Елдің осы жағдайын көрген қызайдың рубасы, атқамінерлері ақылдасып, «тар жерде тамақ жегенше, кең жерде таяқ жейік» деп келісіп, іштей дайындалып, Жантас, Қадыш, Баймұрат, Қарабек, Өтеп, Шөке, Жантық, Ұлтарақ, Жаулыбай, Мықтыбек, Қаңтарбай, Шожай, Көбеген, Байқасқа, Ерден, Бакей, Бөгенбай қатарлылардан қорғаушы қосын ұйымдастырып, бір түнде үдере көшіп, шекарадан өтіп, Тарбағатайдың қытай жағына келіп орналасады. Бұл керей Ажы гуңнің де елін бастап, арғы бетке өткен тұсы еді. Алайда, қоныстас отырған қызай, керей елінің арасында мал ұрлау, барымта, адамдар ара дау-талас жиі туылып, керейдің Сәрсеке деген адамын қызай жігіттері ұрып өлтіріп қойып, құнына жүз жылқы төлейді. Бұл екі елдің ортасындағы қайшылықты тіпті жиілетіп жібереді. Осы таласты тоқтату үшін екі жақтың атқа мінерлері көк қасқа тай сойып, арадағы дауды құдандалық жолмен шешуге келіседі. Осыдан бастап, ел арасындағы береке қайта орнай бастайды. Десе де, мал мен басы тең өскен қызайлар 1876 жылы Бұраталаға ауып ірге көмеді. Олар бұл жерде моңғолдармен қақтығысып, тағы да мал ұрлығы, барымта-сырымта көбейе түседі. 1880 жылы Бұраталаның Ақарасан деген жерінде жылқы бағып жүрген қызай жігіттеріне моңғолдың бір топ жортуылшысы Шолақайдар дегенді өлтіріп, Баймұратты талға байлап, 400 жылқыны алып қашады. Хабарды естіген қызай жігіттері атқа қонып, екі моңғолды өлтіріп, жылқыны түгел қайтарып әкеледі. Сол жылдары ел кезіп жүрген дүңгендер жолаушылар жүрген Әуелхан төренің әкесі Қоңыр Құлжаны үш жолдасымен өлтіріп кетеді. 1881 жылы Қадыш батырдың үйінде ауырып жатқан қарындасы мен Қаңтарбайдың 70-тен асқан шешесін қалмақтар өлтіріп кетеді. Сол кезде ауылға таяу жерде аң қарап жүрген Қадыш пен Шөке батырлар қалмақтармен айқасып, Қадыш тонаушылар жағынан қайтыс болып, Шөке аман келеді. Бұған кектенген қызай жігіттері тегіс атқа қонып, қанға қан, жанға жан аламыз деп қалмақты шауып, ауылын тоздырып, ханы Арашапты қолға түсіреді. Арашап жанына сауға сұрап, қанша жалынғанымен атқа мінсе құдайын ұмытатын, жауласқан адамын қан жұтқызбай тынбайтын қызай жігеттері оның басын шауып, еліне жібереді. Осылай қызай мен моңғолдар арасында кең орнап, бірі мен бірі бітімге келуден қалады. Осы жағдайды ескерген қызайдың атқа мінерлері Бұраталадан да көшудің қамына кірісіп, ендігі тұрақтар жер іздеп, жан-жаққа мықты жігіттерден сұрыпталған топты жер шалуға жібереді.
Осы топтың ішіне алған бетінен қайтпайтын, жекпе-жекте қарсыласын тірі жіберіп көрмеген, өзі батыр, өзі мерген әрі атасы Шәкілден дарыған саяхшылығы бар Ұлтарақ батырда болады. Бұл жолғы жер шарлау жұмысына 70 жігіт қатысқан. Қазірге дейін олардың аты-жөні анықталған жоқ. Ел арасында бұл топтың басшысы Қуаныш болған деген әңгіме бар. Жетпіс жігіттің тең жарымы қарулы батыр жігіттер болса, қалғаны қазаншы, аспаз, қос тігіп, үй жабдушы, емші, бақсы, бәлгерлер де болған. Олар жарау ат, жалаң қылыш, найза, садақпен қаруланып, жеңіл-жілпі аттанады. Тоғанақ артып, кереуен бастамайды. Жолдағы азық үшін атын жетелеп, жылқы, сиыр, қой айдамайды. Азығын жолдан, қоналқаны жеткен жерінен тауып отыру тапсырылады.
«Түздегі қолбасшы, ордадағы ханның бұйрығына бағынбайды» дегенде сөз бар ғой. Олар кейде адам ақылы жетпейтін бейәдеп қылықтарға, зорлық-зомбылықтарға да барады. Кейде саят құрып, аң атып, тор құрып, бүркіт аулап, оны баптап елік, бұғы, арқарға салып, бес ай дегенде Бұраталаға оралып, ел ағаларына Іленің тұсып жатқан шұрайлы жер екенін, төрт қызайға жететін қоныс боларын, оның үстіне аздаған дүнген, моңғұл, сібе-солаңдардың ауылы болмаса, іргелі қызаймен жауласар, үзеңгі соғыстырар жұрттың жоқ екеін жеткізеді. Осы хабардан кейін 1881 жылы Құдайменде төре, Сасан, Байеке, Бұқаш болыстар бастап, Іле генаралымен кездесіп, қызайларды Ілеге көшіру келісіміне келді.
Жоғарыдағы бүркіт ұстайтын тор Ұлтарақ батырдың сол жер шалып, қоныс іздеген кезінде бүркіттің балапанын устауда қолданған заты. Сол сапарында Ұлтарақ батыр музарттың биік асуына түз бүркіттің балапанын ұстап әкеледі. Көк тұйғын деген сол бүркітті бабамыз өмірін соңына дейін баққан екен.
https://kazneb.kz/kk/catalogue/view/1657755
Q-Andas ақпарат











