Қытайдың Таң (Таң) әулеті дәуірі – әлем әдебиетінің ең биік кезеңдерінің бірі. Сол дәуірдің рухани шыңына көтерілген ұлы тұлға – Ли Бай (李白). Ол өз заманының поэзиясына еркіндік, философиялық тереңдік және сұлулықтың жаңа тынысын алып келді.
Ли Бай 701 жылы қазіргі Қырғызстан аумағындағы Сүйе-е (碎叶) қаласында дүниеге келген. Бұл аймақ сол кезде Қытай империясының батыс шекаралық өңірі болған. Кейін отбасы Сычуань өлкесіне қоныс аударып, ақынның балалық шағы Миңшань тауының баурайында өтеді. Жастайынан зерек болған Ли Бай көне қытай әдебиеті мен тарихын терең үйреніп, даос іліміне ден қояды. Даостық дүниетаным – табиғатпен үндес өмір сүру, еркіндік пен рух биіктігі идеясы – ақынның өмірлік философиясына айналды.
Ли Бай жастайынан-ақ өлең жазуға құштар болды. Оның алғашқы өлеңдерінде табиғат сұлулығы, адам рухының еркіндігі мен достық жырланды. Ол өзін “еркін ақын” санады, сондықтан билікке тәуелді болудан, мансап қуудан аулақ жүрді. Алайда оның таланты ел ішінде кең танылып, даңқы сарайға дейін жетеді.
742 жылы Таң императоры Сюань-цзун (玄宗) ақынды сарайға шақырып, арнайы қызметке тағайындайды. Сарайда жүріп ол атақты Ян Гүйфэй сұлудың сұлулығын, сарай сәнін, император өмірінің көріністерін жырлады. Бірақ билік пен бақ таласы, қызғаныш пен мансапшылдық еркін ойлы ақынды қажытты. Бірнеше жылдан соң ол сарайдан кетіп, ел аралап, табиғатпен сырлас еркін өмірге қайта оралды.
Сарайдан кеткеннен кейін Ли Бай өмірінің көп бөлігін саяхаттаумен өткізді. Ол Янцзы өзенін бойлап, Тунтин көлін, Лу тауын, Қытайдың табиғаты мен тарихқа толы өлкелерін аралап, көргенін өлеңге айналдырды. Осы сапарларында ол замандастары – ұлы ақын Ду Фу (杜甫) мен Гао Ши (高适) сияқты достарымен шығармашылық байланыста болды.
755 жылы басталған Ань Лушань көтерілісі (көшпелілер көтерілісі-автор) кезінде Ли Бай саяси айыпқа ілігіп, тұтқынға алынады. Кейін император рақымшылығымен босатылады, бірақ бұл оқиға оның өмірін түбегейлі өзгертеді. Ол қайтадан ел кезіп, табиғат құшағында өлең жазып, өмірінің соңғы жылдарын туған өлкесінде өткізеді.
Ли Бай 762 жылы 61 жасында қайтыс болды. Аңыз бойынша, ол айдың судағы бейнесіне сүйсініп қарап отырып, айға қол созып өзенге құлаған, солайша мәңгілікке “аймен бірге кеткен” деседі. Бұл бейне – оның поэзиясындағы мәңгілік символға айналды.
Ли Байдан 1000-нан астам өлең қалған, оның шамамен 900-ге жуығы бүгінге жеткен. Негізгі тақырыптары: табиғат сұлулығы мен еркіндік; достық пен туған жерге сағыныш; махаббат пен шарап мәдениеті; өмір мен өлім философиясы. Ақын поэзиясында жиі кездесетін бейнелер – ай, шарап, жел, өзен, тау, бұлт. Ол поэзияны еркін рухтың және сұлулықтың көрінісіне айналдырды.
Ли Бай замандастарының арасында “Аспан ақыны (诗仙)” атанды. Оның замандасы Ду Фу “Ақын әулие (诗圣)” атанған. Екеуі бірге Қытай поэзиясының алтын дәуірінің қос биігі саналады.
Ли Байдың шығармалары қазақ тіліне бірнеше рет аударылған. Танымал өлеңдері – «Байдичыңнан аттану», «Жиңмын тауынан өткенде», «Ай астындағы жалғыздық», «Достармен қоштасу». Оның табиғат пен еркіндікке үндеген поэзиясы қазақ ақындарының дүниетанымымен үндеседі.
Ли Бай – адамзат рухының еркіндігін, табиғаттың тылсым үйлесімін және өмірдің поэтикалық мәнін жырлаған ұлы тұлға. Ол тек қытай поэзиясының емес, бүкіл әлем әдебиетінің алтын қазынасына айналды.
