Q-Andas
No Result
View All Result
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Білім
    • Денсаулық
    • Спорт
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қасиетті жерлер
    • Қоршаған орта
    • Шалғай ауыл
    • Әдебиет
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тарих
    • Тұлғатану
    • Туризм
    • Мәдениет
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Андас Омарақын ізімен
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат
  • Qazaq
  • توتە جازۋ
Q-Andas
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Білім
    • Денсаулық
    • Спорт
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қасиетті жерлер
    • Қоршаған орта
    • Шалғай ауыл
    • Әдебиет
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тарих
    • Тұлғатану
    • Туризм
    • Мәдениет
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Андас Омарақын ізімен
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат
No Result
View All Result
Q-Andas
No Result
View All Result
Басты бет Өлкетану Әдебиет

Есенкелді

admin
2025/08/14
Әдебиет
0
Есенкелді

Есенкелді Құдайназарұлы (Есенгелді би Құдайназар баласы, 18 ғасырда өмір сүрген) – Жоңғар шапқыншылығы кезінде ғұмыр кешкен қазақтың белді билерінің бірі, Абылай ханның бас серігі болған атақты кісі. Әкесі Құдайназар батыр мен жалғыз әпкесі Гүлайым 1698 жылы қазақ-жоңғар арасында орын алған Қызылжар шайқасында 100 сарбазымен бірге ерлікпен қайтыс болады. Аруақтардың рухына арнап 2023 жылы Жетісу облысы әкімінің қолдауымен Қызылжар шайқасы болған Жетісу облысы, Ақсу ауданының Қапал шатқалына ескерткіш тақта орнатылды. Есенгелді бала шағында шешесі Тойын ананың тәрбиесінде нағашылары  Сарыүйсіндер арасында ағасы Жолымбет, інісі Солтанкелдімен бірге ержетеді. Кейін Матай Қайып бидің тәрбиесінде ел мен жер танып, үлгі-өнегесін алады.  Жоңғар шапқыншылары жойылған соң Найманның Матай тармағынан тарайтын Қызай руының биі болып, оларды атақонысына көшіріп, орналастыру жұмысын атқарады.

…Ақтабан шұбырынды, ақтабан шұбырынды,

Ақ туың жығылулы, ақ туың жығылулы.

Олақ қатын тоқыған алашадай,

Өрмегіңнің арқауы суырылды,

Ақтабан шұбырынды, ақтабан шұбырынды…

– Мұқағали Мақатаев.

 

Алғы сөз  орнына:

 

Інім Есқат Андасқа

 

Жебемей қайсарлыққа өмірімді,

Жаныма жайсыз ойлар неге ілінді.

Артымнан томпаңдатып ертіп қойған,

Тәңірге рахмет, сен, інімді.

Азғана тірлігімде  жиып-терген,

Жерге тастай қоймассың сенімімді.

 

Өмірге жоқ өзгеше өкпем менің,

Осы ғана болмас деймін жеткен жерім.

Өзіме сай, кесікті енші аламын,

Тегін кетпеу керек қой төккен терім.

Үмітін селге ағызып ата-ананың,

Әрине, жараспайды текке өлгенім.

 

Сырласып тағдырымның назыменен,

Жатырмын күз, қыс, көктем, жазыменен.

Құр үміт, бос қиялға ырық бермей,

Тырмысып келем, міне, әліде мен.

Қимаса, қимасын күн еркіндігін,

Ойымның еркелігін жазып өлем.

 

Жанарды торлап жанға  жат күйіктер,

Жатса да жайсыз хабар қақтырып жер.

Жабыққан жүрегіме жылу құйып,

Жамырайды көкейде жақсы үміттер.

Мен сеніммен өзіңе тапсырамын,

Болашаққа аманат, тапсырып бер.

 

КӨШ

 

«Қара таудың басынан көш келеді,

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді».

Еркіндігін енші еткен кең табиғат,

Ойлатпайды сірә да ештеңені.

Елітеді тамаша күйіменен,

Дүниенің осынау кесте жері.

Аңсарыңды жарады жусан иісі,

Басқаларды айтудың жоқ керегі.

Ақылдысы ауылдың арман қуып,

өкінеді ісіне кещелері.

Ақымағы ауылдың ағат басса,

Ақылгөйі, әрине, дес береді.

Қарапайым қалпымен қара қазақ,

Талай-талай тірлікті кешкен еді.

 

«Аулым көшіп барады белден асып,

Белден асқан бұлтпен араласып».

Қызығына тірліктің қызығады,

Жаңа өмірге ынтыққан бала ғашық.

Көкейде көптен жүрген пәк сезімді,

Осы орайда, жас жігіт алады ашып.

Қыз бала да  әрине, сыр бермейді,

Ұяңдықпен сезімін ала қашып.

 

Жанарында жалындап құлқы, ары,

Сылдыр қағып сөлкебай шолпылары.

Өзіне тән ибасы, ізеті бар,

Жоғалмаған бойынан бал тұмары.

Жас келіннің жанына жылу құйған,

Құрсағында бір өмір бұлқынады.

 

Өзен бойы,

Салқын тау,

Шатқал құздар,

Жанға жылу шашады, аспанға ызғар.

Гүл даланың керемет күйіменен,

Кеудеңізде тершиді қатқан мұздар.

Көтеріліп кей-кейде жіпсігендей,

Қиялыңды құндақтап жатқан сыздар.

 

Әр жүректе алаулап сезім оты,

Білінеді көзінен көңіл қошы.

Түсіндіріп отыру тұрмыс жайын,

Ақ самайлы әженің өз үлесі.

Ақсақалдар дәріптеп ел тарихын,

Бала жігіт ел таныр кезі де осы.

 

«Аулым көшіп барады Алмалыға,

Кім көнбейді тағдырдың салғанына».

Өз тарихын осылай жазған қазақ,

Өткен күннің қым-қуыт шаңдағында.

Мұндай теңдік, арлылық қайдан болсын,

Талғамыңды жалғайтын арманыңа.

 

…Бұл недеген, тәңір-ай, ғажап деші,

Қара түнге ауысар жаннат кеші.

Елітетін жағымды күйіменен,

Мазалайтын жаныңды азап та осы.

Тарихтың парағын шимайлаумен,

Келе жатыр тағы бір қазақ көші.

 

Бұл көш мүлде басқадан бөтенірек,

Ауыр ойлар әр баста кеселі көп.

Кәрі бура маңқиып жүк көтеріп,

Майысады кәрі бел, жетегі жоқ.

Сорасы ағып көздердің, көңілдерден,

Қарғыс, нала, қасірет кетеді үдеп.

 

Ұлар-шу боп үрген ит, аптыққан жан,

Жүректерден адыра шаттық қалған.

Қатын-қалаш, кемпір-шал, бала-шаға,

Құлазиды жас келін ақтық салған.

Төрт түліктің кетіпті берекесі,

Жайлы күннің шөліне қақтыққаннан.

