ҚАНЫШАЙЫМ:
Салдықпенен салмаймын балағымды,
Перенсозбен ораймын пяғымды.
Өлеңімді айтайын сізге арнап,
Ермек қып жүр әлде кім қарағымды.
Берер едім сен үшін тамаша етіп,
Қонақ боп оның бәрі қалды кетіп.
Қояды әркім теке өз ылағын,
Жарымды жоқтап жүрмін өлеңдетіп.
НАУРЫЗБАЙ:
Жауығып теріс көшкен ел болама,
Шабандар тұлпарменен тең болама.
Біреумен көңіл сүйген кете берсе,
Ондай жар мал бергеннен кем болама.
ҚАНЫШАЙЫМ:
Алақанмен буылған теңдей болғыр,
Қондырған олақ қатын жеңдей болғыр.
Ішімді күйіп тұрған күйдірмеші,
Айырылған қосағынан мендей болғыр.
НАУРЫЗБАЙ:
Жайлауы біздің елдің құлан өтпес,
Бөріге ит қарғысы сіра жетпес.
Жігітке қыз қарғысы майдай жағар,
Дегенмен анау-мынау ештеңе емес.
ҚАНЫШАЙЫМ:
Сен болсаң ақын жігіт жақын келші,
Дертімді ішіңдегі өзің білші.
Жақын кеп затты болсаң тілегіңді айт,
Қаңғырған біреу болсаң ары жүршы.
НАУРЫЗБАЙ:
Жүруші ем сендей қызға көз салмастан,
Кетуші ем кейбіреуін есіме алмай.
Арманым менің қайтып тарқайды екен,
Өзіңді арт артына бір салмастан.
ҚАНЫШАЙЫМ:
Пышаққа қызыл ағаш қын болады,
Жатқан жер көкше қоян жүн болады.
Сұрамақ аты-жөнді парыз екен,
Жігітім аты-жөнің кім болады.
НАУРЫЗБАЙ:
Сұрасаң арғы атамды хан абылай,
Бақ-дәулет бір басына берген құдай.
Жөнімді сен сұрасаң мен айтайын,
Інісі Кене ханның Наурызбай.
ҚАНЫШАЙЫМ:
Науеке жеке аяңға салып жүрсің,
Бар болса елде сұлу алып жүрсің.
Батырға түнде жүру өнерме екен,
Кеш батқанда бұл жақта неғып жүрсің.
НАУРЫЗБАЙ:
Келіп-ем бір талаппен барайын деп,
Жылқысын Тілеуқабақ алайын деп.
Өзіңдей жөні түзу қызы болса,
Жар етіп ауылымда бағайын деп.
ҚАНЫШАЙЫМ:
Мен өзім он жетіге биыл келдім,
Онбесте өлең айтып дүрілдедім.
Малы мен қызын тегін беретұғын,
Жоныны бар деппе едің біздің елдің.
НАУРЫЗБАЙ:
Мен өзім он алтыға биыл келдім,
Жасымнан атқа мініп дүрілдедім.
Байқасам сөзің тәуір қыз екенсің,
Мен Наурызбай, ендеше сен кім едің.
ҚАНЫШАЙЫМ:
Сұрасаң менің атым Қанышайым,
Мағлұм кіші жүзге менің жайым.
Болғанда ұлдан екеу, қыздан біреу,
Шын сырым осы менің Науатайым.
НАУРЫЗБАЙ:
Қанышай артық екен сенің затың,
Ерекше елден екен парасатың.
Сұрасып жайды білу бір ғанимет,
Тағы да айтып берші әкең атын.
ҚАНЫШАЙЫМ:
Сұрасаң әкем аты Тілеуқабақ,
Бақ берген бір басына құдай қалап.
Әли, Мұса дейтұғын екі ағам бар,
Жайымыз осылайша Науан шырақ.
НАУРЫЗБАЙ:
Қанышай қараңғыда болдың пайда,
Жігітке керек іс қой ақыл-айла.
Олжасыз сені құры тастамаймын,
Дәл қазір шыныңды айтшы ылқың қайда?
ҚАНЫШАЙЫМ:
Науеке сөз сөйлесің асыл батыр,
Бұл сөзді айтпасамда ашық жатыр.
Сұрасаңыз мал жөнін мен айтайын,
Сан-санақсыз аралда жылқым жатыр.
НАУРЫЗБАЙ:
Қанышай айттың жайын, ұқтым жөнін,
Жылқыңнын біліп болдым түп мекенін.
Өткелі қайсы жерде мына өзеннің,
Басқасын айтпасаңда құп білемін.
ҚАНЫШАЙЫМ:
Науекежылқымды айдап кете алмайсың,
Жеріңе жетем деген жете алмайсың.
Ішінде тоғыз арал, жалғыз өткел,
Жол тауып қараңғыда өте алмайсың.
НАУРЫЗБАЙ:
Жел соғар қыбыладан екпіндетіп,
Қасыңа қараңғыда келдім жетіп.
Өзіңмен жөн сұрасып, аз сөйлестім,
Берсеңші жауабыңды анық шешіп.
ҚАНЫШАЙЫМ:
Жылқымыз енді иа жоқ, енді иә бар,
Кең дүние алып кетсең болады тар.
Артынан әдебіңді беретұғын,
Әли, Мұса сенетін екі ағам бар.
*************************
Науырызбай байқапты білімдіні,
Ала-алмайды екенсіз бүгін мұны.
Батырдың да жүрегін қайтарыпты,
Ақын қыздың сесінің қиындығы.
Айтысты ел аузынан жазып алып, сақтаған Андас ОМАРАҚЫНҰЛЫ.
Дереккөз: https://kazneb.kz/kk/catalogue/view/1657687
«Q-andas» ақпараттық агенттігі.