Ли Байдың өлеңдері
Байдичыңнан аттану
Бұлт құшқан зеңгір Байдичың – сәріде қош деп аттандым,
Мың шақырым Жанлиңді жалғыз күнде-ақ жатқардым.
Бөктеріп сан тауды артына, келеді лыпып жел қайық,
Шулайды мешін маймылы екі жақ көл шаттардың.
Жиңмын тауынан өткенде
Көктем өтіп, қиырда Жиңмын тауын,
Чу өлкесін кең байтақ араладым.
Арыса кеп, жазық пен тау таусылып,
Жүзді төсін дария – кең даланың.
Шарайнадай ай қалқып су бетінде,
Сызады бұлт суретін тас қаланың.
Серік болып ұзатқан ұзын жолда,
Сүйем, дариям, үстіңде менің жаным.
*Жиңмын – 唐 дәуіріндегі (Таң) тау атауы, қазір Қытайдың Сычуань өлкесінде.
*Чу өлкесі – ежелгі оңтүстік Қытай аймағы, байтақ табиғатымен әйгілі.
«Лушан сарқырамасы»
Шамдал құзы жамылып қызғылт түтін,
Керген ақ бұлт түсіне төмен зулап.
Ұшады су құлдилап үш шақырым,
Құстың жолы кеткендей көктен құлап.
Лушан – Қытайдың Цзянси провинциясындағы әйгілі тау және сарқырама.
Шамдал құзы — биік, шұңқыр жартасты бейнелеу; «шамдал» – метафоралық бейне (аспанмен шендескен шың).
Мың хауранды қарқара күмбезінен Яңжоуға шығарып салғанда
Яңжоуға дос аттанды Қарқарадан,
Жамылып жаз маусымның шуақ кезін.
Қар үзді жетім желкен көз ұшынан,
Ағынын жүзіп Чаңжяңның – қалды көзің.
Яңжоу – ежелгі Қытайдың мәдени және сауда орталығы, Тан дәуірінде гүлденген қала.
Қарқара – мұнда биік төбе немесе мұнара мағынасында (қалалық күзет мұнарасы).
Чаңжяң – қазіргі Янцзы өзенінің тарихи атауы.
«Чаңгаңли жыры»
Бала кез кекілімді желкілдетіп,
Мен есіктен шығушы ем гүл сындырып.
Сен ат етіп астыңа шыбық мініп,
Жағалап төсеп, жүруші ек ойын қуып.
Құлын-тайдай бірге өскен Чаңгаңлиде,
Сәби жүрек көрген жоқ кір түсіріп.
Он төртімде қосылдым қосағың боп,
Бет қызарды – ұятты сонда біліп.
Ай дегенде қымсынып тіл қата алмай,
Көз тайсады қараудан, жер тұқырып.
Он бесімде ұяттың беті ашылды,
Өмірлікке өзіңе бекідім нық.
Шұңған соң діңгек құшқан махаббатқа,
Не зәрі жер төбеге күнде шығып.
Он алтымда алысқа шектім сапар,
Дарияның жазымы мол көп тығырық.
Сел тасқыны мусымның лаң салып,
Күңірене жағада маймыл ұлып.
Қақпа алдындағы ізімді талай жүрген,
Жасырыпты жап-жасыл қына тұрып.
Сол қынада сарғайды – оралмадың,
Жапырақ түсті жел мезгілі күздің шағын.
Жетіліп қанаттары көбелектің,
Қос-қостан аралайды бақша маңын.
Қараймын да санамен сарғаямын,
Жүз солып, жасқа толып омырауым.
Әттең, аман қайттым деп сапарымнан
Келер болса күркеңе бір хабарым.
Айшылық жол қиырын алыссынбай,
Алдыңнан шығар еді-ау ғазиз жарың.
Чаңгаңли (常干里) – Тан дәуіріндегі Чанъань қаласының (қазіргі Сиань) маңындағы көне қоныс, махаббат жырының символдық орны.
«Шудың жолы – керу жолы»
Ойпырмай, па, па!
Қатерлі-ақ,
Жалама биіктік құзар!
Керу ме ең мұнша су жолы,
Шыққаннан көкке керейғар.
Сол бір кез саң-сұң Уйфу ел іргесін қалаған,
Кім білсін, отты із-түссіз қанша уақыт, қай заман.
Сол шақтан бермен тарихтың кешіп сан мың ғасырын,
Керуің білгеп Чиңменнен салыспады ат ізін.
Батысың биік Тайбайдың – құс ұша алмас асқары,
Аржағы шыңырау Імейдің – жалама құзар тастары.