 

Еркегі жоқ, о, тоба, қайда кеткен,

Әрбір бастан ақылмен айла кеткен.

Берекесі бірліктің көрінбейді,

Тіршіліктің көшіне байлам еткен.

Саумал желі даланың желпімейді,

Жанды елітіп жататын майда леппен.

 

Ғажап, ғажап тірліктің сиы деген,

Ақыл қашқан осы ма, шыныменен.

Әбігер боп жүргені әрбір адам,

Өзі тірі қалудың күйіменен.

Әй, адам-ай, адам-ай, амал нешік,

Басқа ауыр күн аунаса қиын екен.

 

Бір- біріне қуат жоқ қарасарға,

Азапты мұң анталап таласа да.

Жараласаң жарала тәнімді, тек,

Жалынына жүректің жара салма,

Жастық шағын армандап қариялар,

Тісін қайрап келеді бала-шаға.

Қалмады-ғой ес-ақыл ұялы елде,

Құлап жатты атаны қия жерде.

Босып кетіп барады бет-бетімен,

Пана болмай жанына туған өлке.

Жиып терген байлығы быт-шыт болып,

Қалып жатыр ана жер, мына жерде.

 

Әупілдеген қырсықтың күшігені,

Құрғыр азап бұл елдің түсіме еді.

Дарқандықты ту еткен адамдарға,

Тағдыр қалай қысымын түсіреді.

…Берекесін кетірген қайран елдің,

Кім дейсіз-ау?

Тосын тиген жоңғардың қысымы еді.

 

Ойрандалған отты ошақ ерте-кеші,

Мұнан бетер тауқымет барма деші.

Ақыл табар бастағы қиғылыққа,

Адамдардың абдырап қалмады есі.

Азаматы аттанып ел қорғауға,

Ауыл жосып баратқан жағдай осы.

 

Кәрі тарих тыныштықтан енші алмаған,

Алдамшы жоқ, адамды сенше алдаған.

Табанынан жаңылып тағылықпен,

Ағып шықты аярлық қанша арнадан.

Сыйлағың да келмейді-ау ғұмыр бойы,

Берекені, қаймағын жау шаймаған.

 

Жылы жүзге қалдырмай өң сүреңді,

Сенің қалың маңдайың тершімейді.

Бастан ұшып кеткенсоң баяны жоқ,

Бермей-ақ қой, байлықтан енші, мейлі.

Алауыздық салмасаң ар-намысқа,

Сенің жаның, әйтеуір, көншімейді.

 

Тынысы кең бұл әлем тең жетеді,

Барлығын да жер бесік тербетеді.

Қырқыстырып қойып-ақ адамдарды,

Қызық көріп тұрмасаң нең кетеді.

Бүгін шауып кетсең сен ұялы елді,

Ертең оның ұрпағы ер жетеді.

 

Астаң– кестең ойрандап асқақ арды,

Сенің жолың кекпенен қасқаланды.

Қос жанарға өштіктен қан ұялап,

Қатігез қып жібердің жас табанды.

Қара жердің қойнауын қанға бояп,

Ертең олар шаппайма басқаларды.

 

Болжай алар кезінде кім алысын,

Аспайды екен дәуірден қиял күшің.

Қазіргінің қарасақ көзіменен,

Қайнап қаның кетеді, жылап ішің.

Қазақ көрген мұңына, наласына,

Сен, сен, тарих, сен тарих  кінәлісің.

 

Қорлығы жоқ, ешкімге зорлығы да,

Кең пейілін сыйлайтын жолдығына.

Күншіл емес басқаның бақытына,

Қалай қидың қисынсыз жолды мына.

Қатігездік қылышын сен ұстаттың,

Сол қазақтың момақан,  арлы ұлына.

 

Орнамайтын жағымды қылыққа шық,

Қыздар күліп, жігіттер иықтасып.

Қаздай қалқып жүретін кең далада,

Кете алмайтын, әрине, қызық қашып.

Быт-шыт етіп сол дархан көңілдерді,

Берекесін кетірдің бұзып – шашып.

 

Малынатын қыршын жан нәр өңіне,

Сен қалдырған іздердің тәлімі ме?

Қазекеңнің көретін азап, мұңы,

Қалмаған ба, қарашы, әлі күнге.

Қасіретін көңілге ұялатып,

Ауыл жосып келеді тағы, міне.

 

Ауыл жосып барады аймағымен,

Белгі қалмай баяғы сайран күннен.

Нуға кіріп жоғалып кетіп жатыр,

Қозы-лақ, тай-тайынша, тайлағымен.

Аққа бояп барады жердің бетін,

Құрт, ірімшік, саумал, шұбат, қаймағымен.

 

Анталаған ауыр мұң зар ұшында,

Шыбын жанның күйімен алысуда.

Қорған болмай өлкенің тау, орманы,

Пана болмай қоғасы, қамысы да.

Көлбең қаққан қашқындық қасіреті,

Әрбір басқа мұң болып жабысуда.

 

Зар, кейістік торлаған талғар ойды,

Жаншып жатыр қасірет заңғар бойды.

Жабығудың күйімен үміт сөніп,

Жол ортада күйресін арман, мейлі.

Қасіреті ме, бұл көштің қасиеті ме?

Бір көк бөрі ілесіп қалмай қойды.

 

Шама да жоқ артына қарайлауға,

Мұндай шақта болмайды аялдау да.

Кемпір мен шал жабысып кәрі бозға,

Өксіп, шұбап келеді жаяу бала.

Бебеулетіп әз жанын толғақ қысып,

Әрең шыдап келеді аяулы ана.

 

Не шаппайды, көк бөрі, не қалмайды,

Жас анадан жанарын бір алмайды.

Толғақ қысып жас ана шырылдаса,

Бір орында тағат қып тұра алмайды.

Көшке мүлдем жалғасты ілесуге,

Толғақты ана шамасы келмей қалды.

 

Аулақ қалған адыра айла-шарғы,

Еркін елге бұл күнді қайдан салды.

Ел ағасы Қайып би,

Көпшілікке:

–Тоқта, қауым, тоқа! – деп айқай салды.

Бір жаңа өмір дүниеге келе жатыр,

Пейіліңмен, берекең қайда қалды.

 

Алдыңғы мен кейінгі ел бәрі тынсын,

Айылдары аттардың ағытылсын.

Аунаса да, әрине, басымыздан,

Бұл тірліктің тыныштық, тақыты шын.

Біздің  бұлай қан кешіп жүргеніміз,

Бізден соңғы ұрпақтың  бақыты үшін.

 

Осы көрген қасірет неге татыр,

Арынды арман азапты жеңеді ақыр.

Кегін алып атаның, жоғын жоқтар,

Неге дана болмасын, неге батыр.

Сыйыныңдар, тәңірге сыйыныңдар,

Жалынды өмір дүниеге келе жатыр.

 

Бұл өмірдің тартуы сорға баспа,

Иә, тәңірім жолдарын оңға баста.

