан құры шарап,
Көңілсіздеу жайда өтті қоштасу шақ.
Көсілген көз жеткісіз дарияның
Айдында қалқиды ай домалап.
Тосыннан су бетінен шықты сыңғыр,
Пипадан саулады күй — тайылжыған жыр.
Мен ұмыттым қайтуды күйге балқып,
Аңырайып қайықта досым да тұр.
Күй дауысы қай жақтан?
Түрдік құлақ,
Қандай жан шертті екен деп қойып сұрақ.
Сызылып кеп, күй сол сәт қалды тынып,
Шақыруға дәт шіркін қайдан бармақ.
Қайықты таяулатып келдік есіп,
Өтіндік айлауға бір дидар несіп.
Шам жағып,
Шарап құйып рюмкаға,
Түйілген астарқанды қайта шешіп.
Шақырдық әлсін-әлді ілтипатпен,
Бір ару міне заманда шықты әрең.
Бір қырынан далдалап етіп жасқай,
Ұстаған қолындағы пипасымен.
Құлағын күй сазының бұрап қалып,
Жібергенде ішегін қағып-қағып,
Күй әуені нашына ілінбестен,
Құйылды туп-тура сезім ағып.
Ішектен заулаған күй шымыратып,
Жайылып тұла бойға дене балқып.
Ағытып өмірінің ашты шерін,
Қасіреттің шер-шеменін кетті шалқып.
Әндетіп әлденені мұңды қабақ,
Лыпиды сүйрік саусақ таппай тағат.
Әлде қайғы алып қашып ой шылбырын,
Көңілдің не сан қилы мұңын шағып.
Кейде бәсең,
Шым етіп,
Кейде жеңіл,
Кейде арынды,
«Кемпірқосақ қауыс-тұн» бойды үйіріп,
«Алты нәзік» әуені құртады текпір-текпір.
Жуан ішек қопарып зілді мұңды,
Құйып кетсе шелектеп нөсер сынды.
Жіңішке ішек сызылар сезім шымшып,
Ақтарып жүректегі терең сырды.
Ауыр-жеңіл әуендер ұшарласып,
Бірде кілкіп,
Мамырлап,
Бірде тасып.
Жатқандай жарқ-жұрқ етіп інжу-маржан,
Алтын табақ бетінде тайталасып.
Кейде сайрап тұрғандай кейде бұлбұл,
Тамылжып ырғақтан алуан түрлі.
Кейде бастау суындай баяу аққан,
Кідіреді,
Кілкеді,
Шымыр-шымыр.
Кілкігенде, кідіріп, шымыр-шымыр,
Тына қалған шектен шығып діріл.
Бір сәтте кілт үзілген, тыншу басып,
Үн дамылдап,
Өшеді күйден шұңғыр.
Өшкен тыншу үйіріп ой тізгінін,
Ашып кілтін жасырын бір сезімнің.
Одан әрмен ой балқып, бой балбырап,
Дыбыстыны жеңеді дыбыссыз үн.
Кенет — шарт! — жарылғандай күміс шөлмек,
Ішінен фонтан атып, тасқын кернеп.
Дабылдап жауға шапқан атты қолдай,
Күшейіп күй тасқыны самғайды өрлеп.
Сүйрік саусақ сауар еріп,
Ұйытқи жөнеп,
Жібергенде қайырып, жебеп-жебеп.
Біткен ішек үйіліп бір ғана інге,
Қойлады ашты әуен күрт құлап кеп.
Оң мен сол,
Су бетінде тәмам қайық,
Іңжісіз күйге ғана құшақ жайып.
Тек дария айдынында шар айнадай,
Жалтырайды күздің айы сағым жайып.
Үнсіз ой түкпірінде сәл отырып,
Саз тегін ішекке қойды да іліп.
Үстін жөндеп,
Орнынан түрегелді,
Өңіне әлдеқандай кірбең кіріп.
– «Мен, – деді ол, – мекенжайым Астанадан,
Чаң-анның қыр жағында еді үй-баспанам.
Он үшімнен үйреніп пипа сазын,
Күйшілерден алдыма жан салмағам.
Бөленіп шыққанымда бүлдеменен,
Қалмаған ару мені күндемеген.
Құйқылжытар күйімді шерткенімде,
Қол қойып күй атасы да үндемеген.
Астана жігітінің мұрны қанап,
Жүгіріп шаршы орамал тартуын ап.
Торуын торқа үйіліп қала тұғын,
Күй біткенде алды-артымды қардай борап…»
Ырғаққа елти денем төңкеріліп,
Түсетін түйреуіш пен сырға үзіліп.
Ермегі үшін талайдың бірге ішісіп,
Омырауын күйлек үңкілді шарап жүзіп.
Күн көрмекке сол тірлік — күлкі сатып,
Жылдыртпалап жылдарды жылға ұзатып.
Күздің айы, көктемнің самалындай,
Қайран жастық кетті өтіп алдарқатып.