Кезінде құздар опат боп,
Тау жарылып, тас басқан.
Соңынан жұрт тау тесіп, саты сап, әзер жол ашқан.
Көк тіреген шыңынан айдаһар да сескенген,
Құлама құздың түбінде өзгеше дария сескенген.
Асқарынан аққуда өтуге ұшып батпаған,
Тиынша тастап секірген маймыл да шара таппаған.
Сел үзілмес Чиңнидің қойбатпақ құзар шыңынан,
Қарға адым жол он қайта жалама тастан бұрылған.
Келеді жұлдыз төбеңе, ұсынсаң қолың жетердей,
Шөкелейсің, ап үріп, заңғардан ұшып кетердей.
Батысқа кеткен мырзамыз, кім білсін, қашан оралар?
Құлан өтпес, құс ұшпас, кешуі тайғақ жол-тар.
Шығады құстың зарлы үні, күңірентіп бойын тоғайдың,
Жұбымен ұшып кезеді, айналып орман маңайын.
Шырқырайды сартанға, жағы сенбей байғыздың,
Құлазиды ең тау, мұңға батып айлы түн.
Керуен неткен Шу жолы, шыққаннан көпке керейғар,
Жүрмек түгіл, естіген – аз бойы қазалар.
Құзардың көктің түбіне екі елі-ақ жетпей тұрғандай,
Жартастың мойынын созады ежелгі жыныс қарағай.
Сарқырама тас соғып күрілдер,
Бейне найзағай.
Осынша қатер алыстан, жолаушың сірә не алғай!
Жаңғының құзар асуы әрі биік, әрі тік,
Бір адам тосса ажалға – мың адам тұрар бас сұғып.
Сақтап тұрған қамалды болмас таныс жақының,
Жендетіңе айналып, бұрауға түсер тақымың.
Біресе жаның қысылса – жолбарыстың ауызынан,
Біресе тұрып алдыңды – аласұрар әбжылан.
Қисапсыз бастар кеудеден мезгіл жетпей домалап,
Жосып ағады қызыл қан.
Диңчыңның шәрі болғанмен, соншалық қызық сән қала,
Не жесін мырза ертерек күркеңді тауып алғанға?
Керуен неткен Шу жолы, шыққаннан көкке керейғар,
Қарасам-ақ батысқа – күрсініп көңілім алаңдар!
Шу жолы (蜀道难, “Шу дауы”) – Ли Байдың әйгілі философиялық-поэтикалық дастаны, Сычуань (Шу) өңіріне апаратын қауіпті тау жолдары туралы.
Керейғар – ескі аудармада “керейқар” немесе “керейғар” деп берілген, биікке иілген, аспанмен теңескен мағынада.
Чиңни, Тайбай, Імей – Қытайдың Сычуань өлкесіндегі тау сілемдері.
«Шуаньжудың Шетяу сарайында хан ордасының қаламгері Ли Юн ағайды ұзатып салу»
Талақ қып тастап жөнелді, қайта оралмай өткен күн,
Келер күндер алдағы – бұдан бетер қайғы, мұң.
Шер құмардан шыққанша көктерейін шарапты,
Қайтқан қаздай, ұзаққа – досты отырмын.
Сіздің қалам ұстанған әуенің – өткен жан әннің,
Шетяу сынды мен пақыр – көркемдікке талғамым.
Үлкен мұрат ұстанған ойымыз – биік асқардай,
Өзіне салса еркіміз – аспандағы айға шапқандай.
Қылышпен қисаң – ағын су одан бетер ағады,
Шараппен тыйсам – қайғыны одан бетер қозғады.
Көңіл толмас өмірдің, өмір болып несі сән?
Ең абзалы – тентіреп, жиған кезіп жоғалған.
Шуаньжу – Чанъань қаласының маңындағы сарай аты (Таң дәуірінде ақындар мен сарай қызметкерлері жиналатын орын).
Шетяу сарайы – сарай ішіндегі әдеби мәжіліс өтетін орын.
Ли Юн – Ли Байдың замандасы, сарай ақыны.
«Шекара қамалында»
Сар тамызда ақ қар, көк мұз тауы көктің,
Емге жоқ қызарған гүл, көгерген шөптің.
Тартқанмен сырнай күйін «Көктеректің»,
Сезінесің жас әлі шықпаған деп.
Иір жастанып, ұйқыда жатқан қолға,
Құлан таңда шарық ұрды дабыр үні.
Семсерін ап, қолбасы шықты жолға –
Роранда жайратпаққа сұм пайынын.
