Облыстық әділет департаменті АХАТ бөлімінің мәліметіне сүйенсек, бір жылда аталған бөлімге 11358 адам некеге отырса, оның 3031-і ажырасып тынған. Ал, азаматтық некеге тұрып, көңілдері жараспай жан-жаққа кетіп жатқан жас жұптардың көп екені айтпаса да түсінікті. Оның сан түрлі себебі бар. Десе де, бірден-бір себеп – адамдардың өзіне, өміріне, келешегіне деген сеніммен айырылып, уайым шүңетіне батып бара жатқандығы. Енді бұл түйткілді тарқатуды театр сахнасы да өз құзырына ала бастады. Мүмкін қасиетті сахнадан жастар құлағына жеткен жанайқай қанжілік болған келеңсіздікке азда болса тосқауыл болатын шығар. Осындай мақсатпен Бикен Римова атындағы облыстық драма театры Сұлтанәлі Балғабевтың «Бізде ғашық болғанбыз?» спекталін сахналап, көрермен назарына ұсынды.
Әрине, Балғабевтың еңбегі кеңестік дәуірдің кер самалы есіп тұрғанда жазылғанымен, ол сахна төрінде осы дәуірге сай кескін-келбетімен, көтеретін ойымен, жүрегіңді сыздатып, айналаға ойлана қарайтын жаңалығымен көрініс тапқан. Бұл менің емес, театрдың жілігін шағып, майын ішкен майталмандардың пікірі. Онда, бірден сахнадағы сюжет пен актерлердің шеберлігіне ден қоймай, алдымен соны тыңдап алайық.
– Біз ең алдымен көркем әдебиет пен сахна төрін шатастырмауымыз керек. Мәселен, Шекспирдің Гамлеті көркем туынды ретінде 18 ғасырдың мұрасы. Ал, ол ғасырлар бойы сахнадан өз шындығын, көрермен жүрегінен өз орыны таба беретіні анық. Осы ретте, «Біз де ғашық болғанбыз?» пьесасы автордың ертеректе жазған дүниесі болғанымен, ондағы көтерілген мәселе ешқашан өзектілігін жоғалтпайды. Тіпті, бүгінгі күндегі қоғамда етек алған жат қылықтарды ашып айтып, сол арқылы жастарға ой салудың да міндетін атқара береді. Осында қойылымды сахналаған режиссер Серік Нұрхалықтың еңбегін атай кетпеске болмас. Ұзақ жыл сахнаның қыры мен сырына жетік ол қойылымды шыт жаңа түске енгізді. Онда айналамыздағы өмір, тіршілік қамы анық білініп тұрады. Мұнан рөлдерді сомдаған актерлер де аз тер төкпегенін байқайсыз. Сондай-ақ, төрт тағанын нық басқан қойылым көркемдік кеңес тарапынан да жоғары бағаланып отыр, – дейді облыстық театрдың директоры Базарбек Тезекбаев.
Көркемдік кеңес жоғары бағалаған қойылымды көрермендер де қызыға отырып тамашалады. Залға лықа толған көпшіліктің дені жастар болса да, өзгеше бояумен өрілген шындық оларды бей-жай қалдырмағаны анық. Ендеше, сахнаға оралайық, оқиға былай өріледі. Жаңа қонысқа көшіп кірген жас отбасының қуанышында шек жоқ. Күн сайын орындығы биіктеп келе жатқан отағасы мен сұлу жарының да еш уайымы болмайтын сияқты сезіледі басында. Оны Дәукен роліндегі Жеңіс Жолдыбаев пен Айжан роліндегі А. Қожбанованың шеберлігі шегіне жеткізіп-ақ жіберген. Бірақ, олардың тыныштығын бұзған көршісі Сарман болды. Әрине, Сарманның ішімдікке бой алдырғаны емес, оның жары Зияданың Дәукеннің ажырасып кеткен бұрынғы әйелі болып шыққаны. Д. Пышанов сомдаған Сарманның ұшқалақ мінезі мен қойылымның жалпы барысында Зияда рөлін сомдаған С. Мұңайтпасованың шымшыма сөздері және күлдіруге бейім тұратын болмысы келеңсіз күйді күлдіре отырып, ұятыңды оятып, қадап тұрып жеткізеді.
Күле отырып, қызық жайларға да сүңгіп кетесің. Қойылымның шырқау тұсында Дәукен мен Зияда бір-бірін басқа қырынан тани бастайды. Тіпті, үзілген жіптің ұшы қайта жалғанатын сияқты ойға да жетелейді. Оған өз әкесін білмей өскен, өгей әкенің теперішін көрсе де әкеге деген балғын махаббатын Сарманға арнаған Күнсұлудың құпия өмірі себеп болады. Алайда, Дәукен мен Зияданың бір кездегі махаббатын септей алмаған Күнсұлудың ажырасудың азабынан мүгедек болған тағдыры олардың ендігі өмірін, шарық ұрған өшпенділігін қалпына келтіре алмасы анық еді. Әрине, Дәукеннің екінші әйелі Айжанның да өз отбасын қорғау құқығы бар. Өйткені, оның екі баласын тірі жетім қалдыруға қақысы жоқ. Тіпті, Дәукенмен тұрмыстануы ғайыптың ісі десек те, оған бола Айжанды ақылсыз жан деп санауға болмайды. Қайта, ол тағдырды таразылай білетін, табандылығы мен талғамы бар әйел заты. Олай болмағанда Дәукеннің бұрынғы әйелін танып, баласын көргенде ыңыршағын шағып, ырғып шығуға болар еді. Ауқымды ақылмен жеңді. «Көз көрмесе көңілден жат болады», – деп шешті. Ақыры басқа жаққа қоныс аударды.
Бірақ мұнымен де шешіле қояр қиындық жоқ. Кінәнің жүгін Дәукен мен Зияда арқалап қала берді. Күнсұлу тағы да өгей әкенің өбектеуінде өсе бермек. Көрермен осы көріністерден өз өмірініне дөп келген тұстарын байқап, бажайлап қалып отырғаны да жасырын емес.
Бұл бүгінгі күннің шындығы емей не? Қысқасы, қазір біз тек өз басымыздың амандығы, қадір-қасиеті, барлығы мен байлығын ғана ойлайтын болып барамыз. Қоғамдық тәрбие де өмірімізді осылай бейімдеп барады. Оның төркінін таратып айтсақ, талай ойды суыртпақтап ширатып әкетуге болады. Жасы жетіп, жағалауда тұрғандарды айтпағанның өзінде, жастардың жалынын басып, жанарына мұң ұялатқан қиындықтың да шыжығы жуыр маңда тарқамайтын сыңайлы. Міне, осындай санаңды сан-саққа жүгіртетін қойылымның көтерген ойын бір ғана мақаламен жеткізе алмасымыз анық. Бірақ, оқырмандарға театрге барып, осы спектакльді көріңіз, одан өзіңізді мазалап жүрген уайымды шешудің бір түйінін таба аласыз демекпіз.
Қажет АНДАС
Дереккөз: «Жетісу» газеті, № 137, Сенбі, 4 желтоқсан, 2010. 7-бет