Тоқта қауым, жүк түсір, от жағыңдар,

Мейлі тірлік бір сүркей жолға бақса.

Біздің өмір күл болып кетседағы,

Жас тірлікті бола ма қорғамасқа.

 

Торласа да, осынау шақта мұңдар,

Әлі алда ататын ақ таңың бар.

Қасиетін қазақтың сақтай алсаң,

Қайырымсыз қылықтан сақтаныңдар.

…Ақсақалдың айтқанын екі етпейтін,

Атам қазақ дегеннің салттары бар.

 

Сабылған көш бір сәтте тынып қалды,

Бойларына сабырын жиып бәрі.

Ауыр ойдың азабын арқалаған,

Көрінеді көңілдің сынықтары.

Жанарында жаулықтың жалыны ойнап,

Көре алмайсың қызықты қылықтарды.

 

Қара баста қасірет қара тұман,

Қара күннің зәрінен жаратылған.

Біреу жоқтап әкесін, бауырларын,

Айырылған біреулер анасынан.

Қайырылған қанаты қалың елдің,

Қайғысыз жан таппайсың арасынан.

 

Қайран қазақ, қайтейін азабы көп,

Қалды-ау нәзік жүректер жаралы боп.

Қарғыс, сіле, жоқтау-зар, көңіл айту,

Жатыр мына мүлгіген далада үдеп.

Кім ойлаған бұл күйді жаратушым,

Момын елдің басына салады деп.

 

Естілмейді даланың аяулы әні,

Әрбір баста ауыр ой, қаяу жаны.

Селге кеткен сенім мен сезігі де,

Ойран болып мезгілсіз арай бағы.

Әрең-әрең ес жиып сабылған ел,

Ес тоқтатып жан-жаққа қарайлады.

 

Ауыр қайғы көңілге жиысыпты,

Әр жанарда қайғының мұңы шықты.

Шалқар сезім алауы ойрандалып,

Шалқақ кеуде бүгіліп құрысыпты.

Асыр- тасыр тіршілік сап басылып,

Шырылдаған сәбидің үні шықты.

 

Аңсап жүрген мерейлі қызық күнді,

Жаңа тірлік жандарын қызықтырды.

Жаңа туған сәбидің қормалы ма?

Жал басында көк бөрі ұлып тұрды.

Сорлы шаққа кінә артқан қарияның,

Омырауын жас селі жуып тұрды.

 

– Уа, жаңа өмір, біз үшін сен болмасаң,

Жалыны өшкен сезімге ем болмас ән.

Айықпайды жүрекке байланған кек,

Айыққанша осы бір дерттер қашан.

Қалай бастау ендігі елдің басын,

Саған мансұқ демеймін, сендерге тән.

 

Жатыр, міне, мұң шегіп, жылап халық,

Бұл күнге де қайтеміз, кінә артпалық.

Мәңгі шаттық болу да мүмкін емес,

Тұрған кезде бақытың сынапша ағып.

Қандай адам боласың, өз несібің,

Иншалла, қазақ қанын жоғалтпадық.

 

Қара тұман қаптасын қара аспанды,

Қыссадағы  қасірет зар, ақпанды.

Мәңгі арманнан нәр алу борышың бар,

Тәнің сенің аршамен аласталды.

Біздің тарих желісін үзбеу үшін,

Сендей ұрпақ  болмаса жараспайды.

 

Жылу етпе жаныңа жат қылаңын,

Тұрмаса да нұр шашып бақ  шуағың.

Бұл күндердің азабын місе етпеймін,

Келешекті ойлаумен аптығамын.

Қазақ елін биікке шығаратын,

Ұлы міндет сендерге тапсырамын.

 

Ақылы осы адамның есті ұлының,

Қате болса ойларым кеш, құлыным.

Жиып-терген байлығың болмаса да,

Тек бойыңнан кетпесін тектілігің.

Осы менің сендерден тілейтінім, –

Деп Қайып би кіндігін кесті ұлының.

ХАБАРШЫ

 

Қиын екен адамды сор арбауы,

Ойран болды талайдың көп арманы.

Қазақ деген ырысты халық еді,

Дархандықтың шекпені оранғаны.

Аңғал-саңғал жабусыз сол мінезін,

Құрып қалғыр жоңғарлар көре алмады.

 

Көре алмады, ата жау, шара бар ма?

Жараспайды ол кезді қаралауға.

Өштік қалды сананы мазалаған,

Қайғы қалды қыстығып саналарда.

Дейтұрғанмен жаңаша бір қуаныш,

Күле кірді есіктен жаңа отауға.

 

Жылы сезім ұялап уысына,

Кезіккендей жас ана ұлы сынға.

Отырғанда бөленіп шат көңілге,

Құшағында жас сәби, көзі шыңда.

Арғы ауылдан аттандап біреу шапты,

– Жалғыз адам келеді қалт-құлт етіп,

Көрінбейді тұлғасы көз ұшында.

 

Жалғыз адам келеді көз ұшында,

Жау ма, дос па білмедік өзі сірә,

Болмайтұғын болды ғой тағы пана,

Жаңа өмірге қызыққан қонысы да.

Көшерме екен және де жүк көтеріп,

Жасар ма екен даиындық тұрысуға.

 

Тарыққан жұрт Қайып бидің алдына келді.

– Шешімін айт, би ата, кесім шығар,

Бекіміңді, ойыңды ұсыншы дәл.

– Соғысуға жасаңдар  даярлықты,

Әл қалмады көлікте қысым қылар.

Ойран болып жауыңның қолында өл,

Иә, болмаса дұшпанның есін шығар.

 

Еркін тірлік ер халыққ сүйенетін,

Кім қалайды құлдықтың күйелешін.

Қас батырлық қаныңды қыздыра түс,

Жүректерге қас жігер үйелесін.

Түгел мына тірі жан қару алсын,

Иә тірі қаласың? Иә өлесің!

Шапқын кетті аралап ауыл, үйді,

Оттар қалды орнында жағылулы.

Қатын-қалаш, кемпір-шал, бала-шаға,

Құрал іздеп, қол жиып сабылулы.

Ақ жайнамаз алдырып алқалы топ,

Қуат тілеп тәңірден басын иді.

Бісіміллә хи рахман рақим.

Әлхамдулалаһи раббил аламин, әр рахыман рахим, малики яумидын яканнағбуду уа якан настағин, ыһдина сиратал, мұстаһим а сиратал лазина әнғамта ғалайкүм ғаирул мағду би алаиһим уолазалин. Амин.

Қул қуалла қуағады, аллаһу сәмаді, ләмялуді, уолам юлады, үлам якүн ла һукұфданн аһаді..

Жанын желпіп арманмен шуақты үміт,

Сан түрлі ой бастарда тұр аптығып.

Шарасыздық төзімін өртесе де,

Көпке деген сенімін қуат қылып.

Алла атына ақтілек арнап жатты,

Ақсақалдар, аналар жылап тұрып.

