Орналасқан жері: Жетісу облысы, Панфилов ауданы, Қоңырөлең ауылдық округіне қарасты Ынталы ауылының жанындағы қорымда.
Зерттелуі: өлкетанушы Роза Ыстай зерттеп жүр.
Сипаттамасы: Панфилов ауданы, Қоңырөлең ауылдық округіне қарасты Ынталы ауылы кеңес кезінде «Октябрь» қой кеңшарының №4 фермасы болатын. Кеңес үкіметінен бұрын бұл жер Аламан деп аталған екен. Жоңғар шапқыншылығынан кейін қаңлылардың ұрпақтары қоныстанған. ХІХ ғасырдың орта шенінде қаңлыларды Алтынемел жаққа, ал Қоңырбөріктерді Төңерек, қазіргі Басши жаққа көшіріп, Суанның екі баласы Есдәулет пен Байтілеуді осы жерлерге орналастырады. Байтілеудің Қойгелді, Жангелді, Едіге, Ебей, Күң, Мықтыбек деген ұлдары болады. Албан-Суанға, Жалайыр, Дулатқа шешендігімен, әділдігімен аты шығып, жалпақ жұртқа танымал болған Қожбанбет би Ебейұлы 1815 жылы осы жерде дүниеге келеді. Оның баласы Ебейден тарайды. Қожбанбет би атақты Тезек төренің бас биі болған. Тезек төреге сөйлесуге ешкімнің батылы жетпеген кездерде Қожбанбет би барып, бар мәселені өзі шешіп беріп отырған. Би қайтыс болған кезде Тезек төре»Қырық жыл жолдас болған Қожым еді, ас маған қалай батсын» деп қатты қайғырған екен. Қожбанбет би Тезек төреден Аламаннан Қоңырөлеңге дейінгі жерлерді сұрап алып Ақша, Жәдігер, Бөлек, Үмбетейді орналастырады.
АЛАМАНДАҒЫ АҚШАЛАР
Есдаулет пен Байтілеудің ұрпақтары осы жерлерде тұрақтап қалады. Бүгінде Ынталы ауылында 100-ге тарта отбасы тұрып жатыр. 90-шы жылдары елді жұмыссыздық белең алған кезде ауыл адамдары жан бағыс үшін жан- жаққа қоныс аударып кетті.
Осы бұрынғы Аламан, қазіргі Ынталы ауылының аяқ жағында үлкен зират бар.Осы зираттың бас жағында төрт күмбез іркес- тіркес бірге тұр да, тағы бір күмбез сәл алыста жеке тұр.Бәрі ескірген бұрынғы ата- бабаларымыздың күмбезі. Бұл екі мазарлардың ешқайсысында жазу жоқ.Болған да шығар, жылдар өткен сайын жазу да өшеді.Тек осы мазарлардың ішіндегі кішкене аласалау күмбез бар, соның ішінде төте жазумен жазылған жазу бар екен, оны арнайы адам шақыртып оқытпаса, ешкім оқи алмайды.Сонымен жеке тұрған төрт күмбез бен жеке тұрған күмбез кімдікі болды? «Сұрай-сұрай Меккеге де барасың» демекші, ауыл ақсақалдарынан сұрап жүріп, там- тұмдап болса да мәліметтер тапқандай болдық.
Ақша руының Бәйтілеудің баласы Базаргелдіден Өмірбек, Құлбек, Кәрі деген ұлдары болған екен.Өмірбек ел ішінде аты шыққан емші болыпты. Өзі қылтамақ деген аурумен ауырады.Ол өзінің жазылмайтынын біліп,ел- жұртын Дәуітпай деген төбеге жинайды. Содан қамшысын отырған жерге шаншып «мен егер анау- мынау болып жатсам, осы жерге жерлеңдер” дейді. Кесененің біреуі осы Өмірбек емшінікі болса, екінші кішкене күмбез он сегіз жасқа келіп қайтыс болған Құлан Телібайдың баласынікі. Бұл күмбезде ескі арабша жазу әлі бар.Оның қасындағы күмбез Базарбектің баласы Кәрінікі немесе Телібай байдың күмбезі болуы әбден мүмкін. Кәрі мен Телібай мыңғырған малы бар, елге сыйлы, бай адамдар болған екен. Нақты кімдікі екенін айтатын ешкім, тек болжам ғана болып тұр.
Байтілеудің баласы Мықтыбектің Кәріп, Орманбек деген екі баласы болған.Кәріптен Тойлыбек, Несіпбек атты екі ұлы бар. Ел ішінде төртінші күмбез осы Тойлыбектікі деп айтылады. Ал жекелеу тұрған күмбез кімдікі екен деп біраз адамдардан сұрауға тура келді.Байтілеудің Ебей деген баласының алдында Едіге деген ұлы болады. Осы Едігенің Қоңыр деген жетінші ұлынан Көкебай, Көкебайдан Темірбек, Нұрбек, Отыншы,Болсанбек, Қойшыбек, Сәрсенбек, Қалиса атты жеті баласы бар. Көкебай ауқатты, өз заманындағы бай адамдардың бірі болған екен. Ол бай ғана емес, көзі ашық, көкірегі ояу, сол кездегі адамдардың ішіндегі озық ойлы, елдің, жердің қамын жеген игі жақсылардың бірі болған. Баласы Нұрбекті Қазан қаласында оқытып, білім алғызады. Көп күмбезден бөлектеу тұрған Көкебай байдың күмбезі екенін оның тікелей ұрпағы, Жаркент қаласының тұрғыны Нұрбеков Әділхан бізге жеткізді.
Ресей патшалығы біздің жерімізді ғана иемденіп қалған жоқ, өздерінің тілдерін де, діндерін де сыналап кіргізді. Сондай- ақ, бүкіл елдің санағын да жүргізіп отырған. Сондай мұрағат құжаттардың бірі 1910 жылғы Суан елінің Бурақожыр болыстығына қарайтын ауқатты адамдардың тізімінде қыстайтын қыстаулардың атауы, басшыларының аты-жөні, ер-әйелдердің саны көрсетілген.
Біз әңгімелеп отырған Көкебай Қоңырдың қыстауы «Қату тауы, руы Бәйтілеу, шаруашылығы біреу, сегіз ер , төрт әйел адам» деп көрсетілген. Ал Көкебайдың баласы Нұрбектің қыстауы «Аламан, шаруашылығы біреу, төрт ер, үш әйел адам адам» деп жазады. Нұрбекте адам саны аздау, яғни жас отбасы болу керек. Әкесі Нұрбекке еншісін беріп, алдына мал салып берді ме, өзі пысық болып, байыды ма, ол жағы белгісіз. Қалай десек те, Көкебай мен Нұрбек ауқатты адамдар екені сөзсіз. Жоғарыда айтып өткеніміздей Нұрбек ескіше хат танитын, көзі ашық, білімді, бай болған. Кеңес үкіметі 1932 жылы оның дүние мүлкін тәркілеп, өзін ату жазасына кескен. Нұрбектің ұрпақтары үркіншілік заманда Қытай жеріне барып, бас сауғалап, аман қалған. Бүгінде Көкебайдың балалары Нұрбек, Мұқадан тараған ұрпақтар Жаркент өңірінде тұрып жатыр. Жақында Көкебайдың ұрпақтары бабаларының жерленгенн жеріне ескерткіш белгі орнатты.
Роза ЫСТАЙ,
журналист,
Панфилов ауданы.
Q-Andas ақпарат












ия