Шекара қамалы – Тан дәуіріндегі Қытайдың солтүстік-батыс шебі (қазіргі Ганьсу немесе Шыңжаң аймағы).
«Сағынамын зарығып»
Сағынамын зарығып, сағынамын, о Чанъань!
Шегіртке құдық басында беу-беу қағып шырылдап,
Шытқыл суық қымырап өтеді суық бойрадан.
Жетім шамның жарығы ой жазығын жетектеп,
Пердені ашып, жарық ай – күрсініп ұзақ сағынам.
Сүйгенім – көзде бұлбұл боп, бұлт кеседі арадан.
Жоғарыда – қиырсыз, күңіренген көк аспан,
Төменім – түпсіз жайқын көл, шар тарапқа таралған.
Аспан биік, жер асыл – ұшарыма қанат жоқ,
Асу бермес асқарлар – түсімде де бара алман.
Сағынамын зарығып, құшақта – құс көп арман!
*Чанъань (长安) – қазіргі Сиань қаласы, Таң әулетінің астанасы.
«Дастарқан жыры»
Көрмейсіз бе, Хуанхы биіктен сонша ағып кеп,
Жосыла құйып теңізге – қайтпағаны не себеп?
Көрмейсіз бе, аға буында айнадан шашқа налыған:
Таңертең құлаң қара еді, кешке жақын қандай, – деп.
Масаттанса-ақ адамның көңіл күйі шалқымақ,
Рюмка – алтын, ай жарық, көтермелік бос құрғақ.
Туа біткен дарының өз керегін табарға,
Шашылса да мың ділдә, бодауына жарар ма?
Өгіз айтып, қой сойып, көтерейін көңілді,
Үш жүз рюмка ішсем де – артық деп қалай қарарға?
Сырым, мырза, Дәнчу бас қосқан дастарқанның басында,
Көтерілмей рюмка, қалай тоқтап қаларға?!
Бір жырым айтар сіздерге – қаласаңыздар тыңдаңдар:
Бақ манаптың шалқыған ен дәулеті сән емес,
Аяқпай ішсем, мас болып – соған жанып ынтызар.
Ұлы адамды ежелден еске ешкім тұтып көрген жоқ,
Ала бөтен, артына ішкіліктен ғана ат қалар.
Кезінде Чынуаң Пинло да дастарқанын мақтаған,
Шараптың құнын жеткізіп, құмардан шыға шаттанған.
Иесіне қонақтың – ақша неге бағасыз?
Бәрі дағы риясыз, көтермелікке қылған қам.
Жамылып ет, алтын тон – бәрін салып шарапқа,
Соғыстырып сіздермен – қайғының көзін жоғалтам!
Хуанхы (黄河) – Қытайдың ұлы өзені, Ли Бай поэзиясында өмір мен уақыттың бейнесі.
Дәнчу – ақынның достарының бірі, шарапсүйгіш ретінде аталады.
Пинло – Таң дәуірінің атақты қонақжай мырзасы (өлеңде мысал ретінде келтіріледі).
«Тянминчан тауына көз салғанда»
Тянминчан тауын қақ бөліп, жариясы Чудың өтіпті,
Шаң берген екеу шығыстан, солтүстіктен енді кетіпті.
Екі жақта құзар шың – біріне бірі төнеді,
Күн астынан бір жетім желкен шығып келеді.
Тянминчан – Чу өлкесіндегі тау, қазіргі Хубэй аймағында орналасқан.
Чу – ежелгі Қытайдың оңтүстік патшалығы, табиғаты бай және жазба дәстүрі дамыған өңір.
Сапар жолы қысталаң»
Алтын тосыт, зәмзәм шарап – мың теңгеге келгісіз,
Жаухар табақ, есі тағам – сап алтынға бергісіз.
Тартпас тәбет дастарқаннан, адырақап бәрі тұр,
Суырып семсер, шар тарапқа қарасам – көңілім құлазар!
Өткім келді Хуанхыдан – бермейді өткел, жылым жар,
Шыққым келеді Тайхаңшаньға – тауды басқан қалың қар.
Ішім пысып, өзенге қармақ сала келемін,
Кенет мініп қайыққа, түсімде күнді көремін.
Сапар жолы – қысталаң жол,
Сапар жолы – қысталаң!
Көп деуші еді бұрма соқпақ –
Бүгін қайда жоғалған?
Буылғанға дауыл, толқын,
Келер бір күн жыл шығып.
Бұлт – желкен қып,
Көк теңізді мен де өтермін қақ тіліп.
Тайхаңшань – Қытайдың әйгілі тау сілемі (Тайхань тауы), ежелгі жырларда жиі аталады.