 

– Жаппар ием, білеміз қанатың кең,

Бізді өзің адам ғып жаратып ең.

Неге осынша қат-қабат мұң сыйладың,

Бастау алған жалыны қара түннен.

Тірлік мұнша салатын ауырлығын,

Қалтылдаған құлдықтың баласымем.

 

Қалың қайғы өртеді-ау жүрегімді,

Бұл қырсық ой қалайша күле кірді.

Қам-қайғысыз өткізу болмады ғой,

Құрып қалғыр қыстыққан қу өмірді.

Қарға-құзғын шұқылап кәрі тәнді,

Мұжыр ма екен ит пен құс сүйегімді.

 

Дарқандықпен жайылған керегесі,

Тыныштықтың қайда екен берекесі.

Кереғарлық неліктен қарсы алады,

Қырсығы жоқ  жандарды кенет осы.

Елге тірек болатын батырлардың,

Қалды  екен қай далада өлексесі.

 

Көремісің  көздегі жас-селімді,

Жақсы көндер жаныма жат көрінді.

Осы жаңа тірлікті қанатыңа ал,

Қорғамасаң, қорғама басқа өмірді.

Соларға тән сорлаған бұл даланың,

Бізден соңғы биігі, тақ, сенімі.

 

Салмақ салып ауыр күн нарау жұртқа,

Малынса да бейсебеп жанар шыққа.

Мәнін толық түсінбей әрбір істің,

Жараспайды жол беру сараңдыққа.

Келе жатқан мына бір хабаршының,

Жақсылық па, жолдары жамандық па?

 

Қарсы алатын әрдайым қырлар асса,

Көңіл шығы бір сәтке құрғамас па?

Не көрмеген кәрі тән мына өмірде,

Оныдағы көрерміз сорға басса.

Берекесін қашырмай бейбіт елдің,

Иә, тәңірім бәрін де оңға баста.

Сәлауын хаула амра раһыимин!

Үмтазыл яуал мұжримын.

Би рахматика иә рахам рахимин. Аллаһу Акпар.

 

Барлық жан әрекет жоқ, тынып қалған,

Кек, ыза анталайды қиықтардан.

Тымық жер, тымық аспан, тымық дала,

Қалыпты тынып тірлік, тынып бар маң.

Қайып би қос тізесін әрең жайды,

Жүгініп отырғаннан ұйып қалған

 

Күйіне қалың елдің қара мына,

Жиыпты бар ерлікті жанарына.

–“Берік бол”, – дейтін тілек үнсіз ғана,

Жүектерден жүрекке таралуда.

Бірлігін сабылған ел енді тапты,

Жер ұйық Жетісудың аралында.

 

Алауыз, ақымақтық ескіріпті,

Тастапты бей-берекет көп қылықты.

Бірлік – дейтін бір күштің жетегінде,

Қалың ел енді міне ес жиыпты.

Алып қашпа армандар адыра қап,

Бір үміт жетелейді көпшілікті.

 

Әр баста алуан қиял жүзіп ерен,

Табысқан ынтымақтың көзіменен.

Салқынын балғын жанға ұялатса,

Қиын-ақ қу тірліктің сызы деген.

Қатарға қосылыпты қару алып,

Кемпір-шал,бала-шаға, қызыменен.

 

Ойнаған ойда жалын, жүз алауы,

Жастықтың көрінбейді мұз алаңы.

Хабаршы ел шетіне ілініпті,

Бұл кезде кім тағат қып тұра алады.

Иә, тәңір жақсылық па, жамандық па?

Әрине, келе жатқан өз адамы.

 

Болса екен деп бағы үстем, жолы силы,

Жақсы үміт, тілек, шаттық қоңырсиды.

Қасіреті ме жаралы қауымымның,

Қасиеті ме даламның тобылғылы.

Қайып бидің алдына келді дағы,

Хабаршы тізе бүгіп, қолын сүйді.

 

– Сүйінші, ақылгөйім, дана халқым,

Қөтерген қасиетін қара нардың.

Батырларың жеңіспен келе жатыр,

Аузын жұлып шиқанды жаралардың.

Бұл жолы бар адамға ерлік бітті,

Тілеуі  балалар мен аналардың.

 

Кескілескен майданда қарасатты,

Қорлатпадық  дұшпанға “Алаш” атты.

Қайдан біткен күш-қуат кім біледі,

Жабы жылқың майданда аласатты.

Бірі-онға, оны-жүзге төтеп берді,

Бұл не деген батыр ел парасатты.

 

Ойран болып дұшпаның ойға қалды,

Жеңіліп, жетімсіреп сорлап ары.

Қорғап қалды қауымың,  қасиетін,

Қорғап қалды қадірлі кең далаңды.

Тон ішінде тығылып жүрген ұлың,

Жоңғарлардың сұлуын олжалады.

 

Өркенді өмір қарсы алар өсер елді,

Аулақ  кетті бұл шақтың  кеселдері.

Жүректерін жібітіп шалқар сезім,

Ұрпағыңның  бұл күнде десі өрлеулі.

Туларыңныңң қиылмай шашақтары,

Кеткендер бәрі аман-есен келді.

 

Ащы күннің өтінде жабыққан көп,

Сығалады үн-түнсіз жабықтан кеп.

Қуанды ма, болмаса көңілі бос па?

Жылап кетті қаря, тарыққан көп.

Өз айтарын Қайып би жайып салды,

Хабаршыға қаратып айытқан боп:

 

– Рахмет, ұрпағым, өрелі естім,

Отыр едім өтінде көп елестің.

Астыңа тай қарағғым, қауымыңа,

Тигізбесін салқынын күйелеш күн.

Сендердің де үлесіңң үстем,

Бірақ,

Қасиеттің бастауы сен емессің.

 

Жанарыма несіне мүң ілемін,

Жайна, жайна, жадыра күн-іреңім.

Қартайғанда керіліп көретұғын,

Осы болды қызығым тірі менің.

Көк бөрісі артынан қалмай жүрген,

Жас сәбиден бір сырды түйіп едім.

 

Жерге тастап кетпессің тілегімді,

Ең алдымен ер жетіп, біл еліңді.

Құшағына қуаныш қалың елдің,

Сен өмірге келгенде, күле кірді.

Сен, ақылды болмауға құқығың жоқ,

Бір түрлі әуен тербеп тұр жүрегімді.

 

Өркенді өмір қарсы алар өсер елді,

Орта жолда ойран боп кеселдері.

Әлі сенің жабыққан қауымыңның,

Әлі сенің атыңмен десі өрлейді.

Қайып би: азан айтып айқайлады,

Сенің атың:

Есенгелді, Есенгелді, Есенгелді.

 

МҰЗБАЛАҚ

 

Жанды елітіп даланың майда желі,

Жатыр шалқып қазақтың аймақ елі.

Қазақ жері осындай дарқандықтың,

Оты сөнбес өмірлік майданы еді.