Іні ұсталды әскерге, әпке өлді,
Жыл тешегі сыпырды алқын өңді.
Құлазыды есік, сүйреді қожырап жұрт,
Жас жетіп, бір саудагер иемденді.
Көкейі көпсем дейтін тек пайданы,
Саудагерге тиын ғой адам жаны.
Алдыңғы айда Фылянға зытып берді,
Сылтауратып — сауда ғып шай сатқалы.
Содан бері өткелде күзетемін,
Құр қайық, құлазыған — күзеткенім.
Тұмшалайды қайықты айдын нұры,
Суық дария тепсітіп ызғар демін.
Түндердің өткен кезде небір бағы,
Кіреді түске өмірдің балғын шағы.
Оянам жылап, сүртемін,
Далап жаққан сорлы бе – айғыз-айғыз жас сорабы.
Онсыз да күй көңіліме құйғанда мұң,
Мынау сөз жүрегіме салды түтін.
Таныман деп қалайша жатырқасар,
Жәбірлі қос сорлысы бір тағдырдың.
– «Қош айтқам Астанаға мен де былтыр,
Қуалап орнымнан жаға-зәбір.
Шеңбектеп дымқыл дене, қамық көңіл,
Ғазиз бас міне бүгін Шуняңда жүр.
Сауығы жоқ, жаңа мойны жоқ Шуняң — шет жер,
Таппадым саз жыл бойы емге естер.
Көркешігім ел аулақ, ойпан сазда,
Төңірегін бамбук қымтап, қамыс бүркер.
Ертелі-кеш пақырдың естейтіні —
Шулаған құс,
Шыңғырған маймыл үні.
Көктем, жаз, күздің айлы түндерінде,
Тек шараппен тарқайды қамырығы.
Жоқ емес тау әні, ауыл сыбызғысы,
Қанбайды шұғыл ылғи құлақ құрышы.
Бүгін түн өз сазыңнан таптым ләззат,
Бейістің естілгендей күй тынысы.
Қаласаңыз,
Отырып сәл бақыт,
Беріңіз тағы да бір күйге тартып.
«Пипа жыры» атты бір толғау жазып,
Арнайын ой зарығын сізге сарқып».
Көңілім менің сөзім қатты дербеп,
Бір ауық қалды қатып, тып-тыныш түрегеп.
Қалт отырып, бұрады саз құлағын,
Заулады күй, заулатты үн — бебеулеп.
Селкеусіз, алдыңғы үндей емес ашық,
Қасіреттің құйды сел қып құлпын ашып.
Дүйім жұрт зарлы күймен бірге егіліп,
Ішітті жас, беттерін үнсіз басып.
Көзінен сонша жүктің жас бұлаған,
Ішінде кім десеңіз көп жылаған —
Жаңжудың көк көйлекті бикеші еді,
Омырауы сел жауғандай болды малман.
Пипа (琵琶) — Қытайдың ежелгі төрт ішекті шертпелі аспабы. Домбыраға ұқсайды, бірақ дөңгелек пішінді, иіліп тұрған мойны бар.
Ол көбіне әйел музыканттар орындайтын нәзік әрі әсерлі әуендермен танылған.
Айлау — өзен бойындағы қайық тоқтайтын орын (қытайша “泊处”).
«Кемпірқосақ қауыс-тұн» (七彩交融调) — көне қытай музыкалық пьесасы. Мазмұны — түстер мен әуендердің үйлесімі, көңілдің құбылмалы реңдерін сипаттайды.
«Алты нәзік» (六幺调) — әйгілі ежелгі күй, нәзік әрі күрделі ырғақтардан тұрады, көбінесе әйел орындаушылар сүйсіне тартқан.
Шуняң (Shuǐyáng, 水阳) — ежелгі қытай қаласы, қазіргі Янцзы өзенінің бойындағы Сучжоу (Сужоу) өңіріне жақын жер. Бо Цзюйи осы маңға жер аударылған.
Чаң-ан (长安) — ежелгі Қытайдың астанасы (қазіргі Сиань қаласы). Тан дәуірінде мәдениет пен өнердің орталығы болған.
Фылян (浮梁, Fuliang) — Қытайдың сол дәуірдегі белгілі сауда қаласы, Джянси аймағында орналасқан.
Бұл қала фарфор, шай және жібек саудасымен әйгілі болған.
Шуняң (水阳, Shuǐyáng) — Бо Цзюйи жер аударылған қала, Янцзы өзенінің бойында орналасқан.
Жаңжу (扬州, Yangzhou) — қытайдағы көне қала, Тан дәуірінде мәдениет пен сауда орталығы. Әйел осы қаладан шыққан, сондықтан оны “Жаңжудың көк көйлекті бикеші” деп атайды.
Малман (малма) — су болған, толық суланған деген мағынада. Бұл — бикештің көз жасынан көйлегі малшынып кеткенін бейнелейтін метафора.
Аударып, түсініктер жазған Қажет Андас,
“Q-andas” ақпараттық агенттігі.