Хуанхы – Қытайдың басты өзені, өлеңде өмір өткелі мен тағдыр кедергісінің символы.
«Түсімде саяхаттаған Тянмушан тауына қоштасу жыры»
Теңізшілер айтатын – теңізде бар деп жерұйық,
Өркеш толқын, қалың бұлт – таппағың қиын, жол тұйық.
Жыжяңдықтар да айтатын – Тянму деген бір тау бар,
Бір жабық, бір айық деп күзетсең, бұлтты табылар.
Биіктігі ол таудың – тілдесіпті аспанмен,
Бес асқар оның қасында – аласа екен дөңмен тең.
Чычың тауы тіпті де – шеніне оның келмеген,
Қырық мың аршын бойлаған – Тянтайдың биігі,
Қасында оның – миқы екен, ыпырылғандай иығы.
Аттандым сапар түсімде – Ғуиуйдің сып белінен,
Айлы түнді жастанып – ұштым Жинху көлінен.
Көлеңкемді жарық ай – мызғып көлдің бетіне,
Апарып салды Шанчиның – көлеңкеленген шетіне.
Маймыл шулап қасында – айнадай айдын бұлағы,
Қаз қалпында тұр екен – Шигуңның есіл тұрағы.
Аяғыма іліп Шигуңның – темір тақа кебісін,
Аралап таудың жөнелдім – қайқаң өр мен құлама еңісін.
Жеткенше ортан беліне – теңізді түре шықты күн,
Күңірентіп аспанды – қораз ата салды үн.
Мың сан қия, көп жартас – адасып жолдан ес шығып,
Дем алып, таста отырсам – күн кенет қапты, кеш кіріп.
Айдаһар, аю ақырып – гүрілдейді шатқалдан,
Тітіркер жүрек, ну орман – самсаған құз, ат жалдан.
Көз жетпес жайқын су – көлегей теңіз, көк түтін,
Қатпар-қатпар қара бұлт – себелеп келеді тамшысын.
Жарқ-жұрқ етті жай оты – күркіреді найзағай,
Опырылды жан-жаққа – тау шыңдары найзадай.
Керемет күшті бір дауыс – зілзала болып естілді,
Әулие мекен ғардың – ашылды тас есігі.
Көз жетпейді түбіне – тереңі шырқау аспандай,
Жарқырайды күміс мұнара – оңында күн, солында ай.
Кемпірқосақ шапанын – қызылды-жасыл жамылып,
Келеді екен жел мініп – бұлт тәңірі ағылып.
Жолбарыстар саз шертіп,
Күймесін сүйреп Самұрық,
Қисапсыз көп әулие – сап түзеді табынып.
Ояндым, естіп шошыған – жүрегімнің дүрсілін,
Түрегеліп орнымнан – ауыр ұзақ күрсіндім.
Қарайып жалғыз қасында – бойра мен жастық қалыпты,
Шырын түс, қайран көркем тау – кетіпті тастап, қарыпты.
Дүниенің қызығы баянсыз- осы түспен тең,
Күллі істер ежелден – бір өтсе, қайтып келмеген.
Айырылыссам осыдан – ораларым қай заман?
Ақ бұғымды әзірше – қорайын қасқа бір таман.
Аттана жатсам зәуіде – сол бұғыма мініп ап,
Есіл таудың өн бойын – кетейін кезіп аралап.
Өзімді өзім жүдетіп – көңіліме құса сап,
Бай-манаптың алдында – нем бар құрдай жорғалап!
*Тянмушан (天目山) – Чжэцзян өлкесіндегі қасиетті тау; Ли Байдың түсінде көрген рухани саяхат мекені.
Ғуиуй, Жинху, Шанчи, Шигуң – Қытайдың шығыс аймағындағы жер және ғибадат орындары.
«Уаң Ауңге арнау»
Қамданды Ли Бай – қайықпен аттанбаққа,
Жағадан жамырады ән – құлаққа.
Айдыны Шабдол көлдің – түпсіз, терең,
Ұзақтан дос көңіліне – келсін бе тең!
Уаң Ауң – ақынның замандасы әрі досы, кейде саяхаттас серігі ретінде аталады.
Шабдол көлі – Ли Бай шығармаларында бейнеленетін табиғи кеңістік (аудармашы нұсқасында осылай берілген, түпнұсқадағы Шапдол — 波渭湖 немесе Боху көлінің баламасы болуы мүмкін).
Соңы
Аударып, түсініктер жазған Қажет Андас,
“Q-andas” ақпараттық агенттігі