Бұл жайсаңдық соғыстың тынған сәті,

Бейбіт күннің берекелі жағдайы еді.

 

Құлаған соң жеңіліп жауы жардан,

Сабылыстың адыра шағы қалған.

Түзу тарап түтіні кеңістікке,

Тыныштығын өмірдің тауып алған.

Бұл не деген керемет халық еді,

Жан-жағынан жақсылық жамыраған.

 

Қой қозылап, өрісте құлын шауып,

Ауыл үйді басады қою шаңыт.

Ұлар-шу боп ойын қуған балаларға,

Қариялар қояды тыйым салып.

Қиналысын ұмытып өткендегі,

Қуанышқа малынған дүйым халық.

 

Бақ орнаған налаға, сорға – несіп,

Кеше күнгі балауса ойлар өсіп.

Батырлары жасаған ерліктерді,

Ақындары жатқаны жырға қосып.

Мұңыменен шаттығын содан тауып,

Барлық қауым тыңдайды үймелесіп.

 

Жыраулардың әуенді тасып әні,

Батырлықтың бағамын асырады.

Сиқыр сезім деген де қиын екен,

Жоқ-ау мұның, әрине, жасырары.

Қариялар соғыстан мезі болып,

Жас жігіттер соғысқа асығады.

 

Сезілмейді батқан күн, атқан таңы,

Жанын желпіп жас үміт, жақсы арманы.

Арман қуып ауылдың балалары,

Жабағысын жабыуап жатқандары.

“Ойын” деуге мұнысын келіспейді,

Ел намысын, тарихын сақтау қамы.

 

Кім тілейді аунауын басқа мұңды,

Кім киғысы келеді жас талыңды.

Сәтті сапар тілеймін жолдарына,

Жақсы үмітпен сапары басталынды.

Бір сәтте мұнар басып кетуі оңай,

Қыран ұшып өте алмас асқарыңды.

 

Жүрегі ақ болғанмен мақта қардай,

Кім білсін сын тағады атқа қандай.

Білегіне сүйеніп жүргендер бар,

Өз басының намысын сақтай алмай.

Жақсы азамат болмайды кім көрінген,

Көпшіл ұғым көкейде бастау алмай.

 

Қанша қадір тапқанмен дес өткелі,

Жақсы-ау бастан әр түрлі іс өткені.

Бірақ, бірақ осы бір жас буынға,

Тұнып жатқан түйінін өзектегі.

Өткендердің мұратын түсіндіру–

“Борышым” – деп Қайып би есептеді.

 

Еске салып өткен ер, өткен күнді,

Жалыны мол жүректі септендірді.

Жақсы жандар жетелеп жас арманды,

Тұщы күндер әрине кектендірді.

Бидің айтқан бітімі өмір бойы,

Есенкелді ойынан кетпей жүрді.

 

– Балам өткен тарихыңды білесің бе?

Бабаң кеткен тапсырып жүр есімде.

Бастан кешкен тірліктен жиып-теріп,

Тасқа жазған тарихын, үлесін де.

Қазақ деген кеңпейіл халықпыз біз,

Болсын сенің, алдымен, бұл есіңде.

 

Қолға қонбас белгісіз несіп келіп,

Өткен күнге түсінбей өшікпелік.

Тыныс еткен тірліктің дәм-тұзына,

Қара жердей қадірлі бесікті еміп.

Қаласы бар, ғылымы, ғалымы бар,

Халық едік, жүрмеген көшіп-қонып.

 

Ел арасы таза еді қырқыстан да,

Өз заңы бар жағасын жыртысқанға.

Есірігі сол кездің ақылды еді,

Білімді боп жүргеннен бұл тұстарда.

Берекенің қаймағы бұзылмайтын,

Сауран, Созақ, Ташкент пенТүркістанда.

 

Тірлік ету, жоқ мүлде қысылысып,

Қиялдың да жататын қысымы ұшып.

Осы  ортадан білім ап қайта–тұғын,

Көңіліне көп сәәуле түсірісіп.

Түсі, тілі, ұғымы бөлек жандар,

Түркі тілі арқылы түсінісіп.

 

Шалқып, тасып жатқан соң ойы, асы,

Белгілі ғой ашылмай ой қалмасы.

Сөрелерде тізіліп тұқратұғын,

Бабалардың байырғы қолжазбасы.

Дос сүйініп жататын, шындығында,

Қызғанысып қалатын сорлап қасы.

 

Жүздерінен көрініп нұр, жылуы,

Сол кездердің құлақта тұр дүбірі.

Ойла балам, әрине, өз кезінде,

Жаудың сағы ақылмен сындырылды.

Міне, сондай өркенді ел болмаса,

Мүмкін бе еді біздей ұрпақ тудыруы.

 

Сол күндерге қалайша сең жүрген-ді,

Іздеп қазір таппайсың елді, іргеңді,

Осы елдің келешек бақыты үшін,

Сен білуге тиіссің, мен білгенді.

Мен де сенше бір кезде сенбегенмін,

Бірақ, өмір шындығы сендіргенді.

 

Тұрмаған соң басылып көзге мүлдем,

Өмір шіркін өтеді өзгерумен.

Мен, мынаны түсіндім көре жүріп,

Қатпар-қатпар тарихтың кездерінен.

Қасіретке оранды қазақ жері,

Соғыс құмар жоңғардың өз қолымен.

 

Жат жандарда болмады жанашу да,

Қанға бөкті қала да, даласы да.

Небір дана абыздар өлім құшты,

Үркін- қорқын, қашқынның арасында.

Оңайлықпен орнына келмейт тұын,

Ойрандады ғылымды аласұра.

 

Шаңға бөлеп арайлы аппақ таңды,

Кең далада қасірет қаптап қалды.

Бейбіт жатқан ғылымның кеніштерін,

Басын кесіп даңғойлар жақсы аттанды.

Бар байлықтан айрылған қайран халқың,

Қанын ғана әйтеуір сақтап қалды.

 

Жақсы жанды жамандық ойламаған,

Қалай ғана өлімге қияды адам.

– Патшасы, батыры жоқ па?– еді деп,

Шақша баста шадыр ой тұр-ау балам.

Халық едік ол кезде, білекке емес,

Батырлығы басына ұялаған.

 

Осы күндер қайғыға қақтауымен,

Түсіндіріп барлығын жатқанымен.

Отанссйгіш ұландар көп туылған,

Таланты таласқан асқарыңмен.

Соның бірі, елім деп еңіреп өткен,

Батыр бабаң Күшлікті айтқаным жөн.

 

Қалай өтті білмеймін бала күні,

Жақсылыққа болмапты алалығы.

Хан Шыңғыспен тұрғанда белдесе алмай,

Дүниенің сол кезгі бар алыбы.

Жиырма бір жыл соғысқан табан тіреп,

Күшлік атты найманның қара ұлы.

 

Болса дағы бойында көп арманы,

Оның айтқан ақылын көп алмады.

Арттан ерген азырақ тілеулесі,

Шыңғыс ханға тосқауыл бола алмады.

Ал Шыңғыстың ең ауыр өкініші,

Күшлік ханның жігерін жеңе алмады.

 

Қарт тарих өткенді аз алалайды,

Оны ақыл иесі бағалайды.

Жеңілді деп біреуді жерге көміп,

Жеңушіні ұлыға баламайды.

Өзім деген адамдар өмір бойы,

Өзінен артқан жанды  қаламайды.

 

Табан тірер тірліктің сенегіне,

Тұғыры жоқ күндердің керегі не?

Өкініш пе, жоқ әлде қуаныш па,

Ой жатады көңілдің тереңінде.

Жақындарын шақырып ұлы қаһан,

Қалдырыпты өсиет өлерінде:

 

– Қайран күндер қызығы тарқамаған,

Қадіріңді білмейді-ау аңсар адам.

Менің жеке басымның мұратынан,

Бас көтерді халықтар қаншалаған.

Құр сүлдері қуатсыз жатыр дене,

Қаһарынан сескенген қаншама адам.

 

Жауым менің көп болды досымнан да,

Жүрегіме “Жаулық қан” қосылған ба?

Жауыздықты өмірдің өзі үйретті,

Оныменен өйтпесе қошым қанша.

“Өзім билік айтуым дұрыс”– дедім,

Біреулерге телміріп отырғанша.

 

Орындалды сан түрлі мақсаттарым,

Сендерге айтып келмейді жақсы аттанғым.

Өркеуденің талайын бас идірдім,

Өз кеудемді ешкімге таптатпадым.

Бірақ Күшлік өмірі бас имеді,

Соған ғана шаппады тас қақпаным.

 

Әй, Күшлік-ай, Күшлік-ай қасым деп ем,

Батыр болдың туылып жат іргеден.

Мәңгі өкініш арқалап кетер болдым,

Сыйлай алмай атау кере асыңменен.

Мүмкін емес  екен-ау, мүмкін емес,

Бұйрығынан тәңірдің асу деген.

 

Қайран ғұмыр не деген қырағы еді,

Жатыр өлім денемді улап енді.

Балалары батыр боп, қарты дана,

Малға толып майысып қия белі.

Қанша жауым өссе де өркен жайып,

Күшлік тірі қалмаса болар еді.

 

ҚҚиын екен жаныңда күйік кетсе,

Қолдау беріп қадірі биік Көкше.

Кекпен туып кейінгі ұрпақтары,

Мұның осы мұраты сіңіп кетсе.

Тілгілейді-ау ордамның туырлығын,

Жасанып кеп бір күні тиіп кетсе.

 

Сырын ұғып тарихтың өрмектелген,

Басын қосып қауымы бөлшектелген.

Бас сүйегіме ішпесін шарап құйып,

Жүрегімді сол жандар өртеп келген.

Жасырыңдар құпия, шығады ойран,

Қабірімді басқаға көрсеткеннен.

 

Қайғы күнде торламас сезіміңді,

Батыр етер қасірет ез ұлыңды.

…Тағы айтары көп еді әлі құрып,

Шыңғыс қаған осылай көзін ілді.

 

Балам, туған далаңның тарихы көп,

Жігеріңді осылай жаниды кеп.

Әр дәуірдің өзіндік сипаты бар,

Жатпаса да дархандық әр үйде удеп.

Құр желікпен бәріне көз жүгіртпей,

Әр нәрсенің негізін білу керек.

 

Көрінеді жүзіңде өкпелі дем,

Іс бітпейді өткенге кектенумен.

Ақыл нәрін татиды үлгі етуге,

Қатігез боп Темучин өткенімен.

Күшліктің де мұқалмас мұраты бар,

Қолы жетпей жеңіске кеткенімен.

 

Ар-намысын парықтап істетпеген,

Беріледі қиялға піспектелген.

Иә, тәңірім қашанда аулақ қылсын,

Санасының нәрінен күш кеткеннен.

Екеунің де өзіндік рөлі бар,

Ыңғайына келтіріп істеткен жөн.

 

Құр елеске мәз болсаң күш арбайтын,

Ел алдына әрине түсе алмайсың.

Бірін қалап, біреуін шетке қақсаң,

Балам ақыл нәрінен жұтаңдайсың.

Шыңғыс хандай болуды армандамай,

Күшлік болып үлкен іс ете алмайсың.

 

Ой алмасаң олардың түйгенінше,

Күн кешпесең олардың күндерінше.

Жауыз көріп ақылын бағаламай,

Биік мұқрат жаныңа мұң көрінсе.

Кемтарлығың – жарасып жүре алмаса,

Ақылың мен мұратың бірге мүлде.

 

Қазір сенің еліңнің өрісі тар,

Басылмаған аумақтың керісі бар.

Әлі сенің алдыңда болашақтың,

Орындауға тиісті борышы бар.

Сондықтан да берілмей балалыққа,

Даналықтың ойламды өрісін ал.

 

Таққым менің келмейді жақсыға мін,

Өзіңе тән жек көру, жақтырарың.

Жатсам-тұрсам тілегім жаратқанға,

Мәңгі өшпесін деп келем бақ-шырағың.

Бұл шындықты қай қырмен қабылдауды,

Талғамыңның сынына тапсырамын.

 

Тұрмаса да үстем кеп мәңгі десі,

Бәрінен де қиыны ар күресі.

Таусылмайды өмірден тере берсең,

Бұл тірліктің әрине мәңгі үлесі.

Есенкелді дәріс алар үлгі болды,

Қарияның сан қилы әңгімесі.

 

­Өткендердің өрелі тербеп демі,

Ойларына орынсыз сең кетпеді.

Берекені бүлдірген адамдарға,

Жағымпаздық, жақындық көрсетпеді.

Әлсіздердің жүрегін ащы мұңның,

Азабымен қыжыртқы өртетпеді.

 

Ақыл тапты ауылы аптыққанда,

Жалын болып лаулады жат шықтарға.

Жігер берді көк бөрі – өз киесі,

Түрлі жолмен құрылған қастықтарда.

Обыл қызыл сиыры ой береді,

Ауыр ойдың зәріне бастыққанда.

 

Шарлап кетті атағы кең даланы,

Байлыққа, жоқтыққа да  тең қарады.

Малды, ауқатты адамды жақын санап,

Жұтаң тірлік адамды қорламады.

Түсінігін өзінің тірек етпей,

Пікірінен басқаның ой қарады.

 

Тата жүріп күндерді азап-ащы,

Дей алмаймын мұраттан жаза басты.

Ескерусіз ел-жұрты тастамады,

Көптің қамын жеп жүрген азаматты.

Құдайназар шаңырағын қайта тіктеп,

Басына үй, бауырына қазан асты.

 

КЕЛІН КЕЛДІ

Тойын шеше шаттықтан жарылардай,

Ары-бері шауып жүр жаны қалмай.

Көрінбейді алаулы күннің көзі,

Кеткен еді ұзарып таңы қалай.

Ұақ, ұзақ қарайлап шығыс жаққа,

Ой қуалап кетеді ары қарай.

 

Еске оралып бір кезгі аптыққан күн,

Мұң іздейді ішінен шаттықтардың.

Еске алады бір кезгі өкініш пен,

Ауыр-ауыр ойларға бастыққанын.

Мүмкін емес қуаныш, жұбанышты,

Екі қолға ұстауың тас қып бәрін.

 

“Ақтабан шұбырынды” қиын күндер,

Дұрыстап басқара алды күйін кімдер.

Кектенудің жүрекке нәрін сеуіп,

Қасіретке жанарды жуындырды ел.

Тозып кетті аттардың тұяғымен,

Ақтара алмас ешкімге сырын мұң жер.

 

Ел мен жұқртта сабыр мен ес қалмады,

Талайлардың оты мен өшті арманы.

Ту өлкеде шашылып сүйек-саяқ,

Адамы жоқ аңырап оттар қалды.

Зұлматы көп, ауырлау жылдар еді,

Қазақтың құты қашып, өшкен бағы.

 

Бала – әкеден айырылып, аға – ініден,

Жесір қалды әйелдер сәбиімен.

Күлкі үйрілген көзінен қуанышты,

Таба алмайсың қазақтың әр үйінен.

Кең далада қасірет үні қалды,

Бізге жеткен ананың әлдиімен.

 

Қан майданда батырдың күші уланды,

Кең далада жағылмай отың қалды.

Кім мүсіркеп өмірде ескереді,

Қырыстығы сорына қосылғанды.

Тойын шеше айырылып жұбайынан,

Әне, ол да, үш ұлымен жесір қалды.

 

Тартып талай күндердің қиындығын,

Бебеулетіп шер кеуде мұңын – жырын.

Ұлы тауды сағалап көп жыл жүрді,

Азып-тозған көөңілмен жырым-жырым.

Сол күндердің дәл қазір бірі де жоқ,

Қарсы алып тұр қуаныш жырын бүгін.

 

Ұзақ – ұзақ қарайды алыстарға,

Сағыныш бар кеудеде таныс маңға.

Көрінбейді шоғыры қуаныштың,

Құрып қалғыр қызық күн қарысқан ба?

Жаны жүдеп, жүрегі сан ауырды,

Өзекті өртер өкініш, намыстан да.

 

Бастан аунап бір кезгі қысым кетті,

Аулақ қуды болжаусыз қысыр кекті.

Тірі жанға тіршілік ортақ, бірақ,

Шешу қиын іштегі түйіншекті.

Тойын ана арманы орындалып,

Бүгін келін отауға түсірмекші.

 

Жылы күйге бөлейтін көңілдерді,

Жеткізетін биікке өмірлі елді.

Талғауы да,талғамы бар тірлікте,

Қарсы алмайды жақсы үміт көрінгенді.

Көктөбеден көп нөпір бері аунады,

– Келін келді, көрімдік, келін келді.

 

Келін келді, жаршысы жаңа өмірдің,

Келін келді, жас қауым жаңа құрбың.

Келін келді, тамаша болашақтыңң,

Анасы тұлымды қыз, кекілді ұлдың.

Ошағыңды енді ешкім таптап өтіп,

Сөндіре алмас ешқашан отыңды мұң.

 

Келін келді, жақсы ойға малынды көп,

Келе жатыр керіліп сәнін түзеп.

Ақтілекпен аналар шашу шашты,

Жас келінге өмірдің сәнін тілеп.

Тәңірге атап ошаққа май құйылды,

Жүрсе екен деп жақсы күн арын жебеп.

 

Келін келді, шаттанды құсалы адам,

Көрінбейді жайсыз ой қысы анадан.

Дұрыстықпен жиып-тер тірлік демін,

Тұрмыс дейтін осы бір нысанадан.

Ақжол тілеп жаңаша қадамына,

Ақбөз жайып аттатты босағадан.

Келін келді, қазақы мол мұрасын,

Бойға жиып, адалдық ар-қуатын.

Еске сақтап халықтың әдеп-сыйын,

Алдыда әлі талай жол қуасың.

Жас ақынның шығандап дауыстары,

Бетін ашты үкілеп домбырасын.

 

Келін келді көріңіз,

Көрімдігін беріңіз.

Ала-құла демеңіз,

Атын айтып беріңіз.

Айт келін-ау, айт келін,

Атыңның басын тарт келін.

Сауысқаннан сақ келін,

Жұмыртқадан ақ келін,

Келін келді дегенде,

Жұрт жиылар шашуға,

Дайындалып біз келдік,

Келіннің бетін ашуға.  Көпшілікке бір сәлем!

 

Қасиетін қазақтың мұра қылып,

Жүрсең келін, күн сайын туады үміт.

Қандай оймен сусындау өз талғамың,

Ақыл нәрі алдыңда тұр ағылып.

Ең алдымен адамдық арды біліп,

Таусылмайтын өмірдің шуағын ұқ.

 

Сыйлай білсең ата салт, жас арманын,

Торламайды ойыңды қашанда мұң.

Ақ самайлы ананың жолын қуып,

Тәлімінен өмірдің бас алмағын.

Тіршіліктің таңдаулы жолын үйрен,

Кеше жүіп тіршілік қысаңдарын.

 

Шаттығы бол өрелі, өркенді елдің,

Көркі бол әрине көргендердің.

Ізгі, дана, ақылды ұрпақты бол,

Сүйеніші болатын ел мен жердің.

Жеке бастың бақытын күйіттемей,

Қолда барды қашанда көппен бөлгін.

 

Көтеріліп көңілдің көп талғамы,

Кең далаға шашырап жатты арманы.

Жат пиғылдың салқынын көре алмайсың,

Көп көзінен осы бір шақтардағы.

Ақсарбас қой аталып, бата тілеп,

Айналада жалындап оттар жанды.

 

Иә, әмин, биссимилла,ағзу билла,

Елге қуат, жерге нәр тамызуда.

Неткен дана ақыл бұл, көп тілегін,

Бір тарының сиғызған қауызына.

Көп тілектің шашуы шашылатын,

Қайып бидің қарады ел ауызына:

 

– Қалың елім, бәрекелді, бәрекелді,

Бақытты өтсін, – деп тіле бұл  екеуі.

Азаматың осылай отау тігіп,

Асыл жанды өзіне жар етеді.

Өркенді боп өмірі шалқып, тасып,

Ұрпақтары ұлы боп әлі өседі.

 

Құбылаға қол жайып, бүгіліңдер,

Мынау дарқан халықтың бүгінін көр.

Осы аппақ пейілді бұзып, шашпай,

Берекенің нұры боп себіліңдер.

Иә, жаратқан бұл екі ұрпағыңа,

Ұлағатты бабаның өмірін бер.

 

Жауқазындай қырдағы жайқалыңдар,

Жауламасын жанарды қайғы-мұңдар.

Абдыраған жүректі орнықтырып,

Ақыл беріп қолына қайтарыңдар.

Есенкелді жаныма жақын келші,

Ел алдында өзіңе айтарым бар.

 

– Балам:

Жұртың бүгін шаттыққа шомылған күн,

Отау деген ортадан орын алдың.

Біздерге де өткендер табыс еткен,

Тізгініңді енді сен қолыңа алдың.

Ұрпағына аруақ та қорған болар,

Ата салтын аялап қорығанның.

 

Бүгінгі күн өзгеше өзге күннен,

Нұр ойнайды барлық ел көздерінен.

Жүрген кезде жоңғардың тепкісінде,

Бақытына осы елдің сен туып ең.

Тың үміттің ұшқынын сенен көріп,

Кіндігіңді кесіп ем өз қолыммен.

 

Ел басына соқпады қанша дауыл,

Із-дерексіз жоғалды қаншама ауыл.

Үркін-қорқын күндердің қасіреті,

Анық жағдай әрине баршаңа бұл.

Сынағы мол күндердің кінәсінен,

Алыс кеттің еліңнен қаншама жыл.

 

Ол кездерге  тағамын несіне мін,

Оны мүлде ойыңнан өшір елім.

Сол бір шақты келмейді кіналағым,

Берекесіз тірлікке өшігемін.

Сары үйсіннің елінен сені тауып,

Үйіріңе әкеліп қосып едім.

 

Ойларыңнан үміттің шаңын көрдім,

Мінезіңнен ерліктің сәнін көрдім.

Сөздеріңнен даналық әрін көрдім,

Көздеріңнен өшпейтін жалын көрдім.

Иә, солай өзіңе сенгендіктен,

Өзімде бар ақылдың бәрін бердім.

 

Көрсетпедің мінездің жат қылаңын,

Таға аласың қалайша жақсыға мін..

Өзіңді емес, ойлайсың көптің қамын,

Сенің осы ісіңді жақтырамын.

Бойдан қайрат, санадан ақыл тайды,

Енді саған көп міндет тапсырамын.

 

Жайын ойлар осынау текті ауылдың,

Саған берер сауға бар, тоқта ұлым.

Ер Қаптағай батырдан  бізге жеткен,

Мынау батыр бабаңның бес қаруын.

Аман-есен тапсырдым, өз қолыңа ал,

Бір ұшқынын бабалар оттарының.

 

Көл секілді толқыған халық деген,

Қараған жөн бәріне парықпенен.

Тастайсың ба еліңді қараңғыға,

Бастайсың ба жолы ашық жарықпенен.

Қызайлардың  көк туын оны да ал,

Қызай анаң қолымен әдіптеген.

 

Сан айқастың кешіріп сарпалдаңын,

Әлі есімде талайға жар салғаным.

Сонда көк ту қолымда желкен жайып,

Талай жаудың меселін қайтарғанмын.

Қиылмасын шашағы ешқашанда,

Аруақтар да көрмесін шайқалғанын.

 

Сан өткеріп тайталас, көшкін, шаңды,

Менің жүрек еттерім көп сыздады.

Енді саған тапсырам ерітуді,

Жанарларға байланған көп мұздарды.

Жорықтарда жаныңа жолдас болсын,

Байлап қойдым кермеге көк тұлпарды.

 

Өркендейді жақсы ойлар аңғары бар,

Ортақтасса адамның талғамы дәл.

“Көктей кең бол” дейттұын бабалардың,

Көп көңілмен табысқан арманы бар.

Қызай анаң жол салған ұлы көштің,

Көктен қуат іздеген жағдайы бар.

 

Мәңгі жансын жаныңда асыл оттар,

Бабалардың мұратын жасы жоқтар.

Біз бір өмір құрғатып кете алмаған,

Барлық көзде мұң, қайғы, қасірет бар.

Жат елдерге таптатпа бұл мұраны,

Бұған сіңген аруақтық қасиет бар.

 

Санада ой, жанда от таласуда,

Ойын емес бұл міндет расында.

Бір ұлттың намысы бұғып жатыр,

Осы жансыз заттардың арасында.

Есенкелді қарады ауыр оймен,

Сыңсып жатқан нулы өлке, дала, шыңға.

 

Қабылдайтын халықтың текті ұлдары,

Жақсы тілек айтылды тек сындарлы.

Құнын жоймас бабалар дәстүрі бұл,

Түсінетін адамға көптің қамы.

Қалың елге жас келін сәлем жасап,

Есенкелді бес қару, көк туды алды.

 

Қалай бастау еркіңде өсер елді,

Қорған болу міндеті көсем жерді.

Қалың қауым қарсы алып жас жұптарды,

Жақсы тілек, шаттықтың оты үрленді.

– Абылай, Абылай, Абылай,

– Есенгелді, Есенгелді, Есенгелді.

Қажет АНДАС

Q-Andas ақпарат

5 1 vote
Рейтинг статьи
Қаралым 124
Тарихтың түндігі – елімнің бірлігі
Әдебиет

Тарихтың түндігі – елімнің бірлігі

March 27, 2026
Өнер өзіңдікі емес, елдікі
Әдебиет

Өнер өзіңдікі емес, елдікі

March 26, 2026
Сүрінсеңде құлама
Әдебиет

Сүрінсеңде құлама

March 19, 2026
Өрт
Әдебиет

Өрт

March 13, 2026
Ымырт
Әдебиет

Ымырт

March 11, 2026
Жандардың ала күшігі
Әдебиет

Жандардың ала күшігі

March 5, 2026
Subscribe
Login
Notify of
guest
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
Мұқаншының Мұхиты

Мұқаншының Мұхиты

April 16, 2026

Біз үшін қастерлі есім

Біз үшін қастерлі есім

April 16, 2026

Шәкірт мақтанышына айналған

Шәкірт мақтанышына айналған

April 16, 2026

Жаркент уезі (1926 жылғы мәлімет бойынша)

Жаркент уезі (1926 жылғы мәлімет бойынша)

April 16, 2026

Елдіктің жолы

Елдіктің жолы

April 16, 2026

Ақпараттық агенттігі

Меншік иесі: “Жетісу” өлкетанушылар орталығы” қоғамдық бірлестігі
Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы “Болашақ” шағын ауданы, 12-27

Q-Andas желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2025 жылғы 19 наурызда тіркеліп, № KZ21VPY00115275 куәлігі берілген.

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

Тел: 8 747 706 1382
email: andas_kazhet@mail.ru

qandas.kz © 2025. Барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.

  • Qazaq
  • توتە جازۋ
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Білім
    • Денсаулық
    • Спорт
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қасиетті жерлер
    • Қоршаған орта
    • Шалғай ауыл
    • Әдебиет
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тарих
    • Тұлғатану
    • Туризм
    • Мәдениет
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Андас Омарақын ізімен
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат

© 2025 qandas.kz

wpDiscuz